Кәкен Қамзин,
филология ғылымдарының докторы, доцент
Осы, күні кеше деймін-ау, нақтысын айтқанда, 2009 жылдың ақпанының он бірінде белгілі ақындар Аманхан Әлім, Бауыржан Қарабекпен өзіміздің 3-залда кездесу өтті. Не айтары бар, бірсыпыра адам бас қостық. Негізінен бірінші, үшінші курс шәкірттері – өлең, жырдың нағыз жанашырлары. Қазір ақындар мәжілісіне алпыс мыңдық стадион жинайтын, не болмаса Мәскеудегі Политехника мұражайының залына халық лық толатын заман емес. Поэзияның өзі ардақтылар алаңы, элиталық өнер емес пе. Талғампаздардың, эстеттердің шығармашылық клубы десек те артықтық етпейді.
Бұл жолы да «жақынның қабағын жақын бағады, ақынның қыбын ақын табады» дегендей, жүздесу тізгінін төртінші курс студенті, келешегінен көп үміт күттіретін жас шәйір Бауыржан Әлқожаның қолына бердік. Жұрт ауанын қалт жібермей байқап отырмыз. Әттең, кеш қызықты диалогқа, елең еткізер полилогқа ұласса ғой шіркін. Ұласа алмады. Ол жүргізушінің де, келген қонақтардың да кінәсі емес. Негізгі кінәрәт отбасы тәрбиесінде, орта мектеп бағдарламасында, студенттердің көркем әдебиеттен бірте-бірте аулақтап бара жатқанында ма деймін. Осы күні зиялылық деңгейінің де жер бауырлай бастағанын бармақ тістей еске ала кетуге тура келеді. Не десек те, тап осы арада интеллект, ой өріс мәселесі қайта-қайта қылаң береді. Қалай сілтесек те, білім берудің сымдай тартылған сыналған жүйесінен біз көз жазып қалғандаймыз-ау осы. Байырғы сораптан да бұрыс кеткен сияқтымыз ба, қалай? Жаңасы, сонысы сіңіспей жатыр ма, орнықпай жатыр ма, қайдам – білмеймін. Осындайда жақында ғана «Литературная газетаның» тілшісімен сұхбат құрған орыс оқымыстысы Ф. Ф. Кузнецовтың: «…В моём представлении сегодняшний жизненный героизм заключается в том, чтобы оставаться верными базовым принципам подлинно человеческого существования, по которым деньги, материальные блага есть не цель и смысл, а лишь условие подлинно человеческого бытия. Мы можем потерять фундаментальную нравственную основу, на которой стояли века и которая формировалась тысячелетиями народной жизни. Сегодня осуществляется планомерная, глубоко эшелонированная и последовательная атака с целью глубинно видоизменить наш нравственный менталитет. Идёт растление души народа – и стихийно и намеренно. Борьба с этими растлениями, которые ради личной корысти и преуспевания подменяют идеалы потребительством и ради этого растаптывают людей и саму жизнь, – вот что сегодня требует героизма. И это героизм особого рода. И не все к этому готовы», – деген пікірі ойға орала кетеді [1]. Автор орыс әлеуметінің тап қазір бастан кешіп отырған жай-күйін сөз қылып отырғанымен, «қызым саған айтам, келінім сен тыңдаға» келетін сықылды… Сол кездесудің ертеңінде үйге Аманхан Әлім бауырымыз телефон соқты. Кешегі мәслихат туралы біраз пікірін ортаға салды, көкейге қонарлық ұсыныстарын айтып жатыр, айтып жатыр… Құлағым Аманхан ақында болғанымен, желең ойым өткен-кеткенді шарлап, қоштасқан ғасыр шаң-тозаңының астында қалған үлгі-өнегелерді қағып-сілкіп жатқандай.
Ол уақытта журналистика өріне негізінен дарындылар, кеудесінде сәулесі барлар ұмтылатын. Шығармашылық үдерісінде қайталанбас қолтаңбамды қалдырамын, шынайы қоғамдық пікірлесу алаңын дүрілдетемін деген романтикалық үмітпен келетін жас толқын. Болашақ қаламгерлердің, басқа факультет шәкірттеріне қарағанда, жалдары күдірейіп жүретін. Өйтпей ше? Талайлар журналистика жоғары мектебі табалдырығын әскери, я, кем дегенде, екі жылдық еңбек өтілімен аттайтын. Олардың газет, журналдарға жарияланған материалдары, өлеңдері мен әңгімелері қырық оқытушыға жүк болардай десем, еш қателеспеймін. Аты аңызға айналған айбынды деканымыз Т.С. Амандосовтың: «журналистика факультеті ақын-жазушы дайындамайды, біздің міндетіміз – бұқаралық ақпарат құралдарына кадрлар даярлау», – деп күнде құлақ етін жегенімен, шабыты ернеуінен асып төгілген жас жігіттер әдеби басылымдарды, Жазушылар одағын бірінші курстан бастап жағалайтын. Оған уақыт та табылатын. Түске дейін оқимыз, түстен кейін қол бос. Киносы бар, театры бар, кітапханасы бар – бәріне үлгеруге тырысамыз. Бірінші курстың өзінде екі рет – бір-бір аптадан аудандық газеттерге танысу практикасына бардық. Алматыдан едәуір Есік қаласына Әбілфайыз Ыдырысов ағамыз жетектеп апарса, мына тұрған Қаскелеңнің жөнін кураторымыз Қабижан Құсайынов тауып қойыпты. Осының бәріне – лайықты оқу бағдарламасынан өндірістік тәжірибеге дейін бас-көз болатын, әрине, факультет басшысы, әрі дәріскер, әрі шебер ұйымдастырушы, әрі ғалым, әрі тенор Тауман Салықбайұлы Амандосов. Бәз-біреудердің иландыра айтуына қарағанда, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы әнші Бораштың прототипі дәл осы Тауман Амандосов көрінеді.
Біздің курстағы 50 студенттің 6-7 ғана қыз бала. Сегізінші наурызда еш қиналмаймыз, ал 23 ақпанда біздің қыздардың дедек қаққанын көрсеңіздер! Аяп кетесің. Біз мүсіркегенімен декан мүсіркемейді.Тауман Салықбайұлы Амандосовтың болашақ журналистер корпусын іріктеудегі, сұрыптаудағы басты кредосы: «Журналистика – далеко не женская профессия». Бұл принциптен ол кісі еш уақытта айныған емес. Ол осы уәжін үлкен мінбелерден де қаймықпай айтып жүрді. Кім не десе, о десін, өз басым да журналистика мен педагогикадағы гендерлік саясатқа абайлай да тосырқай қараймын. Шығармашылық салаға, жалпы, қай қиырға болмасын шиыршық атқан бәсеке, тұяқтан от шығар дүбірлеген жарыс жарасады. Цифр қуалаушылық, жасанды өсім, әйелдерді сапа жағынан емес, сан жағынан көтеру – кеңестік кезеңнің сарқыншағы. Бойды жұмсап емес, ойды жұмсап еткен еңбек – нағыз еңбек. Жасанды нәзіктік, аяқ астынан қылымси қалу, қоғами, ғылыми айтыс-тартыстарда жоқ жерден ибалық таныту, сызыла қалу жатағандыққа, тақұл-тұқылға, таяздыққа апарып жығатынын аңғарып та, көріп те жүрміз. Бүгінгі журналистика өндірісіне өжеттік, қажыр-қайраттылық, ер мінезділік, ой өріс, өмірлік тәжірибе жетпей жатқан сияқты көрінеді де тұрады маған. Бір-екі мысал. Бұл күндері аты қазақ оқырмандарына жыға таныс, дарынды жазушы Смағұл Елубаев – ол жылдары бізден екі курс жоғары оқитын сақа студент. Смағұлдың сюжеті Сергей Есениннің атышулы бір өлеңімен өзектес «Бұралқы» атты әңгімесі «Жас қалам» атты қабырға газетіне басыла қалды. Басынан бастап соңғы нүктесіне дейін қалдырмай тамсана оқып шықтық. Атың өшкір тұрпайы социология әдісі құрдымға кетсе де, жылымықтың есті лебі есіп тұрса да бір ірі ағамыз сол әңгімеден кеңестік құрылысқа қарсы зиянды идеялық ілік тауып, ойбайға аттан қосып жер тепкілемесі бар емес пе? Егер сол қысылтаяң мезетте Таукең босаңдық танытып, Смағұлды университет қабырғасынан аластаса не болар еді? Ректорат мәжілісінде де, факультет партия ұйымының жиналысында да талантты студентінің шығармашылығына орай өзінің жағымды, принципті пікірін көпшілікке өткізе алды. Ондай жақсы ошарды біз сырттай болса да естіп жатамыз. Өйткені сол жақта біздің өз құлағымыз бен көзіміз бар. Курсымыздың «шалы» деген құрметті дәреже алған Амангелді Құлмашев – партия мүшесі. Факультет партия ұйымының жиналысына ұдайы қатысып жүреді. Сондағы ұстаздарымыздың арасындағы анау-мынау кикілжіңді «әке-көке» десең де бізге айтқан емес. Сыр шашпайды. Бірақ оқта-текте маңдайы жіпси келе, іштегі запыранын аңдамай ақтарып та тастайды.
Біздің курс «А» және «Б» тобы деп жіктеледі. Бірінші топта – тісқаққандар, екінші топта «бұзаулар». Сол «бұзауқаннардың» ішінде бір еркелеу, дәулеттілеу бозбала оқыды. Кейін білдік, деканымыз Тауман Амандосовтың университетті бірге бітірген досының баласы екен. Қолы шебер, көркемсурет түсіруге әуес. Есігінің алдында әмісе қыздар қиылып тұрады. Сол жігітті біреуге әлімжеттік жасағаны, бұзақылық қылығы үшін оқудан қуды да шықты. Қазір ойлаймын, дүние күйіп кетсе де, неге қорғап қалмадық, қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде емес пе еді? Мына деген бір азаматтың жүрегі жараланып, тауы шағылды ғой. Бәлкім, қазақ журналистикасы өзінің болашақ Василий Песковынан дәл сол мезет айрылып қалған шығар.
Тауман ағамыз көңілденген кезде былайғы жұртқа айта бермейтін сырларының да шетін шығаратын. Арғы жағы Мәскеу, бергі жағы Алматының жоғары мекемелеріндегі сөзі өтетін шәкірттерін санамалап бір кететін. Ұлы Мұқтар Әуезовтің ізін ала Үндістанға барған сапары туралы да тартымды жайттарды еске ала отырып [2], Мұқаңның өзіне ғана жарасатын мінез-қылықтарын мырс-мырс күле біздің көз алдымызға елестететін. Филология факультеті орыс бөлімінің студенті Мамыр Рақымқызы Омаровамен қалай танысқанын, жоқшылық жылдары отбасын қалай құрғанын да жасырмай жайып салатын. Әттең, бір өкініштісі, мен Мамыр апамызбен бір ауданнан екенімді университет бітіріп, жұмысқа орналасқаннан соң, көп жылдан кейін ғана білдім. Ол кезде жерлес іздеу, туыс жағалау әдеті бізге жат еді. Кейін аңдасам, сол «жерлестігім» үшін маған кей дәріскерлерім қырын қарап, деканның «балдызын» аяқтан шалып қалуға ақпар жинапты. Тағы бір білетін дерегім: Тауман ағамыздың қайынатасы – Рахым ақсақалдың кеңес қызметінде жүрген кезінде Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов сынды қазақ әдебиетінің классиктеріне қол ұшын бергені. Бұл мағлұматты бертініректе ақын Сәкен Иманасов ағамыздан там-тұмдап естігенім бар.
Бір есептен Тауман Салықбайұлының жезделігін білмегенім, сезбегенім де көрім болған шығар, әйтпесе марқұм Өтежан Нұрғалиев сықылды бір сабаз:
Сені оқуға түсірген – Қонаев пен Дүйсетай,
Мені оқуға түсірген – Махамбет пен Исатай, – деп сайрамасына кім кепіл?
Өмір өткелдері, ғұмырлық сабақ деген осы. Қазір өзім де журналистика факультетінің оқытушысымын. Таукеңнің ғылыми-педагогтік ғибратына, санамалап айтқанда, оның докторлық диссертациясындағы жалқылық және жалпылық ұстанымдарға, қылдырықтай мойын қыл шылбырдан құтылған жылдары дүниеге келген «Қазақ-совет баспасөзінің жанрлары» [3], «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» [4] атты еңбектеріне жүгіне отырып, қазіргі қазақ баспасөзі мәтіндері өркендеуін зерттеп жүрмін. Деканымыздың екінші ұлағатына да адалмын деп нық айта аламын. Өйткені бірбеткейлік, төзімділік, желбуаздар мен екіжүзділерге жалбақтамау жағынан да оның жолын қуудан, ұстазыма шама-шарқым жеткенше ұқсаудан ешқашан қашып құтылмасымды бек жақсы білемін.
- Шатохина О. «Жить по совести сегодня – уже подвиг» // Литературная газета, 16 февраля 2011.
- Амандосов Т. Ганга жағасында // Қазақ әдебиеті, 1 сәуір 1960.
- Амандосов Т.С. Қазақ-совет баспасөзінің жанрлары. – Алматы: Мектеп, 1968.
- Амандосов Т.С. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы: Мектеп, 1978.
Автор эссе размышляет о логике эволюционирования современной национальной школы журналистики, развитии образовательных и научных традиций профессора Т.С. Амандосова.
The author of the essay reflects on the logical evolution of a modern national school of journalism, the development and scientific traditions of Professor Amandosov T.S.