Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Жүрегіне сыйғызған нұрлы әлемді…

Шарипа Нуржанова Қаңтар 8, 2015 0

Өткен күнде белгі жоқ, дейді. Жылжыған жылдар жылап аққан су, көлден ұшқан бу сияқты… Дөңнен-белес, өңнен-елес қалғандай. Ұмсынсаң қолың жетер ме енді. Дариға-ай, дейсің.

Иә, «сағым боп аққан сан жылдардан» белгі боп санада салмақ қалды. Соны бір безбендер ме еді, деп те ойлаймын кей кезде. Жылдардың салмағы-жүрекке артылған жүк қой.

Ал, журналист жүрегіне түскен жүкті таразыға тартқан жан бар ма?

Біздің буын қоғамдық тірлікке араласқан жетпісінші жылдардың соңында екі елі ауыздан төрт елі қақпақ кетпей, цензура атаулының қылышынан қаны тамып тұрған-ды. Батыс демократиясы Кеңестер Одағындағы адам құқығы, сөз бостандығы аяққа тапталатындығын бетке шіркеу қыла бергендіктен, әдебиет және жастар мәселелерін көтеретін басылымдардың стильдік ізденістерге барып, тақырып аясын белгілі бір өрісте кеңейтулеріне «мүмкіндік» берілген болатын. Солардың ішінде өзіміздің «Лениншіл жас» та (бүгінгі «Жас Алаш») та бар еді.

Міне, осындай беделді басылымға аса талантты да талапты жас қаламгерлердің ғана тұяқ іліктіретіні өзінен – өзі түсінікті емес пе. Оның үстіне олардың көбі жалына құрық тимеген шу асау (бойдақ дегенді айтқалы отырғаным ғой), күш-қуатын толығымен шығармашылық тірлікке арнайды. Бәрі де сен тұр, мен атайын деген сайдың тасындай іріктелген жігіттер. Жігіттер дейтінім газет технологиясы жеңіл болмағандықтан редакцияға негізінен еркек кіндіктілер алынатын жазылмаған заң бар-тын. Талғампаз басшылар мұндайда өте қабілетті бұрымдыларды ғана төрге оздыратын. Сондықтан болар «Лениншіл жас» тарихында қалған журналист қыздар саусақпен санарлық. Солардың бірегейі- есімі елге мәшһүр баспагер-журналист, жазушы, бірнеше басылымның Бас редакторы Баян Болатханова…

Талант тас жарады, дейді. Мәні бар мәтел. «Лениншіл жастан» түлеп ұшқан Баянның үзеңгілес серіктері бүгінде бір-бір басылымды ұршықтай үйіріп отыр. Қоғам қайраткерлері, жазушылар Өтеш Қырғызбаев, Ертай Айғалиев, көсемсөзші Сапарбай Парманқұлов, ғалым, филология ғылымдарының докторы Қамбар Керейқұлов… Бұлардың бәрі бір курста оқып,  «Лениншіл жастың» тарихи беттерінен халқына бірге қадам басқан танымал тұлғалар.

«Лениншіл жас» сол кезеңнің өкілі ретінде маған да етене жақын, ыстық. Басқасын былай қойғанда, менің балаң өлеңімді бұл газет осыдан қырық үш жыл бұрын, 1971 жылдың ақпанында, сегізінші класта оқып жүргенімде жариялаған еді.

Талант туған жер топырағына тартады…

Жыр дүлдүлі Ғафаң, Ғафу Қайырбеков нағыз Торғайдың-халық саны заманның кең шағында да жиырма мыңнан асып көрмеген Жанкелдин ауданының-қазақ тарихындағы қастерлі орынына  тоқтала келіп, «Торғайдың қасиетін білу үшін оның топырағын зерттеу керек» деген болатын. Ақын әсірелеп айтады ғой, дегенмен де осы сөзде жан бар. Олай дейтінім, жыр алыбы Жамбыл бабамыз дүниеге келген топырақтан жаралған Баян Болатханованың қабілет-дарыны асқақ Алатаудың әсем табиғатынан дарыған болар. «Екейде елу ақын, сексен бақсы, жатады ертелі-кеш думандатып» демейтін бе еді. Несін айтасыз, талант табиғаты тылсым ғой.

Баян өнер тақырыбын жүйелі зерттеп, дәстүрдің, тарих пен ұлттық сананың өзара байланысының ерекшеліктеріне ден қойып келеді.   Қазақ өнерінің тереңіне үңілген мәдениеттанушы қаламгердің жекелеген әлеуметтік-мәдени процестерді, тұлғалар мен тұтас бір тенденцияларды бейнелеген көркем очерктері мен деректі повестері арқылы қоғамның белсенді бөлігі болып табылатын оқырман көпшіліктің («Ленжас» таралымы 300 мыңнан асып жығылатын еді ғой ол кездері) көркемдік санасы мен эстетикалық талғамы тәрбиеленді дегеніміз дұрыс. Ұлттық рухтың сақшысы өнер атаулы болса, сол өнерді білгірлікпен насихаттау ұлттық сана мен рухты  да сомдамай ма?

Сәл шегініс жасайық. Өткенге үңілсек, қазақты өзіндік келбеті бар ұлт есебінде қалыптастырған да,  Батыс пен Шығыстан соққан алай-түлей өркениеттік құйындардан аман алып қалған да осы баба мирасы-өнер екендігін көреміз. Ел мен жер үшін болған сансыз майдандарда сұр сүңгі мен білек күші ғана сынға түскен жоқ қой.  Жалпы, жер бетінде бұрынды-соңды орын алған қақтығыстардың бәрі сайып келгенде діл қақтығысы болып табылады. Сондықтан да келешегіне алаңдаған елдердің игі-жақсылары халыққа күш-жігер беретін оптимистік рухтағы шығармаларды насихаттауды басты патриоттық міндеті деп білген.

Өнертанушы жұртшылық қазақтың ән-күйінің түрлі ырғақ-екпінмен орындалатынын ежелден келе жатқан тәмсілмен байланыстырады. Расында да Атырау, Еділ-Жайық өңірінің әндері де, күйлері биік, ащы дауыспен, зор екпінмен тасқындата орындалмай ма? «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда, өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда». «Жұмыр қылыш»… Ал, Арқаның әндері мен күйлері өзінше бір әлем. Ойнақы екпінмен жеңіл орындалатын Жетісу әндері… «…Қамшыны екі бүктеп қолға ұстап, қызығы бұл дәуреннің ойнап-күлген»… Осы әндердің ар жағында түрлі темперамент жатыр. Әр өңір әуендері мен күйлерінің осындай ерекшеліктерінің тарихи және әлеуметтік-психологиялық  дәйектемелері соңғы кездері қылаң бере бастаған структуралық көзқарастан туындайды.

Күй мен күйші тақырыбы – күрмеуі қиын тақырып. Баянның  «Қазақтың Қаршығасы» атты повесі өнер тарланының бітім-бейнесін тарихи-диалектикалық тұрғыдан мінсіз сомдауымен ғана ерекшеленбейді. Автор ұлт өнеріне деген, менің ұғымымша, бірден-бір дұрыс көзқарасты ұлы композитор Ахмет Жұбановтың мына төмендегі пікірі арқылы келтіре кетеді. «Атырау мен Алтайдың екі арасындағы ұлан-байтақ жерді иеленген тұтас, іргелі елміз. Жер арасы шалғай деп біртұтас өнерді бөліп, бөлшектеп жіліктейтін болсақ, әр адымымызды аңдып отырған сырт көздің мерейін өсірген боламыз. «Бас-басына би болған өңкей қиқымның» ауанына еріп, ығына жығылатын болсақ, бір ошақта маздаған өнер отын өшіріп, өнер шоғын шашып, шашыратып аламыз».

Повесте ұлттың өзін-өзі тану мәселесі эмоциялық-сезімдік тұрғыда қарастырылады.  Кейіпкер толғанысына құлақ түрелік. «Бір кезде домбыра сөйледі, қазақ тыңдады. Содан соң қазақ сөйледі, домбыра тыңдады. Қазақ тілін ұмытсақ, домбыра үнімен ұғысатын шығармыз». Повестің идеялық түйіні, лейтмотиві міне, осы үш сөйлемге сыйған. Осы үш ауыз сөз жазушының шығармашылық кредосы десе де болады.

Өнер халықты ізгілікке тәрбиелейді, имандылыққа үндейді. «Әсемдік әлемді сақтайды» демеп пе еді Достоевский. Өнер адамы  қиянатқа төзбейді, қатігездікке қарсы шығады. Төлеген ақын айтқандай «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның». Өнер құпиясына үңілу талант табиғатын танудан басталмай ма. Бұл жерде кітаби ілім-білім аздық қылады. Сыршыл сезім құпиясын   нәзік жүрек, ұшқыр қиял ғана аңғара алады.

Ұлттық болмыс, төлтума мәдениет бүгінде Батыстан ағылған лай толқынға көміліп қала ма деген қауіп те жоқ емес. Діл дағдарысының, менталитет тайталасының өзі бүгінде ұлттық шекарадан асып, ғаламдық сипат алуда. Керағар идеялар соқтығысынан шашыраған жасын-от жарты әлемді жалынға бөледі емес пе. Мәдениеттанушы-журналистің осыны ойлағанда, жүрегі сыздап, санасы сансырайды. Оның әділетсіздік атаулыға қарсы жалғыз қаруы бар – ол бала кезінен серік болған ескі дос -қаламы. Қаламның күші ақ найзаның сермеуін тойтарарына сенімді ол.

Иә, журналист қаламы қарумен барабар саналған. Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеген ғалымдар осылай дейді. Қазір де солай болса керек. Журналист қаламынан бораған ақпарат ағыны белгілі бір мақсат көздейді, діттеген нысанасы бар. Міне, оқырман қауымды ізгілікке, мейірбандыққа  тәрбиелеп, бауырмалдыққа баулитын осынау ақ ниетті ақпарат санамыздан орын тебер алдында редактор жүрегінің  жылуына бөленеді емес пе. Иә, жүрегіне нұрлы әлемді сыйғызған қаламгер ол…

 

 

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field