АЛМАТЫ. ҚаАқпарат – Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығы – бүкіл қазақ халқының тойы. Бұл туралы бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Қариялар – алтын қазына» атты салтанатты жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілфайыз Ыдырысов мәлім етті.
Оның айтуынша, қазақ білімінің қара шаңырағы атанған Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығы тек университет ұжымы мен студенттерінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының тойы.
«Бұл университеттен кімдер шықпады. Бұл университетте кімдер істемеді. Мұнда кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов, көрнекті тарихшы Бекмаханов секілді ұлы тұлғалар жұмыс істеді. 80 жылдың ішінде университетте 12 адам ректор болыпты. Бұл әркімнің маңдайына біте бермейтін бақ. Мен солардың 10-ын тікелей білемін. Біреуін жәй ғана білсем, енді біреуін аға ретінде білемін. Қалғандарын замандас ретінде білемін. Ал университеттің мерейтойымен барша жұртшылықты шын жүректен құттықтаймын» – деді өз сөзінде осы қара шаңырақта 60 жыл ұстаздық еткен тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбілфайыз Ыдырысов.
Ал осы университетте сонау 1955 жылдан күні бүгінге дейін белсене қызмет атқарып келе жатқан майталман ұстаз, заң ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің талай ірі-ірі заң жобаларын жасауға белсене атсалысқан, бүгінде 84 жасқа аяқ басқан заңгер ғалым Сұлтан Сартаев та өз қуанышын жасырмады:
«80 жылдың ішінде бұл қасиетті қара шаңырақ елімізге қажетті сан мыңдаған мамандарды тәрбиелеп шығарды. Өйткені біздің басты мақсатымыз, Қазақстанға қажетті кадрларды даярлау болды. Қазір Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да біздің университетті бітірген азаматтардың жұмыс істеп жүргенін көресіз. Соны көргенде қуанамыз. Олар да қуанады: «О, бұл кісілер біздің оқытушыларымыз болған», – десіп жатады. Мен бүгін мен соларды да осы университеттің 80 жылдығымен құттықтаймын», – деді өз сөзінде Сұлтан Сартаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында осы қара шаңырақтың ардагерлеріне құрмет көрсетеуге арналған салтанатты жиын өтті. Жиын барысында университеттің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жеткен табыстары туралы арнайы фильм көрсетілді. Сонымен қатар, жиын соңында ардагерлер «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық» мерейтойлық медалімен марапатталды. Одан басқа, қадірлі ұстаздар университеттегі жаңа инфрақұрылымдық нысандармен, атап айтқанда студенттерге қызмет көрсетудің жаңа үлгісі болып табылатын «Керемет» жастар ресурстық орталығының жұмысымен және «әл-Фараби» мұражайымен танысты.
Автор: Жаппарберген Айбота