ҚазҰУ-дың журналистика факультеті баспа ісі және дизайн кафедрасы табиғат аясында ерекше дәріс өткізді. Дәрісті баспа ісі және дизайн кафедрасының 4 курс студенті, “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Досжан Балабекұлы ұйымдастырды. Шараны баспа ісі және дизайн кафедрасының ұстаздары Б.Әсембаева, Р. Әбдиева А. Тілепберген ерекше қолдап отыр. Бұл біріншіден дәрістің өзгеше формасы, екінші салауатты дене мәдениетін қалыптастырудың бірден-бір жақсы шара. Дәрістің тақырыбы: “Іле Алатауының көркем келбетін фотоаппартқа түсіру әдіс-тәсілдері” деп аталды.
Ерекше дәріске баспа ісі және дизайн кафедрасының 1,3 курс студенттері белсенді қатысты. Болашақ баспагерлердің өз кітабына қажетті көркем туындыларды өздерінің жинап, қор жасауына, табиғат сұлулығына, қазақ жеріне деген оқырман талғамын арттыруға сеп болатын шараның берері көп. Баспа ісі және дизайн кафедрасының 1 курс студенттері Іле Алатауының Кіші Алматы шатқалындағы “Көкжайлау” көрікті мекенінде болып арнайы фототәжірибелер жасап көрді. “Фотоөнер” бірлестігінің мүшесі Досжан Балабекұлы табиғат аясындағы дәрістің қорытындысын “Құмбел-Бірлік” шыңына шығумен жалғастырды. “Бірлігіміз бекем болсын, болашақ баспагерлер!”,-деп ұрандатқан топ басшысының бұл ұстанымы шәкірттердің көңілінен шықты. Баспагерлердің туризм саласы мен салауатты дене мәдениетіне және шынайы тәжірибе алмасуға бағытталған бұл саяхат дәрістері көпке үлгі болары сөзсіз. Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан межеге шыққан болашақ баспагерлердің алар асуы көп!
Табиғат ТӨЛЕГЕНТЕГІ
Алматы