Біз өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықтың ұрпағымыз. Бір сәт көне-көз шежірелі тарихымызға үңілер болсақ ұлт тағдырына алаңдап, өзіндік ықпалын тигізген қайраткерлер қаншама! Бірі қолына қару алып, жер қорғаса, бірі әдебиет саласындағы жауһар туындыларымен саналы түрде рухани құлдырауға жол бермеді. Текті елдің текті азаматтарының айтсақ жазарға қалам, айтарға сөз жетпес жетпес сірә?!
Ғылыми ізденіс жұмысымды даналық пен адамдық асыл қасиеттерді жоғары бағалаған, әдебиеттің жаңа арнасына жол ашқан, дететив жанрының майталманы, көркем сөз шебері, өршіл рух иесі Кемел Тоқаевтың өнегелі өміріне арнап, шығармашылығына тоқталмақпын. Қазақ елінің кең байтақ жеріндегі қадірлі өлке, жер жаннаты Жетісу аталған киелі өңірдің бір беткейі, тарихи шежіресі қалыптасқан Қаратал ауданы көркем ойдың көсемі болған Кемел Тоқаевтың туған мекені. Ежелден-ақ қасиетті Қаратал аталған бұл өлке жерінің қалқаны болған ерімен,ынтымағы жарасқан елінің панасы болған биімен танымал. Еліміздің талайлы тарихында өзіндік орнын ойып алған Қаратал бойында арғы заманда ел ардақтылары:көрегенді көсем Ескелді мен Балпық,Жолбарыс пен Қарымбайдай әулие,егеулі найза қолға алған,еңку-еңку жер шалған Мықтыбек пен Тілеуғұл,Кәшке мен Бақайдай батыр тілдің майын тамызып,сөздің балын ағызып,қара қылды қақ жарған Айту мен Жәлменде би,Пышандай сазгер өмір кешкен. Қасиетті Қаратал-қашанан да өнер қойып,бақ дарыған өңір. Жолбарыс әулие жатқан жердің батысына қарай Сарғабан деген жерде Кемелдің аталары мекен еткен.
Кемел Тоқаев отбасында екінші бала. Әкесі ауыр еңбекпен шұғылданып, өмір жолында еңбекті қолына қару еткен жан болса ,ал анасы үй шаруасымен айналысып бала тәрбиесіне жіті мəн берген. Кемел Тоқаев отбасы туған жерінде адалдығы,қайырымдылығы үшін және ұлттық салт-дәстүрді қатаң ұстайтындығына байланысты құрметке ие болған үлгілі әулет. Өмірін үнемі ізденіске арнап, білім алуға ұмтылды. Кемел оқуға деген ықыласымен , алғырлығымен ерекшеленіп, қатарының алды бола білген.Әсіресе,қазақ тілі мен әдебиет сияқты пәндердегі үлгерімі өте жақсы болған. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Кемел Тоқаев Қазақтың маңдайына біткен ұлы философы, кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығымен жіті танысып,ұлы ақынның, қазақ даласының дархандығын танытатын дана туындыларын ерекше жақсы көрген. Тіпті бұл құлшыныс кейінірек мамандық таңдауда қателеспей, Кемелдің кемелдену жолында үлкен үлес қосты. Ол шектен тыс еңбекқор және төзімді әрі өте тәртіпті болатын. Еңбекқорлығы мен төзімділігі әкесінен келген асыл қасиеті десек жөн болар. Орта мектепті аяқтағаннан кейін әскер қатарына алынып Бішкек қаласындағы әскери училищеде оқып Сталинград майданының 226-атқыштар девизиясында бөлім командирі болып соғысқа
Жоғары оқу орнына түсу оның басты арманы еді. Көп ұзамаай асқақ арман биік мақсат орындалып, 1945 жылы Қазақ мемлекеттік Киров атындағы университетінің филология факультетіне оқуға түседі.Оқи жүріп “Лениншіл жас ” газетінде қызмет атқарады.Оқуын аяқтаған соң Жамбыл облыстық газетінде жұмыс істеп жүріп көркем шығарма жазуға ниеттенеді.
Қазақ ССР Жоғары Советінің “Жаршысында” 17 жыл бойы,хатшы,жауапты редактор болып қызмет жасайды.Сол жылдары жазушының қаламынан “Көмескі із”, “Түнде атылған оқ ”, “Қастандық ”, “Арнаулы тапсырма ”, “Қыс қарлығашы ”, “Соңғы соққы”, “Солдат соғысқа кетті ”, “Ұясынан безген құс”, “Сарғабанда болған оқиға” жəне тағы басқа айтары сонарға түскен соқпақтай айқын шығармалары жарық көреді. Көркемдік әсері айрықша сипатталып, көптің көңілінен шыққан “Сарғабанда болған оқиға” шығармасы талайды тамсандырып, тәнті етеді.
Кемел Тоқаев “Сарғабанда болған оқиға” –үзінді
“Е,жаратқан жалғызымның жаның сақтай гөр!Дүние қызығын көрмей өткен сорлы пенденді аясаңшы.Жиырма жыл бойы мәпелеп өсірген бақытым ,үмітім емес пе еді.Менің көрген азабым аз ба?Жақсылығынды менен аясаң ,бар жамандығынды мен бейбақтың басына үйе бер.Тек жалғызымның жаның қалдыр.
-Зембілдің жақтауын саусағымен демеп келе жатқан Сәндібала бөрттпе шәлісінің ұшымен көзінің жасын сүртіп,зарлап келеді.
-Апа жыламыңыз.Міне ауруханаға да жеттік.Енді қауіп жоқ.Рахымыңыз әлі айығып кетер,-деп сестра Айда Глухова Сәндібаланы жұбатады.
-Құдай тілеуңді берсін.Сөзің періштенің құлағына шалынсын .-Сәндібала күрсініп тіршілік белгісін бермей сұлқ жатқан баласына қарайды.Дірілдеген саусақтарымен Рахымның тамырын ұстап қояды.Бар үміті әлсіз соғып жатқан көк тамырда”.
Оқысаң көзіңе еріксіз тарам-тарам жас үйіледі, көңілің жабырқап, жүрек соғысы жиіленетін “Сарғабанда болған оқиға” шығармасы әдеби әсем тұжырымдармен логикалық саралау іспетті дүниелерді бір арнада тоғыстырып, көзге көрінбей тұрған алайда, әдемі астармен әлеуметтік мәселеге қозғау салып тұрғандай. Бүгінгі күннің жас жеткіні ретінде талдау жасай отырып, тағы да Кемел атамның шеберлігіне, жанашырлығына қайран қаламын. Яғни, жақсылық пен жамандық, əділеттілік пен əділетсіздік қатар келетін қиын ситуациялық оқиғалар оқырманды өзіне елітіп əкетеді. Өз міндетін орындауда адалдықты ұмытқан халықтың мұң-мұқтажын мүлде түсінбейтін, қылмыскерлерге көмектесіп, тіпті адам өліміне дейін апаратын жағымсыз кейіпкерлерлер «Сарғабандағы оқиға» повесіндегі лейтенант Быстров пен дәрігер Цой бейнелері. Солар арқылы өмірде сондай адамдардың да болатынын бейнелей келе кейіпкерлерді өз деңгейіне шеберлікпен аса дəлдікпен жеткізеді. Полковник М. Дайыров, милиция бөлімінің бастығы майор Ә. Ділдәбеков, капитан Т. Майлыбаев, т.б құқық қорғаушы милиция басшыларының адалдық пен әділдікті жақтауын, батылдығы мен тапқырлығын жан-жақты ашқан. Басты ерекшелік– кейіпкерді, оның дамгершілігін, жан жарқылын, парасатын, идеялық байлығын бар шындығымен көрсете білуінде. Кемел Тоқаев оқырмандарына өміршең кейіпкерді, өшпес қаһарман, жағымды бейнелерді шынайы көрсетті, шым-шытырық оқиғаларды ұштастыра білді. Қай шығармасын оқысаңызда өмірдің өзінен алынған нағыз кейіпкерлер, парасатты адамдар. Сонымен қатар “Сарғабанда болған оқиға” туындысы ана деп аталатын асыл жанның мейірімі, махаббатының шексіз екенінің дәлелі. Перзенті үшін жан ұшыра алаңдап, тіпті өмірін беруге дайын тұрған ананың көз жасының, зарлы үнінің өзі неге тұрарлық?! Ойлап қарасаңыз Кемел атамыз тек детектив жанрына ғана мән берген жазушы емес, драма бағытында да қалам тербеген біртуар азамат екеніне көз жеткіземіз. Қаламгер шығармаларының көркемдік ерекшелігі, композициялық құрылымының тереңдігінде. Айта кететін бір жайт Сарғабандағы болған оқиға» повесінің оқиға желісі жалпы өмірде болған.
Кемел Тоқаев “Түнде атылған оқ ”- үзінді.
“Бүгін 8 қыркүйек сондай ауыр күн болды.Полктің екі танк ротасы қазір ғана теміржол станциясын алды.Танкпен бірге автоматчиктер,атқыштар дивизиясының жауынгерлері шабуылға шыққан-ды.Кең алаң жыпырлаған кісінің өлігі.Азғана аялдап вокзал үйлерін шапшаң қарап шықтық.Вокзал үйінің астыңғы қараңғы қабаты кісі өлігіне лық толған.Немістер шегінген кезде қолға түскен әйелдер мен балаларды, кемпір-шалдарды топтап айдап әкеп шетінен ата берген тәрізді.Кейбір кісінің денесі шіріп бұзылған.Жағымсыз иіс мүңкиді.
Сыртқа атып шыға бергенде жылаған баланың дауысы шықты.Одеров қолфонар сәулесін жүгірте түсіргенде екі-үш жасар бала қалың өлік арасынан еңбектеп жылап келе жатты.Одеров жүгіріп барып тік көтеріп құшақтап,бауырына қысты. Сталинград түбінде жау тылында жеті тәулік бойы қалғанда мойымаған хас батыр қазір жылап тұр еді….
Сталинград қаласының орталығын жарып өтіп Химия заводына қарай бет алды.Танк ротасы сол маршпен ұрысқа кірісті ”….
«Түнде атылған оқ» шығармасын талдап, жазушының нені жеткізгісі келгенін түсініп көрелік. Нақтырақ айтар болсақ танымдық тұрғысынан алғанда бұл шығарма қайсарлықпен батырлықты, бостандық мұратын көксеген ардақты азаматтардың жан кешті ерліктері жайлы сыр шертеді. Жазықсыз құрбан болған адамдардың өлі денесі. Қатігездікпен өшпенділік сезімдері астасып буырқанып жатқан сұм соғыс. Жау алдында тізе бүкпей қасқайып қарсы тұрған ердің кішкентай ғана сәбидің алдындағы дәрменсіздігі оқырманды елітіп жіберері хақ. Ұлы Отан соғысы суреттелтін оқиғаның арқауы батырлық әрі ел үмітін ақтау мұратын орындаудағы жауапкершілік. Көзсіз ерлік десек қателеспеспіз. Бір ғана кітаптың өзінде қаншама сюжетті оқиғалар, тағдырлар тоғысып жатқаны жазушының қаламгерлік айнасы, ерекшелігі деп білемін. Жалпы “Сарғабанда болған оқиға” мен «Түнде атылған оқ» шығармалары бір-біріне ұқсас. Жанры жағынан не болмаса сюжетті жағынан болуы әбден мүмкін. Басты ұқсастық деп өмірдің қаншалықты бағалы екені, өмірдің мәні неде екендігін түсінуге бағытталған қос туындының көңілге жағымды тұстары.
Кемел Тоқаевқа да атақ пен даңқ ұзақ сүргіндер мен тынымсыз тартыстан кейін,жігерлі қайратының еселі ісінің арқасында келді. Бостандықтың бұғауын үзіп,қабырғасыз қапастан құтылуға талпынған 1986 жылы дүниеден өтті.
Кемел атама арналған өз шығармашылығымды ұсынамын:
Маңызды ғой жақсыларды білу де.
Кейінгілер оларға бас июде.
Кемел сынды атамыздың еліне.
Шапағаты əлі күнге тиюде.
АТАМЫЗ БАР АРДА ТУҒАН АЛАШТАН!.
Атамыз бар арда туған алаштан.
Қиын кезде ел жұртына қарасқан.
Тоқсан бес жасқа толған абыз адамның.
Атағы бар алты қырдан əрі асқан.
Руы Күшік Жалайырда əйгілі.
Əрқашанда иеленген бəйгіні.
Арттағы елі екі етпеген бір сөзін.
Жетісуда асып тұрған айбыны.
Бар жəне де Жолбарыстай бабасы.
Туған жерге қызмет қылған санасы.
Қысылғанға аруағы дем берген.
Ел сиынған құдіретті данасы.
Қасым-Жомарт танымал ғой баласы.
Биліктегі сөзі жүрген дарасы.
Көлдің орны құр жатпайды деген бар.
Ат тұяғын тай басқанын қарашы.
Сөз қозғасаң мұндай асыл алыптан.
Детективті жанрды алғаш дамытқан.
Қараталдай киесі мол өңірді.
Бар қазаққа жазғандары танытқан.
Түйіндесек сөз көбейтпей әрнені,
Ойға оралып толғандырған дәл мені.
Айтпағым сол, рақмет аңыз алыпқа,
Таудай қылған титтей ауыл Кәлпені!
Тарихымен тағдыры оның жарасқан.
Еңбегіне ешбір жан жоқ таласқан.
Елге елеулі, қалаулы жан халыққа.
Атамыз бар арда туған алаштан!
Халқымыздың біртуар азаматы, көркем ойдың көсемі, Кемел Тоқаев атамыздың есімі жылдар өтсе де, жүрегімізде мәңгі сақталады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
2 курс студенті, қоғаммен
байланыс мамандығы
Айсана Майкенова
Ғылыми жетекші Нұржанова Ш.С.