Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Сын шырайы – шындық

Шарипа Нуржанова Мамыр 22, 2015 0

 

ғалым Гүлнар Өзбекованың мерейтойына орай

 

     Сын, соның ішінде әдеби сын (дұрысында-әдебиет сыны) туралы соңғы ширек ғасыр жүзінде кәсіби ортада тұңғыш рет өткізіліп отырған алқалы басқосуға-«Заманауи ақпарат кеңістігіндегі журналистика және әдеби сын» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік семинарға филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қазақ журналистика ғылымының қабырғалы қайраткері Гүлнар Өзбекованың мұрындық болуы оңаша ойларға жетелейді. «Қазақ әдеби баспасөзінің қалыптасу, даму жолдары» тақырыбына докторлық диссертация әзірлеген әріптесіміз осыған орай әдеби үдерісті ой елегінен өткізіп, ғылыми екшелген еңбектерін жамиғат назарына ұсынды. Журналистика мен әдеби сынның тонның ішкі бауындай біте қайнасып, жымдасқан байланыстарына жете бойлады. Мақсаты биік Гүлнар белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиясындағы қазақ жері тарихының жазылуы» атты диплом жұмысын «үздік» бағаға жақтап, ізденістерін журналистика мамандығы бойынша аспирантураның күндізгі бөлімінде ілгері ұластырды, сөйтіп 2001 жылы арқалы ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақыптың ғылыми жетекшілігімен «Қазақ энциклопедиялық басылымдарының проблемалары» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 2009 жылы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен «доцент» ғылыми атағына ие болған ұстаз-ғалым бүгіндері Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасында доценттік қызмет атқарады.

     Ғалым мерейтойы ғылым мәртебесін көтереді. Міне, осы салиқалы басқосу өзегі болып отырған «Сын» ұғымының ауқымы кең. Қазақтың «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген нақылы тура өмірдің өзінен алынған. Мін дегеніміз қандай да бір кемістік, олқылық, жетіспеушілік. Сын жоқ жерде мін көбейеді. Ауызымен құс тістеген небір алпауыт империялардың келмеске кетуін де кетілген тұсты түзеп, қисықты тезге салатын сынның аздығынан немесе саяздығынан деп түсіну керек. Өйткені, сын дегеніміз қиып түсер қынсыз алмас қылыштай қиянат пен кемшілікке кеңшілік бермей, әділетсіздікті түп тамырына дейін тып-типыл тыия отырып, болашаққа ұмтылған қоғам қолындағы қуатты қаруға айнала алады. Өз мініне өзгенің көзімен қарай алмай, жауырды жаба тоқыған қандай қуатты ел болмасын тоқырау тұтқыны болатынына күні кешегі Кеңес мемлекетінің абыройсыз, талансыз тарихынан көз жеткіздік.

         Сондай-ақ сынның адамның рухани болмысының қалыптасуында да алар орны ерекше. Өйткені, ес жиып, етек жапқан кез келген пенде мінезі мен кейіп-келбетіндегі, ілім-біліміндегі олқылықтың орнын толтыру арқылы өз бойындағы артық-ауыс кемшіліктен арылып, төңірегіндегі ортаның талабы мен талғамына сай келуге, қатарынан қалмауға тырысады. Ертеде ел билеуден талабы бар жастар данышпан қарттардың сынынан өтіп, ақыл-кеңес сұраған, баталарын алған.

   Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тарихының көрнекті тұлғаларының бірі Тархан Жәнібек туралы мынадай классикалық әфсана келтіреді. «Белгілі батыр, әрі шешен Шақшақ Жәнібек Төле биге сәлем бере келіп:

       – Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, үлгі алып, билік құрайын ба? Елінде кәрің болса – жазулы хатың, жайлаған көліңнің алдында төбе болса – ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім – депті.

       Сонда Төле би:

                       Өгізге ер салма, қанатың талар.
Наданға көзіңді салма, сағың сынар.
Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер,
Дұшпаныңа шыңыңды айтпа, түбіңе жетер.
Жал-құйрығы қалың деп, жабыдан айғыр салма,
Жаугершілік болғанда, жағдайлап мінер ат тумас.
Жақының үшін, жақсының жағасынан алма,
Жерің тарылар, ит жүгіртіп, құс салсаң
Әуейі боларсың.

                     Әйел алсаң, көріктіні алма, тектіні ал.
Мақтаншақ жігіт жисаң, жөніңнен шығарсың.
Ұрыншақ ат жаз жарға, қыс қарға жығар.
Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі жұт болар,
Ақылдың түбі құт болар.
Қарап отырғанша, бір нәрсеге жарап отыр.
Кәсіп болмай нәсіп болмас.
Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш,
Ел шетіне жау келсе, қабырғалы биге күш.
Менің ақылым осы,— деген екен».

       «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым!», деп Сүйінбай ақын айтқандай, ұстаз-ғалым көтеріп отырған ауқымы кең, тамыры терең, тақырып көңілдің терең түпкірінде бұйығып жатқан ой-толғанысқа қозғау салғанын сыналай айта кеткім келеді. Олай дейтінім, кезінде осы Гүлнар ханым сияқты әдеби сынға мойын бұрған едім. Алайда, дүниетаным мен саяси көзқарасымның үстем идеология-кеңестік отаршыл саясатқа керағар келіп, іштей қайшылықта болуы себепті бұл тақырыпты заманы туғанға дейін «жылы жауып» қойған болатынмын. Енді сол «көмбеге» мерзімінен бұрын оралудың, ауызға алудың сәті түсіп тұр, бұл үшін ғалым қарындасымызға мың да бір алғыс.

     Осы орайда төбесі қылтиған тағы бір мәселені айналып өтуге болмас. Ғылымның ең басты қозғаушы күші адами әлеует, өмірін инемен құдық қазған ізденіске сарп ететін зерттеуші, ғалым екені белгілі ғой. Сондықтан да ғалым мерейтойы, ғалым ашқан жаңалық, жариялаған оқулық пен монография ғылым әлеміндегі айтуға тұрарлық әңгіме, ортаға саларлық оқиға болуы, ғылымның, ғылыми ұжымның мерекесіне айналуы тиіс. Шынтуайтына келгенде, мерейтой атаулы жеке кісінің өміріндегі бел-белес қана емес. Ғылым тұрмысы тұрғысынан алғанда ол ғалымның қоғам алдындағы, әріптестері алдындағы, өзі пұшпағын илеп жүрген сала алдындағы жеке есебі, алда тұрған жоба-жоспарларын жамиғатпен бөлісуі іспетті. Өйткені, кез келген қабырғалы қайраткердің мерейтойы ғылымдағы жетістіктерді таразылауға, олқылықтарды талап пен талғам таразысына тартып, ой елегінен өткізуге арналады. Мәселен, Қаныш Сәтпаев мерейтойында геология ғана емес, қазақтың бүкіл жаратылыстану ғылымы, Әлкей Марғұлан тойында тарихтан фольклорға дейінгі гуманитарлық ғылымдар ахуалы сөз болғаны жадымызда.

     Қайткенде де ғалымға, ұстазға қатысты ғылыми-көпшілік және ұйымдық-ағайынгершілік шараларды жобаға алып, ұйыстыруға ұжымның ұйытқы болғаны қисынды. Мұндайда мерейтой иесінің жамиғатқа жағымды мерекелік көңіл-күй ахуалын жасау үшін ақ тер, көк тер болып, шырылдай жүгіріп жүруі адамгершілік ауылынан алыстау, ал безбүйректікке жақын жатыр. Аталып отырған кезеңде ұстаз атаулының ұжым алдында да, шәкірт алдында да жинаған атақ-абыройы, ғылыми-педагогикалық жетістіктері аз болмайды. Сондықтан оған төрде отырып құрмет көру жарасса да керісінше сол төрге алшаңдай басып ұжымның игі-жақсылары жайғасатыны жасырын емес…

     Енді аяңдап сын ауылына келейік. Сын – ізіне түскен талапкерден іркіліссіз ізденісті, мамандану мен машықтануды талап етеді. Журфактың, ішінара филфактың кез келген студенті еліктеу-солықтау кезеңінде публицистика мен әдебиет жанрларында күшін байқап көріп, қабілет-қарымының деңгейі мен «жұлдызының тууына» орай таңдаған саласына тұрақтап қалады ғой. Солардың бірі ретінде дипломдық жұмысымда «Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы және тарихи-революциялық проза» («Роман А.Нурпейсова «Кровь и пот и историко-ревлюционная проза») тақырыбына М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің әдеби сын кафедрасында Гүлнар сынды «үздік» бағаға жақтағанмын. Ғылыми жетекшім сол кезгі Одаққа белгілі, беделді әдебиетші-ғалым, «Литературное обозрение» журналының алқа мүшесі Валентин Дмитриевич Оскоцкий-тін. Алматының әдеби ортасы жылы қабылдаған бұл еңбекті кейбір іскер ағайындар ізімен Мәскеуде жеделдетіп диссертациялық ізденістер өзегіне айналдырудың, іле-шала зерттеу кітабын жариялаудың да «іздегенге сұраған» дегендей реті келіп тұрды. Бірақ, жоғарыда айтқандай, бір ұшы саясатқа барып тірелетін иірімі терең тақырыпты обьективті тұрғыдан зерделеу жолы жабық болатын. Ал, арды аттап   лауазым алып, атақ иеленуге Алаш ұранды ата-баба аруағы, ақырып теңдік сұраймын деп жаппай жазалау және қолдан жасалған ашаршылық құрбандары болған қаймана халқым мен торғайлық ағайын-туыстарымның көз жасы жібермегенін тұңғыш рет ауызға алып отырмын.

     Екінші тоқсауыл көркемөнер мен қоғамдық сана түрлерін толықтай коммунистік саясатқа, шынтуайтына келгенде ұлыорыстық отарлық үстемдікке бағындырып, үгіт пен насихат құралына айналдырған советтік идеология аясында ойыңды ірікпей айту қылмыспен барабар әрі әрі басыңды бәйгеге байлайтын көзсіз әрекет еді. Патшалық Ресейдің миссионерлік мақсаты мен кеңестің зымиян «социалистік интернационализмі» және «ұлттар достығы» тарихты бұрмалау, қылмыс пен қиянатқа құрылған советтік болмысты боямалап, жылтыратып көрсету, жаулап алынған халықтардың, соның ішінде қазақтардың өскелең ұрпағын тілі мен дінінен бездіру мақсатын көздейтін. Әдебиет, әдеби сын, журналистика, қоғамдық ғылымдардың да көздейтіні осы-тын. Сөйтіп, бұратана ұлттардың өкілінің қолына қалам алғаны қару алғанмен, оны өз жұртына кезенгенмен, санасын улап, рухани өлтіргенмен барабар болатын. Меніңше, «ұлы орыс халқымен мәңгілік достықты» дәріптеп, советтік құрылысқа шаң жуытпай, «күн көсемге теңеу таппай қиналған» қазақ совет әдебиеті мен журналистикасы қайраткерлеріне әділ тарих үкім шығарар Уақыт та алыс емес деп ойлаймын.

       Семинарда сөз алған шешендер әдеби сын мәселелеріне әрқилы қырдан көз жіберіп, тың пікірлер түюге тырысты. Мәселен, белгілі журналист Серік Жанболат «сын дегеніміз-PR» деген оймақтай ойдың ұшығын шығарды. Расында да солай, бұған ғалымдарымыз С.Медеубектің, Қ.Мұқатаеваның, Б.Омарованың, Б.Әсембаеваның, Р.Әбдиеваның, Л.Мұхамедиеваның кітап менеджменті мен маркетингі мәселелеріне арналған оқулықтары мен мақалаларын, сондай-ақ Г.Өзбекованың ғылыми ізденіс туындыларын парақтап шыққан оқырман көз жеткізе алады.

Белгілі көсемсөзші Мырзан Кенжебайдың семинардағы сөзі «сын шын болсын» деген тұжырымға сайды. Ұлы Ғабит Мүсіреповке тиесілі қанатты сөз ақиқатында әдеби үдерістің мәні мен мазмұнын да, формасын да айқындауы тиіс. Алайда, тәуелсіздік қолға тигеннен бергі ширек ғасыр ішінде ғылымда да, әдебиетте де отаршылдық зардаптарын зерделейтін туындылардың көріне қоймау себебі орыс оккупант-отаршылары геноцидтік, фашистік әдістермен жүргізген қырып-жою мен ұлт зиялыларын сұрыптаудың халық өсімін тежеумен қатар еркін ойдың тамырын қиюында жатыр. Мысал келтіре кетейін.

     Деректанушы Марат Мырзағалиұлының «1916-1917 жылдардағы Торғай қазақтарының көтерілісі» атты кітабына (Алматы-2005) алғысөзінде академик Кеңес Нұрпейіс былай деп жазады: «Патшаға қарсы көтеріліске шыққан Торғайдың әр қазағын батыр деуге болады. Бірде-бір найза ұстаған қазақ жаудан тайсалмаған, соғысқан. Жеке қазақтың батырлығын Я.Довбищенко күнделік дәптеріне былай сипаттап жазған: «1917 жылғы 1 март. Казак жүздігі Батпақ-қарадан оралды. Міне бір адам түршігерлік әңгіме: «Бір қырғыз келе жатты. Біздер үшеуміз соңына түстік. Ол атынан секіріп түсті де соғысқа дайындалды. Бірінші казак шауып келіп шабайын деп еді, қырғыз айбалтасымен қылышын қайырды, төнген найзаны да сындырды, екінші казакты шауып тастай жаздады. Сосын казактар оны атты, оқ ішіне тиді, казактар оны түйреді, кескіледі, ол әлі тірі болатын. Біздер оны әдейі өлтірмедік. Әбден далада қиналсын деп. 1,5-2 сағаттан кейін қайта жүргенде қарасақ ол әлі тірі екен, атып кетіңдер деп жалынды. Біз оның түлкі ішігін, етігін шешіп алдық, өзін жалаңаш қар үстінде қалдырдық».

     1928 жылғы байларды тәркілеу, ұжымдастыру науқандары ауылдың экономикалық әлеуетіне балта шапты. «Ал, 30 жылдардың басында, Торғай елі тағы да аштықққа душар болып, халық аштықтан қырылып, тірі қалғаны босып, жан сауғалағанда елге шығып, елдің жайына қараған жан болған жоқ.     Мұрағат деректеріне сүйенсек, мал басы осы аштық жылдары күрт кеміді. 1932 жылы Батпаққара ауданында бүкіл малдың-4,1%-ы, Торғай ауданында 7%-ы ғана қалған. Тіршілік көзі-малдан айрылу Торғай елі халқын ашаршылыққа ұшыратты. Аштық пен індет жайлаған халық босқыншылыққа душар болып, азып тозған, ілбіп облыс орталығына, қалаларға, темір жол бойындағы елді мекендерге, Ресей жеріне босқан халық шұбырған тобырға айналды. Бірақ, көпшілігі жете алмай жол бойында ауру мен аштықтан өлді. Жеткендердің өздері де көпшілігі індеттен, аурудан көз жұмды. 30-шы жылдардың аштығын терең зерттеген ғалым Талас Омарбеков Батпаққара, Торғай аудандары қараған Ақтөбе облысында 1932 жылдың соңында 1930 жылғы малдың 2,7% қалғанын жазған.

     Қазақ Өлкелік комитетінің өкілі Нишанбаев Торғай және Батпаққара аудандары қазақтарының жағдайы жөнінде сыртқа босып кеткендерін есепке алмағанда «…толық емес мәліметтер бойынша Торғай ауданында 2025 адамның аштықтан өлгенін, 8500 адам аштық жағдайында екенін, …Батпаққара ауданы бойынша аштан өлгендер жөнінде нақты мәліметтерді білмейтіндігін, аштық жағдайында 8000 нан астам адам бар» деп жазған.

     «Жергілікті органдардың мәліметі бойынша, Торғай (қазіргі Жангелдин ауданы) және Батпаққара (қазіргі Амангелді ауданы) аудандарындағы халықтың 20-30 проценті тегіс қазаға ұшыраған және қалған тұрғындарының көпшілігі көшіп кеткен». Міне, елдің ауыр халін Тұрар Рысқұлов осылай жазады.

     Ел өткенін білетін көзі ашық, көкірегі ояу көне көздердің айтуы бойынша ауылдардан аудан орталығы Торғайға, ауданнан Ақтөбе, Қостанайға шұбырған халықтың көпшілігі аштық пен індеттен қырылған. Әсіресе, балалар шетінеген. Тағы да Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хатына сілтеме жасасақ, Торғайдағы қазақ балаларының жағдайы туралы мынадай дерек келтірілген. «Балалар аса ауыр халде қалып отыр. Ата-анасынан ажырап қалған 4 жасқа дейінгі балалар бірі қалмай түгел қазаға ұшырады. Балалар үйлері мен т.б. мекемелерден төрт жастан жоғары жадап-жүдеген балаларды көруге тура келді. Төрт жастан төмендегілер ата-аналарымен бірге жүргенімен, өте азған. Балалар үйлеріндегі сәбилердің түгел іші өтіп ауырады. 100-150 орындық балалар үйлерінен әдетте күніне 1-2, кейде 3 балаға дейін өледі және бұлардың орыны жаңадан қабылданғандар есебінен тез ақ толықтырылып тұрады. Балалардың түгел қырылып кету қауіпі төніп тұр».

Осындай жантүршігерлік деректерге қарамастан 1-мамыр, 7-қараша сияқты саяси мерекелерде «КПСС жасасын!», «Коммунистік партияның жасампаз ұлттық саясатына- бүкілхалықтық қолдау!», «Совет мемлекетінің даңқы арта берсін»! сияқты жалаң ұрандар жазылған көпірме плакаттар мен көсем бейнелерін көтерген еңбек ұжымдарының сап түзеп, шерумен өтуі бүгінгі жастар үшін ерсі көрінер, бәлкім. Алайда, 70 жылдан астам уақыт бойы қанқұйлы Кеңес билігі астында жаншылып, «екі шоқып, бір қарап» өмір сүрген халық өзін де, өзгені де алдауға, ақты қара, қараны ақ деп айтуға бой үйретті, бүгінгі тілмен айтқанда сол кездегі болмыстың екі ақпараттық бейнесі: жоғарыда келтірілген жиын –мерекелердегі жалған, ирреалды және «ас үйдегі оңаша әңгімелердегі» ақиқат, реалды бейнесі болды.

Бұл саясаттың ұшығын Ресейдің бостандық сүйгіш Украинаға қарсы басқыншық соғысының құрамдас бөлігі болып отырған ақпараттық агрессиядан көріп отырмыз.

Қылмыскер құқықтық тұрғыдан да, қоғамдық сана тұрғысынан да өзінің әділ жазасын тартуы тиіс. Жоғарыда атап өткеніміздей, ақиқаттың салтанат құратын шағы алыс емес.

Міне, «Сынның шын болатын, шынның сын болатын» уағы нақ сол кезеңде туады.

Жетпісбай Бекболатұлы

 

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field