Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Абайдың экономикалық көзқарастары

jurfak Наурыз 23, 2013 1
Абайдың экономикалық көзқарастары

Ф.ғ.к., аға оқытушы  Ж.Иманалиев

Егер ісім өнсін десең,  ретін тап.

                                                             Абай

Абай шығармаларындағы экономикаға қатысты ойларды зерттеудің зәрулігі бар. Абайдың қара сөздерін оқыған сайын, оның экономикалық тұрмыс- жағдайды түзе дегендей, қарапайым халыққа қазақи түсінікті тілмен жазылғанын аңғаруға болады. Абайдың өлеңдерінде, қара сөзінде «еңбек», «сауда», «сату», «пайда», «мал», «базар» т.б. экономикалық терминдер кездеседі. Мысалы: «пайда» деген сөз – экономикалық термин. Экономикалық сөздікте: «Пайда – меншік капиталдың негізгі көзі»,- делінген. [1] Әрине, ол кездегі қазақ халқында «бағалы қағаз», «пайыз», «инвестиция», «несие» деген түсініктер болмағанымен, олар басқа мағынада айтылған. Сол уақыттағы қазақтың тұрмыс-тіршілігі мал бағумен тығыз байланыста болғандықтан, баюдың амалы тек малдың соңына түсу деген ой әр қазақтың ой-арманына айналған. Пайданы тек мал бағып, сауданы да мал арқылы жүргізген халық  бір бірімен кездескен кезінде: «Мал–жан аман ба?» – деп амандық сұрасқан, яғни күн көріс жағдайың қалай? – деген мағынасында қарастыруға болады.

Абай мал бағу арқылы ғана баюға деген психологияны қазақтың бойынан көргісі келмеді, өйткені үшінші сөзінде: «Әрбір жалқау кісі қорқақ,  қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.

Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.» [2; 440] – міне, Абайдың қазақ қоғамына тегіс мал бағудан бойын аулақ ұстап, басқа да баю жолы бар екенін үшінші сөзінде әдемі келтірген. Төртінші сөзінде «…Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», [2; 443] – қазақтардың егіншілікке, бағбандыққа жол нұсқап, тек мал ғана емес жерден де пайда алу арқылы баюға болатынын айта отырып, өнер мен ғылымды да жоғары қояды. Абайдың «еңбегіңді сау» деген мағыналы сөзі қай сала болмасын бәріне келетін сияқты, өйткені түп мағынасы  – адал еңбек.

«Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға  көңіл бөлсеңіз». [2;92]  Абайдың «мал» дегені басында айтып кеткендей – экономикалық тұрақтылық.  Абай жалпы «малды» ғылым жолына, өнер жолына жұмсауын қалаған. Оныншы сөзінде: «Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсың. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» [2; 448]. Мемлекеттің экономикалық өсуі ғылым мен техникаға байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жапония мен АҚШ және Еуропа мемлекеттерінің экономикалық шырқауы осы «ғылымның» жоғары дамығанының арқасы екенін білеміз.

Абай қазақтың жағдайын түзеткісі келді ме? Келді. Қазақтың оқығанын, байығанын, ізденгенін, еңбектенгенін,  надандықтан бойын,  ойын аулақ ұстағанын көргісі келді. Сол бағытта арпалысты, алысты, бүкіл өмірін арнады. Шаршады.

Американдық бизнесмен Наполеон Хилл «Думай и богатей» [3] еңбегінде баюдың теориялық ілімін көрсеткен. Роберт Т. Киосакидың «Богатый папа, бедный папа»[4], Бодо Шефердің «Путь к финансовой свободе» [5] сол сияқты т.б. кітаптарында баюдың теориялық жолдарын жазған. Авторлардың ойы бір: оқырманды адал еңбекпен байлыққа жеткізу. Абайдың да ойы сол.  Алдындағы үш автор ХХ ғасырдың бизнесмен-жазушылары. Олар қала мегаполисінің капитализм дәуірінде өмір сүрсе, Абай шығармалары ХІХ ғасырдың қазақ даласында жазылған.

Н. Хилл, Р.Т.Киосакиде, Б.Шеферде адам баю алдында надандықтан арылып, сананың тазалығы алдыңғы кезекке қойылып, келген байлық адамның адами қасиеттерден айырылмай келу керек, байлық тек қара басың үшін емес, халыққа да пайдасын беру керек, кедейліктен еш пайда жоқ деген іліммен жазады. Ал Абай бұны бір ғасыр бұрын айтып кеткен.

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол, … дегені бизнесмен Н. Хиллдің де теориясындағы байлыққа жетудің  жолы осы: талап, еңбек, терең ой, қанағат рақым, ойлап қой…

Н. Хилл адам бойындағы жаман қасиеттерді тізбектеп жазады. Солардың қатарында байлыққа баратын жолды жауып тастайтын ең басты жалқаулық, ойын құмарлық, ойдың таза болмауында т.б. деп келтіреді. Абай да отыз бірінші сөзінде:  «Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».[2;463] Осы төрт кесел бизнеспен айналысуға қазіргі уақытта да кедергі жасайды.  Абай айтқан ой кеселдерінің бір кеселі өзі «бір нәрсеге құмарлық» – дегені қазіргі казино құмарлық деп қарасақ, соның өзі баюдың жолын жауып тастайтын нағыз үлкен кеселдің бірі екені сөзсіз.

Абай:

Сұлу аттың көркі – жал,

Адамзаттың көркі – мал.[2;258]

Бұл жерде «мал» -деген түсінік ол – ғылым, техника, өнер – деп те қараймыз.  «Сегіз аяқ» өлеңінің мына шумағына көңіл бөлейік:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

         Үйреніп, ойлап, мал ізде;

Адал бол – бай тап,

Адам бол –  мал тап,

         Қуансаң қуан сол кезде;

Біріңді, қазақ, бірің дос

         Көрмесең, істің бәрі бос.»[2;138] – Абайдың айтқан әр сөзінде бір – бір өсиеттің тұрғанын көреміз. Кеңес дәуірінде осындай өсиет сөздерді қабырға сөрелеріне ілгізген. Өйткені ол уақытта байлықты насихаттамаған кез.

Ал Абайдың негізгі идеяларының бірі – қазақтың байығаны, ал қазақтың байығаны – мемлекеттің байығаны. Байдың малы, жинаған байлығы бір жұттан қалмайтынын белгілі жайт. Ғылым мен өнер – өшпес байлық. Абай оны білген, сондықтан да қазақ баласының ғылым мен өнерге оқытудың бүкіл амалын жасауға тырысқан. Өзі балаларын Ресейге оқытуға жіберді. Ол уақытта, қазаққа ғылымды Еуропадан алатын мүмкіншілік болған жоқ.

Ресей тарихында І Петр – орыс халқының надандығымен күрескен тұлғалардың бірі. Еліне еуропа мәдениетін әкелді. Голландияның кеме жасау өнерін үйретті. Ол үшін, шаруа мен байлардың жас балаларын оқытуға Еуропаға жіберді. І Петр  Ресейдің экономикасын көтеруге ең алдымен халқының сауатсыздығымен күресті. Мәдениетін көтеріп, содан соң ғылым мен өнерге көп көңіл бөлді. Ұстаздарды Еуропадан алдыртты. Шенеунік, бояриндер мен купецтердің т.б. балаларын шет мемлекеттерде оқытты. Ғылым мен өнерді халқына әкелді. Ғылым мен өнер оңай келген жоқ.  Жүргізген билігі,  байлығы, орасан зор күштің арқасында келді. Соның нәтижесінде мемлекеті ірі державаға айналды. 1 Петр патшаның ұстанған саясаты, ойы, Абайдың  қырық бірінші сөзіне келетіндей: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек.

Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар болу керек. Үлкендерін қорқытып, жас баларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды  да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.

Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлим берсе, сонда түзелер еді.» [2;484] Бұл жерде «медресе» қазіргі – академия не университет не институт деп қарасақ: «дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар» – дегені өте тереңде жатыр.  Жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да –– бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасынан ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек.» [2;458] Абайдың залалынан қашық бол, пайдасынан ортақ бол, яғни жаманын алма, жақсысын ал дейді. Абайла, асыра сілтеп жіберме дегендей.

Абай орыстардан үйрен деді. Еуропа алыс, ол жақтың оқуына бару оңай емес, тілі мен қаражаты қазақ баласына өте қиын соғатыны белгілі. Ол заманда еуропада оқу тіпті мүмкін емес еді. Орыстар ғылымды Еуропадан алды. Еуропаның білім-ғылымы болмаса, М.В. Ломоносов,
Д.И. Менделеевтер т.б. шықпас еді. Абайдың орыс ғылымына қазақтың балаларын тартуы да осыдан. Жиырма бесінші сөзін аяқтай келе: «Турасын ойлағанда балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма.»[2;458]

Абайдың өлеңдері мен қара сөзіндегі экономикалық ілімі адам бойындағы жаман қасиеттерден алыс ұстатуға, асыл қасиеттерін ұштау арқылы  ғылым, байлық жолын көрсетеді. Абайдың отыз сегізінші сөзіне назар аударайық: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік. Үшінші залымдық деп білесің.

Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды.

Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талассыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады.»[2;479] Абайдың надандық, еріншектік, залымдықтан бойыңды алыс ұста деген идеясы – баюдың басты формуласы. Қазақтың байығанын, байлығын ғылымға жұмсауын Абайдың қара сөзі мен өлеңдерінде көптеп келтіреді. Кей жерде астарлы оймен де жазады. Оны «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар», «Интернатта оқып жүр» деген атты өлеңдерінде әдемі келтірген.

Жалпы Абайдың қара сөзі мен өлеңдерінде тәлім-тәрбие, терең ілім алатын экономикалық, философиялық ойлардың жиынтығын көреміз. Абайдың шығармашылығын оқып-үйренуге қазақ экономика ғылыми саласының басы-қасында жүргендер де ерекше ден қойып, терең ойланса деген үміттеміз.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Токсанбай С.Р., Үлкен экономикалық орысша-қазақша сөздік. Алматы 2008.

2.  Құнанбаев А. Толық шығармалар жинағы. Алматы 1961.

3. Н. Хилл Думай и богатей.  М. 2003.

4. Р.Киосаки «Богатый папа, бедный папа» М. 2004.

5. Ш. Бодо «Путь к финансовой свободе» М. 2010.

 

 

Сурет: vsemee.kz

Бір пікір »

  1. Пулатова Замира Сәуір 2, 2013 at 7:54 тд - Жауап

    Абай шығармашылығындағы экономикаға қатысы бар дүниелер өте көп. Ғылыми мақаланың жалпы экономика саласында білім алушыларға және ұстаздарға берер тағылымы мол. Абайдың “Базарға қарап тұрсаң әркім барар” деген өлеңі, кейбір шумақтарында кездесетін экономикалық мағынадағы сөздері, қара сөздері барлығын әлі де болса тереңірек зерттеп, болашақта жеке кітап етіп шығаруға болады.

Пікір жазу »

Жауп болдырмау үшін мынаны нұқыңыз.


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field