Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Студенттік Баспасөз орталығы – тың идеяларға толы ақпарат алаңы

Шарипа Нуржанова Ақпан 15, 2015 0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының жанынан құрылған Студенттік баспасөз орталығы өз жұмысын бастады. Алғашқы басқосуда құттықтау сөз сөйлеген журналистика факультетінің деканы Медеубекұлы Сағатбек Орталықтың ҚазҰУ студенттері мен БАҚ өкілдерінің арасындағы алтын көпір болатындығына сенім білдірді. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі филол.ғ.д., профессор Шыңғысова Назгүл Студенттік баспасөз орталығының мақсаты мен міндеттерін түсіндіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Баспасөз орталығында апта сайын белгілі қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен, БАҚ өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, кәсіби практик мамандардың шеберлік сыныптары өткізілетіндігін атап өтті.
Студенттік баспасөз орталығының алғашқы отырысына қатысқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметінің өкілі Қуанышева Ақмарал жарияланымдары көп, ең белсенді студентке жылдың соңында ректорат тарапынан ынталандыру шаралары болатындығын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғары Студенттік Кеңесінің төрайымы Дадинова Алима университет имиджін нығайту мақсатында жарияланған студенттердің мақалаларына шолу жасап, орталықтың маңыздылығына тоқталды. «Орталықтың «Al-Farabi university – smart city» ғылыми-инновациялық жобасы аясында университет және жалпы қалашық өмірі туралы ақпарат таратуы университетімізге талапкерлердің көптеп келуіне де ықпал етеді», – деп қорытындылады ол өз сөзін.
Университет бойынша жазуға бейімі бар дарынды студенттер қауымын бір ортаға шоғырландыруды мақсат еткен Студенттік Баспасөз қызметінің басты қызметі – ақпарат жинап, өңдеп, тарату, университеттің имиджін жылжыту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар дайындап, жариялау. Қазақ ұлттық университетінде болып жатқан жаңалықтар мен студенттік өмірдің қызықты тұстарынан хабар беру. Орталықта журналистика факультетінің студенттерімен қоса өзге факультеттердің қаламы қарымды студенттері өз білімін жетілдіріп, шығармашылығын шыңдай алады. Студенттер дайындаған телесюжеттер мен радиохабарлар ҚазҰУ теле-радио кешені арқылы оқу орнындағы ғимараттар мен жатақханаларға таратылса, жазылған мақалалар «Қазақ университеті» газетінде, сондай-ақ, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сонымен қатар, алдағы уақытта университетімізден тыс өзге де жоғары оқу орындарымен, мектептермен, қалалық газет-журналдар, телеарна және радиолармен тығыз байланыста жұмыс істеу жоспарлануда.
Алғашқы мәжілісте Студенттік баспасөз клубының студенттер арасынан жетекшілері тағайындалды, олар: факультеттің 1 курс магистранты Торғын Әбушахман және 3 курс студенті Алмас Маратұлы. Өз кезегінде Т. Әбушахман қатысушыларды орталықтың мақсат-міндеттерімен, жоспарларымен және жұмыс жасау механизмдерімен тереңірек таныстырса, А. Маратұлы орталыққа оператор, монтаж жасаушы, фотограф, дизайнер студенттердің қажет екендігін айтты.
Баспасөз клубының логотипін жасауға жүлделі байқау жарияланды. 25 ақпан күні клубтың кезекті ресми отырысы өтеді.

 
Мақұлбекова Сәуле
Журналистика факультетінің 4 курс студенті

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field