Өскелең ұрпақтың әдебиетіміз мен мәдениетіміздің, өнер-ғылымымыздың үздік туындыларымен сусындауын көздей отырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «таңдаулы 100 кітап» бағдарламасы аясында жастардың көркемдік танымын қалыптастырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуді діттейтін маңызды шаралар өткізіп келеді. Осындай маңызды рухани басқосулардың бірі оқу ордасының әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханасында өткен, Қазақтың тұңғыш романының авторы, аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатовтың туғанына 130 жыл толуына арналған «Оян, қазақ!» тақырыбындағы алқалы жиын болды.
Университеттің барлық факультеттерінің студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамы жиылған салиқалы басқосуға мәжіліске Міржақып Дулатов ұрпақтары, міржақыптанушы ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм, фото және кітап көрмелері ұйымдастырылып, Міржақып өлеңдері оқылды, көрермендер театрландырылған көріністі тамашалады. Жиында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, журналистика факультетінің деканы, ғалым-қаламгер Сағатбек Медеубек, «Мектеп» баспасының бас директоры, Міржақып ұрпағы, белгілі аудармашы Ерлан Сатыбалдиев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы, белгілі көсемсөзші Жұмабек Кенжалин, міржақыптанушылар Сәбира Иманбаева, Жұмат Әнесұлы сөз сөйлеп, ақын шығармашылығы жөнінде әңгімеледі.
Қоңыр Мұқатайқызы,
Нұрлыайым Тұрсынбайқызы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары