Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мемлекеттік мереке ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік кешті ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов ашты. «Баршаңызды жаңа өміріміздің бастауы болған, ұлтымыздың ұлы мейрамы – Қазақстан Республикаcы Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мерекенің еліміздің тарихында, халқымыздың тағдырында алатын орны ерекше. Себебі, кез келген ұлт үшін Тәуелсіздік пен Теңдік, Азаттық пен Елдік, Береке мен Бірлік – ең қымбат, ең асыл ұғымдар. ҚазҰУ-дың жетістігі Тәуелсіз еліміздің мерейінің үстем болумен байланысты», – деп атап өтті өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов.
Іс-шара аясында университеттің 80 қызметкері «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойлық медалімен» ғылым мен білім саласының дамуына және университет өміріне белсенді атсалысқаны үшін марапатталды.
Мерекелік кеште Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Серкебаева, Қазастан Республикасының Халық әртісі Мұрат Серкебаев жетекшілік жасайтын Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрі арнайы ҚазҰУ ұжымын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өз өнерлерін ортаға салды. Оркестр Құрманғазының «Сары Арқа» күйін, Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйін, В. Моцарт. Рондо, И. Штраус. «Весенние голоса» вальсін, П. Чайковскийдің ішекті аспаптар серенадасынан вальс орындады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі