– Дүниеде уақыттың әмірі жүрмейтін бір құдірет болса ол – өнер. Өнердің ішінде күйдің орны қашанда бөлек. Сол өнер қазақта домбыраның шанағына ұялаған. Домбыра сан ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасып келеді. Ел басынан аумалы-төкпелі небір замандар өтсе де, қоңыр домбырасын қолынан тастаған емес. Домбыра бас, мойын, шанақ секілді үш құрылымнан тұрады. Шанақ бабалардың үнi мен сөзiнiң қоймасындай. Сол өнер қазақта домбыраның шанағына ұялаған.
Ел басынан аумалы-төкпелі небір замандар өтсе де, қоңыр домбырасын қолынан тастаған емес. Ата-бабамыз қандай қиын, қилы заманда да алтынын жоғалтса да, бесігі мен домбыраны көзден таса етпеуді көксеген. Кешегі кеңес тұсында да әр үйдің болмаса да қаны қазақтың төрінде ілулі тұрды. Қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ұлтымыздың төл аспабы киелі қара домбыраның шыққан уақыты мен пайда болу тарихын, ең алғаш кімнің жасағанын біле бермейміз. Төртінші ғасырда Арал теңізінің батысында Хорезмнің қасында “Қой қырылған” және Жамбыл өңіріндегі археологиялық қазбалардан тасқа қашалған екі ішекті аспаптың суреті табылған екен. Ғалымдар соған қарап “домбыра тас дәуірлерде пайда болуы мүмкін” деп болжайды. Домбыра ата-бабамыздың оқыса – кітабы, қуанса – досы, сырласы болған. Домбырада адамның дертіне дауа болатын сыршыл үні бар деседі. Әл-Фарабидің еңбектерінде “қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды” деп жазылған. Домбыра не себептен екі ішекті, он екі пернелі, шанағы неге жеті бөлек, құлағы екеу деп ойланып көрдік пе?
Домбыраға екі ішек тегіннен-тегін тартылмаған. Үстіңгі ішегі – аспанмен, астыңғы ішек Жер-анамен тілдеседі. Домбыраның қасиеттері әлі толық ашылған жоқ, оны зерттеу – мамандардың міндеті. Мәселен, скрипка немесе күйсандықтың үнін мамандар алдын-ала келтіріп қояды. Тіліне саусағыңды тигізсең, әуен саулап қоя береді. Ал қазақ домбыраны қолға алған кезде құлақ күйін келтірмей тартпайды. Яғни домбыраның құлақ күйінен адамның мінезін, көңіл күйін, психологиясын, тіпті бойындағы дертін де анықтауға болады. Кез келген адам оны үйрене алады. “Күйші болу үшін қолы ұзын болуы керек” деген сөз дұрыс емес. Қолына домбыра ұстап, “әу” демейтін қазақ жоқ. Аздап болса да күй шерте білген адамдар көкірек көзі ояу, сезімталдық қасиеті ашылып, көреген болады. Кез-келген музыканы тыңдау арқылы оның қабілеті оянады. Бірақ, осы қасиетті домбыраны тарту бір бөлек, оны жасау бір басқа. Зерттеушілер домбыраның шығу тарихын әр дәуірге жатқызады. Ғалым Кемел Ақышев біздің заманымыздан 4 мың жыл бұрын салынған домбыраның суретін тапқан. Демек, одан бергі уақытты есептегенде, домбыраның 6 мың жылдық тарихы бар екен. Сан ғасырлық тарихы бар музыка аспаптары қазақ халқының музыкалық мәдениетінің пайда болуының және дамуының куәсі болып табылады. Мыңдаған жылдар аясында Ұлы Дала көшпелілерінің шыңдалған ғажайып мәдениетінің кіндік жұрттағы мұрагері – қазақ халқы. Орта Азия аймағында домбыра біздің жыл санауымыздың бас кезінде пайдаланыла бастаған деп саналып келді. Тарихшылар мен аспап зерттеушілер бұл тұжырымды деректі түрде негізделген деп қарайды. Домбыра – қазақтың жаны. Ол тар жол, тайғақ кешу жолдарын бастан өткерген қазақ тарихын парақтауға негiз бола алады. Ғасырлар бойы қалыптасқан музыкалық-тарихи мұраларды бізге домбыра жеткiздi. Домбыра бар жерде қазақ халқының тiлi, өнерi, тарихы бiрге жүредi. Саз әлемінің сардары атанған А.Жұбановтың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. 1933 жылдың ақпанынан басталған еңбек жолы қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуы, дамуы және өркендеуі жолында алтын әріптермен жазылды. Кәсіби оркестрге сапасы жоғары музыкалық аспаптар қажеттігін дер кезінде түсінген Ахмет Жұбанов бұл мәселеге ерекше мән берді. Осы саланың жауапкершілігін өз мойнына алған ол шеберханаға композитор Е. Брусиловскийді және ұлт аспапта¬рын жасаушы шеберлерді жұмысқа шақырды. Олардың қазақ музыка өнерін дамытуға, қара домбыраны жетілдіріп, әуезінің, дыбыс бояуының жоғалмауына зор еңбек сіңірді. Құрманғазының күйлерін әлемге танытуда қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған ұлт-аспаптар оркестірін жасақтап, артында өшпес мұра қалдырған А.Жұбановтың аты ұрпағымен бірге жасап, үшінші мыңжылдыққа да аяқ басты. Мұндай шығармашылық – табыс адамының ғана қолынан келетін сирек құбылыс. Өзінің барлық білімі мен ақыл-ойын, күш-жігерін қазақ кәсіби музыка өнерін дамытуға сарп ет¬кен шынайы талант иесіне халқының ықыласы мәңгілік. Өйткені домбыра бар жерде дәулескер күйшілердің атымен бірге Ахмет Жұбановтың есімі ауыздан ауызға таралумен келеді. Халық арасынан іріктеліп шыққан тума та¬лант¬тардың алғашқы шоғы¬ры Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, Дина Нұрпейісова, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Қамбар Медетов сынды тамаша домбырашы-күйшілер халық музыка мәдениетінің таусылмас кені болатын. Олардың әрқайсысының шебер орындаған күйлері, оны шығарушы композитор және күйдің шығу тарихы жайлы айтқан әңгімелері Ахмет Қуанұлының болашақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының да таусылмас тақырыбына айналған секілді. Құдіретті күй өнері дегенде, бұл жанрда қайталанбас өзіндік із қалдырған Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Сейтек, Абыл, Дайрабай, Байсерке, Мәмен, Қазанғап, Түркеш, Тоқа, Сүгір, Дина сынды бір шоғыр дүлдүл қазақ мәдениетінің маңдайына біткен бақ-дәулетпен тең. Cолардың ішінде күй атасы Құрманғазы ерекше. Табиғата кездесетін үн мен дыбыс атаулының барлығы домбыраның екі шегінен, шанағынан табуға болады. Мұндай ерекшелік домбырадан басқа ешбір аспапта кездеспейді. Домбыра бас, мойын, шанақ секілді үш құрылымнан тұрады. Шанақ бабалардың үнi мен сөзiнiң қоймасындай. Екі ішек аспан мен жердің, ақ пен қараның, күн мен түннің, жақсылық пен жамандықтың, жалған дүние мен бақи дүниенің бір белгісіндей. Домбыраның ішегі адамның көкірек қылын шертсе, мойнына белгіленген перне көкірек пернеңді басады. Күй – қазақтың жаны мен өмірінің мәні. Кейбіреулер домбыра жасауды кәсіп көзіне айналдырып алды. Ал ең жаманы – домбыра жасалатын ағаштың сапасы мен түріне мән бермейді. Домбыраның қалай дайындалып, қалай жасалатындығына бейхабар өз қазағымыздан бастап ұлттық жәдігер ретінде сатып алуға құштар шетелдік қонаққа өткізу үшін түрі домбыра болғанымен, жаны қуағаш аспапты саудаға шығарып жүр. Содан барып құлақ құрышын қандырмайтын әйтеуір сұлбасы домбыраға ұқсас зат болып шығады. Домбыра, негізінен, екі ішекті болып келеді. Ел арасында үш ішекті домбыраларда кезігеді. Бұрын ешкінің және қойдың ішегінен жасалса, бүгінде оны жасау әдісін білетіндер қалмады десе де болады. Оны арнайы машина иірмесе, қолдан жасалған ішектердің үні домбыраның дыбысна сай келмейді. Ал домбыраның алғашқы нұсқасы – 5-7 пернелі болса, кейін перне саны 13-14 ке жетті. Оның құлақ күйі оң бұрау кварта және теріс бұрау квинта деп аталады. Домбыра – тек күй тарту үшін ғана емес, ән сүйемелдеуге де қолданылатын аспаптардың бірі. Біржан сал, Ақан Сері, Әміре, Мәди, Жүсіпбек, Ғарифолла сынды қазақ ән майталмандарына демеу болған. Кейінгі кезде домбыра жан-жақты зерттеліп жетілдірілді. Белгілі музыкалық аспап жасау шеберлері домбыраның дыбыс шығару мүмкіндігін, сапасын жақсартып, олардың бірнеше түрлерін жасап шығарды. Егерде үйіңізге домбыра ала қалсаңыз, міндетті түрде шеберден сатып алғаныңыз жөн. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Ендеше қасиетті қоңыр домбыраның әрбір қазақтың үйінде тұруы – ата жолын жалғастырғаны.