Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

ҚАЗАҚ ЖІПСІЗ БАЙЛАУЛЫ “ЖАТЫР”…

Шарипа Нуржанова Желтоқсан 31, 2014 0

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

филология ғылымының кандидаты, доцент

Досжан Балабек__лыны__ фотосы (1)Бүгінгі қазақтың сөйлеу мәдениетінде “келе жатыр”, “бара жатыр” деу үйреншікті дағдыға айналды. Осы арада қисынды сауал туады: “Өзі келеді немесе барады, сөйте тұра қалай “жатады?”. Сөз тіркесі ішкі мағыналық қайшылықтан тұратынын аңғарсақ та, мән бермейміз. Республиканың батыс аймағының қазақтары әлгі сөзді “кел[е]атыр, баратыр” деп қолданады. Бұл ежелгі руникалық ескерткіштерде сөйлем ішіндегі баяндауыш қызметінде жұмсалатын етістік сөзді тиянақтап тұратын –дір,дыр грамматикалық формантының ХІХ ғасырдағы жазба ескерткіштерде “келедүр, барадүр” пішінінде таңбаланғаны мәлім. Буын арасындағы “і”-нің “ү”-ге, “ы”-ның “ұ”-ға ауысуы, тіліміздегі кішік сөзінің күшік лексикалық тұлғасына айналу мысалынан нақты көруге болады. Бұдан тілдің грамматикалық құрылысының өзгеруі, жетілуі лексикалық құрамына қарағанда едәуір баяу жүретіндігін байқаймыз.

Абыз Абай шығармашылығында:
Ақылмен хауас барлығың
Білмейдүр жүрек сезедүр.
Мүтәкәллимин, мантиқин
Бекер босқа езедүр

деген өлең шумағы бар. Осы өлең жолдарындағы біз ерекшелеген тіліміздің грамматикалық түрленген төлтума лексемаларын ілгерідегі мәртебелі ғалым ағаларымыз кітаби сөз деп анықтаған. Бұл пікірмен біз келісе алмаймыз. Оқымыстылардың ойынша, Абай “Теолог пен логиктер бекер босқа езеді деудің орнына, білмейдүр, сезедүр деп әдейі қолданған” (Кеңесбаев І., Ғ.Мұсабаев. Қазіргі қазақ тілі. А., 1962, 166-б.). ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамы теолог, логик дегенді қайдан білсін, төрүктектес ұлт пен ұлысқа шығыс мәдениетінің тигізген ықпалымен хауас, мүтәкәллимин, мантиқин тәрізді араб-парсы кірме сөздерінің жазба дәстүрде кең қолданылғаны ақиқат. Асылы, Абайдан кінәрат іздеудің ғылыми негізі жоқ, кемшілік өз сөзімізді жатырқатқан “ғалымдардың ашқан жаңалығында”.
Жалпы байырғы төрүк руникалық графикасымен тіліміз тікелей байланысып тұр. Түрік қардаштарымыз ежелгі руна тас бітіктеріндегідей “келүр, көрүр, білүр…” үлгісінде қысқа да, нұсқа қолданады. Ендеше, бағзы тілдік айналымда жоқ “келе жатыр, бара жатыр” сөз тіркесі қайдан алынған деген сұрақ туады? Және төрүктекті ұлт пен ұлыстардың арасында қазақтан басқасының лексикалық қорынан бұл тіркесті кездестірмейміз. Салыстырмалы түрде араб-парсы элементтерінің ықпал-әсері күштірек саналатын көрші өзбектер әдеби нұсқасында “келеділар, барадылар ”, диалектілік “келді, барды”, “кетуатты, келуатты” лексикалық тұлғасында қолданады.
Бәлкім, ықылас қойып, мұқият зерделегенге қазақтың ұлттық санасының сүлесоқ, енжарлығы, ойды тиянақтайтын жасанды “жатыр” сөзінің магиялық қуатына тұсаулы болуы әбден ықтимал?! Сондықтан тілдің ұғым-танымды білдіру қабілеті ғалымдар тарапынан мемлекеттің қасиетті шекарасын күзеткендей ұдайы бақылауда ұстаудың ұлт мүддесінің қауіпсіздігі тұрғысынан стратегиялық маңызы зор. Осы түйінді шешу үшін “бара жатыр, келе жатыр” сөз тіркесінің баяндауыш тұлғасындағы синтаксистік қолданысын “барадыр, келедір”, яки “барадүр, келедүр” немесе “баратырық, келатырық” деп ауыстырып жұмсаса, ішкі мазмұны мен сыртқы тұрпаты қандай келісті болар еді. Қазақтың сана-сезімін “дір” дегізіп, “дүр” еткізіп, “атыру” әркімнің азаматтық міндеті. Өйткені, жасыратыны жоқ, жаппай сауатты бүгінгі ұрпақ ауызын ашқан сайын жалбарынғандай сан мәрте “жатыр” деп қайталай берген соң, Тәңірінің құлағына шалынып, көптің тілеуі қабыл болмасына кім кепіл.
Иә, қазақ не істесе де, тек “жатып” істейді. Расында, толғандыратын жағдай. Заманында бұған алаш арыстары да көңіл түкпіріндегі алаңдаушылық сезімін жасырмаған. Міржақып Дулатұлы:
Найзаменен түртсе де,
 Жатырсың, қазақ, оянбай.
Мұнша қалың ұйқыны
 Бердің бізге, ой, Алла-ай!
десе, Мағжан Жұмабайұлы 1911 жылы “Айқап” журналының №2 санында “Жатыр” атты өлеңін жариялайды:
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
 Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр.
 Сезінбей өз өлгенін, өзінікін
 Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр..”.
Әйгілі ақын қазақтың күллі кемшілігінің түп себебін бейнелі тілмен “жатыр” сөзіне меңзеп, тыңдарманға әсер ету үшін отыз мәрте қайталайды. “Жатыр” сөзін Мағжанның ақындық түйсігі “өлумен” егіздеп, естілердің назарын шұғыл аударуға дабыл қағады.        
“Ана тілі” газетіне тіл туралы ой-пікірін білдірген Зиядолла Қоңыр атты оқырман “Неге екені белгісіз, кейбір қазақтар тілді бұзуға құмар. Бұл әдет те білімділіктің нышаны дей алмас едік…”, “Қазақта… “Баратырық” емес, “бара жатырмыз”, “келатырық” емес, “келе жатырмыз” (“Ана тілі” газеті, №41, қазанның 13-і, 2005 ж.), – деп, халықтың тіліне ешбір дәйексіз редакция жасап, керісінше бұрмалауға кеңес береді.
“Нешеме ғасыр жеріңді жерлеп, суыңды сулап кележатқан орыстың қазақ тілін білмеуі милаулығынан емес, білгісі келмеуінен”; “Біреуге иленбей, іргелі елдік қалпын ұстанып кележатқан үрдіс бар” (Сабыржан Шүкірұлы. “Ана тілі”, №2021 мамырдың 18-і, 2006). “Кележатқан” сөзі дәл осы лексикалық тұлғасында бірге жазылса, біріншіден, дыбыстың артикуляциялық және акустикалық сипатының өзгеруіне байланысты ықшамдалады. Бұл тілдік құбылысты М.Томанов былай пайымдайды: Түркі тілдері тарихында негізгі етістік пен көмекші етістік тіркесінің редукцияға ұшырауы жиі кездесетін құбылыс. Қазіргі қазақ тілінің фактілері мұндай құбылыстың әлі де болып отыратындығын дәлелдейді. Келатыр, түрегел, баратыр (келе жатыр, тұра кел, бара жатыр), т.б. айтылу нормасы есебінде қалыптасып кеткен сөздер сондай өзгерістердің нәтижесі. Мұндай сөздер құрамынан екі түрлі өзгеріс байқалады: екпінсіз буынның түсіп қалуы және дербес сөздің  (көмекші етістіктің) грамматикалық формантқа айналуы” (Тіл тарихы туралы зерттеулер. (Түркі [қазақ] тілдері бойынша). Алматы: “Ғылым” ғылыми баспа орталығы, 2002. 106107 бб.). Аяулы ұстаз, сезімтал ғалымның пікіріне қосыла отырып, (келе жатыр, бара жатыр) ХХ ғасырдың жиырманшы жылдарының аяғындағы кеңестік “ғылыми жаңашылдық” өзгерістің нәтижесінде жазба дәстүрде жасанды тұрақтандырылып, тілдік қолданыста штампқа айналдырылғандығына зерттеу барысында көз жеткіздік. Екіншіден, орфографиялық ережеге қайшы. Орфографиялық сөздік – сол тілді тұтынатын баршаға ортақ жүгінетін заңды бекітілген мемлекеттік құжат. Қазақ тілінің лексикалық қорындағы бұл негізге алатын бекітілген жазылу нормасын бұқаралық ақпарат құралы бұзуға немесе бұрмалауға еш қақысы жоқ. Егер қажетті өзгерту мен түзетулер енгізу керек болғанда ғана ғылыми дәлел, уәжбен тиісті мекемелер мен жауапты орындарға мерзімді баспасөз бетінде ұсыныс пен талап қойылуы шарт. Себебі бар орфографиялық сөздікті менсінбей күнделікті ақпарат алатын баспасөз құралдары тілдік қорымыздағы атауларды кімнің ауызы қалай қисайса, солай жаза беретін болса, мұндай алақұлалық тіл мәдениетіне қауіп төндіріп, қоғамдық ортада әлеуметтің қайсы үлгіге сүйенерін білмей анархия туғызары анық. Тілдегі осы түйткілдің күнделікті куәсі ресми жауапты, құзырлы орындар мен лингвист оқымыстылардың мәселенің мән-жайын шұғыл түрде ғылыми айқындауға дәрменсіздігі мен белсенділік таныта алмауы – кәсіби деңгейінің шамасына әзірге өлшем боп тұр…
Егер бұл екі дербес мағыналы сөз бір ұғымды білдірсе, үндестік заңына орай, емлеге сәйкес “келатқан” болып өзгеріске түсуі тиіс. Екі бөлек сөздің бір мағына үстеп бірігуі, кірігуі тілдік тұтынуда ықшамдалып, жазу мен айтуда жеңілдеп, тәжірибеде оңайлық үшін табиғи үнемделеді. Білім беру жүйесінде, әсіресе өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда, яки мемлекеттік тілді үйретуде шатастырмайды.
Рухани өмірімізде төлтума төрүк руна таңбаларымен жазуға тиым салынған дәуірден бастап ортақ орфографиялық қағидамыздан қатар айырылдық. Мың жылдан астам тұтындық деп есептелетін араб қәріпті жазу үлгісіне тіліміз тарихында талай мәрте өзгеріс енгізілді. Біздіңше, бағзы төлтума төрүк руникалық жазуының орнын басқан араб графикасының қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәлмедәл толық берудегі елеулі айырмашылығы лексикалық-семантикалық олқылықтар мен ақауларға себеп болды. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне лайықталып, түбегейлі реформа жасалуы “Айқап” журналының 1912 жылғы №4–5 санында жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының “Жазу тәртібі” атты мақаласынан басталады. Алайда Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Қошке Кемеңгерұлы, т.б. алаш зиялыларының ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы  қазақ тілінің емлесі мен жазу тәртібі, термин мәселесіне байланысты тұжырымды қағидалары кеңестік тіл біліміне жат деген желеумен ғылыми жалғасын таппай аяқсыз қалды.
Қолданыстағы “келе жатыр” сөз тіркесінің мағыналық-логикалық құрылымы қате екеніне көз жеткізу қиын емес. Егер морфологиялық талдау жасасақ тіркестің алдыңғы бөлігінің түбірі “кел” етістігі, оған есімшенің “е” жұрнағы жалғанып істің қозғалыс үстіндегі сипатын білдіріп тұр. Екінші компоненті “жатыр” сөзінің лексикографиялық анықтамалықтарда екі түрлі мағынасы бар:
“1.жатыр зат. Әйелдің, аналық жан-жануарлардың бала, төл өсіп жетілетін ішкі органы. 2.жатыр к. ет. Негізгі етістіктегі істің мезгілге байланысты жайын білдіріп, күрделі етістіктің құрамында қолданылатын сөз” (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 4том. А., “Ғылым”, 1979, 78 бб.) делінген.
Тақырыбымызға арқау болған жатыр сөзін қазақ тіл білімінің теориялық еңбектерінде “көмекші етістік қызметінде жұмсалады” деп оқымыстыларымыз “ғылыми заңдастырып” қойғанмен, оның жеке тұрғандағы мағынасы айқын, істің қозғалыссыз бір қалыпты күйін білдіреді. Мысалы: Ол ұйықтап жатыр; Қалам мен қағаз үстел үстінде жатыр. Демек, “келе жатыр”, “бара жатыр”, “тұрып жатыр”, “өсіп жатыр”, “теріп жатыр”, “орып жатыр”, “ұшып жатыр”, т.т. тіркестердегі жатыр “көмекші етістігі” сөйлеу актісінде іс-қимылды үнемі тежеу үшін саналы түрде сөзбен салынған “дұғалық”, ойды тиянақтаудың орнына мағыналық-логикалық қайшылық туғызу ниеті көзделген. Зады, қатар орналасқан түзу қос сызықтай аталған сөз тіркестері семантикалық жағынан бір-бірімен мүлдем қиыспайды. Солай бола тұра бұған дейін қорғалған қыруар диссертациялық жұмыстар мен жарияланған монографиялық зерттеулерде аталған мәселеге қатысты ұшқарылық бүтіндей еш өзгеріссіз бірін-бірі қайталаудан әріге аса алмай келеді.
Жатыр лексемасының шығу тегі о баста етістіктің бұйрық райындағы жат + йер сөзінің бірігуі нәтижесінде қалыптасқан заттанған сөзжасам. Яғни эмбрионның (ұрықтың, генофондтың) жат[ын] жері, орны, құрсағы. Атау қазақ тілінің даму барысында үндестік заңына сәйкес жатыр лексикалық тұлғасына айналған. Қазақта “Ұйықтаған жері жаман” деген фразеологизм бар. Мұндағы мағынасы: жатыры, яки шыққан үйі жаман, ауыспалы түрде шыққан тегі, тәрбиесі жаман дегенді білдіреді. Немесе осыған ұқсас синонимдік қатар түзейтін Жатырынан қағынған / Туа қағынып өскен, ежелден бұзылған; Жатырына тартты [тартқан] / Мінез-құлқы, түр-сипаты туғанына [шешесіне] ұқсады деген мағынада қолданылады (Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Кеңесбаев І.К. А.: “Ғылым”, 1977, 192-б.). Жатыр – кез келген жұмыр басты пенденің жарық дүниеге шыр етіп келердегі бастапқы шығатын үйі. Грамматикадағы “жатыр” көмекші етістігі қазақты сол шыққан үйіне сөз мағынасының құдірет күшімен кері енгізу әрекетінен туған “жаңалық”. Иісі қазақ ауызекі тілде “келе жатыр, бара жатыр, тұрып жатыр, өсіп жатыр, теріп жатыр, орып жатыр, ұшып жатыр”, т.т. демейді “келатыр, баратыр, тұрыпатыр, өсіпатыр, теріпатыр, орыпатыр, ұшыпатыр” дейтіні еш талассыз. Өкініштісі, қазақ радиосы мен телеарна тілшілері эфирден әлгі сөздің үндесім заңын сақтамағандықтан орфоэпиялық дыбыстауы (дикциясы) мен дауыс диапозонын, ырғағы мен екпінін, мәнерлілігі мен әуезділігін бұзып айтуды әбден әдетке айналдырды. Әйтеуір қазақты барса да, келсе де, тұрса да, ойласа да, тойласа да мешел жандай сөздің сиқыр қуатымен “жатқызу”, кезінде миссионерлердің сауат ашу, ағарту, тілді ғылыми жүйелеуді желеу етіп, табиғатында жоқ заңдылықты әдейі жазуға бағындыру арқылы ұлттың рухани дамуын жіпсіз байлап қою әдіс-амалы болатын. Неге десеңіз, келе жатыр, бара жатыр тіркесі сөзбе-сөз орысшаға аударғанда приходит лежит, идёт лежит дегенді білдіреді. Бұл тіркесті “тура мағынасында аударған дұрыс емес ғой” деп ақтағысы келетін білгіштердің қазақ тіліндегі этномәдени “сегіз көз”, “сенің арқаңда күн көру” деген сияқты ұлттық тілдің өзіне тән ерекшелігімен бір қатарға қойып, шатастыруына әсте болмайды. Христиандардың Қасиетті Кітабында “В начале было Слово, и Слово было у Бога, и Слово было Бог. Оно было в начале у Бога, Все чрез него начало быть, и без Него ничто не начало быть, что начало быть. В нем была жизнь, и жизнь была свет человеков” [Ин. 1, 1-4], яғни “ең әуелі Сөз пайда болды” деуінде гәп бар. “Жақсы лепес ‒ жарым ырыс” дейтін қазақ ауыздан шыққан әр сөздің мән-мағынасына айрықша көңіл бөлген. Демек, сөздің материялану сырын, яки заттану құбылысын нәзік сезінген.
Біз “Қазақ әдебиеті” газетінің (№19, 2007) санын бастан-аяқ сүзіп оқығанымызда “жатыр” сөзінің “көмекші етістік” тұлғасында тіркескен 67 дүркін қолданысын санап шықтық. Мысалға жүгінелік: бара жатқан, атқарып жатқан, келіп жатқан, шешіп жатырмыз, салынып жатыр, жасай жатармыз, атсалысып жатырмын, болып жатқан, айтып жатады, талқылап жатырмыз, енгізіп жатырмын, көтеріліп жатыр, есейіп жатыр, дәріптеп жатыр, бөліп жатыр, көріп жатыр, шығып жатыр, деп жатыр, тумай жатып, бас ала алмай жатырмыз, көшіп жатыр, қойылып жатты, кешіп жатқан, шұқып жатсақ, өтіп жатыр, жазып жатқан, түсіп жатқан, сандырақтап жатыр, жүріп жатқан, айтып жатқан, айқындалып жатыр, сілемінде де жатқан, осында жатыр, аталып жатса, қолға алып жатса, тартып жатқандары, асып жатыр, билеп-төстеп жатқан, шындық жатыр, биіктікте жатыр, жалғасып жатса, істеп жатқан, қайнап жатыр, байып жатыр. Мұның ішінде бара жатыр, келе жатыр, болып жатыр, жүріп жатыр, т.т. деген тіркестер өте жиі қайталанады. Осы ретпен белгілі мерзімді баспасөз құралдарының соңғы сандарына талдау жүргізгенімізде аталған тіркес “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде (№331 (24904), 24 қазан, 2007 ж.) 55 мәрте; “Ана тілі” газетінің бетінде (№45 (882), қарашаның 8-і ‒ 14-і, 2007 ж.) 60 мәрте кездестірдік. Бұл тілдік олқылық, стильдік шұбалаңқылық барша қазақ мерзімді баспасөзіне тән. Егер қазақ мерзімді баспасөзі мен баспа өнімдеріне осы бағытта статистикалық талдау жасасақ мұнан да сорақы жағдайға куә боларымыз шүбәсіз. Айталық, 4 баспа табақ көлеміндегі қазақ басылымдарының әрбір санында “келе жатыр, бара жатыр” сөз тіркесі орта есеппен 60 рет қолданысқа түседі десек, сингармонизм заңы бойынша “келатыр, баратыр” нұсқасында жазуға емле ережесіне түзету енгізілер болса, бірден артық-ауыс 120 баспа таңбасы үнемделеді. Сонда газет бетіне қосымша 120 баспа таңбалық қоғамдық-саяси, мәдени-рухани маңызды ақпаратты сыйғызудың мүмкіндігі  туады. Осыған орай газет басқармасы нарықтық бағамен тиісті қаржылай пайдасын көреді. Дәл осы үлгімен жарық көрген 20 баспа табақ кітапта әлгідей жәйт сол күйі қайталанар болса, еңбектің өн бойынан артық-ауыс 600 баспа таңбалық қағаз мөлшері үнемделер еді. Ал, енді, осы сандық көрсеткішті баспа өнімдерінің жалпы таралым данасына көбейтсек, қаншама қағаз бен бояу рәсуа болып, қаншама артық қаржы мен еңбек күші тектен-текке шығындалатынын есептеп шығару қиын емес. Жә, бұл ана тілінің төлтума даму үрдісін қорғаумен қатар мәселенің коммерциялық және экономикалық тиімділігі…
Осыншама ұлан-ғайыр кеңістікті бағындырған көшпелі қазақтың қанына біткен жорықшыл қимыл-қозғалысы мен ілім-білімді меңгерген жасампаздық қарекетін бақталас көршілері үлкен қауіп етті. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен халықтың даналық қадыр-қасиетін жоюды көздеген сыртқы күш ұдайы рухани танымын бұзуды мақсат тұтты. Дархан табиғат жомарттықпен ат үстінде жаратқан қазақты динамикалық қозғалыстан статикалық жансыз қалыпқа түсіруге империялық билік аянған жоқ. Сөйтіп, Ресей патшалығының отарлау саясаты іс жүзіне асыра алмағанын өткен ғасырдың 20-30 жылдары кеңестік тоталитарлық жүйе жүргізген жаппай қуғын-сүргін зұлматы қысқа мерзім аралығында көздеген мақсат үдесіне жеткізіп тынды…
Сөзімізді түйіндесек, қазақтың рухани жан дүниесі шын мәнінде салтанат құрып, ұланбайтақ Отанынының нақ иесі екендігіне өзін де, өзгені де сезіндіретіндей қоғамдықәлеуметтік ахуалды туғызу үшін жат жұрттың үстемдігінен жұққан кеселкесапаттың баршасынан құлантаза арылтатын идеологиялық ағарту шаралары мемлекеттің жүргізетін басым бағыттарының бірі болуы бүгінгі уақыттың талабы. Қазақтың сөзі түзелмей, мемлекеттік тіл түзелмейтінін қолына қалам ұстаған ағайын арұжданындай ескергені абзал!

– Қазақ әдебиеті. – 2007. – №49 ‒ 50(3054). ‒ 7‒13 желтоқсан.

– Ұлы Дала тынысы, 2007. – №1(01). – 04.09; – №2(02). – 02.10.

 

 

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field