Ермекова Салтанат
Журналистика факультеті, 201-топ студенті
Адам өмірінің едәуір бөлігі ұйқымен өтетіні белгілі. Күні бойы тынымсыз тіршіліктен шаршап келіп, демалған сәтіңді « ұйқын қанса, дүниенің рахаты» деп айтсақ, ал кейде ұйықтап жатып, қорқынышты түстер көріп, «бұлай қорыққанымша, ұйықтамағаным артық» деп айтатын кездеріміз де болады.
Сондай кездердің бірі, бөлмедегі Сәния деген қыз екеуміз елестер әлеміне қызығып, күні-түні видеоларды көріп отыратынбыз. Бір күні ғаламтордан «елестер әлемін зерттеген адамды, олар айналып жүреді, абай болыңыздар» дегенді оқып екі көзіміз төрт болып, оның үстіне жоғарғы курс студенттерінің балмұздақтарды қорқытатыны тағы бар. Солардан үрейленгеніміз сонша, түнде жарықты өшірмей ұйықтайтын жағдайға да жеттік.
Жаңа жылдағы демалысымда ауылыма барғанмын. Бір күні ұйықтап жатып мынандай түс көрдім, оның алдында Астанадағы әпкеме етік алып беріп жіберуін өтінгенім бар еді, соны қатты ойлап жүрдім ба, әйтеуір түсіме сол етік кірді.
Етік сататын дүкенде жүр екенмін. Өзіме ұнағанын қолыма алып көріп жатсам. Қасымдағы етікті біреу қарап, қолына ұстап жатқандай өзінен-өзі жерге түсті. Хм…қызық екен. Жан-жағыма қараймын, сатушыдан басқа ешкім көрінбейді. Сөйтіп, әлгі сатушыдан «бұл кім?»,-деп сұрасам, «көрмей тұрсын ба, шайтан ғой»,- дейді. Қорыққаным соншалық «Ойбай!Біссімәллә, біссіміллә!»,- деп айқайлап қайталай бердім. Оным аз болғандай әлгі сатушы да вампирге айналып, маған ентелеп келе жатыр екен. Одан сайын жан ұшыра айғай салдым. Біссіміллә, біссіміллә деп қатты қиналып жатқанымда, құдайға шүкір оянып кеттім. Тұрсам өзім терлеп қызарып жатыр екем, жуынып болып тұрғанымда, кішкентай сіңілім жаныма келіп, «Тәте, жаңа қатты айғайладыңыз ғой» дегенде, не күлерімді, не жыларымды білмей қалдым.
Жақсы сөз – жарым ырыс деген бұрынғылар. Сондықтан да жақсы сөз айтып, жақсылық жасап, үнемі айналамызды нұрландырып жүрейік! Елестер әлемін зерттеуге құмар болмайық! Әйтпесе мен сияқты қорқынышты түстер көруіңіз ықтимал.
Ұятсыз болып бара жатқан жоқпыз ба?!
Ұят – адамгершіліктің бір жемісі, сонымен қатар ар-намыстың қосшысы. Ұят жоқ жерде береке-бірлік жоқ, әдеп-инабаттылық жоқ. «Ұяты бар бет әдемі», «Ұятын жоғалтқан адам бәрін де жоғалтады» деген ғой бұрынғының білгірлері. Данышпан Абай да өз кезінің адамдары жайында:
Ұятсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан ала ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған мінейді, –
деп күйзелгенде, алты бақан ала ауыздықтың бір себебін ұятсыздық деп біледі.
Бірақ ұятты барлық халық бірдей мағынада қолданбайды. Мысалы, Жаңа Гвинеядағы бір қауымның кішкентай қыздары жалаңаш жүргенді ұят көрмейді. Алайда олар басына сол елдің сұлулық белгісі болып саналатын жаулық тақпаған күйі біреудің көзіне түссе, сұмдық ұялады. Оңтүстік Африка қауымдарының адамдары жалаңаш жүре береді және ол үшін қысылып-қымтырылу дегенді ойына алмайды. Бірақ өздерінің тамақтанып отырғанын біреулер көріп қалса, қатты қысылатын көрінеді. Тіпті кейбір жұрттар моншада еркек-әйелі аралас шомылуды әдепсіздік санамайды екен.
Ал біздің елдің салты «Үйге сұрамай кірген, сұрамай шыққан – ұят», «Көрген жерде сәлемдеспеу – ұят», сонымен қатар күнделікті автобустарда үлкен кісілерге орын бермеу де ұят болып есептеледі. Алайда қазіргі кезде тек өз қамын ойлайтын өзімшілдер мен жол бермейтін жетесіздер көбейіп бара жатыр. Оған дәлел:
Бірде 32 нөмірлі автобусқа мініп ағамның үйіне қонаққа бара жатқанмын. Автобус адамға лық толы, ине шаншар орын жоқ. Сондағы мына бір жағымсыз оқиғаның куәсі болдым. Жасы 70-тер шамасындағы қарт әжей мініп, жан-жағына қарап біраз тұрды. Ары қараймын, бері қараймын ешкімнің орын беретін түрі жоқ, әлгі әжей қатты шаршап мазасы кеткесін, орындықта отырған орта жастағы кісіге «Может уступите место для старинкой бабушке?»,- деп жанына келіп еді, ол да орын бермеді. Оның сондағы айтқан жауабы мынау болды: «Вы только чуть-чуть старше меня».
Сұмдық-ай, қасында бәрін көріп, бәрін естіп тұрған, мына мен ұялып кеткен де, ол кісінің беті бүлк еткен де жоқ. «Әйтпесе кейінгі буынға ақыл үйретер азамат қой, еркек деген атына лайық болмай ма?! Өзінің анасындай адам, орын берсе болады ғой»,- деп іштей қапаланғаным болмаса, ештеңе де істей алмадым. Тек әдемі киноның жағымсыз кейіпкерін жақтырмай қалған адам болып тұра бердім.
Ал сіз менің орнымда болсаңыз не істер едіңіз? Әлде әлгі кісінің жасағанын мақұлдайсыз ба?!
Тонаушы немес махаббат хикаясы
«Ізденген жетер мұратқа» деген бұрынғылар. Бұл сөз біреулер үшін жай айтылған сөз болса, ал енді біреулер үшін өмірлік ұстаным болса керек.
Оныншы сынып оқитын кезім болатын. Мектеп қабырғасындағы мына бір хабарландыруға көзім түсті. Мұнда алтыншы желтоқсан күні аудандық «Оралхан Бөкей» оқулары болатыны жөнінде хабарлапты. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыстап, марапаттайтыны туралы жазуды да ұмытпапты. Сөйтіп, санамды билеген қуаныш мені бағымды сынап көруге итермеледі. Мүмкін, жүлделі орындардың біреуі менікі шығар деген де ой келді. Сол ойдың жетегінде, күндіз-түні әбден дайындалдым. Әрине бұл мен үшін оңайға соқпады.
Міне, бүгін көптен күткен ұлы той. Желтоқсан айының алтыншы жұлдызы. Мәдениет үйі. Зал поэзия сүйгіш жандарға лық толы. Жарыс басталып кетті. Кезек маған да келді. Соқыр қыздың монологын оқып бергенімде, барлық көрермендер көздеріне жас алып, үлкен қошемет көрсетті. Менен кейін де бірнеше сайыскер өнерлерін ортаға салып, тағы да залды бір серпілтіп тастады.
Байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздардың есімін жариялайтын уақыт та келіп жетті. Қатысушылардың барлығы жанын шүберекке түйіп, қорытындысын күтіп тұр. Тәтті қиялдың жетегінде ойға шомып сахна төрінде тұрғанымды, жеңімпаз атанушы өзім екенімді де аңғармаппын. Сонымен жүлдегер мен екенімді естігенімде төбем көкке бір елі жетпеді. Өмірдегі ең бақытты кезім осы сәт болатын. Өйткені мен сыйлыққа 200 доллар алғанмын. Бір қызығы, ата-анам бұл жарысқа қатысып жатқанымнан бейхабар еді. Сүйінші сұрап, қоңырау шалайын десем, ұялы телефонымның қуаты бітіп қалыпты. Қап-ай…енді қайтсем екен…қуанышым қойныма сыймай, автобусқа мініп үйіме жетіп алуды ойладым. Аялдамаға келсем, сәйкесінше мен мінетін №32 автобуста келіп тұр екен. Ойланбастан мініп кеттім.
Ақшамды ұрлатып алмайыншы деген үрейден жан-жағыма елеңдеп отырғанмын. Әсем әуеннің ырғағында қалай көзімнің ілініп кеткенін де байқамаппын. Кенет сөмкемнің сырмасының ашылған дауысынан оянып кеттім. Оның ішіне жүгіртіп үлгерген ұрының қолынан шап беріп ұстап алдым. Ол қолын жұлқи тартып алып, көп арасына кіріп, көрінбей кетті. Зәрем зәр түбіне жетіп, үйіме жетпегенімді аңғарсам да, келесі аялдамадан түсіп қалдым. Жүгіріп келемін, жүгіріп келемін… Соңымнан ілесіп келе жатқан адамдардың аяқтарының дыбысы шалынды, жалт бұрылдым. Тани кеттім. Әлгі автобустағы сөмкеме қолын салған ұры екен. Жан ұшыра айғайлап, жарық көшеге ұмтылдым. Жүгіріп келе жатып, алдымнан шыққан адамды көрмей, жалп етіп құладым. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Тек бұлдыр тұман, көп уақыт та өтпеген сияқты. Көзімді ашсам бір сымбатты жігіт маған алаңдаулы жүзбен қарап отыр. Өзімнің қайда екенімді ойланып жатпастан, бірден сөмкемді іздедім. «Бәрі дұрыс, сөмкеніз міне мұнда. Әлгі ұрылар сыбағасын алды. Алаң болмаңыз!»- деді.
Есімді жиған соң әлгі сымбатты жігіт маған мән-жайдың бәрін түсіндірді. Менің құтқарушым сол екен. Ал мен есімнен танып қалған сәтте, ол мені көлігіне отырғызыпты да, үйіме жеткізіп салыпты.
Онан кейін оны қанша көруді қаласам да, кезіктіре алмадым. Арада сырғып жылдар өтті. Мен арман қуып Алматыға келдім. Бірақ, сондағы оқиғаны әлі күнге дейін ұмыта алмадым. Айтпақшы бірер күн бұрын мен әлгі жігітті қайта кезіктірдім. Бір қызығы, дәл осы ҚазҰУ қалашығында…
Енді келесі кездесуді тағдыр қай күнге жазарын асыға күтіп жүрмін. Әлде… шәкіртақы алған күні тағы да автобусқа мінсем бе екен?!