Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Кәкен Қамзин. Журналистиканың басты кейіпкері – шындық

jurfak Мамыр 15, 2013 0
Кәкен Қамзин. Журналистиканың басты кейіпкері – шындық

Кәкен Қамзин,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Адам баласы – расын айтсақ, Жаратушының сателлиттік моделі, тиісті планетаға жолдаған инновациялық жобасы. Сол жаңашыл жанның басты мақсаты – ақпарат арқылы толысу, сараптама арқылы әлемді тану, құбылысты көркем көзбен көру, оқиға образын  сан призмалы айнаға түсіру, сөйтіп, Жер бетіндегі өзінің жасампаздық миссиясын атқару. Демек, журналистика пәні адам жаратылысымен егіз, оның анатомиясы және физиологиясымен ағайындас, болмыс-бітімімен сәйкес. Баспасөздің, жеке қаламгердің от басы, ошақ қасы түйткілдерінен бастап, ғаламдық проблемаларды тілге тиек етуі –  сол рухани өкілеттілікті жүзеге асыруы. Сол себептен де журналистиканың басты кейіпкері – Шындық. Шындық категориясының реалистік  сипатын ашу – индивидтің басты парызы. Ұлы Абай:

                                            Ұқпассың, үстірт қарап бұлғақтасаң,

                                            Суретін көре алмассың, көп бақпасаң,

                                            Көлеңкесі түседі көкейіңе,

                            Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң, – деп шындыққа жетудің технологиясын да, оның индивид санасына трансформациялануын да аңғартып кеткен [1, 69].

Гүржілердің атақты философы М.К. Мамардашвилидің: «человек – это не вещь, не статичное состояние, а событие, состоящее из совокупности событий: таких, как человеческая любовь, вера, честность, мысль и т.д. У Платона есть странная формула: человек не то и не то, человек-символ (через дефис!)», – деп ой түюі де адамның аумалы-төкпелі іс-әрекетінің  әділдікке, ақиқат іздеуге негізделетініне меңзеу емес пе? [2, 3]. Әділдік категориясы, қай жағынан қарасақ та, журналистика пәнімен ынтымақтас. Әділет пен әділдікті қоғамға, әлеуметке Абсолютті Ой-сана  тікелей трансляцияламайды, оларды адам-пенде (сөз арасына дефис қойылады!), модератор арқылы үлестіреді. Әрине,  Хақтың жүгін, Құдайдың құзыретін Адам алып жүре алмайды, оған ұмтылудың да қажеті жоқ. Солай десек те,  ұшан-теңіз толқымалы тіршілік айналасындағы барлық дау-дамай, қақтығыс-соқтығыс атаулы осы әлін білмеген әлектен, тұлға ролін асыра бағалаудан туындайды. Ал адам табиғатына жақын  ежелгі үйлесімділік концепциясының  бізге жетілуді, ұдайы әділдік іздеуді, шындыққа жүгінуді бұйыратыны да сондықтан. Саналы жанның маңдайына жазылған осынау харекеттің тылсымын талай-талай оқымыстылар мен көрегендер тұс-тұстан түсіндірмелеуден ешқашан жалыққан емес, ал қазақ журналистикасы мен көсемсөзі сонау бағзыдан бері байыпты да барлай саралаудан  ешуақыт бас тартқан емес.

Соған қарамастан қазіргі журналистиканың беделді теоретиктері мен практиктерінің заманалы масс-медиаға көңілдерінің толмауына, баспасөз өмір шындығын бейнелеуде әлсін-әлі үстіріт кетеді, көбігін ғана қалқып өтеді деген пікірді қадай айтуына не себеп? Оның гәбі, әрине, әлденеше. Менің пайымдауымша, ең алдымен көңілі жүйрік  адамның ғылыми білімінің ғаламдық үдерістерді тануға шама-шарқының жетпей жатуы. Одан кейін атап көрсетерім, қабілет пен дарынды жаратылыс қана бере алады. Бұрындары ақпарат құралдары сияқты өткір де нәзік салада қызмет атқаруға бетке шығар қаймақ, элита ғана тартылса, тап қазір  ықылас білдіргеннің бәрі іс жүзінде  журналистиканың киелі  табалдырығынан именбей аттай беруге хақы алды. Бұл – үшіншіден. Соның салдары – осы күндері Қазақстан ақпараты айналасына журналистиканың әлеуметтік ролін жыға танымайтындар қаптап кетті. Олар журналистиканы тек күнкөріс көзі, елге танылу құралы деп қана  ұғады. Одан былай, журналистердің ұзын  санына кіріп жүргендердің денінің кәсіби дайындығы да ешбір сын көтермейді. Ұлттық журналистиканың ашып айту кеңістігінде көштен қалуына, қоғамдағы беделінің төмендеуіне, оның шынайы «төртінші билік» атана алмауына тікелей себепші болып жүргендердің бірі – міне, солар. Сондықтан кәсіби білім беру, шеберлікті шыңдау, сауаттылықты арттыру, мамандыққа баулу тек журналистика факультеттері мен бөлімдерінде жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдық сөз өнеріне таласы бар үміткерлер Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті жанынан ашылып жатқан білім мен біліктілікті жоғарылату институты бағдарламасы бойынша арнайы кәсіби курстардан өткендері жөн. Салалық мамандықты модернизациялау бір міндетінің өзі – осы. Мен осы ретте мынаны атап көрсетер едім: модернизация дегеніміз ол тек экономикалық-технологиялық даму емес, ол – рухани өзгеріс, білім мен ғылым, өнер мен көркем әдебиет арқылы жанның, көңіл-күйдің жаңаруы мен тазаруы. Бұл арада осынау белестерден тек сонылыққа құлаш ұрған бакалаврлар мен магистранттар, PhD докторанттар контингенті  ғана көрінуі керек деген үстірт байлам тумауы керек, мұндай сындарлы талап әуелі журналистика факультетінде дәріс беруші тәжірибелі ұстаздар мен шет елден шақыртылған оқытушыларға  қойылғаны әбден заңды. Жаңашылдық пен ұлттық пайым-парасаттың жасампаздық қорытпасы дегеніміз, міне, осыдан келіп шығады. Бұл тарихилыққа да, осы мезет ырғағына да, болашақ ұмтылыстарға да қайшы келмейді. Өйткені тарихпен татулық бүгінгі күнмен табыстырады, ал бүгінгі күннің сәулесі ертеңгі күннің ажарын аңғаруға, болашақ процестерді игеруге септігін тигізеді.

Осы мәселелер төңірегінен ой өрбітсек, бүгінгі қазақ журналистика ғылымының алдынан әлі де талай-талай ұлы асулар шығары ықтимал. Шындықтың басын о бастан ашып кетсек, тіркеу-тізімдеуді ғана місе тұтатын ғылымның болашағы бұлдыр. Бұл талап, сөз жоқ, журналистикатану проблемасына да қатысты. Жаңа идея, соны бағыт, өзіндік жол ұсынбаған сала – өлі сала. Біздің кейбір практиктер, әр жердегі әуесқой  курстарда сабақ берушілердің бірқатары айтып жүргеніндей, фактілерді констатациялау   нағыз әділ журналистика,   қара қылды қақ жарар заманалы журналистика емес. Тек жалаң фактілерді мәтіндеп қойып, қарап отыруды объективтілік деп түсінуге болмайды. Журналист информацияны іріктеу, сұрыптау арқылы да әлеуметтік, информациялық қарым-қатынасқа түседі, коммуникация орбитасына тартылады, азаматтық ұстанымын білдіреді. Осыны әсте ұмытпаған жөн.  Оның үстіне бұрынғы//қазіргі сан сегментті  аудиторияны  оқиғалар мен құбылыстарды құрғақ констатациялау  қанағаттандыра ала ма? Әлбетте, қанағаттандыра алмайды. Меніңше, айдынды адамның білсем, көрсем, байыбына барсам деген өз санасына, психологиясына сай талдамалы журналистика өмір шындығын танудың ерекше құрамдас бөлігі болып қала береді. Яғни талдамадан шынайы таным туындайды. Кеше де солай болған, бүгін де солай, ертең де солай болмақ. Журналистиканың осы талдамалы әдісі ғана аудиторияға болған оқиға себебінің бүкіл тізбегін, оның даму  келешегін (перспективасын), оның адам мен әлем үшін құндылығының қандай екенін  аңдата алады. Аналитик-қаламгер проблема түйінін шешудің нендей мүмкіндіктері бар, неге дәл солай әрекет ету керек сияқты сауалдарға жауап іздейді. Сонымен қатар оқырманды да ойландыруға итермелейді, оған пайым кеңістігінде өз пікірін автор пікірімен ойша салыстыруға, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осы арада басын ашып алар бір жайт: аналитик-журналист санатына ілігу үшін қазіргідей интернеттен оқиға сүзу, офистен ұзамай  ойболжаммен (созерцание) айналысу, қиялмен шартарапты кезіп кету мүлде жеткіліксіз, аса шебер сараптамашы журналист атағын алу үшін  нақты практикамен, күнделікті өмір шындығымен бетпе-бет келген жөн, сөйтіп, аса бай әлеуметтік тәжірибе жинақтаған абзал. Осы орайда Иммануил Канттың басшылыққа алар мына гносологиялық позициясын еске салып кеткен еш артықтық етпейді: тәжірибе – индивидуум түйсігінің сыртқы әсерді өңдеуі ғана. Тәжірибе кезінде адам табиғатпен жеке-дара беттеседі, ол өзінің  табиғи қабілетінің арқасында ғана  қоршаған әлем туралы түрлі-түрлі пікір айта  алады. Адам – таным субъекті – өз тәжірибесі арқылы жекелеген құбылыстардың санқырлы дүниесін пайымдайды, ал мұндай «пайымдық» тәжірибе адамның танымдық қабілетін шиыршық атқызады.

Байқасаңыздар, біз осы мақадада «сараптама», «талдамалы», «талдау» деген терминдерді әлсін-әлсін іске қосып отырмыз, ал олардың арғы жағында «зерттеу» деген үлкен ұғымның басы қылтияды. Осы жекжаттықты, шындық іздеу тәсілін  еске ала отырып, біз бір жағынан журналистика теориясы мен тәжірибесінде бұрыннан пайдаланылып келе жатқан «талдамалы журналистика», «журналист сараптамасы», «талдамалы мәтін» сөз тіркестерінің дәстүрлі сынының бұзылмағанын қалар едік. Екінші жағынан, А. Эйнштейннің салыстырымдылық қисынын еске ала отырып, өмірді тану тәсілдеріне қарап, журналистиканың бұл түрін хабарлама, деректі-көркем публицистика тарамдарынан ажыратуға, жыға тануға мүмкіндік аламыз.

Осы тезиске қарайлай отырып, біз ақпарат (салыстырымды түрдегі жаңалық) журналистикасы немесе «алғы шептегі» журналистика туралы сөз қозғағанда, оның өзіндік ерекшелігі ретінде ең алдымен жаңа оқиғалар туралы жедел, қысқа да нұсқа хабарлама жасауын баса көрсетеміз. Хабарламашы-журналист, бейнелеп айтқанда, оқиға қан тамырының соғысын қалт жібермейді. Бәсекелестік райын еске алатын болсақ, ол оқиға мәнісін әріптестерінен бұрын білуге ұмтылады, оны аудиторияға бұрын жеткізуге тырысады. Хроникашының, репортёрдың, ньюсмейкердің шынайы шеберлігі осы жағынан байқалады. Осы ретте Израиль ғалымы Даниел Шехтманға квазикристалдар туралы жаңалғы үшін Нобель сыйлығы берілгені туралы хабарламаны  Ресейдің «Вести» бағдарламасы басқалардан оза жеткізгенін атап айтар едік [3].

Талдамалы журналистика немесе «екінші белдеудегі» журналистика – ол сапалы әлеуметтік сөздің нағыз өзі,  көз алдымыздан өтіп жатқан үдеріс кадрларын ұтымды монтаждау. Олай десек, аналитикалық жарияланым дайындайтын қаламгерге ақпаратшы-журналист қасиеті аздық етеді. Сондықтан кейбір шет ел ақпарат құралдарында репортёр мен комментатор қызметінің ара-жігі ажыратылған, еңбек бөлінісі айқындалған. Репортёрге (хабарламашы-журналистке) тек қана фактілерді іздеп тауып, редакцияға жеткізу жүктеледі. Ал оларға трактовка, интерпретация жасау комментаторларға, сол саланы бес саусағындай білетін арнаулы дайындығы бар сараптамашы-журналистке (экономика, саясат, заңнама, әдебиет, мәдениет, өнер және спорт салаларын жақсы білетін адамаға) тапсырылады. Я болмаса бұл іске ғалымдар, белгілі бір салада жұмыс жасап жүрген практик-мамандар тартылады.

Осы өнегені ілгерілете түссек, біз сараптамашының өзіндік ойлау жүйесі қалыптасқанын қалар едік. Ол  көз көргенін дәл түсіріп, хаттап қана қоймайды, оның сонымен қабат қатпар мен астарды, жеті қаттың астындағыны да көзі шалуы керек. Яғни әртүрлі латентті құбылыстар арасындағы байланысты, олардың себептерін,  мән-маңызын, даму жолын аңдай алғаны жөн. Осындайда журналистің «жалпы ойлау» қабылетіне қоса өзі сөз етер пәні туралы арнаулы білімі болса тіпті жақсы. Сондықтан қазіргі журналистика, аналитик-журналист алдында басқа мамандықты игеру, басқа салада арнаулы білім алу проблемасы тұр. Бұл бағытта біздің университеттің білім беру кеңістігінде баянды да өнімді жұмыс әлдеқашан басталып та кетті. Журналистика факультетін тәмамдаған шәкірттердің алды қосымща экономист, заңгер, ауыл шаруашылығы мамандықтарын меңгерді, сол салалардың дипломдарын алып шықты. Тіпті география факультетінің магистратурасын бітірген журналист-шәкіртіміздің  экология саласындағы еңбегінің өзі бір төбе..

Талдамалы журналистика – қазақ журналистикасының өзіндік дәстүрі мен соқпағы бар ең бір екпінді, әлеуетті саласы. Осы бағыт туралы кезінде профессорлар  Т.С. Амандосов [4], Т.Қ. Қожакеев [5] өз еңбектерінде, атап айтқанда, оның жанрлық табиғаты хақындағы оқу құралдарында бірсыпыра сөз қозғаған. Аға буын, ұстаз ғалымдардың сол шығармаларына, шет ел зерттеушілерінің ізденістеріне сүйене келе, біз    қазіргі журналистика талдамасының, оның ішінде талдамалы журналистиканың мынадай үдерістік мақсаттарын атап көрсетер едік:

1. Уақыт пен кеңістік аясында болып жатқан құбылыстар арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау.

2. Талдамалы мәтіндерде сарапталған оқиғалардың, құбылыстардың, әрекеттердің жаратылыс, жеке адам, қоғам, әлеуметтік топтар үшін маңыздылығын ашып көрсету.

3. Зерттелініп отырған құбылыстың келешектегі жай-күйін модельдеу, оның қайда апарып соғатынына (салдарына) болжам жасау.

4. Талдап отырған құбылыстарға орай жүзеге асырылатын әрекетердің бағдарламасын (жоспарын, балама нұсқаларын) жасау.

Міне, осындай жүйелі талдау барысында белгілі бір дәрежеде ақиқат айқындала түседі, тепе-теңдік шарты жүзеге асады. Әсілі, қазақ талдамалы журналистикасы тарихына, оның оқиғаны әліптеу мәдениетіне, фактілерді образға айналдыру эстетикасына тепе-теңдік принципі ежелден сіңісті. Оның басты белгісі – сөз жарыстыру ережелері бақ сынасатын екі жаққа бірдей.  Әлімсақтан жол салған, әбден қалыптасқан ұлттық дәстүр десе де болады.  Ол қазақ ауыз әдебиетінен, мақал, мәтелдерден, айтыс өнерінен бастау алып жатыр. Кешелі-бүгінгі айтыс –  онлайн режиміндегі әрі көркем, әрі информациялық, әрі психологиялық сайыс. Ал тұрлаулы сайыс –  экономикалық, саяси-әлеуметтік, рухани тіршілік хақында дұрысын айтудың, ашып айтудың бірден-бір тәсілі. Қазіргі электронды форматтағы тікелей эфир мен onlien бағдарламалары сол расшыл шығармашылықтың өркенін өсіріп отыр.  Мәселен, қырғыз мемлекеті президенті қызметінен үміткерлердің қырғыз тілінен сынақ тапсырып жатқаны тікелей эфирде онлайн режимінде таратылғаны өз елінде де, көрші елдерде де  ілтипатпен қабыл алынды. Рас,  оқиға мен резонанстың табиғаты бірдей емес, резонанс еш уақытта оқиғаның дәл өзіндей бұлықсып шықпайды. Ол түпнұсқадан кем болуы мүмкін, кейде одан асып түсуі кәдік. Және белгілі бір оқиғаның әсері әр елге, әр нәсілге бірдей дей алмаймыз. Резонанс – жаратылыстың, шындықтың жаңғырығы ғана. Қазақ халқының ауызекі философиясы осы физикалық, информациялық құбылыс хақында: «Ат аунаған жерде түк қалады, түйе аунаған жерде жүк қалады», «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең кәпір дінінен шығады», – деп әлеқашан түйін түйіп кеткен. Бұл тұжырымның мән-маңызында, таралу кеңістігінде, біздіңше, әмбебаптық сипат бар.

Мысалы, 2011 жылдың 9 тамызында  Иран Ислам Республикасының президенті Махмуд Ахмадинежадтың Euronews тілшісі Джон Дэвиске берген эксклюзив сұхбатын аталмыш арна сағат сайын қайталап беріп отырды. Неге? Өйткені парсы жұртының басшысы Батыс экспансиясы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орнаған әлемдік тәртіп жүйесі туралы тек өзіне ғана жарасар ойларын ортаға салды. Қызықты да тартымды жауаптасуға әлем назары ауды. Дәл сондай сыр аштырар сауалдарды  біздің тілшілер де кез келген қайраткерге қоя алатынына менің еш шүбәм жоқ. Бұл жердегі мәселе көңілдегі көрікті ойды жүзеге асыра алу шеберлігі мен асырта алу тетігінде ғой.  Құдайға шүкір, біздің өзімізде де бөтеннің саясаты мен пікірін сканерлемейтін Джульетто Кьеза сияқты батыл да шебер шолушыларымыз, колумнистеріміз, спойлерлерлеріміз бар.

Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтудің нақты да пәрменді өнегесін,  өжет ойды іске асыра алудың азаматтық үлгісін  күні кеше өзіміз тәрбиелеген шәкірттеріміз Самал Мейрамқызы мен Назым Дәуітәліқызының «Тіл сақшысы» атты телебағдарламасы көрсетіп келеді. Сол бағдарламалар легінен кейін қазақ журналистикасының адамзат мәдениетімен, ұлт өркениетімен замандас екенігі туралы өз ойымды онан сайын бекемдей түстім. Менің түсінігіміде, журналистика кунсткамерада сақталатын экспонат емес, ол фэнтезиден де алшақ жатыр. Журналистика болашақ олигархтар мен банкирлерді  тәрбиелемейді, оның жолы басқа –  ол ең алдымен отансүйгіштерді, ұлттық идеяны қадірлеушілерді әлпештейді. Халқымыздың сымбаты бұзылмаған көсемсөзі, асыра бағалағандық емес, тәрбиелеушілерді тәрбиелейді.

Жаратылыстану, техникалық ғылымда ізделінетін шындық жалқы, қойылған сұраққа да жауап көбінесе біреу әрі нақты. Журналистика, көркем әдебиет пен өнерде шындық реңі сан түрлі, әлденешеу. Үшеуіндегі басты өлшем – талғам, ал техникалық салада – нақтылық пен дәлдік. Жоғарғы математиканың,  теориялық физиканың іргелі ұстанымдары өзгермейді. Есеп шығарудың классикалық амалдары да сол баяғы қалпында. Олар, қалай көтермелесеңіз де, ұлттық сана қалыптастырмайды. Журналистика – халық түсінігін өсіретін әрі деректі, әрі көркем шығармашылық. Оны цифрлық ғылымдардың үйреншікті схемасы мен стандартарына салып оқытуға болмайды.  Тағы да сол неміс философының беделіне жүгінсек,  біздің әлем туралы біліміміз өмір шындығын селқос бейнелеу емес, ол –   түйсіктің белсенді шығармашылық қызметі. Сондықтан  журналистика пәндерін университетте  оқытудың жаңа бағдарламасын, ұлттық программасын журналистика қисынгерлері мен практиктері келісе отырып жасауы керек.

Осы күні әліпті  таяқ деп тани алатындарға, ақ кірпіктен  басқа сәні жоқтарға тізгін ұстататын өткен ғасырдың 30-40 жылдары емес. Қазірдің өзінде борлатқа леп мөрлеуден басқаға сауаты жетпейтін міскіндердің  ұйымдаса, ұрандаса, қаптай шапқанына куә болып отырмыз. Ондайларға қай заманда да өз жүрісінен жаңылмайтын шыншыл журналистика не қайран ете алады, тек А.П. Чеховтың «Шағым кітабындағы» соңғы сөзінен асып жығылғаннан басқа [6, 91].

1. Құнанбаев А. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1961, 694 б. – 69 б.

2. Мамардашвили М.К. О философии // Вопросы философии, 1991, №5. – С. 3.

3. Вести, 5 октября 2011.  22.00.

4. Амандосов Т.С. Қазақ совет баспасөзінің жанрлары. – Алматы: Мектеп, 1968. 244 б.

5. Қожакеев Т.Қ. Таңдамалы шығармалар. ҮІІ т. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2007. 346 б.

6. Чехов А.П. Избранные произведения в трех томах. Том первый. – М.: Художественная литература, 1970, 608 с. –  С. 91.

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field