Қазақ әліпбиі төңірегінде белгілі төрүктанушы МЕКТЕП-ТЕГІ Аманқоспен болған журналист АСАНБЕК Гауһардың сұхбаты
“Біз мың жыл бұрынғы алфавитін қайтадан тірілткен еврейлер сияқты өзіміздің төлтума руникалық жазу үлгімізге оралсақ, онда бүгінгі таңда дүние жүзіндегі төрүк тілдес ұлт пен ұлысты біріктіретін басты қозғаушы күшке айналар едік!”
Аманқос ағай, төрүктанушы ретінде бүгінгі таңда елімізде қызу талқыға түскен әліпбиді латын қарпіне ауыстыру жөнінде не айтар едіңіз?
Мен осы “алфавит ауыстыру мәселесінің астарында не сыр барын” көптен бері ғылыми зерделеп жүрмін. Бұқара қауымның алфавит турасындағы ұшқары түсінігі ғылыми ағарту шараларының кемшіндігіне байланысты. Ұлт мүддесін көздейтін қоғамдық ғылымды саясаттың қолжаулығына айналдыру – бұл мәселеде ғалымдарымыз бірінің аузына бірі түкіргендей биліктің райынан шыға алмайтын дәрменсіз күйде. Ақиқатқа жүгінсек, қазақ әліпбиін бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болған, соның нәтижесінде тарихи жадын үнемі өшіріп отырған. Ал бізден өзге ұлт “жат алфавитке көшуді” рухани-этникалық болмысынан айырылуға балайды. Мысалы, армяндар, грузиндер, арабтар, қытайлар, жапондарды жазба мәдениетінсіз көз алдыңызға елестетіп көріңіз? Біздегі ахуал сыртқы саяси күштердің ықпалымен үнемі графикалық тілімізді ауыстыра берудің салдарынан қордаланған рухани байлығымыздың сабақтастық тіні сетінеп, күллі табиғи болмысымызға тән ұлттық сипатымыздан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Шет елдердегі отандастарымыз, мәселен, Еуропа қазақтары латын әліпбиін қолданса, Иран, Қытайдағы қандастарымыз араб жазуы үлгісінде. Ал, өзіміздің елде кирилл графикасын тұтынамыз. Сонымен ат төбеліндей қазақтың өзі бірнеше жазу өрнегін қолданып, бір-бірінен рухани ажырап қалып отыр. Айталық, араб, соғды [тарихи еңбектерде мұны “ұйғыр әліпбиі” деп те атайды. Бұл біздің ежелгі руникалық жазба мәдениетімізден қол үздіру, рухани бөлшектеу мақсатындағы жат жұрттың саяси-идеологиялық экспанциясын жүзеге асырудың құралы қызметін атқарған саяси әдісі еді. Сондықтан “ұйғыр әліпбиі” деп жүргеніміз бұл бағзы семит жазуы екеніне екі графикалық нұсқаның конфигурациялық кескінін қатар қойып салыстырғанда анық көз жетеді], армян-қыпшақ, латын, кирилл алфавиті, қысқасы, мұның барлығы дерлік өзгенің жазба мәдени қалыбы еді. Сонда – біздің төлтума алфавитіміз жоқ, біреудің мәдениетін иеленген масыл халықпыз ба? Өкініштісі, құдды дұғалап қойғандай ата жазуын қорсынған, өзгенікін мықтысынған рухани кеселден әзірге құтыла алмай қойдық. Зады, біздің жазба таңбамыздың белгілері әлемдік алфавит үлгісі арасынан кескіні ерекше дараланатын, симметриялық заңдылыққа негізделген, бір көргеннен виртуалды оқу әдісі арқылы ішкі мағыналық сырынан ақпарат беретін мүмкіндігі зор даналық графикалық жүйеге құрылған. Ол – руникалық алфавит. Бұл жазу таңбалары ықылым замандағы ата-баба тарихымен, ең алғашқы кіші-гірім мемлекеттік билік жүйесінің пішіні – рулық бірлестіктердің өсу, өріс жаю, даму эволюциясын дәл бейнелейтін бағдарламалық көп қырлы Руникалық Концепция, дүниенің беймәлім тылсым сырын танып-білудің Даналық Ілімі. Демек, бұл адамзат өркениетіне қосқан ұлттық рухани-мәдени тарту-таралғымыз. Руникалық жазу рулық таңбалардың бірлігінен тұрады. Ендеше, жалғыз қазаққа ғана емес, барша түбі бір төрүк тектілерге тән. Тарихи даму барысында төрүк мәдениеті тарамдалып кетті. Өйткені адамзаттың өсу жолында қазақ [төрүк] өз үлесі мен еншісіне лайық қасиетті жерін қорғауға ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен де, Даналық Іліміне сүйеніп те географиялық аумаққа өрісін кең жайған. Осы ұлысты рухани ұйыстырып, біріктіріп тұрған құдіреті – руникалық алфавиті еді. Дүние алма-кезек деген. Сыртқы бақталас күштердің мақсатты ықпалы төл жазуымызды ығыстырып, орнына араб алфавиті, соған орай араб мәдениеті, араб саясаты үстемдік құрды. Руникалық жазуынан айырылу – қазақтың, күллі төрүктің бағын тайдырып, рухани біртұтастығын бұзу мен мемлекеттік іргетасын шайқалтудың алғы шарты болды.
Сонда «ежелгі руна жазуын мектептер мен университеттерде оқыту керек пе?» деген сауалға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл комитетінің бас сарапшысы Ерлан Күзекбай үзілді-кесілді қарсылығын білдіріпті. Оған ең басты себеп руниканың сырын толық ақтарып біле алмай кенжелеп қалғанымыздан деп түсіндіреді. Осы жайында не айтар едіңіз? Руника жазуы қоғамға ұсынылуға дайын ба?
Біздің зиялылардың көпшілігі кешегі кеңестік дәуірде білім алып, тәрбиеленген, империялық мүддеге сәйкес қалыптасқан идеологиялық жүйенің өнімі ғой. Сосын қолданыстағы әдістеме ғылымы, яғни ғылымды игерудің әдіс-тәсілі біздің ұлттық мүддемізге қайшы жат көзқарастың ыңғайына құрылғандықтан таланттардың өзін адастырып, теріс жолға салып қойған. Сол адасқаннан әлі өз жолымызды таба алмай, ата мұрамызды танымайтын мәңгүрттік санаға душар болдық. Бүгінгі ұлттық білім жүйесі де “еуропалық, әлемдік стандартқа сәйкес ақыл-ойымызды белгілі қалыпқа салып қоюға” өз еркімізбен көнуге шарасыз келісіп отырмыз. Таяқ лақтырса ғалымға тиетін оқымыстыларымыздың арасынан бір пенде “біздің діліміз, тіліміз, әдет-ғұрып, тәрбиеміз, дүние танымымыз, наным-сеніміміз бұл аталған ғылыми стандартқа сыймайды” деп байбалам салып, қарсылық білдіруге жарамады. Заманында алаштың ардагерлері қазақтың өзін-өзі басқаруына басқадан гөрі күншығыстағы жапон елінің озық үлгісінен ғибрат алуды оң көрген. Кейін кеңестік билік күшіне мінген шақта осы пікірі өзіне таяқ боп тиіп, алаштың азаматы “жапонның жансызы” деген жалған айыппен нақақтан-нақақ қуғын-сүргінге ұшырап, басын жұтты. Шын мәнісінде кешегі біртуар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Халел, Жанша Досмұхамедұлы, Елдес Омарұлы сынды ұлттық дәстүр мен халықтық педагогиканы бойына сіңіріп өскен азаматтарымыз некен-саяқ. Бар болғанда да саусақпен санарлық қана. Біз осыған дейін бір нәрсені түсіне алмай келеміз. Мысалы, өз бауырыңнан өрген перзентің жаныңа жақын ба, әлде асырап алған бала жақын бола ма? Әрине, өз қаныңнан жаралған тұяғыңа талас жоқ. Теңірдің [Тәңірдің] төрүктектілерге берген қасиетті сыйы – қанына, жанына біткен даналық бітігі, яки Жаратқанның жазу таңбаларын менсінбей, басқа біреудікіне кіріптар, тәуелділіктің түп себебі неде? Бірінші мәселе осында болып тұр ғой. Екіншіден, өзіндік жазу таңбамыз болғанымен, ол ұзақ мерзім қолданыстан шеттетіліп, ғылыми айналыстан шығып қалғандықтан жатырқап қалу заңды құбылыс. Біздің ұлттық дамуымызға қарсы жүргізілген саясат он ғасырдан астам төл жазба мәдениетімізді өзімізден қорғаштап, оқшаулап вакуумда ұстады. Одан бері мемлекеттік билік жүйесі сапалық соны өзгеріске түсті, өмір сүру деңгейі өсті. Әлбетте бұл өткен мәдени құндылығын жаңғыртып, қолданысқа түсіруге әлеуметтің психологиялық тұрғыдан қарсылығын туғызады. Бұл да Тәңірдің бізге жіберген сыны болар. Бірақ өмір бізбен немесе бізден кейінгілермен аяқталмайды. Мен руника жазуына бірден көшейік деуден аулақпын, алдымен оны мектепке енгізу керек деймін. Біздің төл мәдениетімізді оқытуымыз керек дегім келеді. Ол бізге және келешек ұрпаққа керек. Руникалық алфавит қанымыздағы мыңдаған жылдық ақпаратты оятып, санада рухани төңкеріс жасайтын феномен. Біз өз жазу таңбамыз болғандығын мақтаныш етеміз, бірақ оны жалпыға бірдей білім беру жүйесіне енгізбейміз. Сонда біз не себептен өзінің ұлттық мәдени мұрасын жас ұрпақтың санасына егуден жасқанамыз? Біздің Ғылым және білім министрлігі осы мәселені неге ескермейді? Егер ұлттың ғылымы мен білімінің тарихи тамырына терең бойлауға немқұрайдылық пен салғырттық танытса, ондай министрліктен қазаққа не жақсылық күтуге болады? Руника жазуы рухани-мәдени жәдігеріміз, ұлы мұрамыз ретінде жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына жеке пән ретінде енгізілуі тиіс, сонда ғана болашақта ұлттық ресми алфавит ретінде қабылдау, қабылдамау мәселесін шешу кейінгі ұрпақтың үлесіне тиер еді. Біз үшін араб, кирилл, латын жазуы – аты айтып тұрғандай өзгенің мәдениеті, өз мәдениетін менсінбеу – мәңгүрттік сананы қалыптастырады. Ал, елді дүрліктіріп латын әліпбиіне көшетіндей мен ешқандай қоғамдық қажеттілік аңғарып тұрған жоқпын. Кезінде кирилл алфавитіне ауысқанда әдейі ескерілмеген кемшіліктерді жөнге келтіруге әбден болады. Латын әліпбиіне көшуден гөрі әзірге осы тиімдірек. Қаражат та аз жұмсалады. Билік басындағы шенділер жиырма екі жылдан бері мемлекеттік тілді игере алмай келе-дүр. Мемлекеттік тіл ресми түрде бекігенмен, ол жалаң жарнамалық, декларативті өз деңгейінде қызмет етуге әлі қауқарсыз. Мәселен, біздің елімізде мемлекеттік хатшы, министр, депутат, ұлттық қазынаны ұстаған банк басшысы биік лауазымына мемлекеттік тілді білмей-ақ мансаб иесі бола беру – мемлекеттік тілдің дәрежесі қаншалықты төмен екендігін айқын аңғартады. Көрер көзге солай бола тұра, биліктің қай сөзіне сенеріңді білмейсің. Кей мекемелерде мемлекеттік тілде құжат толтырып, ақпарат та ала алмайсыз. Сондықтан, мемлекеттік тіл салтанат құрмай тұрып, біз басқа алфавитке ауысамыз дегенді үзілді-кесілді тоқтатқан абзал. Онда қазақ тілін тірідей өлтіреміз деген сөз. Осының ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Алатын болсақ, өзіміздің рулық таңбалардан тұратын мәңгілік жазуға көшкеніміз дұрыс. Бірақ, ол бүгінгі шаруа емес. Әуелгі ділгір мәселе, мектепке енгізу. Оған көптеген жылдар кетуі ықтимал. Руникаға көшу үшін бәлкім, бізге жиырма жыл керек болар. Қанша уақытты қажет етсе де, бүгіннен бастап сол ұлттық мұратымызға суарылған төл жазуымызды алуға жан-жақты дайындық жүргізгеніміз мақұл.
Асылы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін өсіріп, кемел сипатқа көшуіне бағын ашатын басты құрал – төлтума руникалық алфавиті. Егер еліміздегі орыс мектептерінде оқитын қазақ ұландарының болашағына шын жанымыз ашитын болсақ, басқа емес, тек қана ата жазуымыз саналатын руника алфавитін жалпы білім беретін оқу бағдарламасына енгізудің маңыздылығы онан сайын арта түседі. Ал егер бұл ұсыныс ескерілмей қала берсе, орыс мектебін, ағылшын мектебін бітірген қазақ шәкірттері ана тілін мүлдем ұмытып, жоғалған ұрпақ қатары өскен үстіне өсіп, этникалық ыдырау үдерісі тоқтамайтын болады. Ұлттық этникалық тоқырау, мемлекеттің күйреуіне әкелетін ішкі қауіпсіздігі отаншыл қазақ азаматтарын алаңдататын төтенше жағдай. Ол – ол ма, сондай-ақ, орыс мектебіндегі орыс, кәріс, дұнған, украйн, еврей, татар, тағысын тағы ұлт өкілдерінің қоғамдық ортадағы сөйлеу құралы саналы түрде мемлекеттік тілде болуын әдепке айналдыруына әкімшілік-рухани ресурс мүмкіндігін мейілінше кең пайдалану қажет. Сонда ғана біздің елімізді отаны санап, мекен ететін өзге ұлт өкілдері мемлекетіміздің шын патриот азаматы болары кәміл. Сондықтан мемлекеттің тілі толыққанды кемелдену бағытында төлтума руника алфавитін оқыту жалпыға бірдей білім беретін оқу бағдарламасына міндетті пән етіп енгізу кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл бағытта Елбасының пәрменімен Парламентте талқыланып еліміздің Атазаңына тиісті өзгертулер енгізіліп, мемлекеттік деңгейде заңның орындалуын қадағалау мен іс жүзіне асырылуын бақылау жеделдетілуі басты мұрат.
Сондай-ақ, бізде Түрік [Төрүк] академиясы құрылғаны белгілі. Идея негізінен өте құптарлық. Төрүк ұлыстарын біріктіру, мәдениеттерін бір арнаға тоғыстыру, ғылыми зерттеу сынды. Сол академияның айналасында жүрген, басшылығында отырған азаматтар теледидардан “латынға көшуіміз керек” деп жалаулатып жүр. Онда несіне “Төрүк академиясы” аталады? Төрүктанушы болу үшін, ең алдымен, өзінің ата жазуын білуі керек. Сол төрүк мәдениетін, әдебиетін, тілін зерттеп жүрген оқымыстылар адасып басқа мүддені қолдайтын болса, төрүктанушы атануға олардың қандай моралдық құқы бар? Өзінің атына заты сай болмаған мемлекетке айналып отырғанымыздың басы осындайдан негіз алады. Егер біз мың жыл бұрынғы алфавитін қайтадан тірілткен еврейлер сияқты өзіміздің төлтума руникалық жазу үлгімізге оралсақ, онда бүгінгі таңда дүние жүзіндегі төрүк тілдес ұлт пен ұлысты біріктіретін басты қозғаушы күшке айналар едік! Интеграция үдерісін көрегендік саясатпен өз мүддемізге лайық бұру деген сол. Түбі бір төрүк тілдес халықтарды біріктіре алмай отырмыз. Қазіргі заман ағымы жаһандану үдерісі. Сол себепті, төрүк халықтары жұдырықтай жұмылуы уақыт талабы. Болашақта өз жазуымызды алар болсақ, саны жағынан елеулі Осман түріктерінің өзі біздің соңымызға ерері даусыз. Неге? Себебі, өз төлтума жазуын алған мұрагері – күллі төрүк әлеміне рухани жетекші елге айналары талассыз ақиқат. Міне, руникалық ата жазуымыз ұлттық өрлеуіміз бен мемлекеттік гүлденуімізге серпін беретін стратегиялық маңызды қаруымыз екендігі осында.
Бірақ осыдан екі апта бұрын ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің дәлізінде латын әліпбиімен жазылған хабарландыру ілінді. Бұл сол ұсынысты қабылдаудың бастамасы бола ала ма?
Біздің Қазақ Ұлттық университеті – киелі қара шаңырақ. Ғылым мен білімнің, тәрбиенің, мәдениет пен өркениеттің шаңырағы дейміз. Бірақ, осы қара шаңырағымызда ұлттық ілім-біліміміз, мәдениетіміз көрініс таба алмай тұр. Олай дейтініміз, университет маңдайшасына өзіміздің төл жазуымызда
[“әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті”] деп жазып қойсақ нұр үстіне нұр болар еді. Есік-тереземіз барша әлемге айқара ашылған заманда шартараптан ағылған шетелдік қонақтар университет маңдайшасынан “бұлар “дайын асқа тік қасық” біреудің мәдениетін қолданған масыл ұлт емес, өз өркениеті бар жасампаз ұлт екен” дер еді. Осы ойымды газет-журналдарға да жаздым, радио-теледидардан да айттым, бірақ ешкім құлақ салып тыңдаған жоқ. Бұның бәрін де біліп отыр, бірақ оқыған, тоқыған, шоқыған деген азаматтарымыздың өздері ұлттың рухын көтеретін патриоттық дүние жасаудың орнына, жылт еткен біздің мүддемізге қайшы келетінді насихаттауға дайын тұрады. Бұл, сірә, жақсылықтың нышаны емес. Рухани көсем Ахмет Байтұрсынұлы сынды азаматтар алға суырылып шықпай тұр. Қилы заманда ұлтын ағартуды көздеген ұлы Ахаң – араб әріпінің суреті болмаса, қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі мен табиғатына жаңашылдықпен лайықтап әліпби жасаған тұлға. Сондай мың жылда бір туатын қазақтың ары болған алаштың азаматын кеңестік билік “халық жауы” деп атып жіберді. Сондағы саясаттың мынау жалғасы деп білемін. Мұның бәрін біз өз қолымызбен жасап отырмыз. Латын алфавитіне көшудегі басты қауіп – ұлттық ойлау жүйесін тежеп, кежегесін кері тартатын бұғау. Қаншама қаржылай қазнаға шығын әкеледі. Сол бос шығындарды біздің ұлттың әлеуметтік-мәдени мұқтажын дамытуға, асқақтатуға жұмсаса, әлдеқайда пайдалырақ. Оқулық біткенді қайтадан латын қарпінде бастыруға кететін, айнала қоршаған ортаға тигізетін экологиялық бос шығын да есепке алыну керек. Себебі, қағаз дейтініміздің өзі ағаш, қаншама ағаш қырқылады деген сөз. Оның бәрі жаңартылып, орнына келгенге дейін қаншама уақытты талап етеді. Мысалға, бір-екі көшенің аты өзгеріске ұшыраса, біразға дейін соған үйренісе алмай, шатасып жүреміз. Ал бұл орайда тұтас ұлттың жадын өшірейін деп отырық. Осыны білімпаз деген азаматтарымыздың өздері жете түсіне алмауда. Сыртыңнан “өлген жазуды тірілткісі келеді” дегенді де естіп жүрміз. Бұл – ұлттық мүдде тұрғысынан ойлауға парасаты жетпейтін, құлдық сана өкілдерінің пайымы. Бізде осы мәселеге оң көзқарас танытпағандықтан, ұлттық отаншылдық сезім қайдан болады? Орыс жазуы – кішкене қазан, ертең одан үлкен қазанға түсеміз. Латын жазуын әлемдегі алпауыт Әмерика, Ағылшын, Еуропа елдері пайдаланып отыр ғой. Сондағы “көксегеніміз” орыстан құтылып, ағылшынға тұтылудың соңы рухани біржолата жұтылып тынуға саяды. Жиырма екі жыл бойы мемлекеттік тілін міңгірлетіп жүрген биліктегі азаматтар, болашақта алфавитті сылтауратып тілді мүлде жиыстырып қояды. Сонда тіл қайда кетеді? Архивке кетеді деген сөз. Кеше ұлтымыз қаншама сынақтан өтті. Қолдан жасалған империялық алапат аштық саясаты, рухани аштық, қуғын-сүргін, ядролық сынақ. Енді ес жиып, тәуелсіздік алдық па дегенде тағы мынадай сынақты ұлт көтере алмайды. Сондықтан мен бұған түбегейлі қарсымын. 1926 жылы Баку қаласында төрүктанушылардың І-ші құрылтайы өтті. Сол кездегі бас қаламыз Қызылордадан құрылтайға Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Елдес Омарұлы, Біләл Сүлейұлы, Әзиз Бай-Сейдули [Байсейтов] арнайы шақырылды. Ал Мәскеуден Нәзір Төреқұлұлы келіп қатысқан еді. Осы бес қазақ білімпазының ішінде Нәзір Төреқұлұлынан өзгелері латынға көшуге қарсы болған. Сонда Ахмет Байтұрсынұлы халық толық сауаттанып, рухани ағарып болмай алфавит ауыстырудың зиян екенін қадап айтты. Оның орнына қазақ тілді кітап, оқулықтарды даярлауды, мәдениет ошақтары мен ұлттық эстетикалық талғамға сай рухани тәлім-тәрбие алатын сәулетті ғимараттар салуды алға тартты. Қайшылықты қараңыз, қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген Тіл білімі институтының қызметкерлері латын графикасына көшуді қолдап отыр. Өйткені биліктің қысымы өз дегеніне көндірді. Демек, ол институттың атына кір келтіру – Ахаңның атына, Ахаңның рухына кір келтіру. Себебі Ахаң – ұлттың ұстазы. Ахаң сабақтаған бір сөзінде кеңестік идеологтардың өктемдігіне күйінгеннен «ит деп жазып, шошқа деп оқитын жазудың бізге не керегі бар?» деген екен.
Латын әліпбиіне көшу туралы ұсыныста әлемдік тәжірибе негізінде, заманауи технологияларды игеру мақсатында деген басты себептер аталуда. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?
Оның өзі қисынсыз бос сөз. Мен бұл арада “әлем тәжірибесінен” дегенді мүлдем түсінбеймін. Жоғарыда атап кеткен Қытай, Жапония, Тайланд елдері, арабтар, үнділер, еврейлер, грузиндер, армяндар өз алфавиттерін-ақ қолданып жүр ғой. Ал енді біз руникалық таңбамызды алсақ, біздің де жеке-дара жазуымыз болады. Жер шарында ешкімге ұқсамайтын атадан мирас алфавитіміз. Ең бастысы – біздің рухани шекарамыз қалыптасып, бекіген болар еді. Қазір кім болса, сол біздің ішкі жан дүниемізге еш кедергісіз кіре алады. Бізді танып білу үшін, олар, ең алдымен, біздің мәдениетімізді, соның негізінде алфавитті зерттеуі керек. Егер жер бетіндегі мемлекеттің барлығы латын графикасын алып, латын алфавитін алғандар өмірдің шырқау шыңына көтеріліп, асқақтап, өркендесе, онда бәлкім, ойлануға болар еді. Өзбек немесе әзірбайжан алды деп, біз де латынға көшу – ол біреу отқа түссе, отқа, суға түссе, суға түскенмен бірдей бассыздық. Бізге өзіміздің ғажайып төлтума жазба мәдениетіміз тұрғанда, басқа жұрттың мәдениетінің керегі қанша?
Аманқос аға, келелі ғылыми ой-пікіріңізді таратып сабақтағаныңызға шын көңілден Тәңір жарылқасын!
Сұхбаттасқан: АСАНБЕК Гауһар
“DARABOZ” журналы. – 2013.– №8(48) қазан.
– 35–39-беттер.