27-30 қазан аралығында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «ЕрАзамат» қоғамдық бірлестігі және ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының қолдауымен көшбасшы әйелдер апталығы өткізілді. Осынау іс-шара барысында 30 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Л.С. Ахметованының «Алматы қаласы көшбасшы әйелдері» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер кешіне қонақ ретінде аталмыш кітаптан орын алған еліміздің көшбасшы әйелдері шақырылды.
Шараны ашқан журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы қайраткер әйелдердің қоғамдағы орнына тоқталды.
Зейнет жасынан асса да, ел үшін қызмет етіп жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы әкімдігінің Әйелдер және отбасы демографиялық саясаты комиссиясының мүшелері Клара Летникова және Күмісжан Өмірбаеваның, «Шырақ» Мүгедек әйелдер Ассоциациясы ҚҚ төрайымы Ләззат Қалтаеваның өнегеге толы тағылымды әңгімелерін студенттер аса ықыласпен тыңдады.
Кездесу барысында Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры, «Шырақ» Мүгедек әйелдер Ассоциациясы қоғамдық қоры мен журналистика факультетінің арасында меморандумға қол қойылды.
ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова шараны қорытындылай келіп, қонақтарға алғыс білдірді, болашақта тығыз байланыс орнатып, бірлескен іс-шаралар өткізу туралы ойын жеткізді. Келесі кітапқа тек Алматы емес, республикамыздағы көшбасшы әйелдер енсін деген тілегін білдірді.
Студенттік баспасөз Орталығы