«Темірбек Қожакеевті сатып та ала алмайсың, атып та ала алмайсың!»
Ғаббас Қабышұлы
Қазақтың қасиетті атамекені – Ұлы даланың қойнауы тұнып тұрған тарих. Осындай киелі жерде туып, топырағына аунап өскен перзенттердің ішінде қазақ елі үшін өз жанын қиып, тіліміз бен дініміз қор болмасын, туымыз аяқ астында қалмасын деп күллі ғұмырын туған халқына арнаған перзенттер де жоқ емес. Құдай қазаққа қырын қарамаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, сол елді қорғайтын ер де берген.
Тарихи мұраға бай, батырлар, ақын-жазушылар ордасының бірі – Тараз елді-мекені. Көзі тірісінде қолына қалам алып ел мүддесін қорғаған, жас толқынды білім нәрімен сусындатқан Темірбек Қожакеев осы жерде дүние есігін ашқан. Темірбек Қожакеев – өз өмірі арқылы қайсарлық, мойымас мінез, мұқалмас жігер мен принципшілдіктің айқын үлгісін көрсеткен күрделі тұлға. Ол – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. ҚазҰУ-дың журналистер даярлайтын бөлімін тәмамдап, саналы ғұмырын осы оқу орнына арнады.
Қазақ журналистикасының және сатирасының тарихын зерттеп, бір жүйеге түсірген Темірбек Қожакеевті білмейтін жан кемде-кем болар, бәлкім. Қасиетті қара шаңырақтың журналистика факультетін жиырма жылдан астам уақыт басқарып, темірдей тәртіп орнатқан Темірбек ағамыз барша қазақ үшін дара тұлға.
Ол дүниеге шыр етіп келген кез қиын заман еді. Сондықтан ата-анасы жас сәбидің құлағына темірдей мықты болсын деп ырымдап Темірбек қойыпты. Мінеки, ата-анасының ақ тілеуі қабыл болып, Абай ақын:
Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңнің түбінен терең бойла,
Содан тапқан шын асыл тас тастай көрме!, – демекші өмірдің ыстығы мен суығына қатар төтеп беріп, өзі қайсар болып қана қоймай алдындағы шәкірттеріне де осы қасиетін дарыта білді. 1986 жылы күллі әлемді дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтың нарқасқа ұлт зиялылары ауыр күндерді бастан кешті. Осы жылдары партия қатарынан шығарылып, қызметінен шеттетілген Темірбек ағамыз бұл қиындыққа мойымай, өмір ағысына қарсы жүзді. Иә, сұрапыл жылдардың куәсі болған Темірбек ағамыздың қайсар, мықты, әрі қатал болуының да бірден-бір себебі осы шығар. Оның іскерлік барысында орнатқан темірдей мықты саясатының арқасында факультет үнемі биіктерден көрініп, қазіргі таңда да сол қарқынын жоғалтқан емес.
Ол қатал басшы ғана емес, сондай-ақ, ол – сатира сойқаны. Бауыржан Омарұлының суреттеуіндегі «түрі трагедияны танытатын, көкірегі комедияны теріс көрмейтін» ол қазақ әдебиетінің тың саласы сатирада қалам тербеумен бірге, сын бағытына да ат басын бұрған. Сатира жанрын өз еңбектеріне серік еткен Темірбек Қожакеев өмір құбылыстарын, өз заманының көлеңелі тұстарын шығармаларында астарлап жеткізіп отырды. Ол қазақ сатирасының даму жолына арнап «Қазақ сатирасы», «Абай – сатирик», «Қазақ совет сатириктері», «Адам. Қоғам. Сатира» сынды құнды еңбектер жазып қалдырды. Қазақ халқының кешегісі мен бүгіні жөнінде сөз қозғап, аңсап жеткен тәуелсіздік қадірін шығармаларына арқау еткен сатириктің кеңестік дәуірде қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет қайраткерлері мен жазушы-журналистердің тарихи мұраларын қамтыған еңбектері де халқымен қауышты.
Расында, нағыз жазушының мақсат-мүддесі де осы емес пе?! Сатириктің қалам тербеген шығармаларына зер салсақ олардың дені Абайтану мәселелеріне арналған. «Абай сатирасы», «Абай және Сұлтанмахмұт», «Абай – сатирик» атты ғылыми еңбектерінде ұлы ақын Абай поэзиясындағы идеялық ерекшеліктерді, қазақ әдебиетіндегі сатира, әзіл-оспақ, сын-сықақ жанрын жаңа түрмен, соны мазмұнмен байытып, толықтырғанын көрсетеді.
«Абай сатирик» атты ғылыми еңбегі ұлы ақынның туғанына 125 жыл толуына байланысты өмірге келген. Автор мұнда Абай сатирасының өткірлігін жан-жақты талдайды. Өз заманындағы би-сұлтандар озбырлығының, жемқорлықтың, дүниеқоңыздықтың куәсі болған Абай поэзиясындағы сатираны тайға таңба басқандай анық байқауға болады. Абайдың:
Уагалейкумассалам,
Болыс, мал-жан аман ба?
Мынадайға кез болдың,
Аума-төкпе заманда.
Ел билеген адам жоқ,
Ата менен бабаң да.
Болыстықтан пайда қып,
Шығыныңды алсаң, жаман ба?
Қалжыңдаймын әншейін,
Ондайға келе де бермес шамаң да, – деп
Күлембайға арнаған өлеңінің өзінен әжуалауды байқауға болады. Өз дәуірінің ащы шындығын поэзиясында тілге тиек ете білген Абайды зерттеген Темірбек Қожакеев те заманының көлеңкелі тұстарын шығармаларында, мақалаларында еш қаймықпастан батылдық танытып, айта білген. Иә, сатириктің шығармашылығына зер салсақ нағыз журналистік өткір тілдің, шығармашылық шеберліктің айқын іздерін көруге болады.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, есімін ел ардақтаған ұлы тұлғаның атын Меркі ауданындағы №39 орта мектеп-гимназиясына берген екен. Мектептің үшінші қабатында жазушының жәдігерлік мұралары орын тапқан. Аудан орталығында Т.Қожакеев атындағы көше, сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәрісхана бар. Ата-баба арқылы берілетін ізгі қасиет жазушының ұрпақтарына да дарыған. «Қазақ халқының тектілігі» туралы:
Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны, – демекші ағамыздың тәрбиесін көрген үш қызы мен ұлы бүгінде үлкен өмірде өзіндік орнын қалыптастырған тұлғалар. Ол өз ұрпағының тәрбиесіне ғана емес, көптеген студенттерді тәлім-тәрбиеге баулыған, тұтас елдің үмітін ақтаған азамат.
Қожакеев феномені – қайталанбас тұлға. Ол – қазақ журналистерінің үлгі-тұтар мақтанышы, биік абыройы. Мен осындай ұлы адам ұстаздық еткен қасиетті факультетте оқып жатқанымды өзіме мақтан тұтамын. Әр күн сайын дәріске келгенде көзім шалатын Темірбек Қожакеевтің қабырғадағы суреті журналистика факультетінің студенттеріне рух беріп тұрғандай болады. Ғалымның артына қалдырып кеткен мұралары оның көзін көрген шәкірттері мен бүгінгі журналистика факультетінің студенттеріне сан-қилы бұрылыстар мен құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбылнама болып қызмет атқарып келеді. Жылжыған уақыттар оны бізден алыстатқанмен, Темірбек Қожакеев есімі біздің жүрегімізден ешқашан алыстамайды. Ұлы жазушы келешек ұрпақ санасынан ұмытылмайды, ұмытылмақ та емес!
Әбдіжәлел Гүлсезім,
Журналистика факультетінің 1 курс студенті.
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Ғ.Майкотова