Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Нұрмахан Оразбек – қайсар журналист, білікті редактор

Шарипа Нуржанова Қараша 30, 2017 0
Алмабек Ибрайымов
                                                                            әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
журналистика факультетінің 1 курс студенті
233 (1)                                          Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Ғ.Майкотова
       Нұрмахан Оразбек «Қазақ үні» газетіне берген бір сұхбатында: «Адам үшін ең бастысы – өзінің абыройын сақтап қалу», – деп айтқан екен. Қаламгер сол кісілік абыройды әрдайым биік ұстап, журналистика саласында ұзақ жылдар бойы адал қызмет етті. Кезінде әкімшіл-әміршіл жүйенің қолшоқпарын ұстаған Кеңес заманында да өз ойын тайсалмай ашық білдіре білген мақалалары арқылы халқына танылған қайсар да білікті маман иесінің алғашқы журналистік қызметін бастаған күннен-ақ «Орталық Қазақстан» газетінің мазмұны өзгеріп сала берді. Кез-келген журналист бара бермейтін, оңайлықпен тісі бата қоймайтын тақырыптарға қалам тербеп, материалдарды осы басылымның бетіне жиі жариялайтын болды. Әрине, халықтың көкейінде сайрап тұрған сан түрлі мәселелердің сырын ашуға бел буды. Халық та сондай материалдарға құмарлық танытып, Нұрмахан Оразбектің мақалаларын іздеп жүріп оқитын жағдайға жетті. Сол тұста облыс­тық газеттер редакциялары басқа облыстардан шығатын газеттерді де алып отыратын. Сөй­тіп, «Орталық Қазақстандағы» өзгерісті бүкіл республика журналистері де байқай бастады.     Газетте Желтоқсан оқиғасына қатысты материал жарияланғанда, оған МҚК атынан ескерту де жасалды. Редактор оны тыңдады да қой­ды. Осы тұста газетте қуғын-сүргінге ұшыраған жазушы Жа­йық Бектұровтың естелік материалдары бірі­нен соң бірі жариялана бастады. Ғалым Евней Бөкетов туралы естеліктердің де жолы болмай жүр екен, оларға да жол ашылды. Ақын Серік Ақ­сұң­қар­­ұлының мінезді өлеңдері де білікті редактор Нұрмахан Оразбектің арқасында оқырмандармен қауышты. Алғаш «Орталық Қазақстанға» келген сәттен бастап газетке басылған мақалалардың мазмұндылығынан, оның тиражы да арта түсті. Талай қазақтың маңдайына біткен асыл ер-азаматтарының есімдері де белгілі бола бастады.
      1991 жылы 20 тамызда Қарағанды облыстық компартия комитеті мен облыстық депутаттар кеңесінің органы «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Иә, бұл – төңкеріс» деген тақырыппен, КСРО-дағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылғанын айыптаған мақала шыққан еді. Осындай мақаланың жауапкершілігін өз мойынына тайсалмай алған тағы да Нұрмахан Оразбек екен. Ол кезеңді «қылышынан қан тамып» тұрған кезең екендігін ескерсек, бұл мақаланы жазу тек сол заманның батыл азаматтарының ғана қолынан келеді дер едім.
        «…Көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды. Заңды сайланған президенттің денсаулығы кенеттен нашарлап, елді басқара алмайтын жағдайға жетті деген қып-кызыл өтірікке сене қоятын ақымақ бүгінде күндіз қолыңа шам алып іздесең де табыла қоймас.
Иә, бұл қып-қызыл төңкеріс. Оған Кеңес басшылығы атынан жарияланған мәлімдемеге кімдердің қол қойғанын байқасаңыз-ақ көзіңіз жетеді…», – дейді. Жазылған мақала одан әрі былайша жалғасын табады:  «Иә, бұл – төңкеріс. Ол ең алдымен «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталған. Дәлел. Біріншіден, төңкеріс Шартқа қол қойылатын күннің карсаңында жасалып отыр. Екіншіден, Шарт егеменді республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік, билік алып береді. Ал оған жол берілсе, ертең Орталық бүрынғыдай билеп-төстей алмайды. Бұл, басқасын былай қойғанда, күні ертең Семей полигонында жарылыс қайта басталады деген сөз. Екіншіден, төңкеріс калыптаса бастаған демократияға қарсы жасалған. Олардың ойынша: республикалар өз бетімен бір-бірімен неге шарт жасасады. Қазақстан мен Орта Азия республикалары неге біріге бастайды? Россия мен Қазақстан арасында шартқа неге қол қойылады? Балтық бойы республикалары, Молдавия, Грузия Кеңес Одағынан неге бөлінгісі келеді, демонстрациялар неге жасалады? Патриотизм мен интернационализм тұрғанда халықтар неге өзінің тілін, ұлттық дәстүрлерін өркендетуге құштар? Осындай «негелер» толып жатыр…», – деп жазды Нұрмахан Оразбеков «Орталық Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 20 тамыз күнгі санында. Автор мақаласын бұл өзінің жеке ойлары екенін айта келіп, «ертең төтенше жағдай деген желеумен қара түнек күндер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды өтінемін» деп аяқтады /2/.
         Бұл мақала жарияланғаннан кейін қазақтың біртуар азаматы, жазушы Оралхан Бөкейдің «Қазақ әдебиеті» газетіне Нұрмахан Оразбек туралы жазған «Редактордың ерлігі» атты мақаласы жарық көреді. Сонымен қатар ол дәл осы «Орталық Қазақстан» газетінің басты ұраны болып саналатын «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сөзді алып тастап, 1991 жылдың 1 қаңтарында  оның орнына  «Бас кеспек болса, тіл кеспек жоқ!» деген ұранды ауыстырып қояды. Жалпы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» ұранын Қазақстан басылымдарының барлығы осы «тамыз бүлігінен» кейін бас тартқан болатын. Осы ұран сөзді алып тастаған соң сол өңірдің жауапты қызметкерлері өз реніштерін білдіріп, «мұныңыз не?» деген сауалына аспай-саспай жауап бергеніне таң қалмасыңа шара жоқ. Сабырмен түсіндіріп, бұл сөздердің әлдеқашан өз маңызын жойғанын, яғни ескіргенін жеткізген. Сонда жауапты хатшылар бұл берілген жауаптан ары аса алмай келісуге тура келген екен.
    Одан соң Нұрмахан Оразбек: «Баспасөздің, журналистің жауапкершілігі дейтіннің байыбына біз әлі де тереңдеп бойлай қоймаған секілдіміз. Құдайға шүкір, азды-көпті облыстық, республикалық баспасөзді басқардық қой, сонда менің қызметкерлерге шегелеп тұрып айтатын бір ескертпем болатын. «Мына дүниеде мыңдаған мамандық бар. Солардың дені өз шаруасы үшін  өз саласына ғана жауап береді. Ал журналистика бүкіл қоғам алдында жауапты. Осыны ұмытпаңыздар» дейтінмін. Аржағы: қоғамда жақсы да, жаман да нәрселер жетіп артылады, кез-келген қоғамда, демек жақсысын жақсылап, бірақ даурықпай, жаманына тереңірек сүңгіп, одан арылу жолын сілтей білу керек деген сөз. Әсіресе, екіншісі. Қоғамның кінараттан арылуына септесу, мұрындық болу қоғамға деген қызметтің көкесі сол», – деген екен бір сұхбатында майталман ағамыз. Шынымен де  дүниеде талай мамандықтар бар. Олар өз саласы үшін ғана жауап береді, ал журналистер қоғамның, сондай-ақ келешек ұрпақтың алдында жауапты ғой. Себебі, журналист адам мен қоғамды байланыстырушы алтын көпір іспеттес. Журналист кез келген ақпараттың немесе мәселенің  ақ-қарасын анықтап, оның дұрыс не бұрыс екені туралы қоғамдық пікір тудыра білуі керек.
      Журналист, публицист, редактор Нұрмахан  Оразбек бар асыл ғұмырын қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына арнады десек артық айтқандық емес. Себебі ең алғашқы еңбек жолын  аудандық «Октябрь туы» газетінде бастаған ол, талай-талай елеулі еңбектер атқарды. Нұрмахан Оразбектің   жеке басын, оның адамгершілік, кісілік келбетін оны танитын замандастары қаламгердің өле-өлгенше туған ұлты мен халқы үшін адал қызмет етуге ұмтылып өткенін жақсы біледі. Баспагердің сонау, журналистік жолы жетінші сыныпты оқып жүрген кезден-ақ байқалған деп айтуға негіз бар. Себебі аудандық газетте жазған қысқа ғана жазған хабарлары журналистикаға салынған алғашқы қадамдары еді. Журналистің қаламынан туған публицистикалық мақалаларын талдай келіп, оның туған елі үшін аянбай еңбек еткенін көруімізге болады. Тағы бір естеліктерге көз жүгірте отырып, байқағанымыз оның орыстандыру саясатының құрбаны болып бара жатқан Қарағанды қаласындағы жалғыз қазақ мектебін, Суворов училищесіне айналдырмақ болғанда да араша түсіп, жалғыз мектепті аман алып қалғаны да үлкен ерліктің үлгісі деп білемін. Журналистика саласындағы  Нұрмұхан Оразбектің қоғамға тигізген азаматтық ерлік істері ешқашан ұмытылмақ емес.

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field