Қыз деген – қызғалдақ
«Сәлеметсіздер ме жолдастар!
Гүл бақшасында болып па едіңіз? Гүл ашылған ғажайып сәтті көріп па едіңіз? Бақшаның жер нәрі, күн нұрына қанып, толысқан ақ, қызыл, қызғылт, сарыкөк гүлдері біртіндеп, бірімен-бірі жарыса ашыла бастағанда жаныңызды ләззат кернеп, өз-өзіңізден өзгеше бір рахатқа кенелмейтін ба едіңіз? Міне, қыздардың менің сәлемімді алып, еріндерін сәнмен қозғаған осы бір сәті менің көз алдыма гүл бағын елестетті. Иран бақ осы болар дегендей, жазық маңдай, қыр мұрын, аққұба, аққу мойын, аршын төс, қара торы қиғаш қас, ақ сары қыздар әлі маған жаудырап қарап отыр». Бұл «Махаббат қызық мол жылдардағы» Ерболдың 33 аудиториядан көрген ғажабы. Сырт көзге баршасы жайқалған жауқазындай болғанмен, олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар еді. Сонда бір қыз баланың өзін көзбен көрсең бір қыры шығады дағы, көкірек көзімен іс барысында адамгершілік қарым-қатынаста екінші қыры шығады. Сол екінші қыры арқылы қыз баланың қылығы, бойжеткенге дейінгі алған тәрбиесі қайтсе де көрінбей қалмайды.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,- бұл көшпелі қазақ қоғамындағы Абай салып кеткен қыз бейнесі. Үстінде қос етек көйлегі, басында моншақпен, асыл таспен көмкерілген құндыз бөркі, белі қыналап тігілген барқыт камзолы, аяғына ұсталардың шебер қолынан шыққан өкшелі етігі бар қазақтың «піскен алма секілді тәтті қызы» қашанда төрден орын алған. Қыз-келіншектерге өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі деп қараған. Қыздардың есімдерін жарық жұлдыздарға, ай мен күнге балап: Айман, Шолпан, Зере, Ажар, Қыз Жібек, Күнікей, Толғанай, Ақтоты, Қарашаш, Алтынай, Айғаным, Ақжүніс, Назым, Айторы деп қойған. Ел екінші жерге көшкенде оларға айқасқа ат міңгізіп, жібек баулы көшті бастатқан. Қалың көш алыстағы мұнартқан тауларға қарай жылжып бара жатқанда, кілең біртүсті киінген сұлу қыздар ұзақ жолды өлеңмен, әнмен өрнектеп жүрген, екінші кезекте байсалды аналар, әкелер келе жатқан. Одан соң 4 түлік малдың қарасы көрінген. Шыңғыс Айтматов өзінің бір сөзінде: «біздің қазақ пен қырғызда әйел затын ерекше ардақ тұтатын салт бар. Өмірдің ащы-тұщысын көріп, ысыла берсін, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп үлпілдетіп өсірген. Қылжақтаған көлденең көк аттының сұғынан жеңгелері қорғаштап баққан. Халықтарымыздың тұлпар туған биені соймайтын жақсы дәстүрі болған. Өйткені өмірге асыл перзент берген ана қандай құрметке де лайық. Оның алдындағы кішілігіміз – кісіліктің белгісі» деген.
Қызға қырық үйден тыю
«Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» дейді қазақ. Қазіргі біздің қыздарымыз сол тыюлардан мүлдем тыйылып қалғандай-ақ. Бетімен кеткен өзімшіл, «әй» детін әже, «қой» дейтін қожасы жоқ қазіргі қоғам қыздарына тәлім берер аналардың өзінен де кетіп жатқан қателіктер жетерлік. Мәдениетті болу деген осы, жоқ әлде қалалық болған осы екен деп ойлай ма, көшеде жүріп келе жатсаңыз да, сырттай бақылап отырсаңыз да 16-17 жастар шамсындағы солқылдап тұрған қыздардың шылым тартып, алба-жұлба киініп өздеріне-өздерінің бақылау жасай алмай, өзін-өзі тани алмай тұрғанына жаның ашиды. Мұның барлығы тәрбиедегі кемшілік. Бұл тәрбие деген ат атандырып, сүйек сындыратын анау ауылдағы «қызым Алматыдағы бәленбай деген университетте оқиды» дейтін сорлы аналардың бетіне жағылған күйе. Қызының тәрбиесіздігі, қылықсыздығы, жеңіл жүріске, дөрекі, бейәдеп қылықтарға бой алдыруы аналарының ұйқысын бұзып, дөңбекшітіп, соларға кір жұқтырып жатады.
Сол қыздармен бірге темекі тартатын, солармен бірге қуанышты бөлісіп, қашанда безектеп жанынан шықпайтын, «жуайық» деп шарап ішкізетін жігіттер, ешқашан өздері шарап ұсынып тұрып, өздері темекі тартып тұрып, жеңіл жүріске жетектеп тұрып, сені өмірлік жар етпейді. Уақытша ермек қылады да тастап кетеді. Сонда ардың салмағы, ұяттың салмағы «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» демекші, қыз баланы ойыншық қып, алдап, жастық уақытын өткізгендер өз жөнімен кетеді де, бүкіл бейнет, бүкіл салмақ, кейінгі өміріне түсетін дақ қыздың өз тәртібіне берік болмағандығынан, уыста берік ұстай алмағандығынан болып шығады. Бақытсыз қыздар, жолдасымен тез айырылысып кететін қыздар әрі ата-анасының, сөз жоқ өзінің ар-намысын ойламайды. Бақытсыздық өзінде ғана болмайды жетім балалар көбейюіне де себепкер боп жатады.
Мен сүйген ару
«Қандай еркек ақылды болғанменен
Бірақ, әйел өмірін ада қылар»,-демекші, біздің қазіргі жігіттерге жар болар қай қыз? Өзі сүйген ару бейнесін жасап алған мырзадардың пікірін келтірсек: Алаш Тұрсынәлі, ҚазҰУ-дың 3 курс студенті:
«Егер бұрынғының қыздарымен салыстырар болсақ, олар ең әуелі бұрымды киелі санаған. Ешқашан шаш кеспеген, керек десеңіз – оны жайып та жүрмеген. Шашты жайып жүру, қылмыспен тең болған. Ал қазіргі кезде бәрі де қарама-қайшы. Тағы да бір мәселе, кезінде қазақ қыздары ұлттық нақышпен әдемі киінген. Әсіресе, сырт көзге көрінетін дене мүшелерін тұмшалай білген. Қазірде ол да мүлдем басқаша. Айтудан ауыз ұялады. Менікі тек сыртқы келіс-келбет туралы ғана. Ал ішкі дүние, мінез-құлық жөнінде айтар әңгіме басқаша.
Мен сүйген ару былай болмақ: шашы қысқа емес, көп сөйлемейтін, ашық-шашық киінбейтін, мінезі жұмсақ болса болды». Бұл жігіт:
«Жүзі бар айдай
Мінезі майдай,
Өзгеден артық сол жері»,-деп Абай суреттеген қызды аңсаса, Абзал Ибрашев кәрістің киносын көріп алғандай, былай дейді: «Тәрбиелі, темекі шегіп, ішімдік ішпейтін, сырт келбеті тартымды, қысық көзді келген қыздар ұнайды. Адамға қарап сөз қайтармайтын, адал болса екен». «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» принціпін қатаң ұстанатын Абзал айтпақшы, идеал қыздарды қалай тәрбиелемек керек?
Тәрбие тал бесіктен басталады
Қазіргі қиын уақытта қыздарды қалай дұрыс жолға қою керек? Оларды қай уақыттан бастап тәрбилеу керек? Осы орайда психология ғалымдарының кандидаты, доцент Жұманазарова Назираш Сүлейменқызының пікірін біліп едік:
«Тәрбие тал бесіктен басталады. Баланың педагогикалық-психологиялық тұрғыда басынан 3 дағдарыс кезеңі өтеді. Бірінші дағдарыс 3 жаста, екіншісі 7 жас, үшіншісі 12-13 жастар шамасында болатын «өтпелі кезең». Осы кезеңдердің барлығынан дұрыс өткізу үшін ата-ана зейін қойып, оларға демеу болуы керек. 3 жастағы дағдарыста баланың олармен тығыз байланысқа түсетін кезі. Сондықтан ол сұраған кез келген сұраққа нақты, дұрыс жауабын берген абзал. 7 жастағы дағдарыс кезеңі баланың мектепке баруымен тұспа-тұс келеді. Оқу кезеңіне аяқ басқан баламен мектепке бейімделуі үшін өте көп жұмыс жасау керек. Ойын баласынан оқу баласына айналуы үшін әке мен шеше баланың басы қасында жүруі тиіс. Үшінші кезеңде қыздардың да, ұлдардың да жаман әдеттер мен жақсы әдеттердің біріне үйір болатын, еліктегіш келетін ең қиын кезеңі. Мұнда да ата-ана баламен сырлас болуы шарт. Оның үстіне, әсіресе қыз балаларға келгенде біздің өзіміздің ұлттық тәрбиенің ерекшелігі, қазақы менталитеттің жүйесі көрініс табуы керек. Баланың темекі, анаша, арақ-шарапқа үйір болып кетпесі үшін ата-ана оны көзден таса қалдырмауы керек. Сұраған нәрсесін беретін ата-аналар өз баларының жігерсіз болып, қиындықтарға төзе алмайтын етіп тәрбиелеуде. Мәселен Қазақстан әлем бойынша суицидтен 3 орында тұр. Мысал үшін: өткенде ғана бір бала ата-анасы телефон сатып алып бермегені үшін өз-өзіне қол жұмсаған. Сондықтан оның басқа нәрсе ойлауға мұршасы болмайтындай етіп, күн тәртібін жасаған дұрыс. Уақытын сағат-сағатқа бөліп, бос орын қалдырмау керек. Қыздарға ісмерлік істер, тоқыма, музыка үйірмелері, биге баулыса жарасады. Мұндай істер олардың өмірге деген қызығушылығын оятар еді».
Хиджаб киген қазақтың қаракөзі
Соңғы уақыттарда қазақ қоғамын жайлаған қыздарға қатысты мәселенің бірі, олардың хиджаб киюі. Бәз біреулер бұндай қыздардың соңынан ілеспе сөздер айтып, ғайбаттаса, бірі құптай түседі. Осы мәселенің басын ашып алу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті, Философия ғылымдарының кандидаты Сұлтанмұрат Абжаловтың пікірін білген едік:
«Көпке топырақ шашуға болмас, дегенмен қазіргі қазақ қыздарының тәртібі мен киім кию үлгісінде жасыратыны жоқ батыстық ықпал айқын көрінеді. Бұл енді жаһанданудың жемісі ғой. Бұған ұлттық менталитетімізге тән еліктеушілікті тағы қосыңыз. Менің ойымша, мұнда сынап, мінегеннен гөрі, ұлттық рухани дәстүрлерімізді насихаттау арқылы жастарымыздың, соның ішінде қыздарымыздың бойында қазақи адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру керек. Хиджаб мәселесі соңғы уақытта жиі-жиі қоғамдық талқыға түсіп жүрген тақырып. Бұл жерде тиісті теолог ғалымдардың, осы мәселемен айналысып жүрген зерттеушілердің жауаптарына жүгінген дұрыс болар. Дегенмен, өз ойым, осы тақырыпта айтылып отырған құбылыс жастардың соңғы уақытта рухани ізденіске бет бұрып бара жатқанының белгісі. Бұл жайтты өз ыңғайына ұтымды пайдаланғысы келетін сыртқы исламдық радикалды ықпалдардың белсенділігі де айқын сезіледі. Бүгінде дұрыс діни білім беру басты мәселе. Соңғы уақытта мемлекетіміз дін мәселесінде негізгі бағытымызды нақты айқындады. Ол қазақ даласындағы дәстүрлі ислам, ата бабамыздан ұстанып келе жатқан ханафиттік матуридилік жол. Міне, біздің ата дініміз исламда бағдарлануымызға тиіс бағыт осы.
Менің ойымша, қара хиджаб кигендерді жесірлергі ұқсату дұрыс емес. Бұл сол адамдардың діни танымдарына қатысты белгі, ерекшелік.
Санаңызды жалған дүниетанымдармен улаудан, өз болашағыңызға балта шабудан сақтаныңыз. Әр түрлі радикалды діни ағымдардан аулақ болыңыздар. Егер ондай жағдайға тап болып жатсаңыздар, білікті мамандардың кеңестеріне жүгініңіздер. Киім үлгілеріңізде болсын, тәрбиелеріңізде болсын ұлттық дәстүрге лайық, қазақтың қызына тән инабаттылық, имандылық көрініп тұрсын».
Анасы тұрып қызы сөйлегеннен без
«Анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» дегендей, қазіргі уақытта қыздарға тән тағы бір нашар қасиет олардың өз аналарына құрбысы не өзі туып алғандай айтатын: «сен» деген сөзі. Бұндай қарым-қатынас орыстарда жақындықты білдірсе, қазақта көргенсіздіктің белгісі. Алайда оны ойлап жатқан қыз да, естіген ана да осындай бір дөрекі қатынасқа еті үйреніп бара жатыр. Бұл да бір кішіпейілділіктің, нәзік сыйластықтың білінбей ғайып болып бара жатқындығы.
«Бетім барда бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді кімі тантық»,-деп Абай айтпақшы, қазіргінің мұндай бұртақтаған қыздарын кімдер өсіріп отыр? Барша қазақ баласының анасы, «Айгөлек» балалар журналының редакторы Қымбат Әбілдақызымен ана ретінде қыздарға айтар өсиетін тыңдап қайтқан едік:
«Қыз балаларды осы күнде кішкентайынан бастап, эгоист қылып өсіріп жатырмыз. Таза бетінен қақпау арқылы сын естімейтінге, тіпті бетіне қарап: «сүйкімдісін-ай, томпағым-ай» десең, жылап жіберетіндей, бетіңе түкіріп жіберетіндей кіп-кішкентайынан қияңқы қыздар, қисық-қыңыр қазірден бастап өсіп келе жатыр.
Жақын сіңлім 13 жылдан кейін бір қыз туды, 13 жылдан кейін туған соң сөз жоқ ерке. Сол қыздың тілін қызықтаған олар жаман сөздерді үйрете берген ғой. Мен барған соң сіңлім мұңын шақты. Баланы шақырдым да, келе ғой қасымда отыршы бері дедім: жаман сөзді айтамын деп айтасың ба, жоқ байқамай айтып қаласың ба?,- деп сұрасам: «Жоқ өзі шығып кетеді» дейді. Ендеше жаман сөз келе жатқанда: «аппп…» деп аузыңды жауып қал дедім, көзімше «апп…» деп қалды. Сонда: жаман сөз ішіңде өліп қалған соң екінші қайтып шықпайтын болады дедім. Мен қайттым. Бір күннен кейін артынан жаңағы сіңлім қоңырау шалып: «мұндай да ғажап болады екен-ау!» дейді. Үйреніп қалған әдеті бойынша айтып қояды екен де, өз-өзінен күшеніп, аузын жауып қалады екен. Бақшаға барғанда да осылай істепті. Тәрбиешілерінің барлығы таң қалысыпты. Ләлә дейді мені олар. «Ләлә сіздің сол әдісіңізді қазір бақшаға қолданып жатыр екен» дейді. Оған қосып қызға: «барлық ісіңді құдай көріп» тұр дегенді үйретіп кеттім. Содан қазір: «жаман сөз айтпаңдаршы, жаман ой ойламаңдаршы , құдай көріп тұр ғой» деп айтады екен. Көрдіңіз бе, балада жазық жоқ. Мені тәрбиелеп өсірген әжем марқұм – қария кісілердің үйіне менен сыбаға беріп жібереді. Үлкен қапшықты шанаға салып алып, барамын. Сонда әжем: «сыбағаңызды әкелдім ата, батаңызды беріңіз» деп қолын ал дейді. «Отырғанда етегіңді жауып отыр, ұят болады» дейді. Осындай бір арнайы айтылмаған ақылмен, сол «батамен көгересің» дегенге сеніп өстім.
Баланы ешқашан ұрсып, ұрып әйтпесе тек құрғақ ақылмен тәрбиелі қыла алмайсыз. Корейдің ба, түріктің бе жынды киносынан көз алмай, балаға: «кітап оқы!» деп айғайлайсыз. Кешіріңіз, сіз өшіріңіз ананың бәрін. Сосын сіз әдемілеп кеспеңізді кесіп, етіңізді турап, тірлік істеп жатыңыз. Әйелдің 40 жаны бар, істей бер жұмысыңды. Бала сізді тыңдап отыр деп есептейді. Кейде оның әмір айтатыны бар саған: «тыңдап отырған жоқсың ғой өзің мені!»,- деп. Сол кезде жоқ мен естіп тұрмын сен мына жерге келдің деп айтып жіберіңіз. Сонда тыңдаушысыз сөз жетім болмайды. «Қандай күшті ертегі мен білмеуші едім, аяғы немен аяқталады екен»? –деп қойыңызшы. Танаулап тұрып кетеді бала. «Сен осыған қатысты өткенде мақал жаттап ең ғой, соны айтшы, осы тақырыпқа келіп тұр» деңізші. Міне, сонда бала әрі сабағын оқып отырады, ішінен өзіне керекті нәрсені түйіп отырады.
Ал бізде тәрбие процесі мүлдем тоқтап тұр қазақта. Баяғы кеңестік жүйедегі ұл мен қыздың правасы бірдей деген сөзден біз әлі алыс кеткен жоқпыз. Права деген керек шығар, бірақ ұлтты биіктететін, ұлттың деңгейін, рухын, ар намысын көтеретін – қыздардың тәрбиесі. Өзі әп-әдемі, тәкаппар, ар-намысын кәдімгідей алақанында мықтап ұстап тұрған қызға – кез келген жігіт сөйлесу үшін: шашын дұрыстап тараған болар еді, шашын қидырған болар еді, жуынған болар еді. Үстіндегі қоңыр, көнетоз, ескі киімін үтіктеп киген болар еді. Қыз мықты, қылықты болатын болса соған ұнау үшін жаман иіс қоспайын деп, темекі шекпеген болар еді. Қыз түгілі еркек темекі шекпей, арақ ішпейтін болар еді, түнгі жүрістерге, анау-мынау арам дүниелерге бармас еді. Бүгінде біздің ер-азамат тәрбиесін қалыптастыру үшін қыз тәрбиесінің маңызы зор. Ертең сондай жар болған жігіт өзінің кішкентай күніндегі әке-шешесінен алмаған тәрбиесін ана қыздың жақсылығы үшін, оған тең болу үшін түзеген болар еді, санасы болса. Ал ондай еркектен тапқан бала тәні таза, жаны таза, сөз жоқ әкесіне ұқсап, екінші еркек болып бойын да, ойын да түзеген болар еді.
Қазірде шешесінен дұрыс тәрбие көрген қыздар үйіне қонақ шақыра алады, бауырсақ пісіре алады, қонағына сыбаға асқан кезде, қолының қызуымен нанды илеп, қамыр жайып бере алады. Керісінше «өзім» деп қалған өзінше байдың қызы, бардың қызы үйіне келген қонақты – кім көрінген неше түрлі жағдайда барып отыратын, айтқан тілек, берген бата, жасалған дұға бәрі сыртта қалатын, мейрамханалар мен кафелерде күте салады. Ондай шаңыраққа қонақ баспайды да, ал қонақпен қазақтың үйіне әрқашан ырыс, береке кіріп отырған. Бұның бәрі қыз тәрбиесіндегі ана көргендік. Біздер керек емес, күл қоқысты күресінге шығарып жатамыз ғой. Сол сияқты біз қазақтықтың қандай ғажап дәстүр-салттарын, ырымдарын, кәделерін, қасиеттерін, ұлттық құндылықтарын қоса күресінге шығарып жатырмыз. Ал бұның арты қасірет, бұның арты ұлтсыздану. Ұлтсыздануды бастап беретін қыз тәрбиесі. Біз қыздардың еркектерден асып бара жатқандығымен ғана мақтанып отырмыз қазір. Ал бұл – қайталап айтам, қасірет».
Түйін сөз
Осы ретте Қымбат апаның соңғы сөздерімен келіспеске амал жоқ. Себебі, ер азаматтардың қазіргі ездігі, бүкіл жүкті әйелдің мойнына салып қоюы, бұрынғы азаматтардай мықтылығын, ар-намысын қолдан жоғалтып алғандығы. Бұрындары әулеттің бір ер азаматы – жесір, жетім балаларды бір өзі асырайтын болғанын білеміз. Ал қазір өзінің отбасына ие бола алмай, тіпті жеке басын алып жүруге шамасы жетпейтін, әйтеуір салпақтаған еркектер көбейіп кетті. Осының да негізгі себебі әйелдердің мықты болмауынан. Өйткені әйел ұлттың айнасы, бет пердесі. «Шешесін көріп қызын ал» дейтіндей жақсы аналар болса екен. Кешегі бабаларымыз айтқан «жатыры жақсы ғой» деп, тікелей ана қызы үшін ұялмайтындай, қызармайтындай қылықты қыздар, ұлттың бақытына, ертеңіне үлес қосар қыздар көбейіп, аналарының ақ сүтін ақтап жатса игі еді.
Пулатова Замира
3-курс