Жастар – кемел келешектің тізгінін ұстар маңызды капитал. Еліміздің ертеңіне елеулі үлес қосатын айбынды азаматтар, жарқын жеңістерімен қуантып жүрген жалынды жастар аз емес. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Журналистика факультетінің студенттері де бар. Сондай қаламымен қарымды шығармалар жазып, оқырманын көңіліне жол тауып жүрген қос бірдей талант иелері, Файзолла Алпамыс пен Досжан Нұрболат жуырда қанжығаларын жаңа бір жеңіспен толықтырды.
Балалар жазушысы, көрнекті қаламгер Таупық Рымжанов атындағы әдебиет додасында бағын сынап көрген жас дарындар Республиканың талай тарландарын басып озды. Жарыс 3 номинация: Проза, Поэзия, Драма жанрлары бойынша өткізілген. Үміткерлердің туындылары алдын-ала жіберіліп, әділ-қазылар алқасының сараптауымен жіті қаралып, Алпамыс Файзолла поэзия бөлімінен бас жүлде, Нұрболат Досжан осы жанрдан 1 –орын, ал проза шеберлерінің сайысынан 2-орын иемденіп, уни верситетіміздің мерейін үстем етті.
Алпамыс Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар туралы өлең жазса, Нұрболат «Балмұздақ әперші дейтін қызды» жырға қосыпты. Проза жанры бойынша замандасымыздың жазған әңгімесі «Періште кейпіндегі пері қыз» деп аталады. Жас достарымыз Семей өңірінде өткен салтанатты марапаттау рәсіміне барып қайтты. Абай туған топырақта болып, мұражайлар мен тарихи жәдігерлерді аралап, рухани деңгейін жаңа белеске көтеріп қайтқан талапты жастарға шығармашылық табыс тілейміз.
Динара Тілеубек, журналистика факультетінің студенті