ҚАЗАҚТАН КЕМІНДЕ ЕКІ ҰШҚЫШ ҚЫЗ ШЫҚҚАН
Шарипа Нуржанова
Мамыр 1, 2015
Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай ҰОС ардагері, Халық Қаһарманы, ұшқыш, штурман қыз Хиуаз Доспанова жайлы оның ұлы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың оқытушысы Ерболат Әміровпен сұхбаттасуды жөн санадық.
‒ Біз бүгінде Хиуаз Доспанованы батыр-ұшқыш ретінде танып жүрміз. Сіз ол кісінің артында қалған жалғыз перзентісіз. Адам ретінде, ана ретінде қандай жан еді?
‒ Ол қызметте жүрген кезінде таңертең кетіп, кешке келетін еді. Мені баққан нағашы әжем. Анам 37-38 жасында ерте зейнетке шыққан соң тек қана үйдің шаруасымен айналысты. Менімен отырып әңгімелесіп, ақыл айтқан емес. Мен мектепте жүрдім, одан әрі телевизор, аула, кино, радио, кітаптар бар дегендей. Менің жұмысыма ол кіріскен жоқ.
‒ Соғысқа қатысқандықтан мінезі қатал болған шығар?
‒ Жоқ, анам қарапайым адам болған. Бірақ екі рет ауыр жараланғаны алдағы бүкіл ғұмырына әсерін тигізді. Оның оқиғасы былай болды. Анам штурман ретінде ұшақтың артқы кабинасында отырады, алдында ұшқыш отырады. Штурман қалай ұшатынын бағыттайды және нысаналы жерге жеткенде бомбаларын тастайды. Бірде шабуылға шықпақшы болғанда қараңғыда пилот көрмей қалып, ұшақ үйілген шөпке барып соғылады. Сол жерде анам кабинада басымен ұрылып, ессіз қалады. Екінші рет, олар тапсырманы орындап келе жатқанда, қараңғыда екі ұшақ соғысады. Қарсы соғысқан ұшақтағы екі қыз сол жерде өледі. Анамның ұшқышы тірі қалып, бірақ кейін госпитальда жатып қайтыс болады. Ал анам тірі қалған. Кезекті тапсырмадан оралғанда да осындай жайсыз жағдайлардан аяқтары сынып, жұлыны зақымданады. Жүйкесі сыр берген кездерінде кездесіп қалғандар қатал деп ойлайтын шығар. Ал негізінде ол қарапайым адам болатын.
‒ Апамызға Халық Қаһарманы атағы 2004 жылы берілді. Оны алған кездегі әсері қандай болды?
‒ Халық Қаһарманы атағына ұсынуды анаммен бірге жұмыс істеген соғыс ардагері Қанапия Ахметов, Оразай Батырбеков, Михаил Исиналиев сынды азаматтар осы атақты Хиуазға берейік деп Үкіметке жазып, мәселе етіп көтере бастады . Бұл атақты алғанда анам 82 жаста болды. Мүмкін қуанған да шығар, бірақ қарт адамдардың қуанғаны жастардың қуанғанындай болмайды ғой. Ол атақты алған кезінде мен үйде болған жоқпын. Мамыр айында оны әкімшілікке шақырып, И. Тасмағамбетов бір машина сыйлаған.
‒ Хиуаз апаны біз 2004 жылдан былай қарай тереңдеп тани бастадық. Соған дейін ол кісіні іздеп, жазғандар аз болғаны ма?
‒ Журналистер 9 мамырға байланысты немесе белгілі даталарда келіп тұрды. Ал ол қайтыс болған соң, адамдар көбірек келе бастады.
‒ Бұл сұрақты қойған себебім, Қанапия Ахметов атамыз бір сұхбатында «Хиуаз маған келіп, әңгімелесіп тұратын. Бір сөзінде ол «Егер мен өлсем мені де көбірек білетін еді. Менің айыбым тірі қалғаным» деп айтқан еді» дейді.
‒ Мен ол сөзін естіген жоқпын, мүмкін солай да шығар. Олардан ерліктерімен танылған бірнеше ұшқыш қыз өлген соң батыр атағын алды. Мысалы, Дуся Носаль, Женя Руднева т.б. Анам да сол себептен айтқан ғой. Ол жай ғана логика, кім біледі қалай болғанын.
‒ Ол кісінің қандай өкінішін білесіз?
‒ Онымен ордендер туралы бір ауыз сөйлескен емеспіз. Білесіз бе, ол кезде орден-атақты не үшін беретін еді? Кеңес Одағы үкіметінің ұшқыштарға не үшін батыр атағы берілетіні туралы жарлықтары болды ғой. Ұшқыштар бөлінеді: құртқыштар (файтерлер) , штурмандар ,бомбылаушылар. Мысалы, Нұркен Әбдіров батыр атанды, Талғат Бигелдинов екі рет батыр атағын алған. Сосын менің анам секілді бомбалаушылар болған. Бомбалаушылар да бөлінетін. Менің шешем секілді түнгі ұшатындар. Олар жалғыз болған жоқ. Бірнеше полктер кілең еркектерден тұрды. Олар да түнде ұшатын. Бұларға бір шарт қойылды. Ал Талғат Бигелдинов сияқты штурмандарға басқа шарт қойылды. Бигелдинов өз мақаласында жазып жүрді ғой, яғни олар, штурмовиктер 30 рет қана шабуыл жасап, тірі қалып келсе батыр атағын алды. Ал түнгі бомбалаушылар 1000 рет ұшып бомбалағанда ғана Кеңес Одағы оларға батыр атағын берді. Себебі, күндіз ұшқандарға бәрі оқ жаудырады, жай атқыштар да атады, зеңбіректер де атады, сосын жау әскерінің ұшақтары жолдарын кеседі. Оларға қиын әрі қауіптірек болды. Ал түнгі ұшқыштар ақырын, жасырын барып бомбалайды. Түнгі ұшқыштардан 800, 900 рет ұшқандарға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ал менің анам 300-ден артық ұшты. Екінші рет жараланғаннан кейін кішкене ғана ұшты да, аяғы ауыратын болды. Олар, қыста түн ұзақ болғандықтан, бір түнде 8-10 рет ұшатын. Жаз кезінде түн қысқа ғой, 5-6 рет ұшады. Тапсырмадан келіп аэродромға қонғаннан кейін кішкене демалуға кетеді. Олардың аэродромы ағаштар арасындағы алаң және ұшақ қонатын жерде жау көріп қалмауы үшін кішкене ғана от жанып тұрады. Тапсырмадан келіп қонғаннан кейін сау қыздар ұшақтан шығып демалуға кеткенде анам аяғы ауыратын болғандықтан, ұшақтан шыға алмай, келесі тапсырмаға дейін сонда қалып қоятын.
-
Сондай халіне қарамай ұшты ғой…
-
Оларды коммунистер тәрбиелеген. Партия үшін, Сталин үшін
жаныңды, бәрін бер деген. Сондықтан олар түгел солай тәрбиеленген ұрпақ болды.
‒ Хиуаз апамыз соғыстан кейінгі жылдары бірқатар партиялық қызметтер атқарыпты. Бірақ зейнетке тым ерте шыққан көрінеді. Бұған әлгі алған жарақаттарының салдары әсер етті ме?
‒ Алған жарақаттарының әсері тиді. Сол үшін зейнетке ерте шығарған. Оған екінші топтағы мүгедектікті берді. Ал кейін Кеңес Одағы ыдыраған кезде оған мүгедектіктің бірінші тобын берген. Осы жерде бір дүниені айту керек. Бізде, қазақтарда тағы бір ұшқыш қыз болған. Есімі Дәмелі Жәкеева . Ол анамның полкынан басқа авиаполкте болған. Мен оны көзі тірісінде бір-екі рет көргенмін. 1990 жылдары қайтыс болды. Анамның бірінші топтағы мүгедектігін алуға сол көмектесті. Ол да авиаполкте болған. Бірақ ол механик болды. Соғыс жылдарында экипажға кіргім келеді деп арыз жазатын. Соғыстың аяғында оны атқыш-радист етіп алды. Олардың ұшағында үш адам отырады. Кабинада ұшқыш пен штурман, атқыш-радист ұшақтың артқы жағындағы кабинаға орналасады. Алдында пулемет пен рациясы болады. Ол да 8 рет ұшқан дегенді «Казахстанская правда» газетінен оқып едім. Сондықтан бізде 2 қыз бар. Ең кемінде қазақтардан 2 қыз ұшқан. Ал бірнеше қыздар механик жұмыстарын атқарған.
‒ Бауыржан Момышұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын» деген сөзі бар. Қазақ халқы Хиуаз Доспановаға өз дәрежесінде құрмет көрсете алды деп ойлайсыз ба?
‒ Сенің келіп тұрғаның құрмет емес пе? Сен сияқты журналистер келіп тұрады ғой. Осы жылы Жеңістің 70 жылдығына, былтырдан бастап Қазақстанның 2-3 телеарнасы түсірді. Одан кейін Мәскеуден келіп түсіріп кетті. Жыл сайын Жеңіс қарсаңында іздеушілер келіп тұрады. Бізде мыңдаған адамдар соғысқа барған. Соның ішінде бірнеше мың қазақ қыздары қатысқан екен. Мәншүк, Әлия, енді міне Хиуаз қосылды. Ал сен басқа қыздарды білесің бе?
‒ Олар да Хиуаз апамыз секілді ерлік жасағандар ма?
‒ Әрине, майданға кетті, командирлердің бұйрығын орындап жүрді. Енді ол ерлік емес пе?
‒ Иә, ерлік, біз бірақ оны қалай дәлелдейміз?
‒ Бұл тарихшылардың және журналистердің ісі. Зерттеуші журналист болса өзі іздеп, қажетін табады. Қазір Мәскеуде бұрынғы архивтер ашылып жатыр. Соны барып қарау қажет. Бір тарихшы Алматы немесе Астанада үлкен бір тас жасап, соған соғысқа қатысқан қыздардың есімдерін қашап жазу керек деп айтып еді. Америкада сондай тастар бар. Нью-Йоркте өзім көргенмін. Бірақ онда қыздар емес, сол жерден шығып, соғысқа қатысқандардың есімдері жазулы тұр.
‒ Сіз апамыздың соңында қалған жалғыз ұлысыз. Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.
‒ Шешемнің екі баласы болған. Менің Қанат деген інім болды. 1954 жылдары Қостанай жаққа бардық. Күнтимес деген ауылға барғанда інім екеуміз бірдей ауырғанбыз. Ол кезде дәрілер болған жоқ қой. Мен төрттен асып, ес біліп қалған кезім, ал інім екі жасында қайтыс болды. Жұбайым Ирина екеуміздің1987 жылы туған Баян деген қызымыз бар. Қазір Астанада жұмыс істеп жүр. 1992 жылы туған Қанат атты ұлымыз қазір іссапарда жүр. Мен математик-оқытушымын. Соңғы 13 жыл Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да жұмыс істеймін. Зейнетке шыққаныма екі жыл болды. 93-тегі әкем Әміров Шәку өзіммен бірге тұрады.
‒ Хиуаз апамыздың халыққа таныс өзі жазған бір-екі естелігін білеміз. Одан басқа да дүниелері бар ма?
‒ Одан басқа жазғандары жоқ.
‒ Сіздің жазам деген ойыңыз жоқ па?
‒ Жоқ, ондай ойым жоқ. Журналистер ол батыр болған, ол әкім болған деген секілді сөздерді айтады. Ол қарапайым адам болған. Менің қазір ойлайтыным, кезінде ол Оралда, Жайықшар дейтін жердегі мектепте оқыған. Сол мектепте неше қазақ бала оқыды екен? Сыныбында қазақтар болды ма? Өзімен бірге аэроклубқа барған қазақ балалары болды мекен? Ол туралы ешнәрсе айтқан жоқ, мен де сұрамаппын. Қазір кеткен соң ойлап жүрмін, неше қазақ бала сол мектепті бітірді екен? Талғат Бигелдинов Бішкектегі аэроклубты бітірді. Бір рет мені бір университет шақырып еді. Сонда мен қалың қазақ тұратын жерлерде, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау секілді қалаларда жастарға аэроклубтар ашу қажет деп айтып едім. Бізге қазақ ұшқыштары керек қой. Бізде ұшқыштарды дайындайтын кейбір оқу орындары бар. Менімше ол аз. Мен студент кезімде Америка елшілігі көрме жасады. Менің бөлмемдегі балалар барып, журналдар әкелетін. Сонда бір журналды алып оқыдым. Ол кезде, 1969 жылдары Америкада 300 мың жеке ұшағы бар ұшқыштар болған. Бізге де сондай мыңдаған ұшқыштар және оларды дайындайтын арнайы аэроклубтар керек.
‒ Хиуаз апамыздың есімін Атырау халықаралық әуежайына беру ұсынысы жасалынды. Жалпы өзіңіз айтып жатқандай аэроклубтар құрылса, оған батыр апамыздың есімі берілгені жөн болар еді.
‒ Әуелі сондай аэроклубтар құрылсыншы. Соның өзі қандай болар еді. Оған менің анамның атын бермей-ақ , өз қызығушылығымен ізденіп, біліп алар еді. Бізде Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров, Сергей Луганский, Бақтыораз Бейсекбаев, Хиуаз Доспанова, Дәмелі Жакеева, Тоқтар Әубәкіров секілді ұшқыштар болған екен ғой деп білер еді.
‒ Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Нұрлайым Батыр
ҚазҰУ, журналистика факультеті
3 курс студенті
Сізге несие алу қажет немесе бизнесті дамыту үшін шұғыл қажет пе, осында Halifax өте төмен пайыздық ставка бойынша несие береді.
Өтініш үшін бізге хабарласыңыз.
БАЙЛАНЫС ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ: Джорг Стэнфорд
Halifaxloanofffice@usa.com