Қоғамда болып жатқан кез келген мәселе журналистердің назарынан тыс қалмайды. Ақпараттар ағыны толастамас қазіргі кезеңде журналистиканың да жүгі ауырлады. Жер жаһанның жаңалықтарының ауқымы артқан сайын салалық журналистиканы дамытуға деген сұраныс өсіп келеді. Жаһандану заманының талабына сәйкес ақпаратты кім бірінші таратады және жаңалықпен алғашқы болып кім танысады сол ұтады. Содан да болар соңғы кезде ақпарат беру мен жаңалық таратуды басты назарда ұстап, сенсация қуу жиілеп кетті. Зерттелген, сараптамалық материалдарды халық назарына ұсынатын мамандар саны аз деген пікірлер де көбейді. Бізде журналистерді «әмбебап» болуға баулиды. Тәжірибесі озық әлемнің басқа елдерінде журналистер бір салаға ғана арнайы маманданады. Қаржы, экономика, құқық, медицина сынды салалардың тек бірін ғана таңдап, талдап жазатын журналистерді дайындау бізде енді-енді ғана қолға алынып келеді.
ТМД елдерінің жоғары оқу орындары ішінде алғашқылардың бірі болып Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті салалық журналистиканы дамытуды қолға алып, «құқықтық журналистика» пәнін оқу бағдарламасына енгізді. Бүгінде аталған университеттің журналистика факультетінде жаңа пәннің оқытылып келе жатқанына 3-4 жылдың жүзі болды. Елімізде құқықтық журналистиканы дамыту ең өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»,- деп көрсетілген. Осыған сәйкес ақпарат берудің сан түрлі амалдары қарастырылған бүгінгі қоғамда «құқықтық журналистика» пәнін оқыту журфак студенттері үшін өте маңызды. Өз басының қызығушылығымен немесе өзгелердің итермелеуімен азаматтардың жеке өміріне негізсіз араласпау, жалған мәлімет таратпау, жала жаппау, тапсырыспен әлдекімді орынсыз кінәламау, біреудің абыройына қол сұқпау керек деген қарапайым қағидалардан бастап, даулы оқиғалар туралы журналистер қалай ақпарат беруі қажет деген сынды сұрақтарға жауап іздеп, жаңа пән аясында болашақ журналистерге бағыт-бағдар ұсынылады.
«Құқықтық журналистика» пәнін университеттің оқу бағдарламасына енгізу туралы бастаманы көтеріп, факультет студенттеріне аталған пән аясында дәріс оқитын журналист, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұстазы Серік Жұмабекұлы. «Бұл істі журналистика факультетінің сол кездегі деканы Есберген Алаухановпен бірігіп бастадық. 2011 жылы мен «Қазақстан» телеарнасында қызметте жүргенмін. Бұрыннан ойымда жүретін осы істі факультет деканы ұсынған соң, сол кісінің көмегімен бірден кірісіп кеттім. Алғашында үйірме түрінде аштым. Оған келушілер өте көп болды, тіпті заң факультетінен студенттер келіп қатысатын болды. ТМД елдері бойынша мұндай пән ешбір жоғары оқу орындарында жоқ», – деп Серік ағай ұстаздық қызметке келмей тұрып-ақ білім беру бағдарламасына «құқықтық журналистика» пәнін енгізу туралы ойының болғандығын айтады. «Үш жүз зеңбіректен гөрі, үш газет қауіпті», – деп Напалеон Бонапарт айтқан екен кезінде. Дәл сол сияқты Серік ағай да шәкірттеріне үнемі сабақ барысында журналистердің басты қаруы – қаламы мен қайсарлығы екенін қайталаудан танған емес. Серік ағай құқық саласында түрлі даулы мәселелер көп болғандықтан журналист өзі жазған материалының әр сөзіне жауап береді, сондықтан дерекпен, нақты дәйекпен дұрыс жұмыс жасай білу керектігін айтады.
Серік Жұмабекұлы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген, «Халық Кеңесі» газетінде бөлім редакторы, ҚР ІІМ органы «На страже – Сақшы» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары, республикалық ұлттық-қоғамдық саяси «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы, халықаралық «Қазақстан- Zaman» газетінде бөлім меңгерушісі, республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» басылымында бас редактордың бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Көптеген жылдар бойы бірқатар республикалық басылымдарда құқық саласын жазып, елге танылған ұстаз мол тәжірибесімен бөлісіп, шәкірттерді ең алдымен адам құқығын қорғауға баулиды. Бүгінде ұстаз «құқықтық журналистика» пәні аясында оқу құралдарының аздығын айтады. Оқу материалдарының көп болмауы студенттерге де кедергі келтіретіндігі белгілі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық даналығында айтылғандай Серік Жұмабекұлы Нүри Муфтақ сынды осы саланың білгір маманының шәкірті. Оқу бағдарламасына енген жаңа пәнді оқыту барысында ұстаз шәкірттеріне «Егемен Қазақстан» газетінде «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген айдармен жарық көріп отырған Нүри Муфтақтың мақалалар топтамасымен танысып шығуға кеңес береді. Құқық саласы десе аты бірге аталатын саусақпен санарлық құқықтық журналист Нүри Мүфтақтың жазған материалдарының, көпті мойындатқан еңбектерінің бүгінгі жас журналистерге берері көп екені анық. Серік Жұмабекұлы дәріс оқып жүрген пәні туралы: «Біздің жұмысымыз – журналистиканың құқықты негіздерінің Қазақстандағы даму кезеңдерімен студенттерді жан-жақты таныстыру, құқықтық журналистиканың функциялары мен маңызын түсіндіру, журналистиканың құқықты негіздерін әртүрлі жанрлар аясында танып-білуге үйрету. Қысқасы, болашақ журналистерді құқық қорғау салаларымен жұмыс істеуге, заң саласындағы ақпараттарды халыққа мағынасын өзгертпей дұрыс жеткізуге, сот процестеріне қатысып, объективті пікірлер жазуға баулу», – дейді. Журналистика факультетіне жаңашылдық әкеліп, құқық саласын оқытып жүрген ұстаздың жұмысына табыс тілейміз. Тәжірибе мен теорияны ұштастыра білетін осындай ұстаздары көп білім ордасынан жақсы журналист, білікті мамандардың түлеп ұшатыны белгілі.
Сымбат КАРЛ
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
журналистика факультетінің,
4-курс студенті