Алыс ауыл. Ақпан айы. Ақ түтек боран борап тұр, алай да дүлей ақ боран, қойны қонышыңызды толтырып, көзіңізді аштырмайды, аяғыңызды бастырмайды, ілгері басқан аяғыңыз кейін кетіп келеді; Мағжанша айтсақ, «ызғарлы жел долданып, екі иығынан дем алады». Жүйіткіген жел, қысыр жыландай жанталаса, жүйіткіген жел жүзіңізді қарып, ізіңізді көмеді, Ізтай Мәмбетовше: «Ақтөбе қыры-ақ дауыл, алай да дүлей ұйытқиды, иә, ақпан айын, ақ боранды неге айтып отыр дейсіз ғой, себебі ақ боран мен Аманқос Мектеп-тегінің арасында, не байланыс бар деуіңіз де, мүмкін-ау! Бар болғанда қандай, «мен туыппын ақпандатқан боранда, кім біліпті, бәлкім, әлде содан ба» деп тағы да сол Ізағаң (Ізтай Мамбетов) айтпақшы, Аманқос та алыстағы ауылда ақпан айында дүние есігін, ақ боранмен жағаласа ақ түтекпен таласа ашқан. «Өмір біздің назарымызды үнемі өзіне аударып, ал біздің есіл-дертіміздің неге ауғанын байқауға да мұршамыз бола бермейді» деп Франц Кафка айтса айтқандай, «кейде кенет баяулап, жер бауырлап жатқан» (Мағжан) жаяу борасынмен жұлқыласқан жұрттың назарын өзіне аударып, мұршасы болмай мұрнынан шаншылған жамағаттың жанарын жалт қаратқан қызылшақа сәбидің атын ауыл-аймаққа қадірлі Ағылепес ақсақал Аманқос деп атағанда, кімге болсын, неге болсын, қашан болсын, аман қосылғанын қалап қойған шығар, ақпанның тоқпағынан тойынды ма, жаздың жаймашуағына жедел жеткісі келді ме, қалай болғанда да алыс ауыл адамдарында бір-біріне аман қосылғаннан артық не тілек бар?! Тіпті, адам баласының түпкі тілегі де, түбегейлі тілегі де – бір-біріне аман-есен қосылу емес пе?!
Көз ашқалы көргені – кісілердің күліп түскен, күлімсіреп түскен, күңгірт түскен, көлеңкеде түскен суреттері болған соң, жарық пен қараңғының қилы қасиеттерін ерте аңғарған болса керек, себебі әке-шешесінің кәсібі – суретші, әрі суретке түсіруші болғандықтан, ана ауыл, мына ауыл, көрші ауыл, тіпті, тұтас аудан адамдарының жүзіндегі жылу мен жарықты, қас-қабағына қарап, оқып өскен оқушыға сұлулықтың сырына бойлау – соншалықты қиынға соқпады, себебі оңға қарасаңыз да – адам, солға қарасаңыз да – адам, айналаңыз – аяқ алып жүргісіз – адам, көз ашқалы көргені – адам, адам емес-ау – сурет, сурет емес-ау – адам, суреттей сұлу адам, адамдай сұлу – сурет, адам мен суреттің арасын алыстата алмай, суреттей сұлу әлемнің ішінде өскен өренге сурет пен адамның шекарасы мен шегі болмайтындай көрінетін. Иә, сұлулықта сірә да шекара, шек бола ма екен, әлбетте, қайдан болсын. Алайда, адамдардың суретіне қарап, сырын оқу үшін де тұқым-тегін, түп-тұқиянын тани білу қажет қой, ал адамдардың ажарында тұқымы мен тегі таңбаланбайтыны қандай қиын?! Міне, сол сәби сәттерден, балалық бекеттерінен басталған құпияға қызығушылық Аманқос Мектеп-тегіні тастағы таңбаларды оқуға оңтайлайды. Суреттегі алуан адамдардың айтар ойын, қилы құпияларын, ажарына қарап оқу – ол үшін асқақ арман болатын; ал арманшыл бала көкірегіндегі қисапсыз қиял тауға да, тасқа да жетеледі, тіпті құлпытастардағы жазуларды оқу үшін де, төте жазуды меңгеру керек екенін ерте түсінді, елгезек баланы ерте есейткен де сол – құлпытас құпиялары мен тастағы таңбалар болса керек?! Сурет сиқырынан басталған баспалдақтар енді тастағы таңбалардың жүзіне жиі үңілуге жетеледі, адам мен тастың арасында не байланыс бар деп те айтуыңыз да мүмкін-ау, неге болмасын, адам біткен ақырында құлпытасқа айналып, ата-тегі де сол құлпытастың бетіндегі таңбаларда тұрмай ма, не десек те, ежелгі ескерткіштер мен тастағы таңбалардың жазулары жатса да, тұрса да түсінен түңілдіріп, жадынан жаңылдарды, тастағы таңбаларға аңсары ауғаны соншалық, Күлтегін көктен қол созып, Тонықұқ төріне шығып отырғандай ойға шоматын… Сонан бастап күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып, қанатты қиял рулық таңбаларға, руника жазуына жетектеп әкелді.
Таңбалар тарихы, тарихи таңбалардың қыр-сырына қанығып алған соң, түп-тамырмен қайта қауышқандай, Теңрі таудың тас төбесіне шығып алып, төменге көз тастап тұрғандай күй кешті, ежелгі төрүк бітіктері жазылмас дертке душар қылып, қатпар-қатпар сырларына сусар қылды, «шетіне орамалдың түйдім сусар» (Біржан сал), көңіліне түйгені – ежелгі төрүктің бәдізделген бітігі болды, таңбадан тарихты, тарихтан таңбаны ажыратып алу мүмкін екенін айқын аңғарған Аманқос, руника жазуына қайта оралу –қазақтың өзіне-өзі қайта қауышуы деп ұқты.
«Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от болып, жан туып па?
Көп түрік енші алып тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?! » –
деп маңғаз Мағжан жырлағандай, таңбалардағы таным-түсінікке «Теңрі қуат берген соң» құлшына кірісті, әлбетте, ілуде біреу жүзін жылытып қараса, енді біреулер ат тонын ала қашты, түсінбеді, түсінгісі де келмеді, түсіне де кірмеді, «Халықтың бестен бірі кімге де болсын, қашан да болсын, әрдайым қарсы болады» (Роберт Кеннеди), руникалық жазудың не екенін де білгісі келмейтіндер әлі де жыртылып айырылады. Ал, руникалық жазу ұлыттың – рухы, рухани ырысы екенін айтудан Аманқос та жалықпайды, екі сөзінің бірі – рух, екіншісі – руника жазуы, руникадан – рухты, рухтан – руниканы ажыратуға болмайды деп үздіге түседі де, тебінгісін тебінеді, себебі рухтан жоғары ештеңе жоқ екенін айналасындағылар аңдаса да – аңдамай ма, аңдамаса да – аңдамай ма, аңтарылып қалады. Өйткеніі, Сенеканың сөзіне сенсек «рухты сатып алуға да, несиеге алуға да болмайды, себебі сөрелерге сыймай кетсе де, оған сұраныста болмас еді».
Ал Аманқос болса, сол баяғы бағытынан қайтар емес, оның пайымдауынша «Теңрінің сыйға тартқан жазуы – ойлау қабілетін шынықтырып, даналыққа баулып, ізгілікке тәрбиелейтін қасиетті құрал». Иә, қалай болғанда да Аманқос Мектеп-тегі тек руника жазуларының жақтаушысы ғана емес, ұлыттың жоғын жоқтаушы, Жүсіпбек Аймауытовтың Мағжанға берген бағасының бірсыпырасы Мектеп-тегінің маңайынан да табылады: «ол түрікшіл, санашыл, дарашыл, уайымшыл, өзімшіл». Аймауытовтың анықтамасындағы түркішілдік тұрпат та, санашылдық сарын да, дарашылдық дабыс та, уайымшылдық уағыз да, өзімшілдік өнегесі де – Аманқостың айналасында. Герберт Спенсер «Ғылымның бәрі болжамнан басталады» дегендей, Мектеп-тегінің мінезінде, түркішілдік тұрпат болмаса, ауық-ауық әлсін-әлсін бағзы ата-бабаның руника жазуыларына жалтақтап қарай берер ме еді?!
«Ежелгі төлтума руника жазуы – мемлекетіміздің ресми рәмізі болуға лайық» деп Аманқостан бұрын, Аманқостың алдына түсіп кім айтыпты?! Санашылдық болмаса, дарашылдық болмаса Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақыптың, Халелдің жоғын жоқтап, айлап-жылдап архивте отырып, аяулы Алаш арыстарының қастерлі де қасиетті қолжазбаларын анау Ресейден қоржын-қоржын, сандық-сандық қылып арқалап келер ме еді, төте жазумен жазылған жазбаларды көз майын тауысып, қазақшалағанын былай қойғанда, алғаш арқалап келгенде, Аманқос Мектеп-тегі екенін екінің бірі біліп, бірі білмеуі де мүмкін-ау, иә, мүмкін, «о сүйікті ұлы өмір, мүмкінсізді, мүмкін еткен күшіңнен айналайын деп» Мұхаң (Мұхтар Шаханов) жырлағандай, «мүмкінсізді мүмкін еткен» де Мектеп-тегі болатын. Күні кеше ғана Ахаңның атына көше беру керек деп ұрандаған ұлдың бірі де, бірегейі де – Мектеп-тегі болатын. «Алматы ақшамына» тұңғыш рет мәйекті мақала жариялап, Ахаң тұрған үйді алғаш тауып алған да, аттандаған да Аманқос еді, бүгін де Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшенің бойында тұрғандардың өздері де Мектеп-тегі деген кім екенінен мүлде бейхабар болар?!
Аманаттан аттамаған, ата дәстүрдің жілігін шағып, майын ішкен Мектеп-тегі де, қара тас көрсе жалт бұрылып, шарт жүгініп жазуын оқи бастайтынын екінің бірі біле бермеуі де мүмкін-ау, бек мүмкін. «Біздің дала, қазақтың құба жоны мұндай ата аманаттарына бай екен» деп жасампаз жазушы Оралхан Бөкей айтқандай, Аманқостың «ата аманаттарын» арқалап келуінің өзі өнеге болса, ал оны зерттеу, жариялау жағы – бөлек бір әңгіменің арқауы, «тіршіліктің ұсақ-түйегіне шексіз қызықпау – тәнің мен жаныңды рахатқа бөлейді» деп пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с зерделегендей, Аманқостың аңсары – руника жазуының – рәмізге, Алаш арыстарының – аңызға айналуы еді, екеуі де енші алып, ертеңгі күнге беттеп барады. Алаш арыстарын ұлықтау мақсатында «Арыс» қорын құрушылардың бірі де Мектеп-тегі екенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін ғой, олай болса «әлемді әрлендіру оңай, әлдендіру – қиын» (Анатоль Франс), Аманқостың әлемі – сонау сұлу суреттерден суаттаған, ежелгі ескерткіштердегі тас таңбаларды қуаттанған айшықты әлем, тасқа таңба басқандай деп бабаларымыз байыптағанындай, тастағы таңбаларға тіл бітіріп, ел еңсесін биіктеткен – Алаш арыстарын аялаған танымал тұлға. Атақты Махатма Ганди «Құдай құлшылық етпейді» дегендей, Алаш арыстары да, Білге қаған да, Күлтегін де, Тонықұқ та «Теңріден» басқаға тізесін бүкпейді, қайта арыстардың алдында Алаш азаматтары тізесін бүгіп, Білге қағанға біліктілігіне, Тонықұққа таңырқап, Күлтегінге көксей қарауды үйренуіміз, үлгі тұтуды үрдіске айналдыруымыз – қатардағы қажеттілік, тіпті мемлекеттік мұқтаждық десе де артық айтқандық емес. «Менің таңдағаным табақтай тостаған емес, тап-тар тостаған, бірақ не болса да, тап басып таңдағаныма таңырқаймын» деп Альфред де Мюссе айтпақшы, Аманқостың айналасы – қайнаған қимыл, – алуан әрекет, төңірегі толы – шәкірт, атап айтқанда, айналасы – адамға толы, сонау сиқырлы сурет әлеміндегі аяқ алып жүргісіз адамдар оны әлі де қоршап тұр, бұл баяғы бала күннен қалған қиялдағы, қияндағы кейіпкерлер емес, күнбе-күн көріп, дәрісін тыңдап жүрген – Қазақ Ұлттық Университетінің салиқалы студенттері, Алаш арыстары да қақ төрдегі суреттерден күлімсірей қарап тұрғандай, иә күні бүгінде Алаш арыстары – алып-адамдарға, анық-адамдарға, қазақ деген ұлытқа қанық адамдарға айналған…
Тағы да сол бір бүйірдегі Байғанин ауданында әкесі Құлтан суретке түсірген адамдары айнала қоршап тұрғандай сезінеді өзін, тағы да сол бір қиырдағы, құм қиырдағы Третьяков галереясында тұрғандай сезінеді өзін. Иә, үй-іші толы сурет, қабырғалар толы сурет болатын; суреттен аяқ алып жүргісіз еді-ау, әкесі түсірген сан алуан суреттер, ойнақы суреттер, ойлы суреттер, сайлы суреттер, оның көз ашқалы көргені – кісінің жанары мен бет-әлпеті болатын. Бәлкім, сол суреттердің, сом суреттердің әсері ме «өткен өмірдің өнегесі – кісі көңілінің керегесі» деп Генрих Гейне бекерге айтпаған-ау, сірә. Аманғостың айналасы – әліде сол сиқырлы суреттерге толы; тастағы таңбалар да бір туғанындай бауыр басып қалған, Алаш арыстары да алғыс сезіммен қадағалай, қаумалай қарайтындай, қалай қарай қараса да, қашан қараса да сол баяғы сұлу суреттер қарсы алдынан шығады, көз алдынан көлбеңдеп кетпейді, суреттер емес-ау, адам, адам емес-ау – суреттер, ең дұрысы сиқырлы суретке айналған аяулы адамдар, ал адам мен суреттің айырмасы бар ма, адам да – сурет, сурет те – адам, сондықтан да «суреттегі адам» дейміз, ал Аманқостың арманы – адам ішіндегі қилы құпиялардың сырын оқу болатын, сол, сиқырдың жетегіне ергелі қашан, «ердім бір сиқыр қаламға, шығардым белге жыр көшін» деп Сағи ақын жырлағандай, Мектеп-тегінің көші де бір белден асып, екінші бір белді басып, асқарлар асуына қарай беттеп барады.
Сөз сиқырын, сурет сиқырымен жұптап, үлкен жолдың үстінде келеді, айналасы толы – адам, суреттей сұлу адамдар, суреттей сұлу адамдарға суреттегі сұлу адамдарға исіне қарап, сүйсіне қарап тұрғанда, Аманқос Мектеп-тегі де бір сәт ойға шомып кетсе керек, қарсы алдында аңызға айналған адам академик Зейнолла Қабдолов тұр, бәз-баяғы, кәдуілгі қалпы, түк-түйір де өзгермепті, дауысы да, демі де – сол баяғы қаз-қалпында «Аманқос Ме-ек-теп-поп – бүтін бір мектеп!» деп, артынша аудармасын айтып «целая школа» деп тұрғандай көрінді. Академик аға Аманқосты «бүтін бір мектеп» дегенде, Алаш арыстарын аялағанын айтты ма, тастағы таңбаларды саялағанын айтты ма, ол жағы бізге беймәлім, бізге белгілісі – тастағы таңбалар – тасқа басылған өткеніміз болса, Алаш арыстары – мектебіміз емес пе, заңғар Зекең екеуіне де меңзеген болар, иә, дәл солай шығар. Ал, анығын айтар болсақ, Аманқостың мектебі – Алаш арыстары – Ахаң мен Жахаң, Халел мен Мағжан, Әлекең мен Мұстафа, тағы сол сынды тұлпарлар тобы.
Алаштың аяулыларын ардақ тұтам деп жүргенде, ежелгі төрүк жазуларын ұлтымызға үлгі етемін деп жүргенде бір қиырдан асып, бір қиырға да келіп қалыпты, соңынан қаумалап ерген шәкірттері қаншама, орасан көп.
Қиырдағы қала… Ақпан айы… Ақ түтек боран борап тұр, бұл жолы Байғаниннің буырқанған бораны емес, Алматының қара жаяу борасыны… Арада айлар аққан, жылдар жүйіткіген әлі де сол күйі, сол баяғы мұршасы болмай мұрнынан шаншылған жұрт…
Аманқос Мектеп-тегінің көз алдынан көркем сұлу суреттер тізіліп өтіпатты, «Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой» деп Мұқағали айтқандай, иә расында да, адам да, сурет те – бір сәттік сәуленің жарығынан жаралады емес пе? Осылайша суреттер сырына қаршадайынан қаныққан баланың арманы да суретпен сырласу, суреттің сырын ашу ғана емес, суреттей сұлу өмірдің өрнектерін оқу, ойына тоқу болатын, болмаса ежелгі ескерткіштердің жүзіне телміріп, таңбалы тастардың қас-қабағын күзетіп күн өткізбес еді ғой…
Асау армандар арнасынан асып-тасқан өр өзендер сияқты жағалауына жан баласын жақындатпай қоятыны, жалынынан сипатпай қоятыны да бар ғой; сурет сиқырынан сусындаған қара қанат қиялдар, қияға қанат қағып, жақпар-жақпар жартастардың жұмбағын шешуге, таңбалы тастардың тілін табуға бел байлапты, ал Аманқостың көңіліне түйгені – адамдар армандаса бәрі де біртіндеп орындалатын сияқты, себебі адамдар армандарын алдамайды ғой!
Қиял қанатындағы күндер, арман аясындағы айлар, үміттей үздіктірген жауқазын жылдар артта қалыпты, қиырда қалыпты, шалғайда қалыпты, «бұл күнде сен қайдасың, мен қайдамын, шыңғырсаң, дауысың жетпес шалғайдамын» – деп Жарасқан Әбдірәшұлы жырға қосқан балалық бір қиырда, құлақ естімейтін қиян шетте қалыпты, бірақ сол бала күнгі қиялдың жетегіне еріп, жөніне жүрген жанның жолы болатынына, Аманқос та қалтқысыз сенеді… Адам атаулының армандарының түп-түгел, теп-тегіс орындалуы мүмкін емес шығар, мүмкін болғанда өмірдің де өңі өзгерер еді ғой, себебі адамды адам қылып тұрған да арман емес пе, «жолай көрме, арманы, арманы жоқ жандарға» деп Мақатаев айтса айтқандай, Аманқостың армандары да алдамапты, иә, расында да адамдар армандарын алдамайды.
М. МҰНАР