Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

АХАҢНЫҢ ХОББИІ

Шарипа Нуржанова Қаңтар 15, 2016 0
АХАҢНЫҢ ХОББИІ

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

филология ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

 

АХАҢНЫҢ ХОББИІ

XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында кино-фото өнерінің қоғамдағы орны – бүгінгі электронды технологияның мән-маңызынан бір мысқал да кем болған жоқ. Ресей империясы XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақ Даласын отарлаудың рухани-этникалық жаңа сатысына көшті. Мұның мәнісі енді Ресей империясы қол астындағы бұратана санайтын төрүктектес ұлыт пен ұлысты отарлап қана қоймай, ғасырлар бойы жасампаздықпен жаратқан бай этномәдениетін сіңіріп алуды алдына мақсат етіп қойды. Қазан қаласында құрылған миссионерлік бағыттағы рухани академия империяның мүддесі тұрғысынан төрүктекті ұлытты осы бағытта жан-жақты зерттеумен шұғылданды. Ресейде шығатын баспасөз бетінде қазақ халқының этнографиялық тұрмыс-тіршілігін алуан қырынан қамтыған жарияланымдармен қатар оқта-текте көркем фотосуреттер де басылып тұрды. Мәселен, 1988 жылы Мәскеудегі В.И. Ленин атындағы кітапхананың “Арнайы қорынан” “Тургайская газета”ның 1903 жылғы №25, 26, 28, 31, 32, 44 сандарында көшпелі қазақ тұрмысын сипаттайтын ғажайып фотосуреттерді тамашалағаным әлі көз алдымда тұр. Бір ғажабы, аталған газеттің көпшілікке беймәлім билік басындағы жоғары лауазымды ақсүйек азын-аулақ топқа ғана арналған иллюстрациялық қосымшасын қолмен ұстап, көзбен көрудің бақытына ие болған едім. Әлбетте, көшірмесін алудың ол кезде еш мүмкіндігін таппадым. Соңғы жылдары Ресейдің Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінің қорында сақталған халқымыз өмірінің дәстүрлі мәдениетін бейнелейтін сирек кездесетін суреттер топтастырылған фотоальбом жарық көрді. Алаш зиялыларының өмірін әр қырынан танытатын тарихи суреттермен де оқырман қауым көзайым бола бастады. Сондай-ақ алаш арыстары арасында фото-кино өнерді серік етіп, зор қызығушылықпен машықтанғандар баршылық. Бұған дейін жазылғандай Шәңгерей Бөкейұлының (1847–1920) фотоға түсірумен әуестеніп, бүгінгі күнге жеткен бірсыпыра керемет суреттері сақталғандығы мәлім.

Ағартушы-ұстаз, ғұлама ғалым, көсем тұлға Ахмет Байтұрсынұлы да қолына фотокамера ұстап, өз дәуірінің сан алуан қайталанбас тылсым сәтін қаз-қалпында суретке тартуды әдеттегі сүйікті ісіне айналдырды. Білімпаз жан сурет өнерімен шұғылданған әзірдегі фотоаппараттың жетілмеген қарабайырлығы мен күрделілігі сондай – бірден тілін тауып, қыр-сырын тегіс меңгеріп кету оңайға соққан жоқ. Оның себебі табиғи жарық көзіне байланысты объективті дәлме-дәл есеппен ашып-жауып, суретке түсіргенде қолмен реттеу – кәсіби дағды мен аса шеберлікті талап ететін. Қазақ даласында кең етек жая қоймаған тосын өнерді машықтанған мамандардың өте сирек кездесуі және бұл салада тәжірибенің аздығы да әсер еткені сөзсіз. Сол сияқты елді мекендер электр желісімен толық қамтылмағандықтан фотосуретті әзірлеу үдерісі негізінен білте шамның көмегімен іске асатын. Ал фотосуретті шығару барысында арнайы химиялық дәрі-дәрмектерді пайдалану нәтижесінде қажетті ертінділерді дайындай білудің де машақаты шаш етектен еді. Міне, мұндай қиындыққа қарамай фотоөнерді Ахмет Байтұрсынұлы кәсіби шебер игергендігін бізге жеткен жалғыз суретінен анық аңғаруға болады. Ол фотобейненің бір шеті жыртылған, толық еместігін көзі тірі куәсі – асылдың сынығы Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова апайларымыздың өз ауыздарынан естіген едік. Енді әлгі жәдігер сурет тарихын баяндамас бұрын сәл шегініс жасап, өз топшылауымызша, Ахаңның фотоөнерді үйренуге деген қызығушылық ықыласын оятқан себепке тоқталсақ.

Ана тілін түрлеген Ахаң тұңғыш рет төл емлемізбен жарыққа шығарған ұлыттық мерзімді баспасөз “Қазақ” газетін (1913–1918) бастырып тұрған шақта басылымды фотосуретпен безендіріп, деректілігі мен эстетикалық әсерлілігін тиімді қолданатын қажетті құрал-аспаптың зәрулігі – еріксіз қолбайлау болып, шарасыздықтан талай мәрте іштей қынжылтқан еді. Шәкірттерге арналған ізашар, төлтума мектеп оқулықтарының бірнеше басылымын толықтырып, дайындау үстінде ауадай қажет ұлыттық тәлім-тәрбиелік мәні зор, бояуы қанық орындалған фотосуреттердің жетіспеуі – еңбектің көрнекілік сапасы мен ажары келісті тартымдылығына кәдімгідей нұқсан келтірді. Сондықтан Ахаң фотоаппаратқа қолы жеткендей мүмкіндік туа қалса, бұл өнерді ғылым-білім саласындағы ізденісіне шығармашылық таяныш етуді көздеді. Ол бұл мақсатына жетті. Суреткердің фотокамерасына отандық тарихымыздан орын алуға тиіс маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар, күрескер серіктерінің ұлыт мүддесі жолындағы азап пен қауіп-қатерге толы тағдыр тәлкегі, талай-талай дәмдес, аралас-құралас аймаңдай жақсы мен жайсаң азаматтардың бейнесі, отбасылық өмірдегі қызықты сәттер назардан тыс қалмағаны шүбәсіз. Алты алаш ардақ тұтқан Ахаңның жеке мұрағатында сақталған ұлыттық фотошежірені мазмұндық, тақырыптық жағынан байытатын құнды суреттердің бір парасы – баспаға өткізіліп, қолды болып, көз жазып қалған “Мәдениет тарихы” іргелі зерттеуінде иллюстрация ретінде енгізілген екен. Орны толмас рухани қазына туралы еске түскенде өзекті ащы өкініш өртеп өтеді. Қазақтың ары саналған Ахаңды кеңестік қызыл саясат нақақтан “халық жауы” деп қаралап, жазасын ұзақ мерзім азап лагерінде өтеуге кескені белгілі. 1936 жылы айдаудан оралған Ахмет Байтұрсынұлы Қазақстанның Орталық музейіне ұлыттық тұрмыстық заттар туралы кеңес беруші қызметіне қабылданады. Сөйтіп мұражай қорындағы орыстың қылқалам шебері Н. Хлудовтың қазақ өміріне арналған серия бейнелеу өнеріне талғампаз жан сараптамалық сын пікір жазып, реалды шындықты бұрмалаған өрескел қателігін нақты дәлелдермен талдап, түзету жасауы кескіндеме өнері саласына қосылған сүбелі үлес деп бағалауға тұрарлық. Демек, Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының фотоөнерді ұршықтай иіріп, дөңгелетіп әкетуі заңды құбылыс екен. Өкініштісі, кешегі қазақтың басына төнген алағай-былағай, аумалы-төкпелі, зұлмат заманда рухани көсем дұшпанның қарауыл нысанасына алғашқылардың бірі болып ілікті. Шолпан Ахметқызының бізге берген дерегінше, “НКВД қызметкерлері Ахаңды тұтқындауға келгенде жеке кітапханасы мен қолжазба еңбектерін, газет-журнал түптемелерін, жазысқан хаттары мен суреттерін, тұтынған кейбір заттарына шейін дымын қалдырмай сыпырып 12 қанар қапқа жүктеп, тәркілеп әкеткен”. Егер сол бай рухани қазына сақталғанда, өре деңгейіміз қаншалықты биіктей түсер еді! Жалпы, бұл алапат зобалаңға ұшыраған күллі алаш арыстарына тән ортақ қасірет. Қызыл империяның жазалау әдісі қара танитын көзі қарақты қазақты түгел жалмап, артында ізін қалдырмауға барынша әрекет етті. Ендеше, өткен ғасырдың 20–30-шы жылдардағы кеңестік қызыл империяның жүргізген отарлау саясаты – қазақ ұлытының табиғи даму үдерісін мың жылға тежеген орны толмас қайғы-қасіретке душар қылған тарихи қылмыс.

Суретте: отбасылық ақ дастархан басында бас қосып, шәй ішер алдындағы сәт бейнеленген. Үстел үстінде буы бұрқыраған самаурынның кернейіне кигізілген кәмпірекке демделген аққұман қойылған. Ақ дастарханды жағалай қоршаған орындықта солдан оңға қарай Шолпан Ахметқызы, Іңкәр Ахметқызы Бірімжанова жайғасқан. Осы суреттің тарихын жақсы білетін Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың айтуы бойынша түпнұсқа фотоның екінші шетінде қарама-қарсы отырған Бәдрисафа Байтұрсын келіні бейнеленген екен. Іңкәр – арғы атасы Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты (1905–1906) Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың қызы. Нағашы жұрты әйгілі Әлмұхамед Сейдалиннен тарайтын зиялы әулет. Шолпан мен Гүлнәрдің сыныптас құрбысы Іңкәр Бірімжанова Малдәрігерлік институтының 1935 жылғы түлегі, биология ғылымдарының докторы, Медицина институтының физиология кафедрасын ұзақ жыл (1950–1980) басқарған меңгерушісі, профессор.

Енді қолда бар фотосуреттің композициясына көңіл аударсақ, Ахаңның бекзаттық болмыс табиғатын танытқандай портреттік жанрдан байыпты парасаттылық сезіліп тұрады. Сарғайған суреттің техникалық орындалуында да мін жоқ, тайға таңба басқандай ап-айқын.

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field