Еуроодақтың белді мүшелерінің бірі-Польша Республикасымен арадағы ынтымақтастық байланыстар күннен-күнге жанданып келеді. Ақпараттық және ғылыми әріптестік саласындағы қарым-қатынастарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұжымы да атсалысуда. Айшылық жерден Алматыға келген польшалық журналистер мен ғалымдар оқу орнымызға ат басын бұрса,факультет ғалымдары Польшаның Варшава, Познань, Слубица қалаларындағы ғылыми басқосуларда қаламгерлермен және саясаттанушы ғалымдармен кездесіп қайтты.
Жуырда осы жүздесулер өзінің заңды жалғасын тапты. Поляк халқына қарсы жасалған қылмыстарды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия болып табылатын Польшаның Ұлттық зерде институтының қызметкерлері факультетіміздің оқытушы-профессорлар құрамымен, студенттерімен жолығысып, тарих ақтаңдақтары және бүгінгі күн мәселелері бойынша келелі пікір алмасты. Мәртебелі меймандар-Ұлттық Зерде институты бюро директорының орынбасары Войцех Савицки мен институт қызметкері Ежи Рогозински, Польшаның Қазақстандағы Бас консулдығының консулы Радослав Грук, вице-консул Даниел Брацишевски мырзаларды таныстырып өткен журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек еліміздің қаламгер кадрлар ұстаханасының өткені мен бүгініне, еларалық байланыстарға кеңінен тоқталды. Факультет ғалымдары Польша жоғары оқу орындарындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, университеттік басылымдарға өз мақалаларын жариялап келеді. Сондай-ақ студенттер мен магистранттар да Польшадағы тағылымдамалар арқылы Батыс Еуропаның мәдениетімен, экономикасымен және әлеуметтік өмірімен танысуға мүмкіндік алып отыр. Мұндай өзара тиімді қарым-қатынастар алдағы кезеңде де жалғасатын болады.
Польшаның Ұлттық Зерде Институты бюро директорының орынбасары Войцех Савицки және осы институт қызметкері Ежи Рогозински мырзалар тарихи-мұражай мекемесінің қызмет бағыттары туралы әңгімелеп берді. 1998 жылы құрылған институт Польшаның, сондай үшінші Рейх пен КСРО-ның қауіпсіздік органдарының 1944-1990 жылдардағы кезеңдегі жұмысын зерттеумен айналысады. Мекеме поляк ұлты өкілдеріне немесе өзге мемлекеттердің поляк азаматтарына қатысты жасалған нацистік, коммунистік қылмыстар, сондай-ақ бейбітшілікке, адамға қарсы жасалған қылмыстар бойынша құжаттарды есепке алып, өңдеп және жариялап келеді. Сондай-ақ институт білім беру жөніндегі қызметпен де айналысады.
Кездесуде сондай-ақ Польшаның Қазақстандағы Бас консулдығының консулы Радослав Грук пен вице-консул Даниел Брацишевски екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстар мәселерін тілге тиек етсе, Факультет ұстаздары Г.Сұлтанбаева, М.Негізбаева, Ш.Нұржанова және басқалар ғылыми ынтымақтастық жөнінде ой өрбітті.
Жетпісбай Бекболатұлы,
баспа ісі және дизайн кафедрасының
меңгерушісі