Қыр астында қымтанып жатқан келер күнге көз жіберетін де, болашақ бейнесін тұмшалаған белгісіздік пердесін түріп, сана сәулесін түсіретін де ғылым адамының кемел ойы, пайымды пікірі, жүйрік қиялы ғой. Абай атамызға «ұйықтаған ойды» түрткізіп, Александр Пушкинге «салқын цифрдың қызуын» өлшеткен, Қадыр Мырза Әліге «жүрек пен жүйкені» егестірген құдірет шын ғалымның жүрек қайраты емес пе?! Осыну қадір-қасиет атаулы тоғыса келе талаптыны өрге сүйреп, мұратқа жеткізетін пыраққа айналмай ма? Ал, сол мұратқа тіпті ертегінің өзінде темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда ғана жетіп жығылмайтын ба еді кейіпкер?
Көбіміз мінген көңілдің көк дөнені қыр аспай болдырып, жүген ұстап жататынымыз жасырын емес қой. Сондықтан да «мақсұт алыс, өмір шақ» (Абай) заманда табан бүрін тоздырмау әрдайым ғылыми жұртшылық назарында. Әр ғалымның зерттеу әдістемесі, беталысы бөлек болғанымен, нәтижеге жетудің ортақ бағыт-бағдары бар. Ол-Желбір Жекендей желіп өтетін Уақытты межелеу. Межесіз ғалым-ескексіз қайық сынды. Соған орай ғұмырын ғылыми ізденіске арнаған жан осынау салиқалы тірлікке жоғары оқу орнында жүргенде-ақ ден қояды.
Әдетте, ой адамы туралы сөз қозғағанда «өмірін ғылымға арнаған» деп жатамыз. Әдепкіде таптаурын тіркестей көрінгенімен, мұнда үлкен мән бары айқын. Өйткені, қыртысы мол ғылыми тақырып оның батпандай қатпарларын үздіксіз аударып отырғанда ғана еңсеріледі. Ғылым бір сәттік емес, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып отыратын үздіксіз үдеріс. Ғылымдағы сабақтастықтан ғылыми мектеп қалыптасады.
Иә, болашақта кітап сөрелерінен орын алып, тәлімші қауымның сан ұрпағы парақтайтын том-том туындылар бастауын студент дәптеріне түскен алғашқы дерек пен дәйектен алары сөзсіз. Бұған ғылыми ой мен ғалым зертханасына үңілу барысында көз жеткізіп отырмыз. Ғылымның өзін мақсат, ал меже дегеніміз сол мақстақа жету баспалдақтары. Меже биік болған сайын мақсат та көз ұшындағы түнгі алау сынды жарқырай түседі. Ғылым жолының бұралаң-бұрылысы, ойы мен қыры көп. Сол жолдың небір белесін артқа тастап, қайқаң қырына көтерілу ғалымның өз межесіне, діттеген үдесіне жеткені емей, немене?!
Осы айтылғандар белгілі журналист-ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры Рахима Шәріпқызы Нүриденге тікелей қатысты. Рәкең жетпісінші жылдардың соңын ала Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің, қысқаша МГУ-дің журналистика факультетін тәмамдады. Қазір ғой күн сайын шетел асып жататынымыз. МГУ-кез келген көгенкөздің арманы болатын. Біздің жақтың шалдары ертеде білімді кісіні көрсе «Кетрампордан оқып келген ғой» деп жатар еді. Кетрампор-кеңес заманының Свердловскісі, бұрынғы мен қазіргінің Екатеринбургі. Рәкең Мәскеу көрді. Ол кезгі «Темір қорған» ішіндегі талапкер жұрт үшін Мәскеу университеті бүгінгі Гарвардпен, Сорбоннамен барабар болатын. Осы оқу орнын түгескен азын-аулақ қазақтың ілкі легінен көрінген Рахима Шәріпқызы әлі күнге көңілдің көгінде, көптің аузында.
Бірер сөз Рахима Шәріпқызының мақсаткерлігі туралы. Еңбек жолын Қазақ радиосының шетелдерге хабар тарату бас редакциясында редактор болып бастаған Рәкең тәжірибені ғылыммен ұштастырып, диссертациясын «Қазақша хабар тарататын шетел радиолары» тақырыбы бойынша қорғады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің радиожурналистика кафедрасын кафедраны меңгерді. Бұдан соң қызмет бабымен Астанаға ауысып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі, радиожурналистика бойынша доцент болып қызмет атқарды. «Шетелдердегі қазақ радиолары», «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралдарының, «Халықаралық радиожурналистика» оқулығының, «Радиожурналистика» оқу-әдістемелік кешенінің авторы. Сөйтіп, Рахима Шәріпқызы қазақ медиатану ғылымындағы сүбелі сала-радиожурналистикада өз сорабын салды.
Бұл еңбектер кез келген зертеуші қанжығаға қомсынбай байлауға татырлық. Дегенмен Рәкеңнің отандық ғылымға қосқан үлесі, соны лебі деп оның рухани журналистиканы зерттеуге тұңғыш түрен салуын айтар едім. Бұл жөнінде Рахима Шәріпқызының өзі бұдан сегіз жылдай бұрынғы сұхбатында «…қазір социализм қоғамындағы руханият емес, тәуелсіз елдің рухын көтеретін бір ұлттың тұтас рухани әлемін қамтып, рухани дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға құдіреті жететін рухани журналистика пайда болды деп айтуға негіз бар. Әрине, ұлт тәрбиесінің рухани бастауындағы Ел президентінің иманды тұлғасын сомдайтын да бұқаралық ақпарат құралдары…» деп атап өткен болатын. Рухани даярлық пен үлкен білімді талап ететін бұл тақырыпты игерер жолда Рахима Астанадағы мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығында бөлім меңгерушісі, кейіннен Иран Ислам республикасының халықаралық телерадиохабар тарату қызметінің шақыруымен қазақша хабарлар редакциясында қызмет етті.
Рухани журналистика… Оқырман назары енді ғана ауа бастаған осынау соны ұғым қысқаша тоқталып өткенді қажет етеді. Журналистика еліміздің әлеметтік-экономикалық даму факторы, бұқаралық-ақпараттық қызмет саласы ретінде жаңаша өрістей бастағаны белгілі ғой. Қоғамның түрлі салаларына көңіл бөлуіне орай оны саяси, экономикалық, деп бөліп қарастырып жүрміз. Енді осы журналистика салаларына Рахима Нүриденнің зерттеулері арқылы рухани журналистика да қосылып, байыта түсті деп санауға толық негізіміз бар. Жалпы алғанда тіл, діл, дін руханият ұғымына кіреді. Рух деген сөздің түп-тамыры діннен бастау алады. Руханият, рухани тәрбие, рухани байлық, рухани қазына, рухани тазалық ұғымдарының түйісер тұсы да дінде жатыр. Сондықтан «Рухани журналистиканың» ауқымы кең.
Рахима Шәріпқызының руханият тақырыбын журналистика теориясы тұрғысынан талдайтын «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралында бұл мәселе ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделенсе, «Қазақ рухани журналистикасы» монографиясында тарихи-диалектикалық, гносеологиялық көзқарас негізінде жүйеленіп, сараланады. «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті»,«Астана хабары», облыстық газеттер мен «Ақиқат», «Жұлдыз», «Абай», «Парасат» журналдары, діни-танымдық газет-журналдар, Қазақ радиосы мен теледидары, тәуелсіз телеарналардың діни хабарлары ой елегінен өткізіледі, сондай-ақ «Дала уалаятының газеті», «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында жарияланған мақалалар да қарастырылады. Діни хабарлар таратуды аудиторияның сұранысын қанағаттандыратын, қоғамда рухани ахуал орнатудың бір әдісі деп білетін шетелдегі бірнеше радиолардың да тәжірибесі сарапталады.
Ғалым қазақ баспасөзінің дүниеге келуінен бастап, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарына дейінгі аралықтағы руханият мәселелерінің көріністерін жүйелі сараптап, діннің алатын орны мен атқаратын рөлін жарияланымдар арқылы зерттеп, халқымыздың дінге деген көзқарасының тұтас бейнесін жасау арқылы қазақ рухани журналистикасының қалыптасуын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Бұл орайда қазақ журналистикасында рухани құндылықтарды баспасөз арқылы насихаттауға атсалысқан Алаш қайраткерлері қосқан үлесті зерделеп, кеңестік кезеңдегі атеистік насихаттың кері ықпалының зардаптарын ашып көрсетуге, тәуелсіздік тұсында рухани басылымдардың пайда болу, қалыптасу, даму бағыттарын айқындауға күш салды. Руханият мәселелерін сөз еткен мерзімді басылымдар мен олардың беттерінде жарияланған мақалаларға талдау жасады, радио мен теледидардағы діни хабарлардың пішіндік, жанрлық ерекшеліктерін, елімізге енген секталардың ұлттық қауіпсіздікке қатерін ой елегінен өткізді. Сонымен қатар баспасөзде жазылған, радиодан оқылған, теледидардан көрсетілген руханият тақырыбына арналған материалдардың жанрлары мен пішіндерін, берілу әдістерін, дін тақырыбына жазып жүрген қаламгерлердің шығармашылық ерекшеліктерін сараптады.
Инемен құдық қазғанға барабар зерттеуші еңбегі тізіп шыққанға ғана оңай. Рәкең көз майын тауысып жазылған «Қазақ рухани журналистикасы» монографиясы қазақ журналистика ғылымындағы осы тақырыптағы тұңғыш еңбек болғандықтан, тоқтала кеткеніміз жөн. Жұмыстың басты нәтижелері мен жетістіктері мынадай. Онда рухани журналистика жүйесінің қалыптасуы мен даму бағыттары кешенді түрде зерттеліп, ғылыми-теориялық, әдістемелік негізі сараланып, оның тарихи негіздері анықталған. Зайырлы баспасөздің рухани қызметін саралау барысында көптеген мақалалар ғылыми айналымға енгізілген, қазақ журналистика ғылымына «діни-танымдық баспасөз», діни журналдар, зайырлы баспасөздің рухани қызметі ұғымына анықтама берілген, олардың жанрлық, тақырыптық, мазмұндық қырлары ашылған. Сонымен қатар діни-танымдық басылымдардың сараптаулы кешенді жүйесі ұсынылғанын, электронды ақпарат құралдары діни хабарларының пішіндік, жанрлық ерекшеліктерін талдау нәтижесінде тұңғыш рет телерадиодағы рухани тақырып ғылыми айналымға енгізілгенін атап көрсеткеніміз жөн.
Монографияда сондай-ақ жиырмасыншы ғасырдағы дін білгірлері Ақжан Машани, Халифа Алтай, Әбсаттар Дербісәлі шығармаларының рухани публицистикаға қосқан жаңашылдықтары жеке-жеке қарастырылып, ерекшеліктері анықталады.
Рахима Шәріпқызы еліміздің бас басылымы-«Егемен Қазақстан» газетінің ұлттың рухани бет-бейнесін қалыптастырудағы рөлін көптен зерделеп келеді. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Хабаршысында» «Егемен Қазақстан» газетіндегі руханият мәселелері және олардың берілу ерекшеліктері» атты мазмұнды мақаласы жарық көрген 2007-жылдан бері бұл тақырыпты түрлі қырынан қарастыру үстінде. Автордың «Қазақ рухани журналистикасы» атты монографиясында «Егемен Қазақстанның» этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы қызметі дараланып қарастырылады, жекелеген авторлардың шығармашылығы талданады.
Ғалым сонымен қатар қазақ халықаралық журналистикасын теориялық және тәжірибелік тұрғыда неіздеуге үлкен үлес қосқанын ата өтеміз. Ол осынау соны саланың теоретигі ғана болып табылмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Рәкең Тегеранда тұрып, Иран ислам республикасының халықаралық телерадиохабарында жұмыс істеген бірден-бір қазақ журналисі. «Сауд Арабиясының ақпарат кеңістігі», «Мысыр баспасөзі бойынша дәріс берудің маңызы», «Әлемдік ақпарат кеңістігі және ұлттық идеология», «Бай-өлке радиосының рухани мұралары», «Әлем радиоларындағы діни хабарлар» атты құнды ғылыми мақалалары алыс және таяу шет елдерде ғылыми айналымға енген. «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша еліміздегі алғашқы «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралында және «Халықаралық радиожурналистика» оқулығында рухани журналистиканың әлемдік тәжірибесі де сарапталып, араб елдері бұқаралық ақпарат құралдарындағы руханият мәселелері, Иран бұқаралық ақпарат құралдары және аятолла Хомейни мұралары алғаш рет баяндалып, ғылыми айналымға түскен.
Еліміз ақыл-ой, жүрек қуатын талап ететін білім экономикасына аяқ басқан қазіргі тұста ғылым қайраткеріне қойылар талап та, жүктелер міндет те ауқымды. Ізденіс іркілмесін, деп тілелік, ағайын!
Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі,
профессор