ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Катар мемлекетінің Доха қаласына жұмыс сапарымен барып, білім министрі Мұхаммед әл-Хаммадимен жүздесті. Кездесу барысында ҚазҰУ мен Катардың жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік мәселелері талқыланды.
Катар университетінің ректоры Хасан Дерхаммен кездесу барысында академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және тағылымдамадан өту мәселелері бойынша тікелей әріптестік орнату тақырыбында әңгіме өрбіді. Жақын арада екі жақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде Қазақстан-Катар ғылыми-білім беру орталығын ашу хақында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға уағдаласты.
Сондай-ақ, Ғалым Мұтанов құрамына Шейх Хамад бен Халиф атындағы университет пен «Carnegie Mellon» университетінің бөлімшесі кіретін, халықаралық танымал «Qatar Foundation» қорының нысандарын аралады. Аталмыш оқу ордалары мен қор басшылығы өздері басқарып отырған мекеменің қызметімен танстырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен әріптестік орнатуға ниетті екендерін жеткізді.
ҚазҰУ-ға бұған дейін әріптестік орнату мақсатында Орталық банк төрағасы Абдалла бен Сауда Әл-Тани басқарған Катар мемлекетінің делегациясы іссапармен келгенін ерекше атап өтуге болады. Ол ҚазҰУ-дың жетістіктері мен даму қарқынын, білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Кездесу барысында исламдық банкинг пен қаржыландыруды дамытудағы әріптестік мәселесіне баса назар аударылған болатын.
ҚазҰУ Баспасөз қызметі