Кәкен Қамзин,
филология ғылымдарының докторы, жазушы
Жиырма бірінші ғасыр қалмгерлігі, ақпарат құралдарының сан сипатты деректі игеру мен кәдеге жарату тәсілдері тікелей және жанама өндірістік күшке, ел экономикасының стандартты емес саласына айналуда. Заманалы ғарыштық қондырғылар, озық технологиялық модельдер, перспективалық математикалық болжамдар, ақпарат алмасу амалдары, болашақтық мәні бар әлеуметттік жобалар көсемсөз қисыны мен тәжірибесінің қас-қабағына қарай бой түзейтіні бірте-бірте айқындалып, ғылыми жұртшылық санасына сіңісіп келеді. Тетелес адамияттық һәм нақтылы пәндер мамандары масс-медиа, аясында, коммуникация тану форматында сауатты да өтімді ойын өрнегін көрсетуі арқылы, мейлі, бәсеке алаңында болсын, мейлі, имидждік тұрпатта болсын игілікке жететінін нақты ұғына бастады. Осы шақта көсемсөз бен журналистика идеологиялық қана емес, идеялық, инновациялық-навигациялық көшбасшылыққа қол созып отыр. Бұл табиғи және жасанды эволюцияның нақты көрінісі. Қазіргі таңда ақпарат саласы (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен сервистен кейін) эконономиканың «төртінші секторына» айналды, осы шаруашылықпен шұғылданатындар саны Батыс елдерінде 50 пайызға таяп қалды. Демек, бүгінгі заматта журналистиканы, басқа қоғамдық пәндерді қазақ топырағында да жаңа пайымдағы экономика саласына – ынталандырушы, пассионарландырушы, ақпарат өндіруші бағытқа жатқызуға әбден болады. Яғни журналистикамен одақтаспау, оның ықылас-бейілінен сырт айналу бұл уақытта жалқы есімге де, жалпы есімге де еш пайда әпермек емес. Осылайша бүгінгі қоғамдық сөз өнерінің методикасы мен формаларының аса прогрессивті, ажарлы ұлттық сипаты келбеттеніп, кемелденіп, бір елдің арнасынан асып-төгіліп барады. Сондықтан коммуникология мен ғаламдану сабақтастығын еске алсақ, әлемдік сананы, әрине, жалпылық мәні бар проблемалар да, жекелік маңызы бар мәселелер де толғандырады. Оң-солын жете таныған дүние ешқашан индивидтер мен жеке мемлекеттер орбитасын місе тұтпайды, гуманистік әлем, сөз жоқ, идеялар мен информация төңірегіне топтасады. Осынау тезисті әрі қарай таратсақ, прогресивті ұлттық журналистиканың өркенін өсіру үшін Алаш зиялылар парадигмасымен генетикалық жағынан сабақтасқан, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы аналитикалық журналистикасының «дауыл мен бұрқасын» идеяларының жағымды зарядын сіңірген жандар пікір біріктіруде, тізе қосуда. Оларды да, қалың қазақ аудиториясын да бүгінгі таңда «кім?» және «не?» төңірегіндегі қусырылған жалаң мәліметтер қанағаттандыра алмайды. Сондықтан «журналистер республикасында» қордаланып, шешімін күтіп қалған проблемалар жетіп артылады. Ол журналистік білім беру саясатынан бастап, бүгінгі ұлттық коммуникация құралдарының шығармашылық және технологиялық мәселерін түгелдей қамтиды. Ендеше, бүгінгі қазақ журналистикасының көкейтесті проблемаларын мемлекеттік деңгейде талқылаудың кезегі келіп-ақ тұр. ҚР Білім және ғылым министрлігі мұрындық болып математиктердің, тарихшылардың халықаралық жиындарын өткізіп, екі саланы ғылыми бастамашы етіп отырғанын журналистер қауымы құптай да қуана жазды. Енді дәл сондай мәртебелі мәжіліске, меніңше, қазақ журналистикасы тарихының
зерттелуі, ұлттық баспасөздің бүгінгі күнгі практикасы мен ертеңгі күнгі тағдыр-талайы, жоғарғы оқу орындарында журналистика кадрларын даярлау мектебінің жай-күйі ортан қолдай тақырып бола алады. Тек мұндай келелі бас қосуға Білім және ғылым, Ақпарат, Мәдениет министрліктерінің ортақ мәмлесі мен ықыласты шырайы керек.
Ұлттық журналистика бұл күндері тепе-теңдік заңының аясында тіршілік етуде, сондықтан ол тек идеологиялық әдіс қана емес, сонымен бірге рухани капитал, бизнес саласы. Ендеше, қазақ журналистиканың ақпараттық рыноктағы ахуалын тексеретін, мониторинг жүргізетін Стандард Пур секілді агенттік керек секілді. Әлеуметтік парадигма мен алгоритм қағидалары бізге қазақ ұлысы, қазақ әлемі дүние жүзіне танылуы үшін оған ең алдымен озық журналистика керек дегенді табанды түрде ұсынып отыр. Көсемсөзтану ғылымының бір саласы – имиджелогия да бізге солай қарай жөн-жоба сілтейді. Ұлттық жігері мықты журналистика халықаралық аренада мүлтіксіз тіл қатса, ол қазақтың мәртебесі, Қазақстанның ұшпаққа шыққаны. Әлемдік журналистика полифониясын байытуға қанына жыраулар дабысын, қазақ домбырасы мен қобызының сарыны сіңген ұлттық көсемсөз оркестрі белсенді үн қосуы керек. Сондықтан тәуелсіздіктің елең-алаңында ашылып, бертін келе жабылып қалған халықаралық журналистика мамандығын қайта қалпына келтіргеннен біз еш ұтылмаймыз. Оның үшін журналистика факультеті студенттерінің де, оқытушыларының да қосымша екі тілді – ағылшын және орыс тілін жыға танығаны құба-құп. Әлбетте, қазақ тілі – саяси саудадан тыс мемлекеттік тіл өз елімізде, әр университетте шын мәніндегі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы қажет.
Журналистика қашанда адамгершілікпен, эстетикамен, биік талғаммен, көркемдік түсінікпен тығыз байланысты. Ол қасиетті адам бабалар генінен, тәрбиесінен, өмір тәжірибесінен, оқу-тоқудан жұқтырады. Көп оқымаған, көкжиегі қысаң жан жатаған, жалбақтағыш болып қалыптасады. Біздің көсемсөзшілер, саяси шолушылар: «өліарада өмір сүр», – дегенді қытай данышпандары айтыпты-мыс дегенді жиі-жиі мысалға келтіреді. Ал қазақ даналық мектебінің қарғысқа бергісіз бір тәмсілі – кещенің ғибратын тыңда, наданның қол астында жұмыс істе. Желбуаз, күмпілдек жанның серігі – жағымпаз бен жандайшаптар. Бұл да, өкінішке қарай, қазақы тарихи үдеріс. Әсіре бейімделуге, өңін өзгертуге, жылтырап көрінуге жылпостар мен фарисейлер бек төселіп алған. Осындай ілкімділікті әбден меңгерген дүмше «ұстаздар» мектебінен өткен жас шығармашылық өскіннің ертеңі не болмақ? Сондықтан оқытушылардың сапалық құрамын ұйыстыруда, ежелден келе жатқан шынайы, таза конкурстық жүйені қайтадан қалпына келтірген жөн. Праймериз ұйымдастырып – ұжым мен студенттер алдын-ала дауыс беріп, белгілі бір тұлғаға көзқарасын білдіргені абзал. Ол сол ортаға сіңімділікті, бедел-берекетті анықтайды. Менің жеке пікірім: дүрмекке ілесіп алаөкпе бола бергенше, журналистика саласында нағыз университеттік толымды білімге, бес жылдық бағдарламаға қайта көшкен жөн. Сонда сан да, сапа да артады. Еш ұтылмаймыз. Жыл сайын журналистика факультетіне 200-дей адам оқуға түссе, олар бес жыл оқыса – 1000 студент деген сөз. Олардың ішінен 1 жылдық магистратураға 20-30 адам алып қала алсақ – жеткілікті. Айтқандайын, Ұлыбритания университеттерінің магистратурасы 1 жылдық. Талай сынақтан өткен ғылыми-тәлімгерлік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ғылым мен педагогикаға бейімі бар студенттерді магистратураға 4-5 курстарда іріктей бастаған абзал. Осы ретте бұрынғы үлгі-өнегені де ұмытпаған жөн. Мәселен, танымал ғалымдарға міндетті түрде докторанттар, магистранттар таңдап алуға құқық берілуі керек. Ғылыми-зерттеу университеті саясатын дәйекті жүзеге асыру үшін потенциалы мықты профессорлардың іздену жұмысымен айналысуға, ғылыми еңбек жазуға қолын бостақан абзал, ежелгідей оларға ассистенттер бекітіп беру де еш артықтық етпейді. Ізбасарлар қалдыру, мектеп қалыптастыру үшін де қолайлы жағдай керек. Профессор Бейсембай Кенжебаев ұлағатын еске алсақ, оның өзі іріктеп алған Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Алма Қыраубаева сынды дарынды шәкірттерінің қандай биіктерге көтерілгенін көзі ашық жұрттың бәрі біледі.
Ақылы оқудың проблемалары да айқын көріне бастады. Журналистика факультетіне қаржы төлеп оқу құқығына ие болғанымен, бейімі, дарыны жоқ жастан жақсы маман шықпайтыны бесенеден белгілі. Бұл адам құқығы мен мүмкіндігі арасындағы қайшылық. Көркем әдебиетті, өнер талғамын сезбегені былай тұрсын, логикалық мәдениеттен жұрдай, тыныс белгісін дұрыс қоя алмайтын жастардың журналистикада не таласы бар екені бимағлұм. Бұл енді ең алдымен, әрине, орта мектептің түйіткілі. Қалай десеңіз де жоғары оқу орны «ликбездің» міндетін атқармауы керек. Қазіргі кезде телевизия экранынан жылт етіп көрінуге құмар сауатсыз айташылар қаптап кеткені де сол себептен. Сессия кезіндегі емтихан қабылдау тәртібін де жедел өзгерткен жөн. Билеттегі 3 сұрақтың соңғысы 2-5 курс студенттерінің өз шығармашылығынан түзілгені оң болар еді. Ал магистратурада үшінші сұрақ жас зерттеушінің ғылыми жұмысына қатысты құралғаны абзал.
Өз кәсібін құлай сүйе білген адам – нағыз маман. Әйгілі театр реформаторы К.С. Станиславскидің өнер мен актер арасындағы қарым-қатынас туралы максимасы, меніңше, журналистерге де қатысты. Консерваториядан, театр, кинематография сияқты жоғарғы мектебінен кәсіби икемсіздігі үшін оқудан шығарып жатады. Қоғамдық пікір тізгінін ұстайтын болашақ сөз шеберлеріне біз де сондай талап қоюымыз қажет. Ал өзімізге, қазіргі ұстаздар контингентіне, келер болсақ, практикалық журналистика саласында бір күн де тер төкпеген адам теория мен практика хақында өнеге айтып еш опа таптырмайды. Қазіргі күні құрғақ әкімшілік әуселемен де ұзаққа шаба алмайсың. Басқару – үлкен өнер, шығармашылықтың ерекше түрі. Олай болса, журналистика факультетінде «Ұлттық басқару өнері» тақылеттес арнаулы курс өткізуді осы бастан қолға алған жөн.
Бұл күндері сыртпен қарым-қатынасымыз әжептәуір, басқа жұрттан келіп-кетіп жүрген оқытушы-мамандар саны да жетерлік. Дей тұрғанмен сол шет елден ат-түйедей қалап щақырылған оқытушылар біліктілігін анықтау үшін магистранттардың, докторанттардың жазбаша түрдегі пікірлерін білгеніміз еш артық етпейді. Әлі күнге дейін біз профессор-оқытушылар біліктілігін анықтауда тек сандық көрсеткіштерге жүгінеміз, сапалық көрсеткіш мүлде еске алынбайды десе де болады. Оның да өзіндік себебі бар. Біріншіден, сапалық көрсеткішті анықтаудың азабы көп, екіншіден, қазақ тілінде жарық көрген ғылыми-шығармашылық еңбектерге баға бере алатын деңгейдегі адам ешбір ректорат маңайынан табылмайды. Қазіргі кезде мерейі үстем болып тұрған кредиттік жүйенің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері де баршылық. Артықшылықтары: оқытушылар мен студенттердің мобилизмі, жаупкершілігі артты, электронды оқулықтар мен оқу құралдары жарыққа шыға бастады, дистанциялық білім беру жолға қойылды, видеодәрістер, виртуалды зертханалық сабақтар жүйеленуде, оқытушылар шет тілін үйренуге ден қойды, халықаралық ғылыми байланыстар күннен күнге артып келеді. Біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 20 ғылыми инновациялық жоба табысты жүзеге асырылуда, IF жоғары ғылыми мақалалар легі көбеюде. Ең бастысы, ғылым мен білім реформасына ғылыми-педагогикалық ортада жағымды көзқарас белең алды. Сонымен қабат әзірге үдеріс жолындағы кредиттік әдістің өзіміздік нұсқасының кемшін тұстары да, түзетер тұстары да аса мол: студент пен оқытушының ертеден қара кешке дейін аудиториядан шықпауы шығармашылық ұмтылысты тежейді. Ондай асқын салмақты ешбір тән де, жан да көтере алмайды, алты сағаттан кейін қандай данышпан дәріскердің болсын лекциясын студент миы сіңіре алмайды. Оның үстіне кредиттік жүйе оқытушылардың сағат санын анағұрлым көбейтіп жібергені байқалады. Осының бәрі жөн болар ма еді, егер газет-журналдар редакциялары, республикалық және қалалық телеарналар, мәдени, рекреативті құрылымдар әр университеттің өз ішінде болса. Оның үстіне журналистикада білім мен тәжірибе айнала, қоршаған ортамен тілдесу әдісі арқылы да жиналады. Расын айтсақ, біздің кейбір қылықтарымыз кеңестік кезеңді еске түсіреді. Мәселен, шет елдік жоғары оқу орындары кампустарында атымен жоқ коменданттар, жатақханалардағы оқытушылар кезекшілігі, кәмелетке толған студенттердің әр қадамын бақылау және т.с.с. анохронизм. Қағазбастылық пен мәжілісқұмарлық, басшылар санының
көбеюі жағынан да біз таяу күндері Гиннесс рекордтар кітабына қарай аяқ басатын шығармыз.
Қай заманда болмасын публицистика мен журналистика – тарихи үдеріс жемісі, әрі стратегиялық, әрі тактикалық қару. Жалпы тарихи эволюция үздіксіз десек, қазақ тарихы да үздіксіз, біртұтас. Қазіргі күні тарих идеологиялық текетірес құралына айналды. Ал тарих ұлттың өзіндік санасымен тікелей байланысты. Халықтың өзіндік санасы бұқара іс-әрекетіне әсер етер пәрменді фактор. Біздің ұлттық тарихтан айрылғанымыз – даралықтан айрылғанымыз – даралықтан айрылғанымыз – иммунитеттен айрылғанымыз, ұлттық даналықтан, ұлттық танымнан жұрдай болғанымыз. Қорғанышсыз ел – құл ел. Осындай проблеманы шапшаң да сауатты шеше алмайтын санаткерлер мен саясаткерлер орын алып отырған жағдайды әдейі полижұртшылық алаңына шығарады. Ондағы үміті: проблеманы әртектілер диффузиялайды, оның ісігін дискуссия қайтарады, ол ешкімге зардабын тигізбей өз-өзінен тарап кетеді. Осы, кейінгі жылдары, біздің неотеоретиктер ұлттық құндылықты қорғаушыларды консерваторлар, кертартпа топ өкілдері, ел бірлігіне іріткі салушылар деп үркітуді үрдіске айналдырып алды. Бұл қате де зиянды түсінік. Олар, қайта, ұлтты ұйыстырушылар, тұтастандырушылар, ал елді алатайдай бүлдірушілерді сырттан, тек өз болашағына алақтаған іштегі алакөздерден, информациялық экспансиядан, блогосферадан іздеген жөн. Блогосфера, әлеуметтік желілер реті келгенде саяси арандату, ұлттық мемлекетке ықпал-әсер ету үшін ұтымды пайдаланылады. Мәселен, қазақ тілі туралы заңға байланысты «бостандықшыл» интернеттің шабынған, тепсінген пікірлер легін ұйымдастыру науқаны соның айқын дәлелі. Демократиялық Батыс, тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, қай салада болмасын, тек күш әлеуетін ғана мойындайды. Бет-әлпеті репродукцияланған елді ешкім де сыйламайды, ондай клондармен ешкім де санаспайды. Өзіндік «менінен» айрылған жұрт информациялық, саяси және экономикалық қақпайлауға көнбіс те иліккіш келеді. Осы тұрғыдан барлап-байқасаңыз, Европадағы, араб дүниесіндегі, Израильдегі, саяси-экономикалық дүрбелеңдерді әлеуметтік желілер, сан санаттағы блогерлер ұйымдастырып, бағыт-бағдар нұсқап, жол сілтеп отыр. Мәселен, Египет блогері Асмаа Махфуз әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған адамды митингіге шақырып, Каирдегі Тахрир алаңына шығарды. Европарламент фракцияларының көшбасшылары «араб көктемін» ұйымдастырушы Ахмед әл-Зубаир әл-Сануси (Ливия), Разан Зайтунех (Сирия), Әли Фарзат (Сирия), Мұхаммед Буазизи (Тунис) және Асмаа Махфуз (Египет) сынды бес «каһарманды» жазбай танып, оларға А.Д. Сахаров атындағы «Ой-сана бостандығы» сыйлығын беру туралы апыл-ғұпыл шешім қабылдап үлгерді.
Қазіргі қазақстандық ақпараттық кеңістікте блогтық жұтаң тіл, кибер ой жүйесі жедел қалыптасып келеді. Тіпті аса бай, аса құнарлы қазақ тілінің варианты осы деуге сенгің де келмейді. Сауатсыздық пен білімсіздіктің көрінісін іздесеңіз, тап қазір блогосфераға жүгініңіз. Өтпелі, уақытша құбылыс болса да қазіргі Интернет сауатсыздық резервациясына, шала сауаттылардың дау-дамай, байбаламы мен бетжыртыс алаңына айналды. Ол – индивидтер, жіктер, әлеуметтік топтар мәдениеті мен көзқарасының айнасы, сонымен қатар писхологиялық терапия, тұрмыстық тауқыметтен, сыбағалы мифологемадан дистанциялық тілдесу, ақпарат алмасу арқылы арылудың әдісі. Белгілі бір дәрежеде көңілдегі кірді кетіру, психологиялық дерттен емделу тәсілі. Интернет – ортақ тарихи талқының, ортақ тарихи құлазудың да көрінісі.
Бұл заматта қазақ журналистикасы көркемдіктен жүрегі кілкіп, тіл диетасына көшкен сықылды. Менюдегі жанрлық мәтін сан түрі болу керектігін мүлде ұмытқандай. Қазіргі журналистер белгілі бір бағытқа программаланған орындаушы роботтар мен манипуляторларға айналып бара жатқанын өздері де сезбейтін сияқты. Ал «бейтарап ақпарат» жалауын желбіретушілер журналистиканы азаматтық позициядан, саяси реңнен аулақтатуды көздеуде. Телеарналар айналасында осы күндері шығармашылық процестің табиғатын тани алмайтын гримбеттер қаптап кетті. Бізде қазір қай саланы болмасын менеджерлер басқару керек деген ұғым қалыптасты. Мен кешегі күн басшыларының да біразын көзім көрді, бүгінгі күннің әкім-рақымдарын да аңдап жүрмін. А.З. Закарин, Т.С.
Амандосов, Т.Қ. Қожакеев, Ә.Н. Шманов, К.С, Смаилов, Ш.Р. Елеукенов, Ә.Т. Әлімжанов, Ө.Ж. Жәнібеков, Ө.А. Жолдасбеков, К.Н. Нәрібаев, Б.Т. Жұмағұлов, Е.М. Арын есімдері шығармашылық және ғылыми көпшілік аузынан түспейді. Себеп? Өйткені бұлар – қазақ қоғамының бетке шығар қаймақтары, ұлт жанашырлары, интеллектуалдар. Азат пікірді, шығармашылық берекені, ғылыми сонылықты, ұлттық даралықты, дарынды тұлғаларды қажыр-қайраттары жеткенше қолдағандар. Ал осы сан санаттағы аты аталған арғы-бергі менеджерлер бойынан басқа адами қасиеттерді былай қойғанда, парасат пен тектіліктің биязы самалы есіп тұратын. Өкінішке қарай, мен қазіргі ғылыми-біліми атқамінерлер бітімінен дәл әлгіндей асыл тебіндерді байқай алмай келемін. Біздің әрі шолақ, әрі олақ қолтума белсенділер орта буын менеджерге керегі экономистік, техникалық, заңгерлік білім, басқарушылық құлшыныс, әрі бүгінгі тікелей басшыға берілгендік деп қана түсінеді. Белгілі бір саланы дөңгелетіп алып кететін адамның психологиядан да, философиядан да, эстетикадан да, қоғамдық қатынастардан да, көркем әдебиеттен де хабары мол болуы керектігі қаперлеріне кіріп шықпайды. Ал дәстүрлі, өлмейтін құндылықтарға жүгінер болсақ, ең бастысы – арлылық, тазалық. Қолы тазаның – ары таза. Арлылар ғана өсіп келе жатқан ұрпаққа ғибрат айтуға хақылы. Оған қосар үстемеміз: шығармашылық шеберлік турасында жөн-жоба сілтеуге жүрек дауалау үшін ең алдымен тиісті саланы бес саусағыңдай білгенің жөн. Бұл – бір. Екіншіден, өзіңнің де елге, оқырманға шығармашылығың арқылы кеңінен танымал тұлға болғаның абзал. Сол саладан хабары мол адамның азаматтық та, ғылыми да инициативасы ұлттық мүддемен қымсынбай қол алысып жатады. Ондай жандардың әдетте іші де, тысы да азат. Тымырсық пен тұмшаны, бейеркіндікті үнатпайды.
Қазір ақпараттық кеңістікте құндылық ауыстыру, түсінік пен ұғымды өзгерту мақсаткерлікпен жүргізілуде. Егер индивидтің санасы мен жадынан өткен жылдар өнегесін өшіріп тастасаң, ол кез келген идеяны таңбалайтын таза тақтаға айналады. Осы астарлы саясатты, залады тенденцияны барлық пәндер (мәдениет, экономика, ғылым, саясат және т.б.) территориясында өнімді жұмыс істейтін журналистика талайдан бері жазып та келеді, айтып та келеді. Өйткені журналистика мен мәдениет – ел қорғанысы, ол қатардағы қазақтың әділдік пен әділеттілікке деген сұранысын қамтамасыз етуші бірден-бір құрал. Сондықтан біз мақұлдаушы, малданушы, сауықшыл, тоқмейілсіген журналистикадан іргені аулақ салып, талдаушы, расшыл журналистиканы өркендетуіміз керек. Қай салада болмасын пікір даралығы бағаланады, шет елде де сенің ұлттық мүддеңді, өзіндік ерекшелігіңді жан-тәніңмен қорғауыңды қадір тұтады.
Журналистика қолы ұзындарға, нетократтарға қызмет көрсететін даяшы емес. Баспасөздің ежелден қалыптасқан моральдық нормалары, ұлттық эталоны бар. Ұлттық ақпараттық кеңістікті тіпті ең жақын одақтастарыңа да бермеу керектігін, оны көздің қарашығындай қорғау керек екенін австралиялық медиамагнат Руперт Мердоктың Англиядағы News of the World газетінің жабылуы тағы бір рет дәлелдеп берді. Демократиялық үрдісті мықтап ұстанатын елдің бұл позициясы бізге де қажет. Ақпараттық тоталитаризм, адам болмыс-бітімін виртуалды дизайндау сияқты бейгуманистік тәжірибе бізге жат болуға тиіс. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев жақында ғана БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-ыншы сессиясында бірқатар соны пікір білдірді, оның ішінде электронды экстремизм туралы мәселе көтеріп, халықаралық ақпараттық кеңістікті заңды жолмен реттеу туралы сындарлы ұсыныс енгізді. Сол идеялардың ізін ала жүрсек, бұрыннан қалыптасып қалған қасаң стандарттарды өзгертудің күні туды, оған қазақ дүниесі де, ойшылдары да дайын. Мысалы, азаматтық қоғам туын ұстаушылардың «өркениет, заман көшіне ілесу» деген тұжырымы бүгінгі күні сәнге айналып, сол қағиданың дәурені жүріп тұр. Сонда заман көші, өркениет қадамы дегеніміз Батыстың, не болмаса АҚШ-тың даму үдерісі ғана ма? Ол түркілердің, Шығыс әлемінің, нақтылап айтқанда, қазақ ұлысының, қазақ өркениеті мен мәдениетінің алға басу жолы, бет-ажары толысып келе жатқан жұрттың прогреске ұмтылысы емес пе? Ағылшын археологы Г. Чайлд өзінің «Прогресс және археология» кітабында адамзат қауымдастығы арасында
экономикалық және мәдени ауыс-күйіс туралы айта келіп, мынадай қызықты деректерді алға тартады. Жоғары палеолит дәуірінде игіліктердің таралу радиусы 800 километр болса, біздің заманымызға дейінгі екі мыңышы жылдары экономикалық және мәдени байланыс радиусы 8 мың километрге жеткен, ал біздің дәуіріміздің ҮІІІ ғасырында ондай алмасу бүкіл Азия, Африка мен Европаны қамтыған. Демек, ғаламадасу атты саяси және экономикалық теориясының тарихи отаны да, тарихи негізі де ап-анық. Ал қазіргі жаһандану теориясының батыстық моделінде әмбебаптық, патерналистік сипат басым. Тіпті, мен айтар едім, творчестволық еркіндікке жол бермейтін тоталитарлық ой-сана үстем. Ол дамушы елдердің, шығыс менталитетін ескере бермейді. Жаһандану қисынын әлем биігіне шығарғысы келетіндер экономика, саясат, ғылым мен технология, инновациялық тәсілдер, мәдениет формалары тек Батыстан өріс алып, тек күнбатыстан тарау керек деген ескірген тұжырымға сүйенеді. Еврокіндіктік ұғымның бұл да бір көрінісі. Тарихи сабақтастық заңдылығын еске алсақ, өркениет пен мәдениет көші шығыстан басталғанын осы күні зиялы жұрттың бәрі мойындайды. Ендеше, қазіргі озық ойдың түп тамырын шығыстық философиядан іздеген жөн. Сондықтан дәл қазіргі уақытта жаһандану процесінің шығыстық үлгісін ұсыну, күн тәртібіне қою – аса зәру мәселердің бірі. Амбициялық мақсаттарды алға қойған қазақ ойшылдары тіпті ғаламдасудың шығыстық, бүкілтүркілік, қазақтық теориясы мен практикасын жүзеге асыра алады. Ол теория ең алдымен әр елде өмір кешіп жүрген қазақ ұлтының мүддесіне сәйкесіп жатуы қажет. Бұл теорияда әр ұлттың еркін өркендеуі, соның арқасында әлемдік өркениет пен мәдениетке өзіндік үлес қоса алуы, бауырластық, адам құқықтары, демократизм принциптерін ұлттық прагматикамен үйлестіруі айқын бедерленуі керек. Яғни планетарлық қауымдастық алдында ұлттық жауапкершіліктің беделін көтеру, ұлттық жаупкершілік пен әлеуметтік жауапкершілік арасындағы байланысты нығайта түсу. Соның жарқын көріністерінің бірі – қазан айының аяғында Алматыда өткен түркі елдері басшыларының бас қосуы, Анкарада түркі тілдес елдердің медиа-платформасының құрылуы.
Қазіргі заманда азаматтық қоғам орнату идеясы философияға, әлеуметтануға ғана емес, журналистика саласына да әсер етуде. Коммуникавистика ғылымы толықтай толысқан азаматтық қоғам қағидасына иек артады. Ал осы модель біз үшін пәлендей жаңалық па? Бұнда зәредей де сонылық жоқ, ол бастамаларды шығыс ойшылдары, әсіресе әл-Фараби өз философиялық трактаттарында әлімсақтан шегелеп, орнықтырып кеткен. Азаматтық қоғам әсте біртектілікті білдірмейді, ол – ұлттық құндылықтардың, оның ішінде әділдік пен заңның, тұлға әлеуетінің кемелденуі. Бір сөзбен айтқанда, азаматтың эволюциясы, сол арқылы қоғамның, әр ұлттың гүлденуіне мүмкіндік туғызу. Ұлттық журналистика да сол сияқты – бұл дәстүр жалғастығы, тарихи сабақтастық. Әрі-беріден соң ол қоғамдық сананың бірден-бір көрінісі. Журналистика өндірісін, оны оқыту әдіс-тәсілін жаңа кәсіпорын салғандай, ЖШС құрғандай тез арада өзгерте алмайсың. Формалық стандарттарды, маңдайшадағы таңбаларды ауыстыру, тұзы жеңіл, сапасы жұтаң конференциялардың санын арттыру ол ғылым мен білім саласының реформасы емес. Журналистика ғылымын, білім беру саласын ілгерілету жөнінде біз баспасөзде бұдан бұрын да шамамыз жеткенше сөз қозғағанбыз. Оған біздің сала басшылары мен қосшылары пәлендей назар аудара қоймаған сыңайлы.
Қазақстандағы әзірше ел құлақ түретін, сеніммен қарайтын беделді институттардың бірі – баспасөз. Оның сөзі ресми мәлімдемелер мен дипломатиялық рауттардағы спичтерден де дуалы екенін іш те, сырт та аңғарады, журналистиканың ілгерінді ой мен идея инвестициялайтыны және мәлім. Бірақ бір қамығарлығы, қазақ көсемсөзі жағымды өнегеден, оң мысалдан алыстап барады. Біздегі жақсы мәлімет, жібі түзу кейіпкер саны әзірге формулярлық тізімнің басынан аса алмай келеді. Масс-медиа алаңында тер төгіп жүрген әріптестеріміз Жан Батист Мольердің: «Жақыныңның жабығуы жаныңды жадыратады», – деген әзілінен алысқа ұзамайтын сықылды. Әрине, Қазақстандағы кей проблеманы бейнелеу үшін, шындықтың бетіне тіктей қарау үшін кей ретте Персейдің
қалқаны керек. Заманалы журналистика билікпен, әкімшілікпен тайсақтамай тілдесе алса ғана – ол «төртінші билік». Ол, әлбетте, әр журналистің өзіндік талғамы мен азаматтық ұстанымына тікелей пропорционал.
Электронды коммуникация бұл күндері бұқаралық, халықтық сипат алып келеді. Оны пайдаланушылардың сауаты да, білімі мен біліктілігі де жүре келе өседі. Ол ағымдағы кезеңде белгілі бір дәрежеде сауат ашудың ролін атқарып отыр. Таяу болашақта оқулықтар мен оқу құралдары планшеттік компьютерге – iPad-қа көшірілуі ықтимал. Ресей қазірдің өзінде бұл шараға қомақты қаржы бөліп, қажетті өндіріс саласын іске қосуға кірісіп кетті. Сырттан тасымалданған таңсық технология мен әлем-жәлем бұйым емес, өзіндік төл товар. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда өздерін әлеуметтік пікірді зерттеу институттары деп жарнамалап жүрген мекемелердің білігі де, кәсіби ұстанымы да қалыптасу, даму үстінде. Демек, олардың деректері әлі бе болса әлсіздеу, халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болып отыр деп айта алмаймыз. Сондықтан баспасөздегі озық идеялар мен пікірлерді жинақтайтын, сараптайтын инновациялық идеялар банкін, әр оқытушының ғылыми-шығармашылық жұмыстары мен құжаттарының ақпараттық банкін ұйымдастыру қажет. Ол сателлиттік пиғылдан ада, батыстық, не болмаса ресейлік бағдардың ықпалында болмауы тиіс. Сонымен қабат озық идеялар, инновациялық жобалар құнды қағаздар сияқты биржада сатылуы керек. Рыноктық қарым-қатынас заңының бір парасы, міне, осы. Бүгінгі таңда дәурені жүре бастаған әлеуметтік желілер, электронды ақпарат құралдарының ықпалы мен әлеуеті де әлсірейтін кез әлі алда. Ол да классикалық информация құралдары сияқты келе-келе модадан қала бастайды. Сол уақытты мөлшерлеп көрсете алатын, модельдей алатын қызмет керек. Ол рынокты жобалау, товар ассортиментін өзгерту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа тұрпаттағы мамандарды даярлау үшін қажет. Олай десек, аталы сөз министрлер мен ректорлардың аузынан қашан шығар екен деп жаутаңдап отырудың жөні жоқ. Теориялық журналистика саласында еңбек етуші ғалымдардың девизі: «Мен ата-бабалар көсемсөзі қисынын ұшпаққа шығарамын», – болса, сақа қаламгерлердің де, жас талапкерлердің де басты принципі: «Мен ұлттық журналистикаға қызмет етемін», – болуы керек.