Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Қожаберген жырау туралы жаңа кітап

jurfak Сәуір 17, 2013 1
Қожаберген жырау туралы жаңа кітап

Қайролла Мұқанов, өлкетанушы

Қазақ елінің әр өңірінде әр кезеңде әр саладан озық көрсеткіштерге жеткен тұлғалар шыққан белгілі әулеттер болған. Мысалы, Ақтөбе облысынан шыққан әйгілі Жұбанов әулеті (ғалымдар, композиторлар) Павлодар облысынан шыққан атақты Сәтбаевтар әулеті. Бұл әулет туралы осы әулеттің мүшесінің бірі белгілі әдебиеттанушы ғалым Шәмшиәбану Қанышқызы Сәтбаева 1996 жылы «Сәулелі әулет» атты кітап шығарған болатын.

a7cc1d448243fddd9bc34bf23116ba8aМіне, осындай әулеттер біздің өңірімізде де баршылық. Мысалы, біз Социал Жұмабаев екеуміз 2003 жылы «Бір әулеттің тарихы» атты кітап шығардық. Онда ХIХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап 2002 жылға дейінгі аралықта өмір сүрген Барлыбаевтар әулетінің тарихы баяндалған еді. Бұл кітапта өз кезінде би, болыс, шешен, қоғам қайраткері болған Тәбей, Тәштит, Итемір, Күзембай, Әлти, Садуақастардан бастап, қазіргі заманда әр салада ірі қызметтер атқарып жүрген Аймағамбет, Баймағамбет, Есмағамбет, Нағашыбай… Барлыбаевтар туралы мол мәлімет берілген.

Бұған қоса өткен 2012 жылдың соңында Астананың «Фолиант» баспасынан «Өнерпаздар әулеті» атты кітап жарық көрді, кітапты құрастырып баспаға дайындаған белгілі өлкетанушы «Асыл мұра» орталығының мүшесі Социал Жұмабаев, жауапты редакторы – Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, шығарушы – Республикаға еңбегі сіңген заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау қайырымдылық қорының» төрағасы Бекет Тұрғараев.

Аталмыш кітапта халыққа белгілі Керей Көшебе батырдың сегізінші ұрпағы Таузар тарханнан бастап, осы әулеттің соңғы ұрпағының бірі белгілі фольклорист ғалым Қаратай Биғожинге дейінгі тұлғалар туралы жазылған.

Таузар Ораз батыр ұлы сонау Хақназар ханның тұсында Үш жүздің әскерлерін басқарып, ордабасы тархан деген жоғары дәрежелі әскери атаққа ие болған адам. «Өнерпаздар әулеті» деп осы Таузар тархан ұрпақтарынан шыққан есімдері иісі қазақтың көпшілігіне мәлім сардарлар мен батырлар, ақын-жыраулар, би-шешендер, мемлекет қайраткерлерін айтып отырмыз. Кітапта осы санқырлы өнер иелерінің өмірі мен шығармашылығы туралы тарихи деректер, зерттеу мақалалар топтастырылған. Кітаптың шытырман да қызықты оқиғаларға толы желісі оқырманға өткен дәуірдің тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат береді.

Таузар тарханның баласы Дәулен батыр (16 ғасырдың екінші жартысында – 17 ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген) Қызылжар өңірі мен Батыс Сібір хандығы қазақтарының Ордабасы болып, Сібір хандығын

орыс елінен қорғау соғысына қатысқан көрнекті тұлға. Бұл жөнінде Дәулен батырдың үшінші ұрпағы Дәстем сал Қарабасұлы былай депті:

Қазақтың ордабасысы

Дәулен батыр дер екен.

Керей-Уақ көсемі

Дәулен асқан ер екен.

Өз тұсында сол Дәулен

Мұсылманға бел екен.

Жармаққа қарсы соғыста

Ерлігі оның көп екен.

Дәулен батырдың ордабасылық орнын баласы Толыбай сыншы (1603-1680) басып, қазақ-қалмақ соғысында Қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен әскерін басқарады. 1644 жылы Салқам Жәңгірдің хандығы тұсында Толыбай ордабасының қолы мен сол кезде Самарқанды билеп тұрған Жалаңтөс батырдың әскері қалмақты ойсырата жеңген. Бұл соғыс тарихта «Ор соғысы» деп аталып қалды. Осы соғыста Толыбай сыншы жасатқан «Күлдірмамай» мылтығы тұнғыш рет пайдаланылыпты.

Толыбай батырға «Толыбай сыншы» деген қосымша ат тектен тек берілмеген. Ол өте зирек ат сыншысы болған және алыстан болжайтын көреген адам екен.

Толыбай сыншы балаларын Бұқар, Үргеніш, Самарқанд медреселерінде оқытқан. Олар араб, парсы, түрік, қазақ, татар тілдерін жақсы білген. Толыбай сыншының екі әйелінен 24 ұлы болыпты. Оның он жетісі батыр болыпты. Ол туралы Қожаберген жырау:

Қол бастап әкем Толыбай туын тіккен,

Есілдің күнгей бетін күздік еткен

Көлденең көк Есілдің жарқабағын

Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен.

Қызылжар содан бері аталыпты

Әкемнен ерлер сонда бата алыпты.

Ту ұстап, тұлпар мінген он жеті ағам,

Қол бастап жау қалмаққа аттаныпты – деп жазған.

Толыбай сыншының үлкен ұлы Майлы – Тәуке ханның бас биі, одан кейінгі балаларының бірі Қарабас тархан Тәуке ханның әскерге үйреткен ұстазы болыпты. Ал, Толыбай сыншының бәйбишесінен туған ұлдарының ең кенжесі Қожаберген батыр –жырау (1663-1763) – қазақтың кең байтақ жерін жаулардан қызғыштай қорғаған атақты батырларымыздың бірі. 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған ордабасы, «Елім-ай» жырының авторы, елші, мемлекет қайраткері, «Жеті жарғы» заңнамасын жазысқан қазақ тарихындағы ірі дара тұлға.

Қарабас тарханның жеті ұлы болған. Олардың ішінен тарихта аты қалғандары Асқап батыр мен Дәстем сал ақын. Асқап батыр (1673-1769) туралы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында айтылған. Ол әйгілі

«Ақтабан шұбырынды» кезінде қалмақтармен соғыста үлкен ерлік көрсеткен. Жаулардан қазақ жерін қорғап көп халықты қырғыннан аман алып қалған.

Дәстем сал Қарабасұлы (1677-1752) – суырып салма әнші-ақын, күйші, композитор, батыр болған. Ел ішінде оның тек Абылай ханға, Жабай, Баян, Бөгенбай, Тұрсынбай, Қабанбай, Малайсары, Олжабай, Еест батырларға, Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей жырауларға арналған баталарының үзінділері мен «Дәстемнама» атты тарихи жыры ғана сақталған.

Бұл жырда Орта ғасыр кезіндегі Орта Азия халықтары басынан кешірген сан тарихи уақпғалар шолу түрінде айтылып өтеді, түркі халықтары тағдыр-талайы, елдік қадір-қасиеті, мекен еткен жерлері көрсетіледі. Сонымен қатар, Сібірдегі түркі жұртын қан қақсатып, белсенді отарлау саясатын жүргізген Ермак қарақшының жауыздығы мен оның ит өлімін алғаш рет біршама айқын көрсетеді.

Жырдағы:

Орта жүз Керей Сейдек те

Ер еді асқан санаттан

Сүйреп әкеп Жармақты

Қабаған итке талатқан, –

деген шумақтағы Ермакты итке талатып өлтірген Сейдек батырдың Көшебенің Еламан атасынан тарайтынын, Еламан атасының кейбір ұрпақтары Жамбыл ауданында тұратының біреу білсе, біреу білмейді.

Дәстем сол өзі туралы осы жырында былай деп көрсетіпті:

Қазақтағы Орта жүз

Керейден шыққан серімін

Өлеңге де, соғысқа

Бірдей боп жүрген бөрімін.

Толыбай сыншы баласы

Қарабас ердің ұлымын

Халқын жаудан қорғаған

Жас сардардың бірімін.

Ұстаз болған өзіме

Қожаберген ағамыз.

Ақындық пен ерлікке

Баулыған сол данамыз.

Ағам аты ер Асқап,

Өз есімін Дәстем сал

Қызылжар деген өңірде

Мекенім менің Өзентал.

Қожаберген жыраудың төртінші баласы Есет батыр (1688 – 1772) – Самарқанд медресесін бітірген. Ол қазақ-қалмақ соғысында көш бастаған қолбасшы батыр болған. Есет батыр татар, башқұрт, қазақтардың біріккен қолын басқарады. Оның ерлігі жайлы Дәстем сал, Жанкісі, Тәтіқара, Үмбетей жыраулар, Жанақ, Көтеш ақындар жырлап өткен. Оның ерлігі мен адамгершілігін басқа халықтар да жақсы білген. Сібір татарлары билері мен бектерінің өтінішімен Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Сібір татарларына

Есет батырды шора (басшы) қылып жіберіпті. Сөйтіп, 1746-1772 жылдары аралығында ол татар аймағынын (қазіргі Түмен облысы Есет ауданының жері) шорасы (кіші ханы) болады.

Осы жолдардың авторы 2003 жылдың қаңтар айында облыстық «Қазақ тілі» қоғамының делегациясы құрамында Түмен облысының Ялуторовск қаласына достық сапармен барған еді. Онда біз сондағы қазақ, татар, орыс, украин, т.б. ұлттық-мәдени орталықтар жұмысымен таныстық. Сонда байқағанымыз сол аймақтағы бір өзен Есет (картада Исет) өзені, бір аудан Есет (Исет) ауданы деп аталады екен. Міне, бұл біздің жерлесіміздің есімі мәңгі тарихта жазылып қалғаны емес пе?!

Аталған әулет тұлғаларын әрі қарай жалғастырсақ, Асқап батырдан Көшек сардар (1695-1783), одан 12 бала туған. Олардың ішінен тарихта ізі қалғандары: Жаңкісі (1736-1817), Шақшақ (1740-1837), Сартай батыр (1750-1821).

Көшек батыр1723-1758 жылдар аралығындағы жат ел басқыншыларына қарсы азаттық соғысқа қатысып қол бастап ьатыр, сардар атағын алған. Ол жөнінде Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында:

Қиыншылық ылғи болмас әлі-ақ өтер,

Ерлерім жауды ұзатпай тентіретер.

Бөкенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек

Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер, – деп жырлаған.

Жанкісі жырау-ақын қалмақтармен соғыс кезінде өмір сүрген, көп қиыншылық көрген. Жоңғар мен Еділ бойы қалмақтарымен азаттық соғысқа белсене қатысқан. Жауынгер ақын. Ол өзі туралы былай деп жазыпты:

Мен Таузарда Жаңкісі,

Жырыма құмар әр кісі.

Ұран сап атқа мінгенде

Соңыма ерер бар кісі.

Үш жүзге атым әйгілі

Керей Жанкісі батыр ем

Қожаберген бабамның

Жолын құған ақын ем…

Жанкісінің «Абылай хан», «Тұрсынбай батыр», «Ер Сырым», «Азат батыр», «Бақсары батыр» атты жырлары ел арасында көп сақталған.

Жанкісінің Салғара, Зілғара, Шопан, Орхан, Бұрхан атты бес ұлы болған. Бесеуі де найзагер, мерген, балуан болғандықтан ел оларды «Жанкісінің бес қасқасы» деп атаған. Бұлардың ішінен Жанкісінің үлкен ұлы Салғара жұртқа белгілі ақын, композитор болған. Оның «Жиырма бес», «Тоқсан бес» атты әндері қазақ еліне кеңінен тараған. Өзгелері де өнерлі болған. Зілғара мен Шопан ақын болмаған, бірақ тамаша әнші, домбырашы болып, серілік құрған.

Осы әулеттің көрнекті тұлғаларының бірі Шақшақ батыр Көшекұлы (1740 – 1832) 1819 жылға дейін Қызылжар уәлаятының шорасы болған. Қызылжарда мешіті мен медресесі болған. Ол атақты Марал ишанның

азаттық қозғалысын қолдаған. Шақшақ батыр ел ішінде өте абыройлы, сыйлы кісі болған. Оның он төрт ұлы бір қызы болған.

Бұл жинақта Нәуіпұлы Қозыбай шешен, Дауылұлы Қожамжар шешен, Көшекұлы Сартай батыр, Шақшақұлы Баһрам мен одан тараған ұрпақтар жөнінен қысқаша айтып өтейік. Баһрам Шақшақұлы әйгілі әнші-ақын, күйші, композитор, ел қорғаған батыр, балуан болған екен. Самарқанд медресесін бітірген. 1798 жылдан бастап жер-су үшін отаршылармен соғысқа қатысып, 1821 жылдың аяғына дейін Марал ишанды қолдап азаттық күреске қатысады. 1821-1826 жылдары Омбыда медреседе ұстаз болып бала оқытады. Сол Омбыда ауырып қайтыс болады. Баһрам ақын кезінде «Қайғылы белдеу», «Дәулен батыр», «Таузар сардар», «Қара батыр», т.б. дастандар шығарған. Баһрамда жеті бала болған: Көрпеш, Нәупіл, Сүйір, Сүйін, Сейіткерей, Мұхаммедханафия (Сегіз сері), Қуаныш.

Көрпеш (1798-1851) – көптген діни қиссалар шығарған суырып салма әнші-ақын, ғұлама діндар әрі жауынгер. Қызылжарда мешіт салдырып, медресе ашып, бала оқытқан ұстаз. Оның балалары Сейітжан сал мен Құшан сері әнші, домбырашы болып серілік құрған.

Нәупіл батырдан атақты Қозыбай шешен туған. Сүйін батырдан – Әмірхан ақын (1836-1901) туған. Ол Біржан салдың бас шәкірті болыпты. Қуаныш батырдан кәдуілгі Нұржан Наушабаевпен жұмбақ айтысқа түскен Сапарғали акын (1855-1914) туған.

Сегіз сері туралы бірнеше кітаптар шыққандықтан оған тоқтамай, оның ұрпақтарына азырақ көңіл бөлейік.

Сегіз серіде 7 ұл бір қыз болғаны белгілі. Олардың ішінен екі ұлы туралы қысқаша айтсақ:

Мұстафа ақын Сегізсеріұлы (1840-1899) – әрі батыр болған. Ол 15 жыл бойы Кенесарыұлы Сыздық сұлтанның қасында серігі болып ұлт-азаттық күреске қатысқан. Тек 1877 жылы Сыздық орыс өкіметіне өз еркімен берілген соң ғана Мұстафа туған жері Гүлтөбе-Маманайға қайтып келеді. 1877-1899 жж. сол жерде бейбіт өмір сүреді. Ол өзінің бірінші әйелі Наурызбай сұлтанның қызы Менсұлуға арнап «Меңсұлу», «Кербесті», екінші әйелі Қамажайға арнап «Қамажай» әнін шығарған. Ол «Қаһарман», «Шәкір-Шәкірат», т.б. дастандар да шығарған. Мұстафаның 4 әйелінен 28 баласы болған, бірақ олардың көбі жастай өліп, тек соңғы әйелі Шөңкейден туған Бегеннен ғана ұрпақ бар. Беген 1899 жылы туған, 1943 ж. Соғыста қаза тапқан. Бегеннен туған Амантай (1938 ж.т.) мен Сабира қазір Жамбыл ауданындағы Троицк селосында тұрады. Олардың да ұрпақтары бар.

Мұсайын ақын Сегіз серіұлы (1843-1920) – әйгілі суырып салма әнші-ақын, күйші, композитор, балуан, батыр. 1858 ж. Қызылжарда медресе бітіреді. 1866 жылға дейін Біржан сал тобында болады. Бұл туралы ол былай деп жазған:

Әкем – Сегіз, Мұсайын менің атым,

Біржанға шәкірт болып шыққан даңқым.

Мұсайын ақын «Наурызбай-Ханшайым», «Айсара-Шорман», «Жаяу Мұса- Гүлхашима», «Жаяу Мұса – Сұрша қыз», «Балта Керей Тұрсынбай

батыр», «Жанайдар батыр», «Ер Ағыбай», т.б. тарихи әрі ғашықтық жырлар шығарған.

Мұсайыннан – Ақжүніс (1871-1957) атты қыз, Шаймұхаммед (1875-1894), Нұрмұхаммед (1877-1961) – (Тырқай лақап аты) атты ұлдар туған. Нұрмұхамедтен Рабиға атты қыз (1898-1972), Биғожа ( ), Нұрғожа (1900-1975) атты ұлдар туған. Биғожадан – Қаратай, Нұрғожадан – Шайхуали, Қаби, Гүлдәрай. Шайхуали мен Қабидан ұрпақ бар.

Сөз соңында осы кітапқа осынша деректер мен мәліметтер қайдан қалай келгені туралы айтпақпын. Қазір баршаға белгілі аталмыш әулеттің шежіресі сонау 17 ғасырда Дәулен батырдан басталған. Бұл шежіре ұрпақтан ұрпаққа тарала келе Сегіз серіге жетеді. Сегіз сері бұл шежірені ескі араб әрпінен жаңа әріпке түсіреді және өз кезеңіндегі жайлармен толықтырады.

Кейін бұл шежіре Нұрмұхамедке одан Сегіз серінің төртінші ұрпағы жас Қаратайдың қолына тиеді. Ол Қарағанды пединститутының тарих факультетін бітіріп, алдымен қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сартомар орта мектебінде тарихтан сабақ береді. Кейін ол Республика ғылыми-зерттеу институтының «Қазақ батырлары» бөліміне қызметке алынады. 1970 жылдардан бастап қазақ халқының өткен тарихын, ел тарихына үлес қосып, елдің ел болуына әсерін тигізген көрнекті тұлғалар мен батырлардың, ақын-жыраулардың өмірін зерттей бастайды. Көпке дейін ол өзінің жинаған деректерін жарыққа шығара алмайды. Тек 1990 жылдардан кейін ғана кейбір еңбектерін баспасөзде шығара бастайды. Қаратай жинаған бірқатар материалды және әулет шежіресін пайдаланып көптеген ғалымдар мен жазушылар, журналистер өз аттарынан кітаптар шығарып мақалалар жазды. Қаратай марқұм соның өзіне қуанатын.

Қаратай Биғожиннің өзінің жеке мұрағатында әлі де пайдаланылмаған деректер көп болатын. Оның біразын ол дүниеден өтерден бұрын әріптес жолдасы Социал Жұмабаевқа тапсырды. Қаратай қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған жазбаларын да қарындасы Гүлләрай Социалға тапсырды. Өлкетаушы Социал Жұмабаев соларды сұрыптап, кей жерін түзеп, толықтырып осы аталмыш кітапты құрастырып жарыққа шығарды. «Қаратай өмірден өткеннен бері – дейді С. Жұмабаев кітаптың соңында, – мен өзімді дүниеден өткен Қаратай Қожаберген жырау, Сегіз сері бабалары шығармаларын қорғауды, насихаттауды және ұлықтауды маған аманат етіп кткендей сезінемін… Сондықтан осындай істерге жегіліп жүргенімді Қаратай рухының алдындағы достық парызым деп білемін. өйткені бұл істер Қаратайдың арманы болатын».

Қалың оқырманға әсіресе жастарға айтарым – бұл танымдығы мол, ғибратты кітап, мұны оқып өңіріміздің өнерпаз тұлғаларынан өнеге алыңыздар.

Пайдаланылған әдебиет:

1. «Өнерпаздар әулеті». – Астана: «Фолиант» баспасы, 2012.

2. Муканов К. Кожаберген жырау (1663-1763). В сб.ст.: Дауылпаз баба Қожаберген-жырау (шығармалар жинағы мен зерттеулер). Алматы, Мектеп, 2011. – 464 б.

3. Мұқанов Қайролла. Танымдығы мол тарихи кітап // «Қазақ».Жалпыұлттық газет. – 2013. – 2-8 ақпан. – № 5-6 (623-624).

Бір пікір »

  1. mariam apai Сәуір 22, 2013 at 10:25 тд - Жауап

    Өте көлемді анық тілмен жазылған екен. Дала мәдениетінің тарихы бай, соны зерттей отырып, Қожаберген жыраудың творчествосы арқылы әдемі көрсете білген. Жас буынға берері мол дүниелер жазылған екен.

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field