Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Бәйтеректің бұтағы

Шарипа Нуржанова Маусым 1, 2014 0

   Әлқисса..

Менің кейіпкерім, жарты әлемге әйгілі профессор Сағымбай Қозыбаев  – Қостанай – Торғай өңіріндегі Меңдіқара ауданының тумасы.

Әр пенде туған жерінің топырағына тартады, дейді ғой. Сол рас па деймін.

Сәкеңді бұдан қырық жыл бұрын, 1974 жылдың жауынды күзінде көрдім. Қашықтан. Бірінші курсты тәмамдап, Қостанайға, ауыл шаруашылық жұмысына жүргелі жатқанбыз. Сәкеңнің кір жуып, кіндік кескен Меңдіқарасына. Оны Торғай, Қостанай қазақтары тіл талабына сәйкес жұмсартып, Меңдіғара деп атайды.

Қазір ғой бұл ауданның Меңдіқара болғаны. Ол кездегі атауы-Боровской. Дүрілдеп тұрған астықты аудан. Орыстың «Бор»-қарай орманы деген сөзімен төркіндес деу қисынға келеді, себебі аумағында сыңсыған қарағай, қайың ормандары, шоқ-шоқ терек, тал тоғайлар көп. Дерекке жүгінсек, әкімшілік-аумақтық бөлініс ретінде 1930 жылы құрылған. Солтүстікте Ресейдің Қорған облысымен шектеседі. Қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Мұхаметжан Қарабаев,  жазушы-педагог Спандияр Көбеев, Еңбек ері Кәмшат Дөненбаева, қоғам қайраткері Әубәкір Қасымқанов осы өңір перзенттері. Сондай-ақ халқымыздың рухани ұстаздарың бірі Марал ишан имандылық өнегесін себуге осы өлкеден аттанған, Қостанай облысының бас мешіті осы діндар ғұламаның есімінде. Өлкетанушылар «ауданның қазіргі аты 19-ғасырда өмір сүрген Мендіқара би құрметіне берілген, халық әлі күнге дейін әділ де данышпан би өнегесін жырға қосып айтып жүреді», деп жазады. Бетпаққара-Торғай жұрты кеңес кезінің өзінде Боровской демей, Меңдіғара дейтін, осы аудан орталығында Меңдіғара педучилищесі болатын, біздің ұстаздарымыздың көбісі осы оқу орнының түлектері-тін…

КозыбаевЕнді сол жауынды күзге қайта оралайын. Жас емеспіз бе, Қостанайға дейінгі плацкарт вагонмен жүрген төрт күнді елең қылғанымыз жоқ, отарбадан түсе салысымен екі иінінен дем алып, тосып тұрған сарыжолақ «пазиктерге» отырып, «Боровской қайдасың» деп тартып кеттік. Таспадай тартылған асфальт жолдың жиегі көкке бой созған сымбатты қарағай, әсем аққайың. Әдетте ауыздары жабылмайтын журналист қауым сілтідей тынған. Керемет көрініске тебіренген кей ақын қойын дәптеріне үңіліп, жыр жолдарын асыға түсіруде… Бір-екі апта өтісімен-ақ сол бір тылсым толғаныстан туған балауса өлең-әңгіме-очерктер республикалық, облыстық газеттерде жамырай жарияланып жатты. Есімде қалғаны-талантты бауырымыз Ермек Әзімбайұлының «Лениншіл жас» газетінде шыққан суреттемесі, жаңылыспасам, «Ақ қайыңдар өлкесі» болуы керек…

Сол сапардан Қостанай-Тобыл өлкесіне талай жігіт пен қыз ғашық болып оралды. «Оралды» дегенді тура мағынасында айтып отырмын. Ауданның Жанкелдин атындағы кеңшарының Майалап бөлімшесінде бірге астық бастырған Жайберген Болатов пен Жанұзақ Аязбеков оқуды тәмамдасымен еш жаққа мойын бұрмай, Қостанайға тартты. Осы өңірде еңбектері еленіп, жұлдыздары жанды. Жәкең көп жылдан бері облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы болса, Жанұзақ облтелерадио басшыларының бірі.

Козыбаев-2Міне, осындай сұлу өлкеде өмірге келіп, әлемдік журналистикаға жолдама алған Сағымбай Қозыбаевтың өзімен тікелей жүздесу шарапаты маған 1978 жылдың күзінде бұйырды. Бұл жерде «әлемдік журналистика» деп қызыл сөз үшін асыра айтып отырғаным жоқ. Сәкең анау-мынау емес, тұтас бір кезеңді қамтитын «кеңестік насихат» теориялық-практикалық зерделемесінен ойып тұрып орын тепкен қазақтың тұңғыш ғалым-журналисі, бұл жайында кейіннен кеңірек ой қозғаса деген ойым бар.

Мәскеу университетінің журналистика факультетіне ауысып, Ленин тауларындағы атақты «Высотка» жатақханасында тұрып жатқанмын. Ағамыз бізді өзі іздеп тауып алды. Бізді дегенім-қазақ рухани, яки ислам журналистикасы теориясының негізін салушы ғалымдардың бірі, Еуразия университетінің ұстазы Рахима Нұриденова, қырғыз бауырларымыз Айна, Талант, Тоқтоғұл. Сәкең ол кезде КазМУ журфагында ұстаздық еткен жазушы Тұтқабай Иманбековпен бірге үш айлық ғылыми тағылымдамаға келген екен. Тұтқабай ағай жап-жақсы әнші, «Екі жиреннің» Шәкен айтатын нұсқасы» деп, отырыстарда сызылта жөнеледі.

Сәкең ол кезде отыздың төртеуінде болуы керек, бүгіннің өлшемімен қарағанда шикі жас. Сонда байқағаным ғой: кісімен араласқанда аласарып та, аспандап та кетпейді екен. Шешендігі де, көсемдігі де бір басына жетіп артылады. Бұл пікіріме сыралғы жұрт дау айта қоймас.

Мен Сәкеңмен бірлесіп «Социалистік Қазақстан» газеті туралы 1990 жылы «Өмір айнасы» атты кітап шығардым. Бұл туынды Қазақстан журналистер одағының сыйлығына ие болды.

Осы орайда Қозыбаевтың кісілігі туралы біраз айтуға болады. Бұл жерде «кісілік» деп шегірткенің тұлпарындай жер тарпуды емес, бастаған істі баянды етуді мегзеп отырмын.  Басқаны былай қойғанда, Сәкең құрған Журналистика академиясы, штамппен сөйлейтін болсақ, бұрынғы кеңес елдеріндегі баламасы жоқ қоғамдық ұйым» болып табылады. Ал, қазір кез келген жоғары оқу орыны ай сайын дерлік өткізіп жатқан Халықаралық ғылыми конференцияны елімізде тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі осы Қозыбаев. Бұл туралы Марат Барманқұлов ағамыз «1998, 199, 1992- жылдары Сағымбай Қабашұлы үш бүкілодақтық және халықаралық ғылыми-практикалық кофнеренция өткізді. 1990 жылғы конференцияға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 163 ғалым қатысты, мұндай алқалы жиынды абыроймен өткізу ердің ерінің ғана қолынан  келеді ғо»», деп ағынан жарылған еді.

Осы жолдардың авторы сол конференцияға келген меймандардың  шашбауын көтергендердің жуан ортасында жүрген еді. 1990 жылы Тбилиси журфагының басшысы, ғылым докторы, профессор Нодар Табиздзе МГУ мен БелГУ-дің декандары Ясен Засурскиймен, Борис Слукамен бірге Сәкеңнің құрметті қонағы болды.Сағымбай Қабашұлының «Нодар-асылдың сынығы ғой» дегені жадымда қалыпты. Н.Табидзе-атақты грузин ақыны Тициан Табидзенің немересі. Ақсүйек Грузияда Табидзелер ұлағатты зиялылар династияларының бірінен саналады.

Алыптар аясында

Сондағы Сәкеңнің айтқан сөзі оның өзіне де тікелей қатысты екенін естеріңізге сала кеткелі отырмын, құрметті оқырман. Қозыбаевтар әулетін Қазастанда білмейтін көзіқарақты жұрт кемде-кем. Ал, Қостанай-Торғай өңірінде бұл фамилияның, белгілі журналист-зерттеуші Аяған Сандыбай айтқандай, брендтік сипаты бар. Осы өлкенің тумасы болғандықтан, бұл жәйт маған жақсы мәлім.

Ел ішінде еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін танымал бұл әулеттің сын-сынағы мол жиырмасыншы ғасырдағы бастауында қадірменді ақсақал, қиын-қыстау соғыс жылдарында еліне пана боған Қабаш Қозыбаев тұр. Сағымбай ағамыз жуырда жарық көрген «Звезды в небе» кітабында әкесі Қабаш Қозыбаев туралы әр жылдардағы жарық көрген материалдарды топтастырып, оқырманға ұсынған. Олардың ішінде ақын Ғаббас Жұмабаевтың «Қозыбай самолеті» атты поэмасы бар. Сөйткен Қабаш ақсақал 1898 жылы туып, 1973 жылы дүние салған. Мендіқара ауданының Жаңатұрмыс ауылында, Қарасу ауданында, Ұзынкөл ауданының бірлік колхозында 20 жыл бойы ауыл шаруашылық саласында басшы болған. Соғыс өрті лаулаған  1943 жылдың басында 190 мың сом қаржының басын құрап,  көрші «Красный повстанец» колхозының төрағасы Иван Верещенко, ол  осынша ақша жинайды, екеуі Чкалов қаласына барып, үш әскери самолет сатып алады. Оның бірінің қанатына қызылмен «Қабаш Қозыбаев», екіншісінің қанатына «Иван Верещенко», ал үшіншісінің қанатына екеуінің атын қатар жазады. Бұл патриоттық бастаманы жоғары бағалаған Жоғарғы Қолбасшы И.В. Сталин Қабаш Қозыбаев атына жеделхат жіберіп, ризашылығын білдірген. Ол жеделхат кезінде Кеңес Одағының бас  газеті “Правдада” жарияланған болатын.

Жақында Сәкең Қостанайда осы кітабының тұсаукесерін өткізді.  Кештің бас мейманы кітап авторының үлкен әпкесі, қарт ұстаз Сәулеш Қозыбаева болды, деп жазды баспасөз. Жергілікті журналистер Сәулеш апайдың: «Әкем осы қаржыны жина­ғанда, үйдегі малды, ине-жіпке, балаларының киіміне дейін сатыпты. Анама: «Аштықта да өлген жоқпыз, біз елдеміз», деген екен. Сонда үй толы жан болатын, інісі Оразалы майданда. Әкеміз аштықты, колхоздастыруды, репрессияны, соғыс қиындықтарын басынан кешті. Ол колхоз басқарса да кедей тұрдық. Соғыс кезінде ауылдас­тарына «қара қағаз» тасып, жаны жүдепті. Кейін: «Қарақыз деген кемпірдің майданға кеткен төрт баласына «қара қағаз» келгенде, соңғысын үміті үзілмей жүрсін деп апарып бермедім» дегенін өзім де талай естіп едім» деген әңгімесін келтіреді.

Торғай өңірінде Сағымбай Қабашұлының немере ағасы Оразалы Қозыбаевты білмейтін жан кемде-кем. Ол кісі ұзақ жыл Ақтөбе облыстық атқару комитетін басқарды. Бүгінде Меңдіқара ауданының Қаратал орта мектебі Оразалы Қозыбаев атында. Ал, Оразалы ағамыздың елге сіңірген басты еңбегі Арқалық қаласымен тікелей байланысты. Тың игеру жылдары Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған ол «Правда» газетіне “Торғай шакырады” атты ашық хат жазып, ежелгі өңірді игеру кажеттігін негіздеді. Бұл жерде астық өсіруге болмайды деген бұрынғы пікірдің терістігін  Оразалы ағамыз сөйтіп, нақты іспен дәлелдеген-ді.  Кейін ол кісі Арқалық ауданын басқарып, оның қалыптасып, дамуына зор үлес косты. Осы еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Бүгінде қаланың орталық көшелерінің бірі Оразалы Қозыбаев атында.

Ал, еліміздің ғылыми қауымы «қазақ тарихының Колумбы» атаған  Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың жөні бөлек. Тәуелсіз тарих тұжырымдамасын қалыптастырған «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Жауға шаптым ту байлап», «Тарих зердесі» еңбектерінің авторы Манаш ағай туралы шәкірті, профессор ӘбдешТөлеубаев «академик Қозыбаев 15 жылдан астам қазақтың тарих ғылымының қара шаңырағын басқарды. Оның тарих ғылымының басында болған кезi өте бiр қызықты, жаңа мүмкiндiктер ашылған Қайта құру және Тәуелсiздiктiң алғашқы он жылдығы едi. Бұл кезеңде қоғамдық ғылымдар өкiлдерi бiршама абдырап қалған-ды. Осы жағдайда ресми тарих ғылымының басында отырған академик Қозыбаевқа өзi бұрындары арнайы айналысқан мәселелерге жаңаша көзқараспен қарап, тiптi бұрын айналыспаған проблемалар бо­йынша да тарих ғылымының жа­ңа көшiн бастауға тура келдi. Бұл мәселелер: Отан соғысының ащы шындықтары, Ресейдiң отарлау саясатының зардаптары, ХХ ға­сырдың 30-40 жылдарындағы геноцид, ұлттық элитаға қарсы террор трагедиялары т.с.с. мәселелер едi. Мәкең өткен ғасырдың аяғында, қазақстандық бiраз тарихшы ғалымдардың пiкiрiне сүйене отырып, Еуразия апайтөсiнде өзiндiк ерекшелiктерi бар Дала өркениетi болғанын дәлелдеп, дәрiптедi, бұл концептуалдық пайымды өзiнше тың ойлармен бекiте түстi. Бұрыннан еуропо­центристiк ғалымдар қалыптастырған “көшпелiлер өркениеттiң жауы, олар өркениет жетiстiкте­рiн тек отырықшы халықтарды жаулап алу арқылы ғана пайдаланған” деген көзқарастарға тойтарыс бердi»-деп жазады.

Манаш ағай ақын болған. Әбдеш Төлеубаев тарлан тарихшы туралы сол мақаласында ол кісінің:

«Ақша бұлттай бейне бiр

Бiлiнбейдi көшкенiң.

Қайтып келмес қайран күн,

Бiлiнбейдi өткенiң!?» – деген жолдарын келтіре кетеді.

Манаш ағайдың жан-жақты білімділігіне, көп қырлы талантына 1998 жылдың ақпан айында аз күн дәмдес болғанда көз жеткіздім. Алматы облысының әкімі болып тағайындалған белгілі қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов ағамызды сол жылдың басында Түркімения президенті Сапармұрат Ниязов ресми сапармен келуге шақырған-ды. Мемлекеттік делегация құрамында Ұлттық Ғылым академиясының Тарих институтының директоры Манаш Қозыбаев, әкімнің орынбасары Жібек Әмірханова, халықаралық бөлім бастығы Елдар Қонаев кірді. Сондай-ақ бірқатар өнер қайраткерлері де болды. Ал, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің сол кездегі тілшілері Саясат Бейісбай мен Игорь Черепанов, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының редакторы Абдолла Сүлеймен және операторлар Зәкеңе ерген журналситер қауымын құрады.

Ашғабат шаһары мен Ахал велаятын аралаған бір апта көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ресми кездесулерде болсын, өзара отырыстарда болсын әңгіменің тізгіні Зәкең мен Манаш ағайда болатын. Делегация туралы  құлақтанған Түркімен Ғылым Академиясының президенті арнайы іздеп келіп, мейман етті. Сонда Манаш ағай қазақ пен түркіменнің бір атадан тарағанын нақты тарихи фактілерге негіздей отырып, әңгімелеп бергенінде, жиналған ғылыми жұртшылық қыбыр етпей отырып тыңдаған-ды.

…Сағымбай Қабашұлы биік мінберден шешіле сөйлеп кеткенінде қайран Манаш ағамыздың еске түсетінін қайтерсің.

Өзі бір мектеп…

«Шәкіртсіз ұстаз-тұл» дейді халық даналығы. Сағыбай Қабашұлы журналисткиа факультетінде еңбек еткен аттай қырық жыл ішінде өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырды. Бұл жайында белгілі журналист Құттыбек Аймахан былай деп жазады: «Әрине, оқытушы болу да, ғалым болу да адамнан екі түрлі қасиетті талап етеді. Атап айтқанда, оқытушының ең алдымен студенттерді өзіне тарта білетін, оқыған дәрістерінің қыр-сырын жете меңгерген, сөзге шешен жан болуы қажет болса, осының бәрі Сағымбай Қозыбаевтың бір басынан табылады. Әсіресе, бұл ұстаздың оқыған дәрістерін студенттердің қыбыр тепей тыңдайтыны аудиториямен байланыстың жоғары шеберлігін көрсетеді… Сондықтан болар, бірте-бірте С.Қозыбаевтың жолын қуушылар көбейіп, оның ғылыми мектебі қалыпатасты».

Сағымбай Қабашұлының азаматтығы, кімге де қолғабысын тигізуге әзірлігі оның тектілігінен хабар беретін болар. Осы орайда Сәәкеңнің әріптесі әрі шәкірті Клара Қабылғазықызының жүрекжарды пікірін де келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. «Сәкеңнің қол ұшын беріп, көмек көрсетпеген адамы журналистика саласында некен-саяқ сияқты. Ғылыммен шұғылданушы студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, стажерлерге, диссертанттарға алтындай қымбат ақылын аямай, уақытын бөліп, түсіндіріп, ұқтырып, қажет жерде жазып та беретіні бар. Ғылымның шырғалаң, бұралаң сүрлеуінде адасып жүргендердің талайын жол сілтеп, жөн айтып отырады. Соның бірі өзім екенімді жасыра алмаймын». Танымал зертеуші Клара ханым талай көгенкөздің көкейіндегіні тап басып отырғанына дау жоқ, дей аламын.

Ғылыми мектеп туралы сөз қозғағанда, өзінің аты-жөні-ақ айтып тұрғандай, көне түркі тарихының білгірі Аманқос Мектептің ауызынан шыққан, бір өзі тұтас мақалаға татитын  жалғыз сөйлемге тоқталмай кеткенім әбестік болар. «Оның лексиконындағы қазақизмдер, сөйлеу мәнеріндегі тыныс алу, екпін қою, буын-буынға бөлу әдіс-тәсілдері, артикуляциялық-акустикалық өзіне ғана жарасымды ұлттық колорит, табиғи шешендік, интеллектуалдық білік-деді Аманқос мырза- уақытпен бірге дарыған кәсіби дағдыны аңғартып тұрады». Сондай-ақ Аманқос мырза «бүгінде ақеділ жандар «ғалымдар мектебін» қалыптастырып жатса, оған қарама-қарсы кейбіреулер «залымдар мектебін» де ұйымдастырады-ау» деп, қынжыла үн қатты.

Тобыл тоғайында жапырақ жайған сол бір бәйтерек бүгінде тамырын тереңге жіберген алып дарақ. Елге қорған да болатын, жайқалған орман болатын осындай дарақтар екенін ұмытпайық, ағайын!

 

Жетпісбай Бекболатұлы 

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field