Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Қазақстан-Польша: ынтымақтастық игілігі

Шарипа Нуржанова Қаңтар 13, 2017 2
Қазақстан-Польша: ынтымақтастық игілігі

Жұбан Молдағалиев ағамыз айтқандай «мың өліп, мың тірілген» елдердің бірі – Польша. «Ноқтаға басы сыймаған» асау халықтың бас көтерер азаматтары сонау 19-ғасырдың орта тұсынан бастап Дала өлкесіне жер аударыла бастаған. Поляк революционерлері темір тордағы жолбарыстай бұлқынған қазақ арыстарына жөн сілтеп, ұлт-азаттық идеясының ел ішінде таралуына себепкер болған. Адольф Янушкевич, Густав Зелински, Бронислав Залесски бүгінде отандық тарихымыздың төрінен орын тепкен. Ал, қазақтың мың әнін жинап, бүгінге ұластырған Александр Затаевичтің жанқиярлық еңбегі екі ел өркениеті үшін де ортақ мұра болып табылады.

Бүгінде Қазақстан мен Польша арасындағы қарым-қатынастар тиімді ынтымақтастықтың барлық дерлік салаларын қамтып отыр.Экономикадағы жемісті байланыстарды білім беру өрісіндегі  ұлағатты алыс-беріс толықтыруда. Осы орайда Польша мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейіне айырықша назар аударғым келеді. Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы арасындағы ғылыми алмасу жылдан-жылға артып келеді. Мұның өзі екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға жақсы әсер етуде. Айтылып отырған мәселеге тікелей қатысым болғандықтан нақты мысалдар келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.
Өйткені, мен өзім еңбек ететін әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің оқыту­шы-профессорлары мен студенттері көп жылдар беде­лінде Польшаның іргелі жоғары оқу орын­дары­ның бірі – Адам Мицкевич атындағы Познань университетімен жанды қарым-қатынас жасап келеді.  Университет Польшадағы ежелгі де ірі мемлекеттік оқу орны болып табылады, оның тарихы бұдан 500 жыл бұрын бастау алады. Университеттің 15 факультетінде бүгінде 40 мың­нан астам студент оқиды.
Познань университеті ғалымдарының «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен де байланысы жоғары деңгейде. 2013 жылы ұжым­ның басшысы, саяси ғылымдар канддидаты Жұмабек Кенжалин Слубица қаласында болған халықаралық конференцияда Адольф Янушкевич мұрасы туралы мазмұнды баяндама жасап, Познань университетінде құрметті қонақ болып қайтқан еді. Содан келесі, 2014 жылы осы оқу ордасының саяси ғылымдар және журналистика факультетінің бір топ ғалымдары Алматыға арнайы шақырумен келіп, салиқалы ғылыми бас қосуларға қатысып қайтты. Факультеттің сол кезгі деканы, қазіргі университет проректоры, профессор Таудеуш Валлас бастаған, декан орынбасары, бүгінде декан лауазымындағы профессор Анджей Стельмах пен ұстаз Светлана Болтромюк қостаған делегация Алматы жоғары оқу орындарында  оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен жүздесіп, сондай-ақ  «Қазақ газеттері» ЖШС-на арнайы ат басын тіреген еді.Осы орайда делегацияны бастап келген Тадеуш Валлас мырзаның ЖШС құрамындағы рес­публикалық қоғамдық саяси «Мысль» журна­лының шетелдік Алқа мүшесі болып табылатынын атап өтемін. «Қазақ газеттеріне» қарасты газет-журналдардың бас редакторлары мен журна­листері қатысқан сол бір кездесуді ұжым басшысы Жұмабек Кенжалин мырза ашып, еліміздегі ақпараттық индустрияның бүгінгі жай-күйі жай­лы егжей-тегжейлі әңгімелеген болатын. Өз ке­зегінде Тадеуш Валлас мырза журналистердің сауал­дарына жауап бере келіп, факультетте 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 30-дан астам докторлар мен профессорлар жұмыс істейді, деп атап өткен еді. Сабақ беруге сондай-ақ өзге факультеттерден, Познаньның басқа да жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен кәсіптік орта өкілдері шақырылатынын, практиктер арасында белгілі журналистер, жарнама агенттіктерінің мамандары мен баспасөз хатшылары жетерлік екендігін тілге тиек еткен еді.Осы жолдардың авторы Познань университе­тінде бірнеше рет ғылыми тағылымдамадан өтіп, ізденген жанға берері мол, үйретері көп оқу ордасы екендігіне көз жеткізді. Мұнда дүние жүзінің түпкір-түпкірінен келген ғалымдар, студент жастар поляк мәдениетімен танысады. Университет  поляк тілін  әлемге таратып,  насихаттауда  көп іс тындырып келеді.  Поляк тілі және классикалық филология факультеті шетелдіктерге поляк тілін арнайы бағдарлама бойынша оқытып-үйретеді. Польша – мәдениеті биік ел болғандықтан әрі ел экономикасы тұрақты дамып келе жатқандықтан, поляк тіліне деген сұраныс та күннен күнге артып келеді. Бұл жөнінде әріптестеріміз айтып та, жазып та жүр. Айталық, поляк жастарының 85 пайызынан астамы бір немесе екі шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін жетік біледі. Шетел тілдерін оқыту Адам Мицкевич университетінде жақсы жолға қойылған. Оқу орнында ағылшын тілін жастармен қатар егде тартқан кісілер де ықыласпен оқып-үйренуде. Оқу орнындағы түркітану зерттеулерінің негізін белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Хенрик Янковский қалаған. Абайдың «Қара сөздерін» полякша сөйлеткен осынау бірегей ғалым жөнінде қаламгер Жұмабек Кенжалин Польша сапары туралы мақаласында сөз еткен болатын.
Енді профессор Янковски туралы өмірбаяндық мәлімет бере кетейін. Ғалым 1951 жылы Польша­ның Ломжа қаласында дүниеге келген. Жоғары білім алуды Варшава университетінде бастап, Ма­жарстандағы Будапешт университетінде жалғас­тырған, сонда 1981 жылы түркі және мажар тілдері бойынша мамандық алып шыққан. 1982 жылдан бері Познань қаласындағы А.Мицкевич атындағы университеттің оқытушысы болып қызмет істеп келеді. Ұстаздық қызмет және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар айналысқан ол 1986 жылы орал-алтай тілдері бойынша зерттеулері үшін докторлық (PhD), 1994 жылы қырым-татар тілдерін зерттеу нәтижелері үшін докторлықтан кейінгі (постдокторлық) ғылыми дәрежелерге ие болған. 1996 жылы университет профессоры, 2007 жылы титулдық профессор атағын алады. Қазіргі кезде Познань университетінің Азиятану кафедрасында қызмет істейді, сондағы түркі, монғол, корейтану бөлімшесін басқарады.
Х.Янковскидің 130-дан астам ғылыми еңбектері бар. АҚШ, Германия, Ресей, Финляндия, Голландия, Венгрия, Түркия секілді көптеген елдердің беделді басылымдарында ғылыми мақалалары жарияланып тұрады. Басты еңбектерінің қатарында «Орал және алтай тілдеріндегі есімшелі тіркестер» (1987, француз тілінде), «Қырым-татар тілінің грамматикасы» (1992, поляк тілінде), «Қырым жер-су атауларының тарихи-этимологиялық сөздігі» (2006, ағылшын тілінде, «Қырым-татар тілі» (2010, поляк тілінде) кітаптарын атауға болады. Жұбайы,  қазақ қызы Гүлайхан Ақтаймен бірлесіп 20 мың сөзді қамтитын «Қазақша-полякша сөздік» (2011) құрастырып шығарған.
Енді оқу орнындағы болашақ қаламгерлерді тәрбиелеу тәжірибесіне тоқталайық. Универси­тет­тің маңдайалды факультеттерінің бірі саяси ғылымдар және журналистика факультеті журналистика, саясаттану, халықаралық қатынастар маман­дықтары бойынша кадрлар даярлайды. «Журна­лис­тика және коммуникация», «Саясаттану», «Ұлттық қауіпсіздік», «Халықаралық қатынастар» сияқты кафедралар жұмыс істейді. Оқу ордасы алқалы халықаралық жиындарды жиі өткізіп тұрады. Солардың бірі – халықаралық саясаттану конгресі. Мен Польшаға биыл аяқ тірер алдында тәмамдалған биылғы конгреске жылдағыдай әлемдік саясат, халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция, БАҚ және бұқаралық коммуникация салаларын зерттеушілер мен мамандар жиналған екен. Шетелдерден,  сондай-ақ Польшаның барлық жоғары оқу орындарынан келген зерттеушілер ғылыми мәжіліс жұмысына қызу ат салысқаны жөнінде оқу ордасының проректоры, профессор Тадеуш Валлас мақтанышпен әңгімеледі.
Мақтанатындай-ақ бар. Бұгінде Польша әлем­дік саясатта өзіндік орынын иеленіп, экономикасы мен мәдениеті күн санап өрлеп келеді. Біздің елімізбен арадағы қарым-қатынастары да жоғары деңгейде. Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда поляк мемлекетіне барған ресми сапарының табыспен өткені куә.

Шарипа НҰРЖАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
аға оқытушысы

Сілтеме:http://economics.kazgazeta.kz/?p=18070

2 Пікір »

  1. Марал Қаңтар 13, 2017 at 9:05 тк - Жауап

    Қазақстанның Польша елімен қарым қатынасы ежелден жақсы ғой. тіптен бүгінгі күні де тамаша, мына мақала сол жақсы байланыстың нітижесін жазғандай екен.

  2. Жандос Қаңтар 13, 2017 at 9:08 тк - Жауап

    Жақсы жазылған екен, Польша туралы дерек іздегендерге таптырмайтын дүние.

Пікір жазу »

Жауп болдырмау үшін мынаны нұқыңыз.


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field