Кеудесінде көк бөрі ұлып жатқан,
Ерге ғана қазақтың мұңы батқан.
Жетісудың сен едің ойлы өзені,
Қанша дауыл соқса да тұнып аққан…
Иә, Р.Ниязбековтің бұл әсерлі өлең жолдары еліміздің қаламгерлік тарихында айрықша орны бар,нар тұлға Кемел Тоқаевқа арналады.Кемел Тоқаев елінің,халқының жарқын да нұрлы болашағы жолында аянбай еңбек тер төгіп,өзінің жастық шағымен құрбан етті.Қалам мен қаруды қатар қолдана білді.Біз Кемел атамыздың жан-жақты қырларынан хабардармыз.Оның 20 жасына жетер жетпестен соғыс майданына аттануы,әдебиет әлемінде тұңғыш детективтік сарынды әкелгені,жоғары моральдық қасиеттердің иегері екені, өзінің жақын санайтын адамына көмегін аямайтын және т.б.Әсіресе,оның шытырман оқиғалар жазудың қас шебері екенін ерекше атап өткен жөн дер едім.Ол өзінің қаламынан шыққан әрбір туындыны жүрекпен,ыстық ықыласпен жазған.Ең қызығы,шығармаларын жылдап емес,бір-екі ай ішінде қысқа уақыт аралығында жазып бітірген.
Кемел Тоқаев өмірді терең білумен қатар шұрайлы сөз байлығын асқан талғампаздықпен қолдана білген. Қай шығармасын алсаңыз да өмірдің өзінде болып жатқан оқиғаларды кемел идеяға апарар терең білім, биік мәдениет арқылы өрістетеді.
Осылайша шебер тіл шығармалары ХХ ғасырдағы криминалдық тақырып әдебиетінде құқық қорғаушылар, чекистер мен партизандар бейнелерінің ұлттық болмысын барынша ашты. Әлемдік әдебиеттің талғам-тілектеріне толық жауап бере алатын классикалық шығармалар түзді. Жазушы еңбектерінің ең басты құндылығы – өмірдің өзекті мәселелерін негізгі сюжеттік желіге арқау етуі, сол арқылы адамды тануы, оның қоғаммен ара-қатынасын шебер суреттеуі. Сюжет құрау мен тілдік көркемдік ерекше кейіпкер диалогының көп қатпарлығы, ішкі монолог байлығы, өзіндік көркемдік жинақтау, батыл, тың, тосын қаламгерлік ізденістер арқылы кемелдене түскен.
Қаһармандарға қойылатын үлкен талап тұрғысынан қарағанда, соғыс тақырыбындағы роман, повесть, әңгімелерінде басты кейіпкер болсын немесе майдандас жолдастары болсын өздерінің адами қасиеттерін ұдайы ұрыс даласында, жау тылында, бейбіт өмір кезеңінде ұстамды мінез-құлық, айшықты іс-әрекетімен айқын көрсетеді. Кемел Тоқаев шығармасындағы кейіпкерлердің бәрі – тірі. Қағаздан жасалмаған, сиядан құйылмаған. Оқып отырғанда жаныңда жүргендей әсер қалдырады. Нағыз детектив жанрына тән, қарама-қайшылыққа толы жандар. Оқи отырып көз алдыңа елестете аласың, дені өмірде болған, қазір де болып жатқан жағдайлар.
Өмірдің өзінен алынған оқиғалар көркемдікпен астасып, қоспасыз шынайы айтылатындықтан қарапайым халық тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Кейіпкерлері күнделікті тірліктегі адамдардан алыстамайды, оқырманға барынша түсінікті. Жазушы өзінің қаһармандарын күн сайын біздің жанымызда жүргендей етіп, боямасыз ашық суреттейді. Әсіресе милиция қызметкерлері мен чекистер бейнесі жан-жақты көрініс тапқан. Кемел Тоқаевтың көбіне ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау, шекара қызметі сынды сынақты сала жайлы жазылатын детективтегі өзіндік қолтаңбасы ерекше. Кейіпкерлерін асыра мақтап, жарқырата жаза бермей, кәдімгі еңбек адамдарын, өзінің мамандығын сүйетін достық пен жолдастыққа, мемлекеттік іс пен қоғамдық мүддеге адал адамдарды, олардың өзара қарым-қатынасы, психологиясы арқылы шындықтың шырайын қашырмай көрсете біледі. Жазушы шығармалары жинақы, сюжеті қызық, композициясы шебер қиыстырылған. Шымыр, ширақ композициясы оқырманын сыр мен сезімнің тереңіне тартып әкетеді. Қай шығармасын оқысаңыз да тілі таза, дәл, өткір, икемді, ұғынықты әрі аса бай. Туындыларында белгілі бір шытырман оқиғаны баяндай бермейді, шұрайлы тілімен барлығын көз алдыңа елестетеді. Кейіпкерлері дараланып, тұлғаланып, жан-жақты танылар жанды бейне ретінде көрінеді. Кесек бітімді, күрделі бейне, тақырып пен идея, композициямен сюжетте, тіл мен стильде бәрі үйлесіп жоғары деңгейде көрініп тұр.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі милиция мен чекистерге арналған таңдаулы шығармалар байқауын жариялағанда, Кемел Тоқаевтың 1956, 1972, 1977 және 1980 жылдары бас бәйгені алып, төрт мәрте лауреат атануы хас шебер екендігін көрсетеді емес пе?!
Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детектив, криминалдық бағыттың бастаушысы және негізін қалаған жазушы.Ол роман, повесть, әңгімелерінде қатыгез қылмыскерлердің шынайы бейнесін, портретін, сөйлеу мәнерін, диалог құруын жан-жақты берген.Егер бүгінгі ұрпақ,келер ұрпақ дәл сол шығармалармен сусындап,өздеріне алатын тұстары зор.Жастарды тәрбиелеудің құралы деуге де толық негіз бардай.Себебі,қазіргі жаһандану заманында сан түрлі сұм-оқиғалар орын алуда.Ол ең алдымен,өскелең ұрпаққа өз әсерін,ықпалын тигізбей қоймасы хақ.Кемел Тоқаевтың шығармашылығының өзгешелігі де осында жатыр деп білемін.Шыншылдық қуатымен қоса көркемдік дәрежесін де биікке көтерген шығармаларының келешек ұрпаққа үлгі болатындай бейнелері мол.
Сондай-ақ теңдесі жоқ дара тұлға Кеңес жауынгерлерінің арасында да мінезі мен құлқы керағар, қайшылықты тағдыр иелері барын, қанқұйлы соғыс пен екі түрлі қарама-қарсы күштердің соқтығысы ғана емес, сансыз да сан алуан тағдырларды табанға салып таптайтын дүлей күш екенін алға тартады.Соғыс сияқты тарихи-саяси зұлматтың қарапайым адамды да, халықты да шындығына келгенде қорлау екені таным-түсінігі әр түрлі образ-мінездер арқылы кескіндейдіБейбіт күннің қадірін білу үшін, сол бір зұлмат жылдарды деректермен, әдеби тілмен көркемдеген шығармалар арқылы оқып-білеміз, түсінеміз. Майдандағы асқан ерліктер, қыршын кеткен боздақтар, тылдағы ерен еңбек, күнәсіз қырылған адамдар бейнесі адамзат атаулыны толғандырар қатпарлы ой-тұжырымдарға жетелейді.
Кемел Тоқаев өмірінде болған жайттардан,үзінділерден біздің аларымыз көп. Қазіргі таңда, мектеп қабырғасында, Кемел Тоқаев атамыздың кітабын тереңірек оқытса,балалар оқыса,жасөспірімдер бұзықтығы азаяр ме еді? Кемел Тоқаев мәңгі батыр. Себебі, менің ойымша,Отан өз батырларымен бай. Отанның қорғаушыларынсыз, мемлекет жоқ. Батылдық, Отан сүйгіштік, достық – нағыз батырдың қасиеттері. Батырлар болып дүниеге келмейді, батыр болып қалыптасады. Кішкентай балаға балалық шақтан отаншылдыққа, құрметке тәрбиелеу керек. Атамекен үшін ата-аналарға нағыз жігітті тәрбиелеу керек! Халықта дана мақал-мәтелдер бар: “Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі”, “Ер барда – ел қор болмас” және тағы басқалар. Біздің пікірімізше, ең басты, ең негізгі батырдың қасиеті – бұл отаншылдық. Дәл осы қасиеттің арқасында,көптеген қиындықтарға тап болып, қайсар мінезінің арқасында барлық қиындықтарға төтеп берді. Үлгі тұтар азамат! Мәңгі есімізде,жүрегімізде!
Ахтанова Назерке
Бүркітбай Әйгерім
2 курс студенттері
Жетекші Нұржанова Ш.С.