Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

АСТАНА – НҰРОРДАҒА АЙНАЛСА!

Шарипа Нуржанова Тамыз 14, 2014 0

 

Аманқос МЕКТЕПТЕГІ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті,

филология ғылымының кандидаты

 

АСТАНА НҰРОРДАҒА АЙНАЛСА!

 

Сөз – тарихи жәдігер. Сөздің мән-маңызы арқылы ұлттың мәдени-рухани деңгейі, адамзат қоғамына қосқан үлес салмағы айқындалады. Ахмет Байтұрсынұлы: “Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады”, – деуінде сыры терең гәп бар.  Ұлттың өсу, даму, кемелдену сатысын жан-жақты сипаттап беретін өлшемі – сөз. Демек, сөздің табиғатында ұлттық сананы тәрбиелейтін рух ұялайды. Бағзы дәуірде ата-бабамыз ауыздан шыққан сөзді кие санап, қасиет тұтты. “Жақсы сөз – жарым ырыс” деп білді. Өйткені Құдайдың саналы пендесінің жасампаздық күші – сөзбен сомдалған ойының заттануында, яки идеясының шындыққа айналу құдіретінде екенін жан-тәнімен сезінді. Сондай ақиқатқа айналған бүгінгі жасампаздықтың жарқын мысалы дархан Қазақ Елінің нақ ортасынан бой көтерген елордамыз – Астана қаласы.

Қазақ мемлекетінің жүрегі саналған елорданы Сарыарқаның самалы желпіген төсіне орналастыру – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлік саясатының нәтижесі. Осы батыл әрекеттің астар иіріміндегі түбегейлі мүдде – мемлекеттік тұтастығымыз бен әлеуметтік-этникалық қауіпсіздігіміздің бекемделуі мен еліміздің солтүстік аймақтарындағы ұлттық демографиялық, мәдени-рухани ахуалды күрт сауықтырған кешенді ғылыми-өндірістік жоба болды. Алайда осы тарихи шешімнің “әттеген-айы” елорданың атын таңдауда сәл асығыстық жасалған. Бұл тарихи категорияға айналатын рәміздік атау ұлттық мүдде тұрғысынан қойылуы шарт. Сондықтан сөзбен таңбаланған ұғымның лексикалық тұлғасы мен саяси-рухани семантикалық мәнінен ұлттың болмыс-бояуы анық аңғарылып тұруы абзал. Бұл ретте астана сөзі – тілімізге шеттен енген, иран тілінде табалдырық мағынасын білдіретін кірме сөз.

“ ﺘﺎﻦ ﺳ   [астан] 1. табалдырық, босаға. 2. қарсаң, оқиға басы. 3. ауыс. сарай, кеңсе” (Жеменей И. Парсыша-қазақша сөздік. – Алматы: Зерде, 2003, 16-б.). Тілдегі сөздердің шығу тегіне байланысты зерттеген Р. Сыздықова “Батырлар жырларында, Махамбетте, Шернияз, Нұрым сияқты өткен ғасырларда жасаған ақын-жыраулар тілінде астана жұрт, астана халық деген тіркестер кездеседі. Мысалы, Махамбетте:

Айғайда белдік байланған,
Астана жұртын айналған.
Нұрым жырауда:
Азын көпке теңгерген,
Астана жұртын меңгерген…

Л. Будагов бұл сөз түркі тілдеріне парсының астан, астана (табалдырық, есік, сарай) деген сөзінен ауысқандығын айта келіп, қазақ тілінде астана жұрт тіркесі бар екенін көрсетеді де, оны “сансыз көп, зор халық” деп аударады (Будагов, І, 40)… Сонда астана жұрт тіркесі “көп, ұлы халық” дегеннен гөрі, “біреудің (ханның, батырдың) қол астындағы (“табалдырығындағы”) ел-жұрт” деген мағынаны білдіретін тәрізді. Астана сөзінің “табалдырық” мағынасы қазақ тілінің жергілікті сөйлеу дағдыларында (говорларында) сақталған. Ж. Досқараевтың көрсетуі бойынша, Жамбыл облысының тұрғындары үйдің табалдырығын астана деп атайды (Досқараев, 11, 13)” (Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді (Сөздердің қолданылу тарихынан), 2-басылуы. – Алматы: Санат, 1994, 48-49 бб.).

Әзербайжан бауырлар “қазақтар табалдырықты – “астананы” бас қаласына айналдырды” деп әзілмен қағытады. Шындығында, олардың қалжыңының астарында зілі бар. Әзербайжан тілінде “астана” сөзі табалдырық ұғымын білдіреді. Күндердің күнінде Иран: “Қазақтың елордасы біздің “табалдырығымыз” (“астанамыз”), – деп саяси әзілдемесіне кім кепіл? Демек, мемлекет елордасы атауының саяси стратегиялық мағынасы өте маңызды. Өкініштісі, әшейінде “белсенді көрінетін” ғалымдар тілдің ұлттық қауіпсіздігіне келгенде өресіздік пен қауқарсыздық танытуы алаңдаушылық туғызады. Бізді айнала қоршаған төрүк тектес өзбек, түрікмен, қырғыз тілінде де табалдырық мағынасында парсыдан ауысқан “астана” сөзі қолданылады. Ал мемлекеттің саяси билігін жүргізетін қасиетті орталығын қырғыздар “борбор” десе, өзбек пен түрікмен сақ заманында парсы тіліне ауысқан төрүктің байтақ сөзін жүйесі бөлек жат тілдің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес “пайтәхт” тұлғасында кері қабылдаған. Біріккен сөздің алдыңғы компоненті бай ауыспалы мағынада “ұлы, үлкен, беделді” + тақ дегенді білдіреді. Төрүктекті ұлт пен ұлыстардың арасында бұл киелі ұғымды тек түріктер мен башқұрт бауырларымыз ғана бірі – “башкент”, екіншісі – “башқала” деп төлтума атауында қолданады. Сонымен төрткүл дүние қызығып та, қызғана көз тігіп отырған дербес шаңырақ көтерген мемлекетіміздің елордасын білдіретін ұғымды да “астана”, әкімшілік-билік орталығын да “Астана” деп, біреудің “қаңсығын таңсық қылатындай” қазаққа не көрінді?! Егер ұлттың саяси-рухани орталығы мағынасын дәлме-дәл беретін ана тілінің сөздік қорында баламасы мүлдем болмаса, бір сәрі. Ежелден тарих жадында мұндай ұғымды білдіретін орда лексемасы мәңгі тасқа таңбаланған.
ӨГСіЗ аҚЫН БіНіП ТоҚУЗ еРіН СаНЧДЫ ОРДОҒ БІРМеДІ (КТү., 49). Бұл мәтінде мың үш жүз жыл бұрынғы тас бітікке бәдізделген “[Күлтегіннің] ақ атына мініп жаудың тоғыз ерін шанышып, орданы бермегені” туралы оқиға қаз-қалпында баяндалады. Осының дәлеліндей сыртқы жаудан елін, жерін, ордасын қорғаған қағанның ұлттық патриоттық сезімді селт еткізер рухани қуаты жойқын төлтума руникалық ескерткіш ұстынының ғылыми көшірмесі елорданың қақ төрінде тұр.

Зады, орда атауының лексикалық қорымыздағы хронологиялық жас мөлшері өте ежелгі дәуірге тән екендігі даусыз. Жердің аты – тарихтың хаты. Алтынорда, Ақорда, Көкорда, Ордабасы, Орда [Бөкейорда], Алашорда, Қызылорда, т.т. тілімізде тұтынған топонимдер сақталғаны мәлім. Бұл атаулар әр дәуірдегі қазақтың мемлекеттік дәстүр сабақтастығынан ақпарат береді. Ресей патшалығының қол астына қараған заманда да империя Қазақ Елін – Қазақ Ордасы (Кайсацкая Орда) деп атағаны аян. Алаш зиялылары қазақ автономиясын бастап құрғанда Алашорда есімін беруі тарихи сананы жаңғыртып, сөздің тылсым энергиясы арқылы ұлтының рухын ояту еді. Кеңес өкіметінің орнауымен елорданы Орынбордан Ақмешітке көшіргенде қазақ коммунистері орда сөзіне әдейі қызыл анықтауышын қосып, Қызылордаға айналдырды. Алайда кеңестік идеология қазақтың ұлттық санасын бірте-бірте түпкілікті жоюды көздеді. Сондықтан тіліміздегі байырғы орда атаусөзінің орнына парсының астана лексикалық тұлғасын тұтынуды белсенді үрдіске айналдырды.        

Табалдырық сөзі көз алдымызға тұрғын үйді елестетеді. Үй дегеніміз адамзат дүниетанымында игерілген қауіпсіз кеңістікті бейнелейді. Сол адамның қауіпсіз орны мен қауіпті сыртқы әлемді бөліп тұрған шекара белгіні жер бетіндегі көптеген ұлт пен ұлыстар о бастан ерекше қасиетті санаған. Қазақ жосығы “табалдырықты баспа!”, “табалдырықта тұрма!”, “табалдырыққа отырма!”, – деп тиымдайды. Көк төрүктер көкбөрінің басын табалдырықтың, керегенің іргесіне көмген. Еврейлер табалдырықтың астына қымбат қазынасын ырымдап жасырады. Қазақта “табалдырық таудан биік” деп табалдырыққа отыруға, аяқпен басып тұруға қатаң тиым салынуы тегін емес.  Өйткені есте жоқ ескі заманнан ауыздан-ауызға тарап, атадан балаға жеткен тәмсіл бойынша “табалдырықта үйдің есі бар” деген сенім қалыптасқан. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе қазақтарында шаңыраққа кіргенде, табалдырықтан аттаған бетте “Есі тұр ғой!” деп дауыстап есендесетін, яғни бірінші үйдің Есіне амандасатын ғұрып бар. Үйге кіру үшін есікті ашу керек. Есік атауының өзінде ес, яғни үйді бағатын қорған, күзететін ие деген семалық ұғым тұр.  Ендеше, астанатабалдырық мағынасын білдірсе, онда біз табалдырықта отырмыз, табалдырықта тұрмыз, табалдырықты басып жүрміз ғой!  Демек, бұл әрекеттің магиялық жағынан қазақтың төрдегі басын табалдырыққа сүйрегендей ырымға жамандығын ескермегендік. Сонан да бәлкім, халықтың кие тұтқан қасиетті ғұрпына қарсы әрекет бағымызды байлап тұрғандай көрінеді? Халық даналығы “Есікте тұрып, төр менікі деме, Ылдида тұрып, өр менікі деме” дейді. Яғни не анда емес, не мұнда емес екі аралықта тұрмай бір жағына шығуды меңзейді. Міне, сан мәрте “астана” деп, яки табалдырықты ұдайы атаған сайын Тәңірдің құлағына шалынып, қазақтың бағы не кірмей, не шықпай босағада байлаулы тұрғандай әсерде қалдырады. Қазақ “тілмен байланған қолмен шешілмес” дейді. Егер әлгі түйінді тілмен шешіп жіберсек, Президентіміз ел алдына мақсат етіп қойған бәсекеге қабілетті әлемдегі дамыған елу мемлекеттің алдыңғы сапына шығарымыз еш шүбәсіз.

Сондықтан, мұндай символикалық мәні бар қоғамдық-саяси лексемаға ана тіліндегі төл атауын қайтарып, қалыпқа келтіру әлі де болса, кеш емес. Меніңше, тәуелсіз Қазақстанның елордасы – осы жобаның дем берушісі әрі жүзеге асыруды жебеуші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұрорда аталуы тиіс! Сонда соңында ұлт мәдениетінің мақтанышына айналған ескерткіш қала соққан АҚШ-тағы Вашингтон, Ресейдегі Петербург сияқты Нұрорда – Нұрекеңнің жасампаздық қолтаңбасын тарихта мәңгіге қалдырар айғақ болып қалар еді. Қазақ Елінде “еккенде жоқ, сепкенде жоқ” кім көрінгеннің есіміне қала атын таратып берген жомарттығымызды ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздіктің Көк Байрағын тіккен тұңғыш Президентімізге жасасақ, тұлға еңбегін лайықты бағалау – мемлекетіміздің мерейін өсірер, ұлтымыздың даңқын асырар қоғамдық-мәдени айтулы уақиға болары күмәнсіз.

Ақорда, Көкорда, Алтынорда, Алашорда ‒ бұл атаулардың қай-қайсысы да тарихқа айналды. Нұрорда атауы сол тарихи дәстүрдің сабақтастық заңды жалғасы болар еді. Нұрорда“Есімханның ескі жолы”, “Қасымханның қасқа жолы” сияқты Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолы.  Әрине, бұл ұсынысқа Президенттің Өзі қарсы болары хақ. Бірақ “Мыңның қамын бір ойлар, бірдің қамын кім ойлар” дейді емес пе!? Біздің парызымыз елдігімізді танытып, халық қамын ойлаған азаматқа елорданың мерейтойына орай осындай сый жасасақ несі мін!? Менің бұл ұсынысым “Нұр Отан” Халықтық-Демократиялық партиясы мен Парламент депутаттары тарапынан бір ауыздан қолдау табады деген үміттемін.

 НҰРОРДА ‒ отанымыздың бет-жүзі, көрік-келбеті, ажар-әлпеті. Адамдар бір-бірін дидарына қарап танитыны сияқты әр елдің бас қаласынан сол ұлттың болмыс-бітімі, ақыл-ойы, өре деңгейі, мәдениеті аңғарылып тұрады. Сондықтан мемлекет елордасының затына аты сай болуы шарт.

НҰРОРДА – күллі Қазақ Еліне жылуы мен жарығын шашатын, шапағы мен нұрын төгетін құтты ордасы болғай!!!

 

‒ Түркі әлемі, 2007. ‒ №9, қыркүйек (68).

‒ Әдебиет айдыны, 2008. ‒ №25 (173), 19 маусым.

 

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field