Данаева Нұрлыайым
Журналистика факультеті
Баспа ісі және дизайн кафедрасы
2-курс магистранты
Фантастика әлеміне тың жаңалығымен келген Абдул-Хамид Файзуллаұлы Мархабаев ағамыздың қазасы – журналистика факультетінің ғана емес қасиетті қарашаңырақ ҚазҰУ-ымның,жо-о-жоқ барша Қазақстан дықтардың, жүрегіне «аға» деген қазақи ұғымды сидыра білген әрбір азаматтың қабырғасын қайыстырып отырғаны шындық!
Сіздің еңбектеріңізбен едәуір ертерек таныссам да, жүзіңізді бір көру бақыты былтыр бұйырған еді, аға! Өз басым осы әл-Фараби атындағы университетінің филология факультетіне 1994 жылы келгенде, өмірден өз орнымды таптым деп шын қуандым! Білім ордасына келісімен, тіл мен әдебиеттің бал қаймағынан дәм татырып, “Сөз өнерінен” қуырдақ жасап, қазақ, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларынан мысал келтіре отырып, оқиға желісіне еріксіз жетелейтін Зейнолла Қабдолов ағамыздан есіміңізді ең алғаш 1994 жылдары естігенмін. Зейнолла Қабдолов: “Жазушы – проза, драматургия саласында бір шығармасын жазу үшін, жазайын деген нәрсесін басынан өткеруі керек,- дейтін. Кейіпкерінің басындағы жағдайын жазушы өзі сезінбейінше, ол шығармасының жазылып дүниеге келуінің екіталай екендігін, тіпті суға кеткен бала туралы жазу үшін Лев Толстойдың өзі беліне арқан байлап, өзенге тұншығуға арнайы барғанын майын тамыза айтатын. Орыс әдебиетіндегі классиктердің шығармалары сондықтан да тың келеді,-дей келе: Өз арамызда да фантастика саласында тамаша шығармалар жазып жүрген Марқа көңілді Марқабаев деген ағаларың жүр,- деп сұқ саусағымен жоғары жақты көрсететін. Сонда біз марқа көңілді Марқабаевтың “Ғарыштағы қымыз”-ын жазу үшін, кейіпкерлеріне қымыз таратуға шынымен Айға кеткеніне таң қалысқанбыз. Еліміздегі қымызды марсиандықтарға дәм татуға әкеткен екен-ау деп, одан келе салысымен, небір шығармалардың дүниеге келетініне бала көңілімізбен сенгенбіз. Зейнолла Қабдоловтың аузынан Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы фантастика жанрына қалам тартып жүрген жазушылар ретінде атыңызды жиі еститінбіз. Содан бері де талай жыл өтті. Әкеміздей боп кеткен Зекеңнің өзі кетсе де, санамызға салып берген сөздері, әуезді үндері мен көз алдымызға елестетіп әкеп беретін кейіпкерлері мен авторлары санамызда қалды…
…Жадымызда сол кездері қымызын арқалап ғарышқа кеткен “Марқа көңілді Мархабаевтың” өз кабинетінде, ғарыштан оралғаннан кейінгі шығармаларымен танысу бақытын кеш болса да, әйтеуір бұйыртқанына разымын. ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне жоғарғы білімді маман ғана емес, алдыңызға шәкірт болып келіп, өзіңіздің дәрісханаңыздағы “Ғарыштағы қымыздың” дәмін мен де таттым. Бір кездерде өзіңізді айға шығарып салып тұрып, тың шығармалар күткен балаңыздың қолына тиген бұл еңбегіңіздің кейіпкерлері айда емес жерде екенін енді ұқтым, аға! Ғарыштарға қиялмен-ақ барып келіп жасаған бұл ерен еңбегіңізді оқып отырып, қарқылдап бала көңілмен күліп те алғанмын. Өзімнің бір кездердегі шала түсінігіме, әрине….
Кейіпкерлермен танысып болып, оны жазған авторды көру мен үшін қызық еді. Кабинетіңіздің сыртындағы ойға батқан суретіңізді көріп, туған әкемді көргендей, қуандым. Жылы шырайлы жүзіңіз, күңгірттеу келген көзілдірігіңіз, ойға батқан отырысыңыз расында әкемнен айнымайды!
– Бүгін Мархабаевтың сабағы!
– Ол кісі магистранттарға дәріс береді!
– Ертеңгі дәрісі сағат түгеншеде!
…Бір күні кабинетте жалғыз отырғанмын. Есік айқара ашылды. Қолында сөмке ұстаған жас жігіт, артынша балдағына сүйенген, аққұбаша келген қарт кісі кірді. Мен іздеген автор осы! Суреттегі әкем осы!
Ішке енген бойда : – Ия, Сізді штабтың бастығы дейді ғой, жоғарыдағы бастығыңыз қайда?- деді. Біркездерде Зейнолла Қабдолов айтқан “марқа” көңілді ағамыздың көңілі мені бірден “штаб бастығы” қылды-ау, -деп қатты састым. Сол кездегі менің штаб бастығы емес, Сіздің шәкіртіңіз болғым келетінін айтып сыбырлағанымды өзімнен басқа ешкім естіген жоқ. Арадағы кішкентай диалогтың өзі, менің сәби көңілімді марқайтып тастады. Артынша-ақ, жапа тармағай көрісуге келген әріптестер: “Ооо, Хамаң келді!- десіп, арқа-жарқа болысып, бірінен кейін бірі келіп, амандасып жатты. Осы сәттен-ақ, Сізге деген құрметтің, Сізге деген әріптестеріңіздің сағынышын көріп, мен де Сізді қатты жақсы көріп кеттім, аға! Магистратураға түскенде де, телефон шалып, алғашқы қуанышыммен бөліскен өзіңіз болдыңыз! Әр апта сайын дәріске келгеніңізде: – Айналайын, сендер көп нәрсені білулерің керек, бізден де білгендерің көп болу керек! Ол үшін көп оқу керек!- деген сөздеріңіз, “Мынаны, біздер, кімдер үшін жазып жүрміз?-деп газет бетіндегі мақалаларға шейін алдымызға әкеп тастайтыныңыз, шәкірттеріңізді ізденбеске қоймайтын еді…
P.S. Ал, бүгін… филология ғылымдарының докторы, профессор, фантаст-жазушы ағамыз Абдул Хамид мархабаев өмірден озды деген қаралы хабар – жығылғанға жұдырықтай болып тиді-ау! Қара жер қандай тойымсыз еді! Кеше ғана бауырымды математиканың биік шоқтығы Нарғозы ағамды алды, енді ұстазымды алмақ па? Cене алар емеспін. Ести сала жұмысқа беттедім. Бірінші жетсем, бірінші тірілтіп алатындай күй кешіп келемін. Қойын-қонышыма сумаңдай кірген мына желтоқсанның ызғары тек жақсыларды әкетіп жатқандай сезілді.
Өз ағамды тірілте алмаған шарасыздық, жәй пенде екендігімді тағы да мойындатты. Осындайда сиқыршы болып кетсем ғой, шіркін! Қос ағамды, қос ұстазымды, қос әкемді бірге тірілтіп алар едім…!
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл осы екен-ау! Балдағыңызға сүйеніп Сіз кіріп келетіндей; «мехмат жаққа келіп кетші», -деп ағам телефон шалатындай елегізіп отырмын.
..Түс ауып барады. Есіктен ешкім де кірмеді, телефоныма ешкім де қоңырау шалмады. Кабинетіңіздегі өлі тыныштық, сіздің бақилық өмірге кеткеніңізді растап тұрғандай! Тек егіліп отырмын. Басқа амалым жоқ…
Жаратқан ием жатқан жерлеріңізді жаннаттан қылсын! Иманды болыңыз, Алланың рақымында, пайғамбардың шапағатында болыңыз дегеннен басқа қолдан келер қайран жоқ екенін, тағы ұғындым. Хош, ұстазым, хош!!!