Тажикова Актолкын, ІІ курс
Тіл қатпай томсырады күллі атырап,
Жаздайғы бар қызығын ұрлатып ап.
Ең соңғы күнпарақтың бетіндей боп,
Бұтақта ең ақырғы тұр жапырақ.
Елеусіз-
Көзге тіпті білінбейді,
Қалтырып, қалтарыста дірілдейді.
Басынан сұмдық күйді кешіп тұрған
Тағдыры басқаларға білінбейді.
Бір күні-
Арпалысқан бір өмірдей,
Әрең тұр бар жоғы да біле-білмей,
Сәл ғана салмақ түссс үзілердей.
Қажыған әлде кімнің жүрегіндей.
Бір мезет түсіне енсе күн кешегі,
Бір үміт, бір күдікпен тілдеседі.
Күз келіп, тұрғыласын онамасқа,
Тірліктің парқын бәлкім білмес еді.
Қаншама қиындық тұр бір басында,
Өзімен-өзі ғана мұңдасуда.
Жалғыздық жабырқатқан сыңайы бар,
Сыңар жоқ сыбырласыпғ сырласуға.
Сұстылық байқалғандай күзгі бұлттан,
Тітіреп, тіксінеді ызғырықтан.
Жас еді-жасыл еді,
Енді сары,
Өмір-ай!
Өң бояуын жүз құбылтқан.
Жұлқынып әне-міне қалмағы анық,
Қайтадан қона алмайды талға барып.
Тыныстап суық дүние құшағында
Жатады біраз уақыт қарға оранып.
Сол сәтте зым-зия боп жоғалады,
Жол солай…
Жоғалмасқа жоқ амалы.
Қайтадан қанша көктен оралады,
Олар да тоналады, тоналады.
Жайқалды-
Жарқын күлді, жайраңдады.
Өмірдің еркелетті сайран бағы.
Сыр бермей сіресіп тұр,
Күресіп тұр,
Сарбаздай жалғыз қалған майдандағы.