Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Ұлттық университеттің ұлағатты ұстазы

jurfak Наурыз 25, 2013 6
Ұлттық университеттің  ұлағатты ұстазы

Өмірхан Әбдиманұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 журналистика факультетінің деканы, 

филология ғылымдарының докторы, профессор

1983 жылдың күзінде мен ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқытушы болып жұмысқа кірістім. Міне сол тұстан бастап сырттай атына қанық, Темірбек Қожакеевпен бірге қызмет істей бастадық. Темекеңді қарапайым адам ретінде, басшы ретінде, ұстаз-ғалым ретінде осынау жылдары жете танып, мінез-құлқын, қадір-қасиетін бір кісідей біле алдым десем, артық айтқандық емес. Темірбек қожакеев кім деген сұрақққа мен былайша жауап берген болар едім. Ол –ұлық Ұстаз, ғұлама Ғалым, әділдікке тақ тұратын Көшбасшы.

Алдымен Ұстаздығы жайлы көргендерім мен көкейге түйгендерімді, өзіндік байқауларымды ортаға салайын. Мен бұл кісіден шәкірт болып дәріс тыңдағын жан емеспін. Ал, әріптес болып қызмет істей бастаған тұста әдістемесінен үлгі алмақ үшін бірнеше сабағына қатысуға тура келді.

Менің ұғымымда жақсы ұстаз – ең алдымен, жақсы “лектор” деген бағамен астасып тұрады. Ол бәрінен бұрын өз пәнінің керемет білгірі болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Темекеңнің дәрісі несімен ерекшеленеді? Дәріс оқудағы шеберлік сыры неде? Біз шамамыз жеткенше, осының сырына бойлап, мәйегін тапсақ деген мақсат ұстанып отырмыз.

Дәрісхана – білімнің қасиетті құтханасы. Онда әрбір ұстаздан өзінің балаң ойын жетілдірер, жанына рухани азық берер деп үміт күткен келешек отыр. Сондықтан оған қалай болса солай, ойыңа не келсе соны айту үшін емес, үкілеген үмітті ақтау үшін кірген жөн. Аудиторияға кіргеніңнен шыққаныңа дейінгі әр қимылыңнан, әр ісіңнен өнеге, үлгі шашылып, әр сөзіңнен шәкірт санасына шапағатты нұр құйылуы керек. Әйтпесе, дәрісханаға жолаудың қажеті шамалы. Темкең – осыны терең түсінген, жете ұғынған жан.

Меніңше, ұстаз деген ұлы ұғымға сай болуы үшін, осы жолды мұрат тұтушының бойында бірін-бірі толықтырар үш қасиет тоғысуы шарт. Біріншісі – білім, екіншісі – білік, үшіншісі кісілік. Міне, осы үшеуі бар жерде ұстаз бар, жоқ жерде жоқ. Темекең бойында осы үш қасиет біте қайнасып, бөлінбес бүтіндік құрайтын. Бірге жүріп, қатар еңбек еткен жылдарда біз бұған әбден көз жеткізгенбіз.

“Ұстаз деген өз уақытын аямау, өзгенің жанын аялау” деген қанатты сөз – Темірбек ұстаздың жанымен рухани үндестік тапқан ұғым. Ол кісі шәкірттерге сабақ өткізген сәттерде өзгеше бір рахат күй кешетін. Жүзі нұрланып, көзі оттай жайнап, жаны жадырап, шабытты шаққа еніп, дүниені ұмытып кететін. Дәріс оқыған уақытта ол кісі өзгеше әлемде жүруші еді. Ондай бақытты сәт кез келгенге бұйыра бермейді.

Ұстаз дәріс сағатын асыға күтетін. Балапандарына асыққан ата қыранша қашанда шәкірттеріне дәл уақытында асыға жетіп, олар отырған дәрісхана есігін айқара ашып, аңқылдай еніп, әзілдей кіретін. Ұстазбен бірге дәрісхананы жылылық жайлап, мейірім төгілетін. Дәптерін дайындап, қаламұшын қолға алған шәкірт кең маңдайы жарқыраған ұстазының нұрлы жүзіне үміттене көз тігетін. Ұстаз да шәкірттердің жәудірей қараған көздерінен өзіне ғана белгілі сыр ұғып, ағыла жөнелетін. Шешіле сөйлеп, тебірене ой толғаған ұстаздың әр сөзін қағып алып, көңіл түкпіріне қондырмақ болған студенттің бұл сәтте басқа мәселеге көңіл бөлуі мүмкін емес-ті…

Ұстаз ағыл-тегіл төгіліп тұр. Таптаурын болған, кітаптан-кітапқа көшіп жүрген жауыр тіркес, жадағай тұжырымдар емес, иі қанған, июі келген қисындар, өзгелердің ойына келмес өзіндік түйіндер. Сұрыптаудан өткен, талғап алған, таңдап әкелген талғамға өзек, ойға дөп мысалдар. Міне, студенттің санасын байытып, көкейіне қонып, жүрегіне ұялап, жанына дәру болып құйылып жатқан білім нәрі дәрістегі осындай қасиеттерден  қанып шығар еді.

Темекеңнің әрбір сабағы қызықты өтетін. Ал, бұл – білікті ұстаз белгісі. Тереңнен тепсініп шығар бұрқылдаған қайнардай қуатты ой туғызып, оны тыңдарманға төкпей-шашпай жеткізу оңай шаруа емес. Қызыл тілден сөз сауғанның бәрі лектор емес. Сөз бар да, оны тыңдарманға жеткізу бар. Әрбір қажетті пікір, назар аударар ой дәл жетіп, санаға ұялау үшін оған оңтайлы қимыл-қозғалыс, мың сан ишара-ым қажет-ақ. Шынын айтсақ, ұстаз-лектор – өзінше бір театр. Мұны мойындаған жөн.

Темекеңнің сонау кездегі лекция оқу сәтіндегі қимыл-қозғалысы әлі көз алдымда. Дәріс сағатында ұстаздың сол қолында қажет кезінде көз жүгіртіп отырар қағазы, оң қолында керегінде құлағына іліп, керек емесінде қолында айналдырып жүретін көзәйнегі болушы еді. Сол көзәйнек маған бейнебір дирижердің сиқырлы таяқшасы іспетті көрінетін. Бір құлағынан айналдыра жүріп, кенет ұстаз көзәйнекті алға тік ұстап, тоқтай қалғанда, дәрісхана сілтідей тынатын. Мәнді де мағыналы, керекті де қажетті сөз дәл осы сәтте айтылатын. Көзәйнектің бір құлағының ұшын ұстаз ерніне жақындатып, тістегендей болған сәтте іштен толқыған күрделі ой лықсып шығып, пәрменді пікір ортаға тасталар еді. Темекең дәрісті бір орнында тұрмай, теңселе жүріп, тебірене оқитын. Сергек қимылы шәкірт зейінін серпілтіп, зердесін ояу ұстайтын. Оның әрбір сөзі кеудеңе қонақтап, терең ойдың иіріміне тартып, ұйытып-ақ тастайтын.

Дәріс қызған бір тұста Темекең кейде тоқтай қалып, басын сол жағына қарай сәл қисайтып алып, өтіп жатқан тақырыпқа қатысты өте бір қызықты әңгіме, немесе тапқыр әзіл-қалжың айтып, аудиторияны дүр еткізетін. Өзі мұны “ұйқы ашар” деуші еді. Қанша дегенмен екі сағат езіліп отыру оңай емес. Әсіресе, жаныңды маужыратар жаз айларында өте қиын. Оның үстіне студент деген қауымның ойын-сауығы таусылған ба?! Әлгі “ұйқы ашар” осындайда әбден-ақ қажет.

Темекең өзіне тән табиғи сезімталдықпен әр студент мінез-құлқындағы “ерекше қасиетті” дәл танып, дөп басатын. Сабақ арасында әлгі “қасиетті” әзілге айналдырып, кейде мысал ретінде ұсынып, жұртты қыран-топан күлкіге батыратын. Шәкірттерді қиюын тапқан қисынды әзілмен бір дүрліктіріп алып, тақырыптың жаңа бір қиырына тартып кететін. Тағы да сан рет екшеліп, електен өткен толымды ой өз тереңіне тарта жөнелетін. Міне, Темекеңнің дәріс оқуы осындай шеберліктер жиынтығынан тұратын. Темағаң – сабақ өткізудің өзіндік мектебін қалыптастырған ұстаз. Студенттер мүмкіндігінше ұстаз сабағын жібермеуге тырысатын. Қорыққандықтан емес, қызыққандықтан!

Әрине, ұстаздық тек дәрісханадағы сабақпен шектеліп қалмайды. Ұстаз – шәкірт болашағының бағдаршамы. Шәкірт кеудесіндегі үміт отты жаға білген оқытушы ғана нағыз ұстаз. Темекең шәкірт бойындағы жылт еткен көмескі ұшқынды көре білетін тәлімгер-тін. Ол шәкіртті аялай да, жазалай да, бағалай да білетін. Ұқыптыны ұнатып, зеректіні әлпештейтін. Қыңыр мінездіге қырсығып қалып, кер жалқауды жаны жаратпайтын. Несін жасырайық, көп ұстаздың лекциясын оқып, сабағын беріп, одан өзге іске мойын бұрмайтыны рас. Темекең ондайлар санатынан емес. Шәкірт баулу ісінің қандайынан болмасын тыс қалмайтын. Бәріне қатты көңіл бөлетін. Талабы да қатаң еді. Курс жұмыстарының өзінде әрбір студентпен жеке-жеке жұмыс істеп, кемшілігін көрсетіп, жетістігін бағалап отыратын. Оның ғылыми сипатына аса ыждағаттылықпен қарайтын. Студенттік жұмыстың тіліне, стиліне, сөз саптауына жете мән беретін.

Өзінен журналистік шеберлік шыңдайтын студенттердің жұмыстарын түгел оқып, талдаудан жалықпайтын. Өзіне деген ұстаз пейлі мен ықыласын сезінген студент өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын. Ондайда ұстаз ризашылығына бөленгендердің мерейі өсіп, ескерту алғандар намысын қамшылап, жігерін жани түсетін. Темекең ұстаздық міндетіне адал азамат еді.

Иә, Темекең өз саласының білгірі, өз ісінің маманы болатын. Ұстаз қашанда әділет туын жоғары ұстауға тырысатын. Сондықтан да адамдықтың ақ туы алдында ол кісінің ары таза. Темірбек Қожакеев – шәкірт жанының тамыршысындай, шын мәніндегі ұлық ұстаз деген ұғымға сай тұлға.

Темекеңнің ғұлама ғалымдығының куәсі – оның том-том зерттеу еңбектері мен оқу құралдары, оқулықтары. Шын ғалымның шынайы ізденімпаз екендігі әдебиет пен журналистикадағы тың тақырыпқа түрен салып, өзі тапқан сүрлеуін даңғылға айналдыруында. Ғылымдағы Темекең “бақшасының жемісі” талай ұрпаққа нәр болары анық. Ол – терең ізденіспен келген маңдай тер мен адал еңбектің жемісі. Сондықтан оның ғұмыры ұзақ.

Ғалым қаламынан туған “Қазақ сатирасы”, “Сатира және дәуір”, “Адам. Қоғам. Сатира”, “Сатиралық жанр”, “Сатира – күштілер қаруы”, “Сатира негіздері” т.б. салиқалы еңбектері қазақ әдебиеті мен журналистикасында бұрын ешкім кеңінен сөз қыла қоймаған тақырыптарды алғашқы болып игеріп, рухани мұрамызда өзіндік орны бар сатираны әдебиеттану ғылымының игілігіне жаратып, ғылыми айналымға енгізуімен құнды.

Темекең ізденісінің ерекшелігі – тақырыпты тек бетінен қалқымай, тұңғиықтан тартып, қопара жазатындықтан зерттеудегі қисындық, қағидалық тұғырнамасының тамыры тереңде болып келуі. Сондықтан да ғұлама ғалым еңбектері сатирадай сан сырлы құбылыстың  құпиялы қырын ашып, жанрларының жігін ажыратып,  оның рухани өміріміздегі орнын айқындап беруімен қымбат. Талғамы биік, танымы терең Темекеңдей зерттеушінің бұл еңбектері болашақта әдебиеттанудың сатираға қарасты қырын қарастырамын дейтін талай жас талаптың ғылым жолындағы адастырмас темірқазығына айналары хақ “Ғалымның хаты өлмейді” деген қанатты сөздің мәні осында жатса керек-ті.

 Темірбек Қожакеевтегі азаматтың асылдығының бір белгісі – жас жетті, қайрат қайтты деп отырып алмай, пайғамбар жасынан асқан соң шабытты үдете түсіп, әдебиет тарихы мен журналистика тарихын “ақтаңдақтардан” аршып, ұлттық санадағы дертке дауа іздегені дер едік. Оның соңғы жазған “Жыл құстары”, “Көк сеңгірлер”, “Сара сөздің сардарлары” т.б. еңбектерінің маңызы ұлтымыздың ар-ожданына айналған арыстарымызды жұртымен қайта қауыштырып, олардың шығармашылығындағы ұлтжандылық рухын ашуында. Ғалым алаш қайраткерлерінің көрінгеннің көзіне түсе бермейтін публицистикалық мақалаларын архив қойнауларынан, қолжазбалар қорынан тірнектеп жиып, шаншыла оқып, көз майын тауыса жүріп жарыққа шығарды. Бар ғұмырын ұлтының кешегісі мен бүгінгісін, бары мен жоғын түгендеуге арнаған аяулы ұстаз-ғалым ұрпақ алдындағы борышын өтегендей. Елім, жұртым деп жүріп, жазықсыз жапа шеккен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Н.Төреқұлов, Б.Сүлеев, Ә.Бірімжанов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов т.б. алаш ардақтыларының әруағы Темірбек Қожакеевке риза. Темекең ұлылардың “ұрпаққа хатын” сараптап-талғап, байыптап-бағалап, түсініп-талдап, бүтіндеп-түгендеп, төкпей-шашпай болашаққа аманаттады. Ғалымға бұдан артық бақыт бар ма, бақ бар ма?! Бұл тұрғыдан келгенде, Темекең ғасырлық ғылымдағы қос буынның арасын жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Ғылымға деген адалдығына қылау түсірмей өткен ғұлама, өзі пір тұтқан ағаларымен пейіш төрінде табысып жатқан-ақ шығар. Ләйім солай болғай!

Мен Темағаңды шын мәніндегі бақытты жан деп білемін. Артында басқан ізін қасиет тұтар ұрпағы бар. Күш-қайратын сарп етіп жазған том-том еңбектерінің сан мың шәкірттер жанына сан ғасыр шырақ жағары сөзсіз. Халқына мәңгілік мұра қалдырған адамда арман болушы ма еді?! Иә, Темірбек Қожакеұлының есімі болашаққа бет алған ұрпақ көшінің алдында ұран болып жүрерінде күмән жоқ.

Сурет: writers.kz

6 Пікір »

  1. Нұрбол Сәуір 17, 2013 at 3:12 тк - Жауап

    Темкең туралы мақала өте жақсы жазылған екен.

  2. Тамара Сәуір 17, 2013 at 3:19 тк - Жауап

    Ұлағатты ұстазымыз, белгілі ғалым Темірбек Қожакеев туралы Өмірхан ағай өте орынды да , жақсы жазыпсыз. Осындай мақалалар жас журналистер үшін өте маңызды.

  3. Ақбота Сәуір 17, 2013 at 3:24 тк - Жауап

    Шіркін, мұндағы студенттердің суреттерін көріп қатты қызығып кеттім, меніңде журналистика факультетінде оқығым келіп кетті.

  4. Гүлмира Мералина Сәуір 18, 2013 at 4:42 тд - Жауап

    Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында осы қарашаңырақ білім ордасында менде тәлім алған студенттердің бірі едім.Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ жазу сызу болып, арасында әзіл сықақты жазып қоятыным бар еді. Өзіңіз басшылық етіп отырған студент болып келгенімде алғаш рет сатира жанрына ден қоя бастағанымда ұстазымыз Темірбек Қожакеев ағайымыз менің жазғандарыма үлкен мән берген еді. Ұстазымыз сатира жанрында жазатын қыз баланың аз екенін тілге тиек етіп, өз кафедрасына алған еді.Ұстазым әрбір шәкіртінің талантын тани білетін ғұлама еді.Студенттерінен талап ете отырып, журналист мамандығын жақсы игеруге бар күш жігерін аямайтын. Біз ұстазымыз сатира жанрының атасы деуші едік.Ол кісінің мектебінен өткен әрбір шәкірт өмірде өз орнын таба білген еліміздің белді журналистері.Өмірхан ағай осындай асыл ұстазымыз туралы естелігіңізді оқи отырып сізге рахмет айтқым келеді. Естелігіңіз өте жақсы жазылған екен.

  5. Мамытбек Мамыр 20, 2013 at 6:28 тк - Жауап

    Ұстазымыз Темірдей Темкеңнің мектебінен өткенбіз ғой Өмеке, сіз сияқты. Өте орынды керемет жазыпсыз.Бүгінгі тәрбиеленіп жатқан журналистер үшін өте қажет мақала.

  6. Нұрмұханбет ДИЯРОВ Қараша 15, 2013 at 7:07 тк - Жауап

    Өмірхан, мен сізді студент кезіңізден білемін. Темірбек ағамызды құрметтеп сөз айтқаныңызға алғыс. Бірақ ол кісіден кейін сондай болу қиын-ау, бірақ, біздің журналистика факультетінің беделін төмен түсірмеңіздер!

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field