Польшаның бас қаласы Варшавада қыркүйектің 30-ы мен қарашаның 24-і аралығында 16-шы мәрте ұлы композитор, виртуоз пианист Фредерик Шопен атындағы халықаралық конкурс мәреге жетті. Бұл – Фредерик Шопен шығармаларын күйсандықта ойнаудан озып шыққан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар таланттарды іріктейтін әлемдік деңгейдегі өнер бәйгесі. Сондықтан мәртебесі биік өнер додасына бағын сынауға жер шарының түкпір-түкпірінен 80 үміткер тілек білдіріп, сайыстың кезекті айналымына үздіктері ғана суырылып алға шықты. Бір аптаға созылған музыка мерекесі Шопен рухын асқақтатып, Варшава аспанында ұлы композитордың полонездері мен мазуркалары, сонаттары мен вальстері қалықтап тұрды. Бұл күндері күллі поляк елінің аузынан түспеген әңгіме ұлт мақтанышы Фредерик Шопен туралы болды. Өйткені биылғы өткен халықаралық пианистер конкурсының ерекшелігі Фредерик Шопеннің 200 жылдық мерейтойымен қоса-қабат келді. Шопеннің шығармашылық толғаныстарын сездірткендей Варшаваның ауа-райы да қырық құбылып, бір мезет түйдек-түйдек қап-қара бұлттар жөңкілсе, іле-шала айналаны арайландырып, шуағы мен шапағын шашқан күн шығады, әйтеуір табиғат мінезі ерекше күй аңғартып тұрды.
Фредерик Шопен 1810 жылы Варшаваның жанындағы Жилязовой Воле елді мекенінде қарапайым мұғалім отбасында дүниеге келген. Балалық шағында ол туған өлкесінің көркем табиғатын тамашалап, оңаша серуен құрғанды ұнатады екен. Жас Фредерик сылдырап аққан бұлақтың, уілдеп соққан желдің, бұтақ басындағы жапырақтың сыбдыры, құстардың сайраған үнінен сыр іздеп, әсерленеді екен. Фредериктің бойында өнерге деген ерекше қабілеттің барын байқаған ата-анасы Варшавадағы Жоғарғы музыка мектебінде кәсіби білім алуына мүмкіндік жасайды. Болашақ ұлы композитордың азаматтық дүниетаным көзқарасы қалыптасуына поляк әдебиетіндегі романтизм идеясының өкілдері К. Бродзиньский, А. Мицкевич, Ю. Словацкийдің шығармашылығы мен еркіндік сүйгіш ұлтының ел тәуелсіздігі үшін жанқиярлық ерлік күресі, әсіресе 1794 жылғы Т. Костюшка бастаған көтерілістің маңызы зор болыпты. Польша аумағын тұтас қамтыған тарихи оқиғаға Фредериктің әкесі Николай Шопен де қатынасыпты. Тума таланттың музыка әлемінде атақ-даңқын танытқан полонездері 1817 жылы тұңғыш рет тасқа басылып, баспа жүзінде жарық көреді. Полонез – поляк халқының салтанатты би ырғағына өлшенген даланың самал желіндей еркіндікті сипаттайтын әуенге құрылған музыкалық жанр. Бұл музыка жанрының ірі өкілі танымал композитор Михала Клеофаса Огинский. Полонез десе – Огинскийдің, Огинский десе – Полонездің еске түсетіні баршаға аян. Оның даңқын шығарып, атын тарихта мәңгі қалдырған полонезі 1794 жылы жазылған “Отанмен қоштасу” деп аталады. Таңғаларлық пародокс, композитордың жан тербетер әйгілі шығармасы есімі орнына қатар егізделуі қоғамдық санада қалыптасқан өмірде сирек ұшырасатын құбылыс. Фредерик Шопен тағдыры да Михала Огинскийге ұқсас саналы ғұмыры туған отанынан жырақ жат елде өтті.
1830 жылы Варшавада орыс патшалығының билігіне қарсы ел тәуелсіздігін көксеген халықтық қозғалыс басталды. Бұл ұлт-азаттық қозғалысты Ресей патшалығы қатыгездікпен аяусыз жаншып басты, белсенділерін абақтыға тоғытып, Сібірге каторгаға жер аударды. Поляктың адал ұлдары шарасыз шетелді сағалап, эмиграцияға кетті. Осылардың қатарында Фредерик Шопеннің де ел-жұртынан еріксіз ажырауына тура келді. Оның жан күйзелісі мен қасіреті достары мен жақын-жуықтарына жазысқан хаттарында және күнделіктерінде таңбаланып, туған жерге деген сағынышты мұңы мен шері пианино тілімен күй болып егілді. Поляк халқы қандай қиыншылық аумалы-төкпелі заманда да, кемеңгер ұлын ардақ тұтып, бір тал шашын түсірмей соңында қалған рухани көл-көсір мұрасын көздің қарашығындай сақтағаны қайран қаларлық. Варшавада Фредерик Шопен атында көше, ескерткіш, филармония, консерватория, халықаралық пианистер конкурсы, студия, музей, т.т. бар. Айтпақшы, үш қабаттан тұратын готикалық үлгідегі ғимаратқа орналасқан Фредерик Шопен мұражайында оның бір уыс шашынан бастап, жазысқан хаттары мен күнделіктерінің түпнұсқасы, киген киімі мен тұтынған заттары, өмірде араласқан достары мен замандастары, шығармаларының туу тариқын баяндайтын ноты эскиздері мен композитордың күллі төл туындыларымен танысам деушілерге мультимедиялық барлық жағдай жасалған. Шындығында, бұл шопентанудың ғылыми орталығы десе болғандай. Төрткүл дүниеден ағылған туристер Варшава топырағына аяғы тиісімен шопентану мұражайының табалдырығын имене аттап, Шопен рухына тағзым етеді.
Ел-жұртының болашақ тағдыры қатты толғантқан ұлы композитор Парижде сырқаты меңдеп, соңғы демі үзілер сәтте “Жүрегін Варшаваға жерлеуді” аманат етіпті. Аманатқа қиянат жүрмейді десе де биліктен рұқсат алу үлкен қиындықпен Фредерик Шопен жүрегі салынған капсул Киелі Крест костёліне қойылып және сол орынды білдіретін ескерткіш тақта орнатылды. Сөйтіп, ойшыл композитордың жүрегі – сүйікті Варшавасында мәңгі байыз тапты.
1927 жылы дүниежүзінде бірінші рет Фредерик Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсы ұйымдастырылған. Бұған дейін әлемдік деңгейде мұндай пианистер конкурсы болған емес. Шындығында, бұл өнер бәйгесі бұдан да ертерек ашылмақшы екен. Варшавада Фредерик Шопенге арналған ескерткіштің бітуін күтуге байланысты аталған конкурстың тұсау кесу рәсімі 1927 жылға жылжытылды. Фредерик Шопенге қойылатын мүсіннің идеясы өте ерте қолға алынғанмен саяси билігі жүріп тұрған күшті көршінің елдегі патриоттық сананың дамуына шектеуі үнемі назарда ұсталды. Император Николай II тұсында амалын тауып, Шопен ескерткішін орнатуға арнайы алынған рұқсат бірінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен аяқсыз қалды. Өйткені зеңбіректен оқ борап тұрғанда, муза үні естілмесі белгілі ғой. Ескерткіш авторы Вацлав Шимановскийдің қажыр-қайраты нәтижесінде 1926 жылы 14-ші қарашада Варшава тұрғындары ұлы композитор мүсінінің ресми түрде ашылуына куә болды.
Зымырап жылдар өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Варшава қаласының басына бұлт үйіріліп, қатер төнді. Қала неміс басқыншыларының қолына көшті. Шопен музыкасына тағы да тиым салынды. Шопен ескерткішін басқыншылар әдейі күлпарша етіп жарып, шашылған ұсақ бөлшектерін қайта қорытып, оқ құюға Германия зауыттарына жөнелтті. Варшаваның Лазенки паркіндегі Шопен ескерткішінен қалған қаңыраған тұғыр тасқа белгісіз біреу: “Кім мені тұрған орнымнан алды білмеймін, бірақ маған анығы сол – менің оған қаралы марш ойнауымнан қорқатындығында еш күмәнім жоқ” деп жазып кетті.
Соғыстан кейін де ескерткішті қалпына келтіру оңайға соққан жоқ. Әртүрлі ұсыныстар жасалып, Шопеннің ескерткіш мүсініне конкурс жариялау керек деушілер де табылды. Бұған байланысты пікірталастар, айтыс-тартыстар мен дау-дамай көпке дейін басылмады. Бұл мәселе ақыры бірауыздан шешіліп, “ескі мүсінді қайта қалпына келтірген жөн” деп тапты. Сөйтіп, ағайынды Лопенскийлердің шеберханасында ескерткіштің түпнұсқасын ескі суреттеріне қарап жаңғырту, қалпына келтіру жұмысы бір жылға созылып, 1958 жылы көктемде варшавалықтар Ф.Шопеннің мүсінімен қауышты. Шопен ескерткішінің салтанатты ашылу құрметіне әлемдегі атақты пианистердің қатысуымен үлкен концерт берілді.
Ф.Шопен атындағы халықаралық конкурстың талабы бойынша орындалатын шығарма бастан-аяқ Ф. Шопен туындылары болуға тиіс. Конкурс үміткері ұлы композитор шығармаларын нотасыз орындап ғана қоймай, техникалық ақаусыз, сондай-ақ, Шопен болмысы мен рухын танытатын, эстетикалық ләзат алатындай биік деңгейдегі шеберлікпен ойнауы шарт. Конкурстың бірінші айналымында үміткер пианинода 1 сағат, екінші айналымында – 2 сағат, үшінші айналымында – 3 сағат орындауы тиіс. Конкурстың жеңімпазына тағайындалатын жүлде мөлшері: 1 орынға – 30 000 мың еуро және алтын медальмен марапатталады; 2-ші орын екеу, жүлдегерлерге – 20 000 мың еуро және күміс медаль қоса тапсырылады; 3-ші орын үшеу, жүлдегерлерге – 10 000 мың еуро және қола медаль қоса тапсырылады. Ф. Шопен атындағы халықаралық конкурс жүлдегерлеріне тағайындалатын сыйақының қаржылық көлемі Польша Республикасы Парламентінің шешімімен бекітіліп, мемлекеттік қазынадан бөлінеді. Мәртебелі халықаралық конкурстың тарихын көктей шолсақ, тұңғыш иеленген бірінші жүлдегері орыс пианисті Лев Огорин. Содан кейін конкурс 1932, 1937 жылдары өтіп, екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты тоқтап қалды. Соғыстан кейін конкурс 1949 жылы жалғасып, 1-ші жүлдені екі бірдей үміткер иеленді. Олар: орыс пианисті Белла Давидович пен поляк Калина Шерна Степанска. Соғыс жылдарында Ф.Шопен атындағы филармония ғимараты әуе шабуылдарынан қатты зақымданып, қираған дүр. Осы ғимаратты қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары, өзге де қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалға орай кезекті конкурс 1955 жылы өтті. Бұл жолы конкурстың жүлделі бірінші орны краковтік Адам Харашевичке бұйырды. 1960 жылы италян пианисті, 1965 жылы аргентиналық Марта Аргерих, 1970 жылы америкалық Горик Хорсен, 1975 жылы поляк Христиан Зимерман, 1980 жылы ветнамдық Данг Тай Сон, 1985 жылы КСРО-дан Станислав Бунин, 1990, 1995 жылы қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша конкурстың бірінші жүлдесі берілген жоқ, екінші орынды Кевин Кеннер мен Алексей Сұлтанов және А. Сұлтанов пен Жузяно (Франция) иеленді. 2000 жылы 18 жасар қытайлық Юн Ди Ли, 2005 жылы поляк пианисті Рафал Блехач, биылғы – 2010 жылғы Ф.Шопен атындағы XVI халықаралық конкурстың бас жүлдесін 25 жасар ресейлік Юлианна Авдеева жеңіп алды.
Ф. Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсының бас жүлдесін иелену – музыка әлеміндегі мәртебесі өте жоғары абырой. Өйткені конкурс лауреаты дүниежүзіне әйгілі театр сахналарында өнерін көрсетуге жолдама алады. Сондай-ақ, конкурс жеңімпазының музыка саласындағы мансап дәрежесінің өсуіне жол ашылады. Әлбетте, аталған конкурсқа сарапшылық ететін қазылар алқасының мүшелері дүниежүзіне аты мәлім кәсіби музыка мамандары мен композиторлар, виртуоз орындаушылар мен зерттеуші-ғалымдар өкілдерінен құрылған. Олардың қатарында Ян Екиер, Марта Аргерих (Аргентина), Данг Той Сон (Ветнам), Белла Давидович (Ресей), Пилиппе Ентремонт (Франция), Фоу Тсонг (Қытай), Нельсон Фрейра (Бразилия), Адам Харашевич, Анджей Ясинский (Польша), Кевин Кеннер, Михие Койама (Жапония), т.т. майталман өнер саңлақтары бар.
Биылғы жыл – Ф. Шопен жылы болғандықтан елдегі рухани-мәдени кез келген шара ұлы композитор шығармаларынсыз өтпейді екен. Дегенмен, Ф. Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсын көзбен көріп, құлағымен тыңдау кімге де болса зор ғанибет. Бізде Ф. Шопен рухына бас иіп, ұлы композитор есімімен байланысты өнер сайысын тамашалауға Позднань қаласынан таңғы сағат 5-тегі пойызға отырып Варшаваға 9-ға таяу жеттік. Конкурс өтетін Ф. Шопен атындағы ұлттық филармония теміржол вокзалына таяу орналасқан екен. Бізбен бірге жүрген Еже Ласковский [Адам Мицкевич атындағы университеттің қоғамдық-мәдени іс-шаралар жөніндегі меңгерушісі] дәстүрге айналған Ф. Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсының тарихы туралы небір қызықты оқиғаларды баяндаудан әсте жалыққан емес. Ең әуелі аңғарғанымыз дизайны мен сымбаты жарасқан еңселі филармония ғимаратының іші-сырты салтанатты, фойедегі көрермендер жүзінен бекзаттық сән мен мейір тамғандай өңкей бір келісім көңіл күйімізді бірден баурап әкетті. Киелі шаңырақтың аурасы жанымызды жадыратып төрт сағатқа созылған концерттің қалай тез өткенін сезбей қалдық. Бұл күні сахнада Николай Козяйнов (Ресей), Йури Ватанабе (Жапония), Май Тинг Сун (АҚШ), Яцек Кортус (Польша) өнерін көрсетті. Конкурс үміткерлерінің қай-қайсысы да орындаушылық шеберлігімен әрбір шығармадан соң зал толған көрермендердің ауық-ауық лайықты қошаметіне бөленді. Ой-қиялыңды көкке самғатып, алпыс екі тамырыңды қозғайтын музыка феномені Фредерик Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсы – жаһандағы шын талантты айқындайтын дәстүрі қалыптасқан мектеп екендігі шүбәсіз. Конкурстың жүлдегері болу – музыка әлеміндегі бақ. Конкурс жүлдесін кімнің және қай елдің өкілі жеңіп алғаны өз алдына, ең бастысы Фредерик Шопен шығармашылығы насихатталып, Фредерик Шопен даңқы асқақтайды, сол арқылы поляк ұлтының шоқтығы биіктей түсері ақиқат. Фредерик Шопен туралы ел арасында “Тумысы – назовшандық, жүрегі – варшавалық, ал таланты – күллі әлемге ортақ” деген қанатты сөз барын мен Еже Ласковскийден естідім. Расында, Фредерик Шопен – поляктың даңқын көкке көтерген рухани елшісі.
Шопен атындағы XVI халықаралық пианистер конкурсының жүлдегерлері Польшаның ірі-ірі қалаларындағы мәдениет сарайларында өнерлерін көрсету әлі жалғасуда. 14-ші қарашада Познаньдағы Адам Мицкевич атындағы университеттің акты залында [полякша айтқанда ауласында] Шопен атындағы конкурстың жүлдегері болгарлық Евгений Божанов концерті аншлагпен өтті. Шопен тағылымы бізді ойға қалдырды.
Еуропаның қаумалаған өнерсүйер жанашырларының ортасында отырып менің санамда алыстағы елімнің руханияты тұрды. “Қазақтың ұлы композиторы, күй атасы Құрманғазының Алматы мен Астанада еңселі ескерткіші неге жоқ?”, “Құрманғазы атын әлемге танытатын, сол арқылы ұлттық отаншылдық сезімді дәріптейтін мәдени шаралар бізде неге жоқ?” деген сұрақтар көкейімді шабақтап маза бермеді. Құрманғазының “Сарыарқа”, “Адай”, “Алатау”, “Аман бол, шешем, аман бол!”, “Түрмеден қашқан”, “Кісен ашқан”, “Балбырауын [“Фон Браун”]”, “Төремұрат”, “Кішкентай”, т.б. күйлері – Ұлы Даланың гимніне айналған ұлт тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін арпалысқан кемеңгер тұлғаның идеялық аңсарын музыка тілімен шалқытқан кесек шығармалар. Құрманғазы күйлері – буын-буын талай ұрпақтың қан тамырындағы қазаққа тән тектілігі мен мәрттігін оятқан, намысы мен жігерін жаныған бүлкілдеп соққан рухани доноры. Зады, патриоттық сезім деген ілгерідегі данышпандар рухын қастер тұтудан басталатынын ұмытпаған абзал. Дәулеткерей, Тәттімбет, Түркеш, Абыл, Қазанғап, Дина,.. әрине, бұл тізімді соза беруге болар еді…
Аманқос МЕКТЕП–ТЕГІ.
Суреттерді түсірген автор.
Познань – Варшава – Познань
Арнайы “Ана тілі” газеті үшін.
Суреттерде: 1) 00028 – Ф. Шопен атындағы консерватория алдында;
2) 00030 – Ф. Шопен музейі жанында;
3) 047 – Ф. Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсының қазылар алқасы кезекті үміткердің орындаушылық шеберлігін бағалау үстінде;
4) 048 – Ф. Шопен атындағы филармония фойесіндегі ұлы композитор бейнесі сомдалған бюсті.
“Ана тілі” газеті, 2010. ‒ №49 (1042), 9‒15 желтоқсан.