Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

СЫЙҒА ТАРТҚАН ФОТОАППАРАТ

Шарипа Нуржанова Қаңтар 15, 2016 0
СЫЙҒА ТАРТҚАН ФОТОАППАРАТ

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

филология ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

 

СЫЙҒА ТАРТҚАН ФОТОАППАРАТ

 

Әз ағаның ұсынған жәдігер сыйын көрген сайын қасіретке толы өткен дәуірдің елесі еріксіз көз алдыма тұра қалады.

1992 жылдың сәуір айының соңғы күндерінің бірі. Бұйырса, алдын ала уәде бойынша қазақ киноөнерінің майталманы Ескендір Мұхамеджанұлы Тынышбаевпен дидарласпақпын. Көңіл түкпірінде “қалай болар екен?” деген аздаған қобалжу бар. Ару қала таңы ақ көрпеге бөлеп қойғандай тысқа шықсам айнала түп-түгел аппақ-ау, аппақ. Көктен төгілген күн шапағымен ақ мақтадай мамық қар шағылысып жанарыңды қарықтырады. Күллі әлем кіршіксіз тазарып, дүйім дүние тегіс әп-сәтте өзгеріп, аспан мен жер арасы аққалаға, Алматы пәк қалаға айналып кеткендей әсер етті. Әлгі қобалжыған көңілімді еріксіз шаттық билеп, тынысым кеңіді, санамда сансыз шам жанғандай бойға қуат беріп, қанат бітіргендей ерекше сезім құшағындамын. Асылы, табиғат – шебер суретші ғой!..DSCN6232

“Ата көрген оқ жонар” демекші Ескендір кәсіби мамандық таңдауда қазаққа тосындау көрінген техника мен шығармашылық өнерді ұштастыруды мақсат етті. Тұрар Рысқұлұлының ақылы әрі тікелей көмегімен 1930 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік киномотография институтына  (ВГИК) қабылданады. Ширек ғасыр бұрын Есағаңмен – Ескендір Мұхамеджанұлымен жүздесудің сәті осылай түскен еді. Сол жолы аңызға айналған ағаның өз аузынан біраз сырға қанығып, олжалы қайтқан едім.

– Тұрар Рысқұлұлының Әзизаға үйленуіне мен себеп болдым. Тұрармен Көкшетауға барып Әзизаны таныстырған мен, – деді ол өңешіне жасалған отадан тыныс алған сайын әлсін-әлсін тамағын қырнап қойып.

– Күләш Байсейітова  көшесі  бұрын    Фрунзе   атында   болатын.  Біз   кәзіргі Совминнің   ауруханасы   орналасқан  жерде  Майсепшин дегеннің   үйінде  тұратынбыз.  Міне,  осы   үйден   1932   жылы  сәуір  айының  22-сінде  әкемді    НКВД   тұтқындаған. Мен  ол   кезде   Мәскеуде   оқуда    болатынмын. Қарындасымнан:  «Папа   уехал  в   курорт   абакты», – деген жеделхат   алдым.  Әкемнің  Воронежге   жер   аударылғанын  кейіннен   естідім. Воронежге жер аударып әкелген соң әкеме “ал енді, өз күндеріңді өздерің көріңдер, жұмасына бір мәрте бар екендіктеріңді білдіріп, міндетті түрде белгіленіп тұрасыңдар” дейді. Бейтаныс қаланы аралап, жұмыс іздеп жүрсе алдынан “Москва–Донбасс” деп ірі әріптермен жазылған мекеме маңдайшасына көзі түседі. Кіріп көрейін деп, келіп басшыларының аты-жөндері жазылған тақтаға үңілсе бастығы Перелиман, бас инженері Шатов. Бұрыннан таныс, бірге қызметтес болған ескі достары. Содан бастығы Перелиманның кәбинет есігін қағып, кіріп барады. Перелиман: “Мұхамеджан, Сені мұнда қандай тағдыр айдап келді?!” деп, құшағын жая даусы гүрілдеп қарсы алады. Мән-жайға қаныққан ол “менің орынбасарым бол!” деп бірден ұсыныс жасайды. Әкем: “жоқ, жай инженерлік қызмет жарайды” дейді. Сөйтіп бас инженер Шатовпен жүздесіп, мәз-майрам болып, қуанысып қалады. Сонымен әкем жоспарлау бөлімінің аға инженері қызметіне орналасады.

Әкемді  іздеп Воронежге  келдім. Ол уақытта кино-фотомен айналысқандардың табысы тәуір еді. Мен гонорарды едәуір жақсы алушы едім. Күздің қара суық күні болатын. Әкеме оңаша үй, бір сиыр сатып әпердім. Жеті қой сойып, базардан 300 килограмм картоп әкеліп, шамам жеткенше үй-жайын, азық-түлігін қысқа қамдауға дайындастым. Жанша, Халел Досмұхамедұлы ағайлардың үйлеріне барып есендесіп шықтым. Ғазиз жандар бұл кезде әбден зәрезап болып, бір-бірімен араласуды сиреткен екен. Сірә, өздері сырт көзге күдік туғызбас үшін әдейі келісіп алған болуы да ықтимал. Мен көңілдегі алаңым басылып, Мәскеуге қайтып оралдым. Жиырма бір күннен соң мені де қамауға алды. Сондағы НКВД-ның маған таққан айыбы: «Воронежде болған, әкесімен кездесіп, Алашорданың тапсырмасын алған» деген, үш ұйықтасам түсіме енбейтін жалған жаламен он жылға айдауға жіберді. Сол ұсталғаннан 1944 жылы босанып бір-ақ шықтым. Соловкиде болдым. Бір жолы Беломорканалда Міржақып Дулатұлы ағаймен кездейсоқ жүздесіп қалдым. Ол Беломорканалда Онежец көліне таяу Повинец лагерінде санитар міндетін атқарды. Жақаң мені бірден жазбай танып: «Келіп тұр!», – деп айтқаны әлі құлағымда. Басқан қадамың айрықша бақылауда, қайда барарсың!?

DSCN6229

Әкем ұсталған соң Рыбинскіде жүргенімде іздеп келді. 1935   жылдың көктем айы еді. Еділде сең жүріп жатқан. Айдауда мен өз   жоспарымды 400–450 есе артық орындап, стахановшы атанып, атағым   шығып жүрді. Маған әкемнің соңымнан келгендігінен хабар берді. Лагер  бастықтарынан жиырма күнге рұқсат алдым. Бірақ лагер әкімшілігіне Еділдің арғы бетіне өтем деп жазатайым өміріме қауіп төнгендей болса, ешкімге кінә тақпайтынымды білдіріп қолхат беруіме тура келді. Сағыныштан құстай ұшып, мұздан мұзға секіріп, әрең қарсы бетке өтіп, әкеммен ұзақ құшақтасып тұрғаным әлі көз алдымда. Люкск монастыр аталатын кішкене деревняда әкелі-балалы екеуміз құшақтасып жиырма күн бір төсекте жаттық. Әкем сонда: «Мен үшін азап шектің ғой, жаным!» – деп, кешірім сұрай келіпті.

– Сексеннің сеңгіріне шыққан Есағаң селкілдеп, кемсеңдеп, көз жасына ерік берді. Сәлден соң   жасаураған көзін қол орамалмен сүртіп,  «Бұл  менің   әкемді   ақырғы   көруім  екен», – деп  күрсініп, сәл-пәл  тыныс  алып  отырды.

– Соңғы рет әкем 1937 жылы Ташкентте ұсталды. Тағы да қарындасымнан жеделхат алдым: «Папа, опять, уехал в санаторий абакты» – деген. Мен  отырмын қамауда, әкем және ұсталып кетті. Таңертең тұрып   айнаға қарасам, шашым аппақ қудай болып, уайымнан басымның құйқасы қотырланып, жара болып кетті. Шаштаразға барып шашымды ұстарамен қырғызып, тақырлап алғыздым. Екі-үш айдай басымнан қан ағып, кейін әйтеуір  тоқтады-ау…

Есағаңның әңгімесінен қайғы-қасіреті мол сол бір жаралы жылдар бейнесі көз алдымызда кино кадрларындай сырғып өтіп жатты. Елу жыл  камера арқалаған, қазақ киноөнеріндегі шоқтығы биік көркемсуретті және деректі фильмдерді түсірген қарт оператор әңгімесін кілт үзіп, отырған креслодан еппен тұрды да, қарсы беттегі суырманы аша бастады. Қайта  отырған  ол:

«Мынау – немістің «ZEISS IKON» аталатын фотоаппараты. Жұрт жапонды мақтайды. Мен өзім немісті жақсы көремін. Бұл менімен елу-алпыс жыл бірге жүрген. Осы аппаратпен баға жетпес мыңдаған тарихи кадр мұрағат қорында сақталды. Әлі есімде: ауылшаруашылығына арналған көрмеде 16 шаршы метр аумақты қамтыған тамаша фотосурет түсірдім.

Аманқос інім, фотоаппараттың сыры – иесіне мәлім. Бұл өзі тікелей қарсы түскен жарықты онша жаратпайды. Қапталдан, көлденең жарықты ұнатады. Объективінің кереметтігінде мін жоқ! Өте ыңғайлы, қалтама саламын да жүре беремін. Кәзір көзім көріңкіремейді. Мен, міне, осы фотоаппаратты саған сыйладым. Ешкімге беруші болма, мен бүгін бармын, ертең жоқпын, бұл бір тарих болсын», – дегені құлағымда жаңғырып тұр.

Расында, аталған аппарат тәжірибеде алып жүруге өте ыңғайлы әрі шағын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орыстың «Москва» аппараты немістің «ZEISS IKON» фирмасының тұп-тура көшірмесі болатын. Алайда 6´6 форматтағы «Москвамен» салыстырғанда «ZEISS IKON» фотоаппараты 4,5´6 форматта түсіретіндіктен плёнканы бір жарым есе үнемді қолданатын артықшылығы бар…

Біз Есағаң мен Александра Дмитриевна жеңгемізге қош айтысып, сыртқа шыққанымызда Алматы аспанында табиғаттың шашуындай жапалақтап қар жауып тұрды. Бұл аппақ қар халқымыздың ақпейіл, ізгі ниетіндей санамызды сергітіп, бет-жүзімізді жуып жатты…

 

 

 

 

Суретте: 1. 23 жастағы Ескендір Мұхамеджанұлы Тынышбаев кинокамерамен түсіру сәті. 1932 жыл. Іле Алатауының бөктерінде.

  1. Әкелі-балалы Тынышбаевтар. Воронеж қаласы, 1932 жыл, күз айы.

 

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field