Биыл Ресей Қарулы Күштері Бас штабы Академиясының қабырғасына өз атын алтын әріппен қалдырып, Алтын медальді кеудесіне тағып қайтты.
Бұдан тура бес жыл бұрын 39 жастағы полковник Мәлік Сапаров Ресей Қарулы Күштері Бас штабы Академиясын Алтын медальмен бітіріп қайтқанда ол туралы осы газетке мақала жазып, оны мақтағанбыз және ол үшін мақтанғанбыз. Себебі, бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің Бас штабы Академиясы бүгінде Ресей Қарулы Күштері Бас штабы академиясы деп аталады. Ал бұл оқу орнын дәл осылай бітіріп шығу керек екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт екенін тек әскери адамдар ғана түсінсе керек.
Әдетте, әскери учелищені тәмамдағаннан кейін көптеген офицерлер өз мамандықтары бойынша (артилерист, зенитші, ұшқыш, тағы басқалар) арнайы әскери академияларды бітіріп жатады. Бірақ Ресей Қорғаныс Күштері Бас Штабы Академиясының орны бөлек. Оны бітіргендер тек бір ғана мамандық бойынша емес, бүкіл әскери ілімнің барлығын меңгеріп, мемлекеттік деңгейде ойлайтын әскери маман дәрежесіне көтеріледі. Ресейдегі осы әскери Академияға арнайы келісім бойынша бізден әр жылдары екі-үш офицер барып, білім алып тұрады.
1996 жылы осы оқу орнын бітірген жүзден астам адамның ішінен 3 офицер алтын медальға ие болыпты. Оның бірі қазақ офицері Мәлік Сапаров еді. Ол азамат қазір Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор.
Міне, дәл осындай оқиға биыл тағы да қайталанды. Бұл жолғы алтын медаль иесі – генерал-майор Жоламанов Нұрлан Айтманұлы.
Мен бұл кісімен 1999 жылы Алматыдағы шекара учелищесінің бастығы кезінде танысқанмын. Қапшағай жақтағы әскери полигонға журналистерді алып барып, біраз «өнерлерін» көрсеткені есімде.
Шекара әскерлері қазір Қорғаныс министрліігнен алынып, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қосылғаннан кейін Нұрлан Айтманұлы Қазақстан Қарулы Күштері Бас Штабы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол қызметте жүріп Ресей әскері Академиясына оқуға жіберілді. Нұрланмен негізгі әңгімені бастамас бұрын оны Алтын медалімен құттықтадық. Сосын сол медальді қолымызға ұстап біраз тамашаладық.
Генерал сол жақта жүріп түскен суреттерін көрсетті. Міне, мынау әскери Академия қабырғасына ілінген мрамор тақта. Онда төрт адамның аты-жөні жазылыпты. Екінші нөмірдің тұсындағы «Жоламанов Нұрлан Айтманұлы» деген жазу көзімізге оттай басылды.
Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Академиясы сонау бірінші Петр патшаның жарлығымен дүниеге келіпті. Сол кезден бастап осы оқу орнын Алтын медальға бітіргендердің аты-жөнін алтын әріптермен тасқа қашап жазып, құрмет тақтасына іліп қою дәстүрге айналған екен. Тек Кеңес үкіметі кезінде ғана бұл дәстүр жалғасын таппапты. Биыл тұңғыш рет осынау тарихи дәстүр қайта жаңғыртылған. Сол алғашқы мрамор тақтаға біздің қандасымыздың да аты-жөні жазылғаны, әрине, мақтаныш сезімін тудырады.
-Ресей бас штабы Академиясын бітірген адамның білімі өзгелерден ерекше болатын шығар? Ол жақтан үйреніп қайтқандарыңызды ортаға сала отырыңыз, – деп Нұрланды әңгімеге тарттым.
-Сөз сыңайыңызды түсіндім. Ол жерде өзгеден ерекше бір білім дүниесін ешкімнің басына құя салмайды. Бұрыннан белгілі әскери ілімнің қыр-сырларына жаңаша қарауға ғана үйретеді. Соның әсерінен мына өмірде болып жатқан құбылыстарды еріксіз басқаша пайымдауға бейімдеоеді екенсің. Бұрын мән бермеген жайттардың астарына өзіңше үңілесің. Сөйтіп іштей толысасың. Бары осы,-деп ол әңгімені қысқа қайырды.
Әрине, әскери адам әскери Академияда оқыған-тоқығандарын түгелдей жайып салмасы белгілі. Мемлекетаралық келісім бойынша қаншама қаржы жұмсай отырып, орыстың соғыс өнерінің қыр-сырын зерттеп, зерделеп қайтқан бауырымызға ашыла сөйлемедің деп кінә арту да орынсыз сияқты.
Бұған дейін Қазақстан әскерінің қазіргі жағдайын тілге тиек еттік. Бұл жерде Нұрлан шешіле сөйледі, кемшіліктерді де жасырған жоқ. Әсіресе, 1995-1998 жылдар аралығында Қазақстанда өзі басқарған Әуе қорғаныс күштері басқармасы таратылып кеткеніне іштей қатты күйінетінін жасырмады.
Біздер қашан да бір нәрсені бүлдіріп тастап, сосын оны қайта жасақтауға үйірсек екеніміз рас қой. Енді сол таратылған Әуе қорғаныс күштері қайта жасақталып жатқан көрінеді. Қаншама материалдар мен көрнекті құралдар, техникалар, қару-жарақтар ысырап болды десеңізші.
Әлі есімде 1998 жылы Қапшағайдың маңында Нұрлан басқаратын Әуе қорғаныс күштері кезекті жаттығуларын өткізіп жатқан болатын. Оны телехабардан байқап қалған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ертеңінде бұл әскери жаттығуға өзі арнайы келіп қатысқан.
Жоғары Бас Қолбасшының күтпеген жерден келуі кімге де болса оңай тимесе керек. Сол жолы Елбасы бұл әскери жаттығуға өте жоғары баға беріп, ризашылығын білдіріп қайтты.
Екі күннен кейін полковник Нұрлан Жоламановқа Елбасы өз қолымен генерал-майор погонын тапсырған. Содан кейін іле-шала Нұрлан шекара уяилищесінің бастығы болып қызметке ауыстырылған. ОЛ өзі басқарған сол Әуе Қорғаныс күштерін тастап кеткеніне өкінеді. Егер өзі сол жерде бастық болып тұрғанда оның таратылуына жол бермес пе еді кім білсін. Дегенмен генерал бүгін қайта түлеп келіп отырғандай.
-Қазақстан әскеріндегі генералдардың саны көп, сапасы аз деген көзқарас кейінгі кезде көрші елдердегі әріптестеріміздің ауызынан естіліп қалып жүргенін несіне жасырамыз. Дәл осы жолы сондайлардың аузына құм құйдық-ау деймін. Біздер биыл Қазақстаннан Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Академиясына төрт адам – екі генерал, екі полковник оқуға бардық. Олар – генерал-майор Уәли Еламанов, полковник Болат Дарбеков, полковник Алмас Абдұлманов. Осы жолы 130 адам Бас штаб Академиясының дипломын алып шықты. Оның төртеуі алтын медальді иеленгенін айттық. Ал бес адам қызыл дипломға бітірді. Сол бес қызыл дипломның үшеуін жоғарыда аттары аталған үш қазақ офицері алып кетті. Бұған қалай масаттанбассың, – деп Нұрлан рахаттана күліп алды.
Нұрлан Айтманұлы Ресей жерінде, яғни Орынборда туып-өскен азамат. Жөн сұраса келе екеуміз құрдас болып шықтық. Мұны білгеннен кейін ол қазақы қалжыңға басты. Біраздан соң үй-іші, отбасы жайында әңгіме қозғадық.
-Мектепті бітіргеннен кейін Орынбордағы С.Орджоникидзе атындағы зенитші-ракеташылар командирлерін дайындайтын училищеге түстім. Оны бітірген соң Теміртауда зенитші-ракеташылар расчетін басқардым. 1980 жылы Семейде, сосын Венгрияда қызмет еттім. 1986 жылы КСРО Әуе Қорғаныс Күштері Академиясының штаб бастықтарын дайындайтын факультетіне түстім. Оны жақсы аяқтаған соң Германияға жіберді. Ол жақта полктың штаб бастығына дейін көтерілдім. 1992-1993 жылдары Тамбовтағы зенитші-ракеташылар полкінің штаб бастығы болып жүрген жерден туған елге оралдым. Келе сала Аягөздегі зенитші-ракеташылар бригадасына командир етіп тағайындады. 1998 жылы Алматыдағы шекарашылар училищесінің бастығы болдым. Одан кейінгі өмір жолдарымды жоғарыда айтып өттім ғой,-деп Нұрлан өз жайында қысқаша қайырып тастады.
Бала-шағасы, туыстары жайында сұрадым.
-Әйелім Семейдің қызы. Руы – найман. Екі қызым бар. Әйгерімім ҚазМҰУ-де оқиды. Дариям биыл бірінші класқа барады.
-Генерал мырза, ұсталған жерің осы болды. Неге ру жайында әңгіме қозғайсың? «Траибализм» деген пәлені құртамыз деп жүрген жоқпыз ба?!-әзіл-шыны аралас, бір жағынан құрдастығымды бетке ұстап тиісе кеттім.
Бар білетін қазақшасын сарқа сөйлеп отырған Нұрлан тым қазақы болып көрінемін деп, артықтау кеткенін енді байқағандай. Әйтсе де болар іс болды дегендей енді турасынан тартты.
Оның несі бар екен? Мен өзім кіші жүздің баласымын. Руым – таз, -деп қойып қалды. Отырғандар ду күлдік. Өзі де мәз. Сосын дереу күлкісін жиып алды да әскери адамға тән қатулықпен қайта сөз бастады. – Менің әкем марқұм «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп отыратын. Бізді солай тәрбиеледі. Біз жанұяда он ағайындамыз – төрт қыз, алты бала. Олардың бәрі Ресейде жоғары қызметтерде ел басқарып жүр. Былтыр елге барғанда әкемнің досы, сексеннен асқан бір қариядан бүкіл ата-бабамыздың шежіресін жазып алдым. Соңынан осының бәрін растап астына қолыңызды қойыңыз дедім. Қолын қойды. Қате болса келешек ұрпақ алдында өзі жауапты болатынын да ескерттім. Сөйтіп, мен қазір он бесінші ата-бабама дейінгі шежірені жақсы білемін. Но этим злоупотребляет – тот настоящий подлый человек! Он – враг наций! – деп қызулана орнынан атып тұрған Нұрланды «сап-сап» деп орнына қайта отырғыздық.
-Бұл пікіріңді мен газетке жазамын,-деп тағы да оны әзіл-шыны аралас қажай түстім.
-Жаза бер. Не айттым, бәрін жаз! Айтпайтын нәрселерді бәрі бір айтқаным жоқ. Ол, әрине, әскери құпия мәселесі екені түсінікті ғой,-деп Нұрлан әңгімесін аяқтағандай сыңай танытты.
Мен оның айтқандарының барлығын бұл жолы толықтай жеткізе алмадым. Ол – Қазақстан Армиясындағы Әуе Қорғаныс күштерінде қызмет етіп жүрген жігіттердің жанкешті еңбектері мен жетістіктері жайындағы пікірлер еді. Сәті түссе тағы бірде ол жігіттер жөнінде де жазармыз. Әзірге бары осы.
Серік Жұмабекұлы,
«Егемен Қазақстан»,
26 қыркүйек 2001