Белгілі қаламгер, баспасөз ардагері, профессор Әбілфайыз Ыдырысовтың өмір мен өнердегі ізгі мұраттары хақындағы шәкірттік толғаныс
Жетпісінші жылы журналистика факультетіне оқуға түскен біздер үшін бұл кісінің аты Алтай аға болатын. Қашан көрсең галстугын тағынған, шашын мұқият таранған, салдай сыланған, мұнтаздай қыналған үлгілі ұқыптылықтан жазбайды. Әйтсе де керілген кербез емес, сергек сезімді, қуақы мінезді екен. Соншама бір аузын ашса жүрегі көрінген аңқылдаған ақкөңіл демей-ақ қояйық, бірақ биязы қалыптағы ашық ақжарқындығы, біртоға ұстамды жұмсақтығы, әсіресе шәкірттеріне деген мейірімі мен жанашыр қамқоршылдығы көбімізді-ақ осынау ұстазымызға үйірсек еткенін несін жасырайық. Темір тәртіпті сүйетін теріс азу декан Темірбек Қожакеевтің қаһарына ұшырап, кәріне іліккендер пана-таяныш іздеп парторг Ыдырысовты саялайды. Содан турашыл болса да кешірімді Алтай ағамыз бір кезде бірге оқып, қара нанды бөліп жескен, қазіргі темір декан Темкеңмен «айқасып», студенттерге жақтасып, мүмкіндігінше мәмілегерлік те жасап, ойда жоқта от басып қалған пақырларды стипендиядан қақтыртпайды, жатақханадан қудыртпайды, оқудан шығартпайды. Оқырман осы айтқаныма сенбесе, айтулы ақын, «Ақиқат» журналының қазіргі бас редакторы Аманхан Әлімұлынан сұрасын.
Сөйтіп, сол жылдарда Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ университетінің ең демократияшыл ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов бізге, яғни журфактың шетінен классик ақын-жазушы болуды көксейтін кіл ығай мен сығай көгенкөздеріне «Газетті безендіру», оған қоса «Газеттегі очерк», «Қазақ жур-налистикасының тарихы» пән¬дерінен сабақ берді. Әбілфайыз деген атқа көпке дейін көндіге алмай қойғанымыз да есімде. Сирек есімге тіліміздің сынғысы жоқ. Ол кезде оның Алланың ақ жолын ұстанған сүйген құлына қойылатын ұлық есім екенін қайдан білейік. «Алтай аға» деген оңай әрі ыңғайлы, әрі ұстазды өзімізге жақындата түсетіндей. Шынында да Алтай ағаның сабақтары қызғылықты, көңілді өтеді. Өзі жете білетін газетті безендіру мен полиграфиялық басу тәсілдерін қазақтың жалпақ қалжыңымен тұздықтап та жі¬береді. Әне, содан соң ұқпай көрі¬ңіз. Қыран-топан күлкіге де қарық болып қалатынбыз.
Дойбыны жақсы ойнайтын әмбе жақсы көретін. Қолы бос кездерде Редкиннің фотолабораториясында бір мезгіл студенттермен емін-еркін, арқа-жарқа күліп-ойнап отырып дойбы ойнау басқаға болмаса да, біздің сүйікті Алтай ағамызға әйбәт жарасар еді. Әлі есімде, ерінбей-жалықпай журфактың дойбышылар командасын жасақтап, қалалық біріншіліктерге, журналистер күні қарсаңында Алматының газет-журнал редакциялары арасында ұйымдастырылатын жарыстарға апарып тұратын. Қарапайым кішіпейілдігі ғой, өзі дардай доцент бола тұра, жаяулап-жалпылап бізбен бірге жүреді. Команда құрамында жоғарырақ курстардан Феликс Вассерман, Қайыркен Асауов деген жігіттер бар. Бірінші тақтада өзі ойнайды. Намысты қолдан бере қоймайтынбыз. Мен бірінші курстың соңында айды аспанға шығарып университет чемпионы болғанымда Алтай ағамның қуанғаны-ай. Сонда бапкерім Вассерман екеуі қолымнан жетелеп ҚазМУ ректоры Жолдасбековке алып кіріп, кешегі ауылдың жұдырықтай қара баласы маған іссапарға бұйрық шығартып, «Буревестник» қоғамының сонау Киевте өткелі жатқан жасөспірімдердің Бүкілодақтық жарысына жіберуге тілеуқор жолбасшы болғанын да қалай ұмытармын-ау…
Міне, содан бері де қырық бес жылдай уақыт ағындап өте шығыпты. Біраз уақыт елде болып, Алматыға оралған соң ағамен қайта қауышқанбыз. Баяғы бала көңілі, ағалық ақ пейілі. Ағаның үйі ақ жайлау да болды. Заря тәтеміздің қолынан шай да іштік. Бірақ дойбы ойнамадық. Аға бұл шақта жазу деген тылсым әлемнің, шығармашылықтың құпия құдіретінің ішіне ендеп кіріп, иіріміне дендеп түсіп кеткен болатын. Екі жыл әлдебір алапат тағатсыздықпен үдере жа¬зылып таңдай қаққызған, Әбілфайыз Ыдырысовты махаббат жыршысына айналдырып, қазақ жазушыларының алдыңғы абыз легіне шығарған «Таңшолпан» тетралогиялық роман-хикаясының торсықтай-торсықтай төрт томы толайым толассыз да теңдессіз еңбекпен дүниеге келген жайлы кабинетті, жатағандау жарасымды жазу үстелін де көру бақытын иеленгенбіз. Сөйткенбіз де аға сырының, Ғафу Қайырбеков айтатындай, ғаламат ғажабының кілтипан-кілті біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде жатқанын бажайлағанбыз. Ол сырлар алыс жылдардың сағымды қырларында ма, жетімқозы балалық шағының жабырқау мұнартқан мұңдарында ма, одан соң жоғары білім алып, өмір көктемінде жастықтың алау күні жарқырай көтерілген шыңдарында ма, кім білсін?! Қалай болғанда да аға көңілі байырқалы да баянды бақытқа бауыр басқанын байыптайтынбыз.
Ана бір жылы мен БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясынан репортаж жазуға журналистік сапармен Нью-Йоркке аттанар алдында Заря тәтем телефон шала қалмасы бар ма. Сөз ретінде: «Солай да солай. Ерланды көрсем сіздерден сәлем айтайын ба?» деп сұрадым. «Айт, әрине, айт! Інің емес пе! Әрі өзің де ағаңның шәкіртісің. Папаң да, мамаң да сәлем айтты де! Бір қуанып қалсын» деп Заря тәтем лекілдете шапшаң-шапшаң айтып тастаған. Барған еліміздегі Елші Ерланды да көрдім. Амандасып, ата-анасының сәлемі де айтылды. Ерланның байсал жүзінде шуақ ойнап, шынымен де қуанып қалғанын тап қасында, қарсы алдында тұрып байқамау мүмкін емес-тін. Әманда елді аңсап жүретін перзенттік сағыныштың сыртқа көрініс берген бір сипаты шығар-ау деп топшылағам. Біздің ұстаз ағамыз өзінің мәңгілік миятты махаббаты Зәкімән – Заря – Таңшолпан тәтемізбен бірге бүрлетіп өсірген, талбесіктен-ақ таңдай кәусар тәтті әуезбен әлдилеген парасатты перзент, халқының перзенті, Қазақстанның атынан сөйлер өкілетті өкілі тұрған алдымызда. Сол арада көкірегімнің бір сыр пернесі дір ете қалып, мен де мерейленгем. Осы жайды Алматыға аға-тәтеге айтып келіп, осы бір Алланың мейір-шапағатына бөленген ақжолтай жандарды тағы да қуантқан болатынмын. Бұл кезде «Алтай аға» деп айтпаймыз. Ағаның Әбілфайыз деген жалпақ ел танып-білген жоралы атына үйренгенбіз. Оның үстіне Алтай «Таңшолпан» романының бас кейіпкеріне айналғалы алшаң басып алыстаңқырап кетті де, қайткенмен де Әбілфайыз аға өмірде, ақылын айтар, мұңымызды шағар өрен-жаранымыз болып өзі¬міздің қасымызда қалды емес пе.
Тарих құбылысын тұлғалардың талқысын, тағдырлардың тынысын тамыршыдай тап басар академик Манаш Қозыбаев та Әбілфайыз ағаның тегін адам еместігіне, өзгеше пешенесіне назар аударып, ден қойған екен. Әбекеңді абыз тарихшы «Қасқыр ішік киген қазақсың!» деп дәріптей әспеттепті. Осы астарлы айқындама бізді де қызықтырып, терең мәністі қатпарларына үңіл-діргендей. Баяғы сақаралық бұла замандарда қасқыр ішік киген қазақтың жанындағы адам жаурап өлсе, ол ат-шапан айып тартады екен. Ал біздің қасқыр ішікті ағамыз ондай айып тартудан аулақ. Ол өмірінде ешкімді жауратып көрмеген. Жауратқанды былай қойып, жан-жүрегінің мейірім шуағымен, жәрдем-шапағатымен басқаларды дәйім жылытумен күн кешкен. Басынан асқан жақ-сылығын басқаға жасауға асыққан.
Аңдасақ, қасқыр ішік кигізген бөрі тектілік бесігінен дарыған бөлек қасиет сияқты. Тал бесігі – Торғай өңірі, Мойылды атырабы. Ғаламат ақын Ғафу Қайырбеков шыққан жер, Ахмет, Міржақыптай Алаш арыстарының аманат өсиет-терін жақыннан тыңдап ұққан жер. Бұл жердің ұландарына бөрілік те, ірілік те туа біткендей жарасар еді. Бала Әбілфайыз жеті жасында анадан айырылыпты. 1942 жылдың қысында қайран әке қайы¬рылмастан қан майданға ол аттанып кете барыпты. Сол кеткеннен мол кетіпті. Отау иесі болуға таяп қалған он екі жастағы өндір ұл ғой. Жалғыз саулық қойын Есіл бойындағы ауылдарға апарып астыққа айырбастап алмаққа ат-шаналы найман Найзабек шалмен қыстың көзі қырауда жолға шықпай ма. Ақпанның ақтүтек боранында адасып жүргенде ес-түссіз бала айдалада шанадан аударылып түсіп қалыпты. Оны шал да білмейді. Жапан түзде жортып, әлде жақын маңдағы ауылды торып жүрген бір ұрғашы аналық қасқыр өзен жарқабағында сұлық жатқан баланы иіскелеп тауып, бірақ тимесе керек. Тимегені былай тұрсын, сүйрелеп анадай жердегі үйілген шөп маясының іргесіне апарып, боран-суықтан қорғаштап, үстін қымтапты, дейді. Сөйтіп, жетімқозының жебеушісі қасқыр болыпты. Найзабек шал ертесіне жүрген ізімен қайтып келіп баланы тауып алып кеткенше әлгі аналық қасқыр сонадайда шоқиып отырып алыпты. Келген ауылдан еріп шыққан бір-екі жігіт қасқырды атып ала қояйық деп мылтыққа жармасқан екен, Найзакең: «Балаға тиіспегені тегін емес. Киесі ұрады» деп атқызбапты. Абыз академик Манаш Қозыбаев та «қасқыр ішік киген қазақ» дегенде Әбілфайыз аға болмысынан байқалатын бір бөрі кие, бөрілік бекзаттықтарды меңзеген болса керек. Осы оқиғадан соң ол шынында да ағайындары берген бір қасқыр ішікті Қостанайдың сары аяз суығында қамсау қылып киіп жүріпті.
Сол жадау жылдардағы кер бұзау хикаясы да есінен кетпейді. Соғыстың екінші жазы. Бала Әбілфайыз шөпшілермен бірге орақта жүр. Бұған тән кер сиыр да осында, ортаққа алынған. Сүтін сауып шөпшілерге айран, қатық қылады. Еттің бетін көрмейді. Бір күні кешке алдарына жас еттің қуырдағы келді. Оспан бригадир тұрып айтты: «Шырағым, Әбілфайыз, сенің кер бұзауың суға түсіп кетіп, пышаққа ілікті. Мынау соның қуырдағы» деді. Сөйткенде бұл қуырдаққа созған қолын дереу тартып алды да, қаны басына шапшып, тілі байланып, состиып үнсіз отырып қалды. Сосын жылап қостан далаға шығып кетті. Мана байқамапты, сойылған кер бұзаудың терісі жантайған жатаған талда ілулі тұр екен. Теріні иіскелеп көздерінен сорасы аққан кер сиыр… Жүрегі дүрс-дүрс соқты, өне бойы дірілдеп жүре берді. Мұның да көздерінен жас сорғалады. Өмірде көрген ең зор қиянаты осы. Қайтып қосқа кірмеді. Бойына бір алапат батылдық пайда болды. Осы сәтте оны ешқандай күш тоқтата алмас еді. Бұзаудың терісін арқасына жамылды да, түн екен, кім екен демеді, бір минут та кідірместен, ойланбастан ауылға тартты. Бұзауының терісін иіскелеген кер сиыр артынан сөмпеңдеп ерді де отырды…
Міне, балалық кезде бастан өткен осы жайлар кейін ағаның шығармашылығында да көрініс тапты. Ең бастысы, бар дүниеге кектендірмей, қайта оның адами ізгілігін қалыптастырды десек те қателеспейміз.
Осы оқиғадан соң ауылда да бөгелмеді. Күн өткен сайын қиындай түскен тіршілік теперішінен қол үзуге бел буып, он екіден он үшке қараған шағында кірешілерге ілесіп, алыстың алысындағы Қостанайға тәуекелмен тартып кеткен. Өзінен төрт жас кіші бауыры Әлім әкесінің кенже інісі Хамит пен жеңгесі Сәленнің қолында қалып, солардың бауырында болды. Ал өзі бұрыннан естіп, мән-жайын жанашырлардан біліп жүрген – Қостанайдағы жетім балаларды оқытып тәрбиелейтін қазақ пансионат-мектебіне келіп орналасып, сегізінші сыныбынан ары қарай оқи бастады. Мұнда бір мүлдем жаңа әлемге түсті. Алғаш рет қала көрді. Өзінің туған Бүйректалынан басқа да кең дүние, нелер ғажайыптар бар екенін байқап білді. Қазақтан басқа да халықтар, қазақ тілінен басқа да тілдер бар екенін ұғынып парықтады. Осында болашақ жайлы толғанды, әдебиет пен журналистикаға тартқан құштар армандарын оятты. Алғаш орысшадан шорқақтап шабан аттай шоқырақтаса да, қырдың қара домалағы алғыр да қабілетті болып шыққан-ды. Класында «күшті математик» атанды. Дегенмен де бүйрегі журналист болуға, одан ана Сәбит, Ғабит ағалардай жазушы болуға бұра берген. Мектепте «Алға» қабырға газетінің редакторы болды. Сол уақытта Қостанайға іссапармен келген ақын Нұтфолла Шәкеновтің ебеп-себебімен «Қазақстан пионері» газетіне мақаласы да шықты. Жылдар өткенде осынау талапты жас жігіттің нақ сол газетке редактор болып басшылық етерін кім болжап білді дейсіз?! Әйтеуір мектепті медальмен бітіріп, Қостанайдың радиосынан саңқылдап сөйлеген «Ыдырыстың баласы адам болады екен» деген сөз бұл кезде шамалы ес жиған туған ауылында дүңкілдеп тұрды. Солай болғасын қайтсін-ай, қайран бауыр Хамит ағасы да бір тайын сатып, «Ал, тарт оқуға, жолың болсын!» деп ақшасын қалтасына салып берген.
Не керек, талап алға жетеледі, университетті де бітірді, журналист те болды. Бұл – 1953 жыл. «Қазақстан пионері» мен «Лениншіл жаста» алма-кезек істеді. Осы редакцияларда жазу өнеріне шыңдалды. Бірінші бөлім меңгерушісі болған Мұқан Мама¬жанов, одан Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов сияқты аяулы жандар көмектесті, қол ұшын берді. Олар: «Не жазсаң да жүрекпен жаз! Сезініп жаз. Шындықты жаз. Өз сөзіңмен, өз ойыңмен жаз!» деп үйретті. Жас Әбілфайыз осы үдеден шығуға тырысты. Соның айғағындай, 1961 жылы «Социалистік Қазақстан» жариялаған бәйгеде атақты Зейнолла Қабдоловтың өзімен тайталас түсіп, «Құрдас» деген очеркі үшін екінші жүлдені бөлісуі намысты жаныған нар жеңіске баланғаны да рас-тын.
Бірақ нағыз жеңістер алда еді. Журналистігінің арқасында қазақтың қаншама ақылы асқан алып даналарымен сұхбаттас, сыйлас та болды. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы сынды біртуарлардан тағылым алды. Мұхаңды, ұлы Мұхтар Әуезовті көзі тірісінде көріп қалған, университеттегі соңғы дәрістерін тыңдап, әртүрлі мінберлерден де, көзбе-көз өз аузынан да дуалы сөзін естіп үлгерген әрі кәдесіне жарата білген соңғы ұрпақ өкілі де осы біздің Әбілфайыз ағамыз. Осы ретте ұлт қамын ойлаған заң¬ғар жазушының Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің кеңейтілген пленумында сөйлеген терең де көреген сөздері қазірдің өзінде көңілді толқытып, жүректі тебірендіргендей. Журналист Әбілфайыз Ыдырысов ыңғайлап, лайықтап жастар газетіне дайындап жариялаған сол сөздерге тағы бір зер салайықшы: «Тың, сендер ойлағандай, жас достарым, – деп үн қатады қазақтың ұлы жазушысы залдағы жас тыңгерлерге, – қу медиен, адам аяқ баспаған жер емес. Сендер қу далаға келген жоқсыңдар, мол байлығын әлі игеріп үлгере алмай жатқан киелі жерге, парық-парасатты елге аяқ бастыңдар. Қонақ емессіңдер, қоңсысыңдар. Сондықтан жергілікті халықты жат деп жатырқамай, жақын-туыс тұтуға тиіссіңдер. Оның жақсы салтын, ғажап дәстүрін, тілін, дінін қастерлеуге міндеттісіңдер. Ілгеріде сол өңірге қоныс тепкен орыс мұжықтары солай жасап, қазаққа ағайын боп кеткен. Асылы, қарапайым қай ұлт та солай жасайды, солай жасаған… Айтарым мынау: Егер сендер орыс тілі мен мәдениетінен басқа ештеңе білмейтін болсаңдар, әрине, жақсы емес. Егер сендер өздерің жүр¬ген ортада, біздің Қазақстанда жасалған мәдени байлықтарға қызықпайтын болсаңдар, ол – кешірілмес күнә…».
…Сол бір кездегі қажетті де қасиетті сөз еді ғой бұл. Ол шақта бұлай айту да, оны жариялау да оңай емес-тін. Комсомол пленумында сөйлеген осы салиқалы сөзді «Үмітті ұрпаққа – игі тілек» деген тақырыппен мәйекті мақала етіп шығарған, одан Жапония сапары жайлы өзінен сұхбат алып жариялаған жас досы Әбілфайызға Мұхаңның да ықылас-бейілі ауған сияқты.
Әбілфайыздың адами тұлғасын мөлдіретіп мүсіндей түскен он сан ғажаптар жалғаса берді. Әуезов оған телефон соғып: «Мен бір шоң қырғыз ағайынды жіберемін. Әзірге есімі белгісіз Шыңғыс Айт¬матов деген жазушы. Ол әлі-ақ бүкіл әлемге әйгілі болады» дей келе, сол жас жігіт ертең Алматыға жаңа жазған повесін алып келеді, бұйымтайын қабыл алғайсың, деп тапсырады.
Ертесіне ашық тұрған есік жақтан:
– Кіруге рұқсат болар ма екен? – деген биязы дауыс естіледі.
– Мен Мұхтар ағадан едім. Фрунзе шаһарынан… Ісіңізден бөліп жібердім, ке-шіріңіз, аты-жөнім Шыңғыс Айтматов…
Қалың қара бұйра шашты, ақ құба, әдемі келген жас жігіт «Лениншіл жастың» табалдырығынан «Жәмила» деген тамаша повесін алып осылай аттайды. Дәл осы кезде жауапты хатшы Әбілфайыздың кабинетінде Мәскеуде әдебиет институтында оқып жүрген, демалысқа келген талантты әдебиетші Қалжан Нұрмаханов отырады. Ол дереу ықылас білдіріп, қолма-қол аударуға кірісіп, ертеңіне алғашқы тарауын алып келеді. Қолма-қол баспаханаға жіберіліп, атақты «Жәмила» қазақ оқырманының сүйікті шығармасына айналады. Аударма жасауға әуелгі кезде Әбілфайыз аға да біраз атсалысқан сыңайлы. Бірақ авторлыққа таласы болмаған. Нақ осы «Кең болсаң – кем болмайсың» деген қағиданы Әбекең өмір бойы ұстанып келеді. Комсомолдың Орталық Комитеті оған жаңадан шығатын «Білім және еңбек» журналының редакторлық қызметін ұсынса, бұл одан бас тартып, ол орынға өзінің әзиз досы Камал Смайыловтың лайықтылығын айтып, қояр да қоймай соның кандидатурасын өткізеді. Айта берсе, мұндай мысалдар жетерлік. 1986 жылдың желтоқсанында журналистика факультетінің парторгы әрі деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп басына бұлт үйірілген талай студентті қорғап та қалған. Сөйтіп, өзіне де секем туғызып ала жаздаған. Бірақ онысына еш өкінген емес. Оқушы кезінде орысша диктанттан 250 қате жіберген Әбілфайыз «Комсомольская правдада» екі ай тағылымдамадан өтіп, атақты газеттің бас редакторы, Хрущевтің күйеу баласы Аджубейдей мықтының өзіне тайсалмай тура қарап: «Шолоховты кемеңгер жазушы ретінде қадірлеймін, бірақ жан-жүрегіммен Әуезовті ғана сүйемін!» деп жауап берген ғой. Біздің Әбекең ұлт намысын керек жерінде, міне, осылай да қорғай білген.
Алып ағалары жайлы «Біртуарлар болмысы» эсселер жинағында әдемі сырлар шертті. Әуезовке іңкәрлігін арнайы кітап етіп те жазды. Осы ұлы ұстазбен соңғы бір кездесуі алдағы үлкен бір өмірлік мұратын айқындап кетті. Бұл кезде асыл жары, мәңгілік аяулы махаббаты – Зәкімән-Зарясы қасында, жайнаған жастық шақтың бақыт құсы басында болатын. Басқаларға да кең жүректі абзал мейіріммен қарайды. Күніне дейін есінде. 1961 жыл. Қыркүйектің 28-ші жұлдызы. Заря тәтеміз салған әндерге дән разы болған Әуезов оған «Таң» деген жаңа ат қойып, Әбілфайызға жарың жайында «Таңшолпан» атты көркем туынды жазғайсың деп өсиет етеді. Бұл тілек көңілде жүргенмен, көпке дейін жүзеге аса қоймайды. Содан 40 жылға жуықтағанда салдық аурудың зардабын тартып жүрген тауқыметті кезінде Мұхтар аға тағы түсінде аян беріп, «Таңшолпан» романын жазуға дереу отыруға әмір етеді. Ұстаз әмірін асыл жарына айтып еді, ол да құптады. 1998 жылдың қаңтары еді. Өмірінің басты шығармасына бөгелмей кірісті.
«…Ол маған бар асылын сыйлады. Керемет сұлулығын қиды. Ғажап әнін тәркі етті. Өз ғұмырын арнады. Жанұяма алтын босаға боп бекіді. Бақыттың, барлықтың қазынасы боп кірді. Рыздығымның, молдығымның байлығын тасытты. Мақтан тұтар – ұл, көзге көрік – қыз әкелді дүниеге. Балдай тәтті немерелер өрбітті маңайыма… Бағымды, сағымды көтерді. Мерей, беделімді өсірді. Асқақ етті. Шамама лайық аспандатты. Адамдық адал қасиетімді тәрбиелеуге тырысты. Парасатымды биіктетуге күш салды. Жамандығымды жасырды. Жақсылығымды асырды.
Ол сол көркін, сол әнін тек бір маған сый етті… Бәрінен де, бір маған әнін қиғанын айтсаңшы! Неткен құрбандық!
Сол себепті де мен оған әу бастан-ақ өлшеусіз қарыздар ем! Мәңгі борышкер ем! Сол үшін ол өзін маған қиған сәтте-ақ: «Осы сыйыңды өмірімде өтермін-ау!» – деп, іштей ант еткен ем!..
Содан бері ғұмыр бойы мен оған: керемет мәрмәрдан бір көз тойып болмастық ақ мүсін жасасам деумен келем!».
…Сөз маржаны, сезім мәйегі осылай төгіле берді. Екі жастың мөлдір махаббаты, аңсаған армандары, өмірлік мұраттары, ақыл-парасаттары сөз құдіретімен шуақ шашты. Көзі тірі ғашықтардың сырлы сүйіспеншілігін осылай да суреттеп сипаттауға болады екен-ау деп оқыған елге таңдай қаққызды, тамсандырды. Әбекең Әуезов аманатын екі жылда орындап шығып, «Таңшолпан» роман-хикаясының төрт томын оқырман қолына тигізгенді. Сөйтіп Әзағаң – Әзілхан Нұршайықов пен Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиевтің қатарына қазақ жазушыларының ішінен тағы бір махаббат жыршысы қосылды. Ол – қадірменді профессор Әбілфайыз Ыдырысов еді. Әбекеңнің таңдай сұлу махаббат әуезелерін Әзағаң да, Тұмағаң да шын жүректен қуана жоғары бағалады. Әбілфайыз аға мен Заря тәте отасуының алтын тойында Әзағаң «Таңшолпанның» өзі оқыған әр томының беттеріне көз жастары қоса тамып отырғанын да жасырмады. Қазақ қыздары Махаббат Президенті сайлаған Әзағаңның сол қуанышты көз жастары – «Таңшолпан» романдар топтамасының әділ бағасы деп білсек керек.
Әттең, дүние!.. Көзі тірісінде көркемсөзбен махаббатына керемет ескерткіш мүсіндеген аяулы жары мәңгілік алысқа аққу боп ұшты. Сексен бестің төрінде мұңайған аяулы отағасына аққу аңсарын қалдырды. Сол аққу аңсар бұл күндері «Таңшолпан тетралогиясын хамсаға айналдырып, махаббаттың хикая жыр-ларының бесінші кітабын жазып жатыр…
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан» – http://egemen.kz/2015/02/21/50501
Конец формы