Кәкен ҚАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор
Жоғары оқу орнында талай жылдан бері сабақ өткізіп келе жатқан, белгілі бір тәжірибе жинақтаған дәріскердің өзіндік мәнері, дара стилі, басқаға ұқсамайтын әдіс-тәсілі қалыптасады. Әрине, оқытушының методикалық арсеналындағы сыналған тәсіл, дәстүрлі құрал-жабдықтар әрдайым творчестволықпен жетілдіріле түскенде ғана ол өзінің тартымдылығынан, жаңашылдығынан айрылмайды. Ал кезінде сонылық болып есептелінген әдіс келе-келе стереотипке айналады, оқытушының өзіне де, тыңдаушыларға да қызықсыз бола бастайды. Өз жөнімен пайдалана алған, қиыннан қиыстыра білген адамға кәдімгі бор мен фломастердің өзі – инновациялық амалдың бір түрі. Сондықтан біз лектор ретінде көпшілікке ежелден мәлім дәстүрлі вербалды баяндауға қоса аудио және видеокөркемдеуді іске жегеміз. Өйткені әрбір лекция тек ғылыми, практикалық үрдіс қана емес, ол – эстетикалық өнеге мен үлгі. Мәселен, менің жеке видетекамда 100 жуық ұлттық және әлемдік классиканың көркем фильмі, 50 тарта ғылыми-көпшілік фильм бар. Осының бәрі семинарлық сабақтарда орнымен пайдаланылады.
Қазіргі кезде студенттік аудиторияның интеллектуалдық мүмкіндігін зерттеу – көкейтесті проблемалардың бірі. Оны анықтаудың сауалнамалық жосығы бар, сонымен қатар күнделікті диалог, эссе жазғызу арқылы да тиісті қорытынды шығара аламыз. Осындай жолдармен әр студенттің артықшылықтары мен кемшін жақтары, оларды қызықтыратын мәселелер мен тақырыптар нақтыланады. Айта кетейік, биылғы оқу жылында да бірінші курс студенттерінің білім және шығармашылық дәрежесі осындай жолмен сараланды. Осы тақылеттес мәліметтерге иек арта отырып дәріс өткіземіз, тәжірибелік сабақты дамытамыз. Осы арада оқу үрдісіне қатысты мына өткір мәселені де көтере кеткен жөн. «Журналистика негіздері» пәні оқу жоспары бойынша 2 сағат дәріс, 1 сағат семинар етіп бөлінген. Бұл, менің ойымша, қисынға келмейді. Осы кереғарлықты түзетіп, оқыту жүйесін 1 лекция, 2 зертханалық сабақ арнасына түсіру қажет.Мектеппен енді ғана қоштасқан шәкірттерге жоғарғы оқу орнындағы оқудың өзгешелігі мен қызықтылығын әу бастан таныта білген абзал. Мәселен, бірінші курстағы «Журналистика негіздері» пәнінде өз басым уақыт пен кеңістік категорияларының қоғам және ақпарат әлемімен тығыз байланыстылығын негіздей келе, қазақ қылқалам шебері Қанапия Телжановтың, жапон графигі Кацусика Хокусайдың, орыс маринисі Иван Айвазовскийдің шығармаларын ауызға аламын, олардың басты-басты полотноларын видеопроектормен көрсетемін. Бұның өзі журналистика мамандығының дауыл мен бұрқасынын, қазақы және әлемдік үдеріспен тығыз қабысып жатқанын, оның органиксын биік көркем талғам көктей өтетінін аңғартады. Заманалы журналистиканың болмыс-бітімін жас шәкірттер санасына сіңіру үшін ең алдымен белгілі кеңес режиссері С.А. Герасимовтың екі сериялы «Журналист» көркем фильміне жүгінемін.
Қазіргі шақта жастар жағының көркем әдебиеттен алыстап бара жатқаны – жағымсыз құбылыс. Осы арада біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы көтеріп, назарында ұстап отырған «ҚазҰУ студенттері оқитын 100 кітап» акциясының мән-маңызын дәйім есте ұстаймыз. Сол себептен біз журналистикаға қатысты Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат», Фазиль Искандердің «Созвездие козлотура», Стендальдың «Пармская обитель», Леонид Андреевтің «Оригинальный человек» сияқты шығармаларын оқып шығуға кеңес береміз, тапсырманың орындалғанын СӨЖ барысында мұқият тексереміз. Осындай синтезделген сатылық принципке табан тірей отырып, біз қарапайымнан күрделіге қарай аяқ басамыз. Осы ретте масс-медианың әлеуметтік ролі, оның қызметі туралы мәселе бүгінгі күннің аса зәру проблемаларының бірі екендігін төмендегі Парсонс Толкоттың «Әлеуметтік әрекеттер теориясының» сызбасы арқылы тиянақтаймыз. Өйткені қазіргі ақпарат құралдарының сыртқы дүниемен қарым-қатынасын түсіну үшін, қоғамның БАҚ саласындағы саясатын ұғыну, тіпті редакцияның стратегиялық мақсаттарын пайымдау үшін де сол саланы жас өскін деңгейіне лайық тарамдаған жөн. Оның үстіне осы күнге шейін мамандар арасында журналистиканың функциясы туралы пікірталас толастаған жоқ. Сол себептен журналистика ақпарат құралы ма, қоғамдық сөз өнері ме, әлде жұртшылықты саяси-әлеуметтік жағынан басқарудың тетігі ме деген тақырып айналасында туындаған сауалдарға жауап беру үшін, сонымен қабат студенттер ойында айқын картина қалдыру үшін дәл осындай сызба схамалар қажет деп білеміз.
Журналистиканың әліпбиін оқытуда мен аудиторияның ауанына да баса назар аударамын. Бүгінгі күні дәрістер мен практикалық сабақтардың интенсивтілігі студенттердің зейініне әжептәуір әсер ететіні ешкімге де жасырын емес. Олардың жалығып, шаршап бара жатқанын аңғарысымен ұлттық музыка, классикалық шығармалардан үзінділер тыңдатамын. Яғни біз шәкірттерді психологиялық жағынан дамылдату жағын да ешқашан естен шығармаймыз. Мысалы, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы би, Александр Бородиннің «Князь Игорь» операсындағы «Половецкие пляски», Клод Ашиль Дебюссидің «Теңізі», Джузеппе Вердидің «Риголетто», Джакомо Пуччинидің «Чио Чио Сан» операларынан ариялар аудиторияны әрі сергітеді, әрі алыс өңірдерден келген жас буынға музыка шедевлрлерінен мәлімет береді. Жоғарыда айтқанымдай, басты мақсат студенттердің назарын ақпараттық кеңістік пен мәдени-өнери кеңістіктің бірлігі мен тұтастығына аудару болса, екіншіден, соны информация беру, үшіншіден, музыкалық талғамды дамыту, эстетикалық сұрыптау тәсілін қалыптастыру. Меніңше, студенттер зейінін негізгі тақырыпқа аударудың дәстүрлі және инновациялық әдістерін ұштастырудың бірден-бір жолы осы болса керек.
Біздің журналистиканың теориясы мен практикасы бұрындар бөтеннің туы астында өмір сүріп келгені белгілі. Қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығы да сондықтан болса керек. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Журналистика негіздері», «Талдамалы журналистика» оқу құралдарын жазып, «Қазақ университеті» баспасынан шығардым. Бұл кітаптарға қазірдің өзінде басқа университеттерден сұраныс түсіп жатыр. Қазақ тілінде тұңғыш рет сапалы шыққан осы басылымдардың арқасында қысқы сессияда шәкірттер осы пәндерден жоғары балл жинады.
Оқу методикасы журналистика қисыны мен тәжірибесіне тығыз байланысты. Студенттер дәрістерде, мәселен, жиырма бірінші ғасыр журналистикасы, ақпарат құралдарының сан сипатты деректі игеру мен кәдеге жарату тәсілдері тікелей және жанама өндірістік күшке, ел экономикасының стандартты емес саласына айналғанын ұғады. Заманалы ғарыштық қондырғылар, озық технологиялық модельдер, перспективалық математикалық болжамдар, ақпарат алмасу амалдары, болашақтық мәні бар әлеуметттік жобалар көсемсөз қисыны мен тәжірибесінің қас-қабағына қарай бой түзейтіні бірте-бірте айқындалып, ғылыми тиянақталып, жұртшылық санасына сіңісіп келе жатқаны олардың ойында қалады. Сонымен қатар тетелес адамияттық һәм нақтылы пәндер мамандары масс-медиа аясында, коммуникация тану форматында сауатты да өтімді ойын өрнегін көрсетуі арқылы, мейлі, бәсеке алаңында болсын, мейлі, имидждік тұрпатта болсын игілікке жететінін нақты ұғына бастайды. Осы шақта көсемсөз бен журналистика идеологиялық қана емес, идеялық, инновациялық-навигациялық көшбасшылыққа қол созып отырғанын теория жүзінде үйренеді. Біз, бұл үдерістің табиғи және жасанды эволюцияның нақты көрінісі екендігін нақты мысалдармен түсіндіреміз.
«Журналистика негіздері» пәнінің әдіснамасы әлем жаратылысының үш концепциясына арқа сүйейді. Осындай мықты тұғырларға сүйенген журналистикатану пәні мынадай айқын мәліметтерді алға тартады: қазіргі таңда ақпарат саласы (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен сервистен кейін) эконономиканың «төртінші секторына» айналды, осы шаруашылықпен шұғылданатындар саны Батыс елдерінде елу пайызға таяп қалды. Демек, бүгінгі заматта журналистиканы, басқа қоғамдық пәндерді қазақ топырағында да жаңа пайымдағы экономика саласына – ынталандырушы, пассионарландырушы, ақпарат өндіруші бағытқа жатқызуға әбден лайық. Демек, журналистикамен одақтаспау, оның ықылас-бейілінен сырт айналу бұл уақытта Жалқы есімге де, жалпы есімге де еш пайда әпермек емес. Осылайша бүгінгі қоғамдық сөз өнерінің методикасы мен формаларының аса прогрессивті, ажарлы ұлттық сипаты келбеттеніп, кемелденіп, бір елдің арнасынан асып-төгіліп барады. Әлемдік сана жекелік, нақты мәні бар мәселелерден бас құрайтынын ескерсек, журналистика томографиясы, коммуникология және ғаламдану пәндері осы проблемалары жүйелі қарастыруға бейіл береді. Оң-солын жете таныған дүние ешқашан индивидтер мен жеке мемлекеттер орбитасын місе тұтпайды, гуманистік әлем, сөз жоқ, идеялар мен информация төңірегіне топтасады. Осынау тезисті біз дәрісімізде әрі қарай тарата түсеміз: прогресивті ұлттық журналистиканың өркенін өсіру үшін Алаш зиялылар парадигмасымен генетикалық жағынан сабақтасқан, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы сараптамалық журналистикасының «дауыл мен бұрқасын» идеяларының жағымды зарядын сіңірген журналистика ғылымын да, ұлттық практикалық журналистиканы да ілгерілете түсу керек. Баспасөз саласында еңбек етушілерді де, қалың қазақ аудиториясын да бүгінгі таңда «кім?» және «не?» төңірегіндегі қусырылған жалаң мәліметтер қанағаттандыра алмайды. Сондықтан «журналистер республикасында» қордаланып, шешімін күтіп қалған ғылыми-методикалық, идеялық-тәжірибелік проблемалар жетіп артылады.
Біз дәріс пен семинарлық сабақтарда студенттердің журналистиканың қазіргі ғылыми анықтамасы мен түсіндірмесін жадтарында қалдыруына баса көңіл аударамыз. Біз оның тек кәсіби мән-мағынасын ашып көрсетуге ғана ден қоймаймыз. Мысалы, біріншіден, журналистика – көкейтесті әлеуметтік ақпаратты жинау, сұрыптау, өңдеу және баспасөз, радио, телевизия, кино, интернет және т.б. арқылы тұтынушыға уақытылы және мерзімді тарату жөніндегі қоғамдық-шығармашылық және өндірістік қызмет. Екіншіден, журналистика – қажетті ақпараттты жинаумен және жеткізумен айналысатын ұйымдар жүйесі. Олардың қатарына редакциялар, телерадиокомпаниялар, ақпарат агенттіктері және олардың өндірістік-техникалық базасы (инфроқұрылымы) жатады. Төртіншіден, журналистика – ол шығармашылық қызметтің өнімі. Сол өнімдер газет, журнал нөмірлеріне, радио мен телевизия бағдарламаларына, интернетжурналистика блоктары мен сайттарына азық болады. Бесіншіден, журналистика – ғылыми білімнің және білім берудің нақты саласы. Алтыншыдан, журналистика – белгілі бір дәрежеде әлеуметтік қарым-қатынасты реттеуші механизм.
Сонымен бірге журналистика саласын оқыту салыстыру принципіне негізделеді. Айталық, қазақ тіліндегі баспасөз термині орыс тіліндегі печать және пресса терминдерінің жүгін қосарлай алып жүреді. Баспасөз – журналистиканың радио, телевизия және интернеттен бөлек түрі, оның түп-тамыры басылып шығарылудан тарайды, мерзімді басылымдар тобының сын-сипатын ажарлайды. Ал әлемдік тәжірибеге жүгінер болсақ, «пресса» лексемасы журналистиканың барлық саласын қамтитын ортақ аталым ретінде қолданылады. Аталмыш дәстүрдің түп-тұқиянына келер болсақ, ол кәдімгі баспа станогынан бастау алып жатқанын журналистика тарихы әйгілеп береді. Сонымен қабат журналистика бұқаралық ақпарат құралдары түсінігінің де баламасы емес, БАҚ термині журналистиканың кәсіби-шығармашылық қырларынан гөрі, ол таратқан хабарламалардың қоғамдық мән-мағынасын айқындап береді. Айта кету керек, бұл термин әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, құжаттану сияқты қоғамдық пәндермен сабақтасып жатыр. Қазақстан Республикасының 2009 ж. 6 ақпандағы БАҚ туралы заңында: «бұқаралық ақпарат құралы – мерзiмдi баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі (интернет және басқалары) WЕВ-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз жария таратудың басқа да нысаны», – деп атап көрсетілген. Басқаша айтқанда, ақпарат құралдары тасымалдаушы, сан түрлі журналист мәтіндерін және өзге де материалдарды – ресми хабарламаларды, әдеби-көркем туындыларды, кинофильмдерді, театр қойылымдарын, жарнаманы – бұқараға таратушы, қажетті ақпаратты өз бойына жинақтаушы ретінде әлеумет сахнасына шығады. Ал журналистиканың осы қырларын біз әдіснамалық фон ретінде жиі іске жегеміз
Халықаралық журналистика теориясы мен тәжірибесінде жиі кездесетін информация ұғымының баламасы – ақпарат – хабарлама, информацияның этимологиясы латынның information сөзінен таратылады және түсіндіру деген мағына береді. Ал информатор (informatory) – ұйыстырушы, тәрбилеуші, ағартушы. Қазақ тілінің лексикалық қорында ежелден бар хабар, ақпарат түсініктері ұлттық мәдени және рухани кеңістікте хабар-ошар алмасудың, бабакоммуникацияның бағзыдан бар екенін анық аңғартады.
Коммуникация (латынша communication) ұғымының мәні – хабарлама, байланыс, контакт, шүйіркелесу, жалғастыру, әңгімелесу, сөйлесу, сөзге тарту болса, коммуникатор (communicator) қатысушы, серіктес деген мағынаны білдіреді.
Мәтін – белгілі бір пішінге түсірілген шығарма, ол адамдардың ақпарат алмасуына септігін тигізеді, ал бұқаралық коммуникация құралдары сол ақпарат алыс-берісі үдерісін жандандыра, жылдамдата түседі. Бұқаралық коммуникация құралдары (БКҚ) тек журналист мәтіндерін таратып қоймайды, ол субъект ұсынған кез келген ақпаратты тиісті жеріне жеткізіп отырады. Осы тұрғыдан қарасақ, БКҚ құрамына БАҚ-тан басқа бұқаралық ықпал ету құралдары (кітап, кинематограф, видеожазбалар, интернет-сайттар, билбордтар, плакаттар, комикстер, жарнама тақталары) және техникалық құралдар (теледидар, ұялы телефон, компьютер байланысы және басқа қарым-қатынас жүйелері) кіреді.
Қазіргі жастардың бірқатары шет елдік нұсқаларды да жедел меңгеруге ұмтылады. Сол себептен біз батыстық үлгілерге де жүгініп отырамыз. Мысалға келер болсақ, Батыс ғылыми-танымдық айналымында mass media немесе жай ғана media ұғымы жиі ұшырасады. Латын тілінен балама аударма жасасақ, аталған тіркес орта, өзек деген мағынаны білдіреді. «В.К. Мюллердің ағылшын-орыс сөздігінде» ол бұқаралық ақпарат құралдары деп тәржімаланған. «Мәдениеттану энциклопедиясы» («Энциклопедия культурологии») онлайн сөздігінде mass media терминіне жан-жақты сипаттама берілген. Бұл жинақтамаға жүгінер болсақ: «Масс-медиа (бұқаралық коммуникация құралдары). Ірі, гетерогенді (сан сипатты) және географиялық шашыраңқы аудиторияларға ақпарат пен символдық коммуникацияларды орталықтандыра тарататын технологиялар мен институттар; бұқаралық мәдениет таратылымы мен тіршілігінің аса мәнді пішіні. «Медиум» сөзінің өзі тәжірибені білімге айналдырудың белгілі бір тұтқасы екенін байқатады, ал оның көпше түріндегі «медиа» формасы күнделікті өмірдегі оқиғаларға мағына беретін белгілерді білдіреді, әсілі, көптеген белгілер жүйесінің болатындығын аңғартады. «Медиум» термині тым жалпылама, бұл – мән-мағынаны жеткізетін немесе «медитациялайтын» коммуникация құралы. Баспасөз және адам дауысына, сұңғат пен мүсіндеуге қоса телефон, радио, фильм – осылардың бәрі «медиа» болып табылады. Осы ретте медиация үдерісінің өзі әр жағдайда, әрқалай жүзеге асырылады, медиумның «тазалық» дәрежесіне қарайлайды. Мәселен, телефон медиацияның «таза» пішіні болса, газеттер мен электронды медиа өз тіршілік ортасымен тым тығыз араласады және өз кезегінде өзіне тиесілі өзіндік референциялы универсум қалыптастырады. XIX ғасырдың аяқ шенінің өзінде газет әлеуметтік институтқа айналды, ал электронды медиа о бастан-ақ көпшілік мәдениет және тұтынушы қоғаммен тығыз байланыста. Медиа теориясы жөніндегі зерттеулерде бастау-бұлағы XIX ғасырдың ортасынан таратылатын өзгермелі қоғам сипатымен жаңа коммуникациялық технологиялардың сабақтастығы атап көрсетіледі». ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік медиа спутниктік жаңалықтар, түрлі түсті телевизия, желілік телевизия, кассета, видеоүлдірік, видеомагнитофон, видеостерефония, видеофон, лазерлі техника, электростатика тәсілімен қайта бейнелеу, жоғары жылдамдықтағы электронды басылым, шығарма тудыра алатын және оқыта алатын роботтар, радио арқылы басылым жасау, деректер базасы, интернет және басқа тораптық жүйелердің басы ауқымды әмбебап жүйеге біріктірілді. Осынау жаңа медиа тұрақты түрде өзара жаңа байланыс орнатып отырады, дәстүрлі медиамен де – баспасөзбен, радио, кино, телефон, телетайппен және т.б. – қарым-қатынасын үзбейді.
Студент қауымы осы тақылеттес барша игілікті бір мезгілде игеріп алсам деген пікірді де қолдайды. Бұл үздіксіздік, жүйелілік қағидасына қайшы келеді. Сондықтан біз журналистика теориясын оқытудың «сабырлылық» әдісін қолдаймыз. Журналистика ғылымы мен тәжірибесінде көсемсөздің (публицистиканың) алатын орнына бірте-бірте назар саламыз. Өкінішке қарай, көсемсөз туралы әлі күнге дейін бір ізге түсірілген жалпыға бірдей анықтама жоқ. «Публицистика – (лат. publicus – жұртшылықтық) – қоғамның ағымдағы өміріндегі көкейтесті проблемалар мен құбылыстарға арналған шығармалар тегі. Қоғамдық пікірдің сан түрлілігін білдірудің құралы ретінде ол маңызды саяси және идеологиялық роль атқарады, оның ішінде өткір өмірлік проблемалардың айналасында қалыптасатын пікір бойынша да көсемсөздің зор саяси және идеологиялық пәрмені айқын аңғарылады. Публицистика сөз (жазбаша және ауызша), графикалық бейнелеу (плакат, карикатура), фото және кинематография (деректі кино, телевизия), театрлы-драмалық, сөзді-музыкалық пішінде өмір сүреді. Публицистика көркем және ғылыми шығармаларда жиі пайдаланылады». Осы екі байламды және публицистика хақында басқа еңбектердегі тұжырымдарды ескере келе, төмендегідей қорытындыға келуге болады. Ең алдымен көсемсөз – жазба мәтін, ауызекі пікір арқылы бағыттамалы аудиторияның ақыл-ойына, көңіл-күйіне пәрменді әсер етудің тәсілі. Екіншіден, бұқараға ықпал ету ашық, көпшілік көзінше жүргізіледі. Үшіншіден, ел алдына шығаратын зәру мәселеге байланысты көсемсөзшінің ұстанымы мен позициясы айқын да нақты бедерленеді. Төртіншіден, көсемсөз туындылары рухани саланың көпшілік көріністерінде ұшырасады. Бесіншіден, экология, экономика, әлеуметтік өмір, саясат, мәдениет пен өнер тақырыптарына арналған көсемсөз шығармаларының идеялық мазмұны әдетте екпін мен лепті, жалынды да көтеріңкі болып келеді, яғни журналистика жанрларына кіретін//кірмейтін бұл мәтіндердің//мәтін еместердің ерекше публицистік кернеуі мен қасиеті мен мұндалап тұрады. Басқаша айтқанда, көсемсөзді журналистиканың баламасы, синонимі ретінде қарастыруға болмайды, оның болмысты қамтыр аумағы журналистикадан едәуір ауқымдырақ та мәндірек. Дәрістер мен семинарлық сабақтарда, міне, осы жайттар барынша тиянақталады.
«Журналистика негіздері» курсының пәні – журналистиканың қоғамдағы орны, оның ұйымдастырылуы мен қызмет істеу тәсілдері туралы тиянақты ұғымдар. Осыған орай жоспарлы дәрістерде журналистиканың арналымы (предназначение), оның қоршаған ортамен, билік жүйесімен, мәдениетпен және жеке тұлғамен өзара қарым-қатынасы, қоғам дамуын ілгерілету жөніндегі міндеттері, редакция, арна қызметкерлеріне қойылар талаптар тізбегі, журналистика қызметінің әсерлілігі мен пәрменділігі, баспасөз бостандығы мен жауапкершілігі туралы мәселелер сөз етіледі. Пәнді игеру барысында бакалавриат студенттері жаратылыс құбылыстарының, әлеуметтік теориялар мен бағдарламалардың өмірге енгізілу әдістерінің, қоғамды реформалаудың, әртүрлі топтық мүдделер тоғысуының, әлеуметтік және рухани өмір динамикасының, әлеуметтік ой-сана мәдениетінің баспасөз тәжірибесімен тығыз ұштасып жатқанын аңдайды.
Оқытылатын пәннің негізгі міндеті – шәкірттерге әдіснамалық-танымдық бағыт-бағдар сілтеу. Олар теориялық ұғымдар мен проблемаларды, журналистика өркендеуінің тенденциялары мен заңдылықтарын, өткен заман ойшылдары мен белгілі жезқалам шеберлері жинақтаған бай өнегені қазіргі жағдайға лайықтап қолдануды үйренеді. Соның арқасында олардың әрқайсында кәсіби-дүниетанымдық ой-пікір қалыптасады. Осы ретте еске алар бір жайт: студенттің дүниетанымдық және мәдени ой өрісі тек осы пәннің арқасында тұтаспайды, оған экономика, философия, тарих, әдебиеттану, жаратылыстану, кибернетика сияқты пәндер кешені өз үлесін қосады. Бұл ғылыми бағыттар журналистикаға жалпы, әмбебаптық сипатта әсер етсе, журналистика оларға арнаулы, нақты қолданбалы ғылым ретінде ықпал етеді.
Қазіргі кезеңде журналистика туралы ғылым – білімнің жеке саласы, өзіндік ұйысқан ортасы. Ол журналистиканың жалпы теориясы ретінде көш түзеді. Журналистика жалпы теориясының өзіне тән ерекшелігі – журналистика ғылымының күнделікті практикамен оперативті, жедел қарым-қатынасында, олардың бір-біріне жедел ықпал-әсерінде. Студенттерді өмір үдерістерін хаттамалау, репродукциялау, баяндау, бейнелеу, модельдеу, талдау шеберлігіне баулу журналистикатану саласының жоғарыда айтқан әрі теориялық, әрі қолданбалық, әрі методикалық сипатынан өріс алады, осы заманғы динамикалық журналистикадағы кәсіби нәтижелілік пен пәрменділік жеке бастық және қоғамдық сұраныстан, азаматтық позициядан туындап отырады.
Әр әдіснаманың оң мен терістігін, сөз жоқ, практика анықтайды. Ендеше, биылғы оқу жылындағы қысқы сессия барысының нәтижесі біздің қолданып жүрген әдіс-тәсіліміздің әбден жарамды екендігін әбден дәлелдеп шықты.
Кітапты қалай сатып алуға болады? Өскемен қаласында тұрамын
Кітапты қалай сатып алуға болады Атырау қаласынан