Сананы тұрмыс билейді, қалауынша қалыптастырады, дейді дәйекті де табанды материалистер. Көп жұрт бұл пікірге ден қоятынын білемін. Нарық заңдылығы тоқсан тарау тіршіліктің бірден-бір өлшеміне айналған бүгінгі күні дәп осы тұжырымның дегені болып тұрғаны рас. Айтқандайын, ата атымен сөз, мата атымен бөз өтіп жатқан жоқ па қазір?! Іскерлік шапанын жамылған алдамшылықтың, алаяқтық пен тұрлаусыздықтың наны жүріп, пері бас, періште пәс болған мына заманда момынды зар қақсатып, екі жеп биге шыққанын жасырмай, сүйсіне айтатын беті адам, бейнесі шаян зымияндар күннен күнге көбейіп келеді. Бұрынғы бабаларымыз-олардың да естісі мен есері болғанын адамнан жасырсақ та құдайдан жасыра алмаймыз-сөзге тоқтаса, бүгінгі жылпостар экономистер материалдық игілік деп атайтын байлықтың, оның ішінде сіз бен біздің түсінігіміздегі жай ішіп-жем емес, кішігірім мемлекеттің жылдық бюджетіне барабар капиталдың ғана алдында бас иеді екен. Жылтыраған алтын көрсе арды да, абыройды да кері ысырып тастап, ағайын-туыстан да, сеніміне кірген жолдас-жорадан да жалт береді екен бұлар. Бұлар үшін сауда-сақал сипағанша, яғни, сыйластығы мен достығы – «ешегі судан өткенше» ғана екен.
Иә, домбыраның күмбірі емес, теңгенің сыңғыры қымбат саналған заман туды ғой.
Өз басым балақтағы бит басқа өрлеген бұл заманның қашанға дейін дәурені жүретінін тап басып айта алмаймын.
Білетінім, санамызды жауар бұлттай тұмшалаған сасық тұманның түптің түбінде сейілетіні, хақ самалы есімізді жиғызып, қансыраған тәнімізге күш бітіретіні, сансыраған санамызды оятатыны…
Түбі бір түгел Сөздің төрге шығатыны…
Тарысы піскеннің тауығы болатын жалдамалы жазғыштардың емес, озық ойлы, алмас тілді қалам иелерінің халқымен қауышатыны…
Сөйтіп, санамызды кіреуке бөз емес, сарбаз Сөздің қалыптастыратыны…
«Туады әлі, туады нағыз ақын»-деп жырлағанда, ұлы Мұқағали осы бір ойдың шетін шығарғысы келді ме, кім білсін…
Жер ортасынан асқанда көз жеткізген бір ақиқатым: сөз кісенде болғанда сана да тұтқынға түседі екен. Тұтқынға түскені емей немене, есіл ерлерің үш ғасыр бойы «азаттық», «бостандық», «еркіндік» деп ашық айта алмаса… Бұл кәлималар тіліне оралған қаншама азамат жабықтан сығалап, тың тыңдайтын, құлқыны үшін халқы түгіл туған анасын да оп-оңай сатып жіберетін жансыздардың сыбырлауымен орыс-кеңес империясының оғына ұшса…
Дегенмен, қараңғы қапаста торыққан санаға саңылаудан болса да сызаттап сәуле түспеді десек, ақиқатқа қарсы келер едік…
Инсаният дамуы әр буынға лайық міндет жүктейді, сол міндеттерді орындау жолында бастарын бәйгеге тігетін сарбаздары мен серкелерін өмірге әкеледі. Біз ат жалын тартып мінген сексенінші жылдары көзі қарақты оқырман қауымды дүр сілкіндірген бір жаңалық болды. Жаңалық деп отырғаным-журналистік суреттеме, жарық көрген жері-жастардың «Лениншіл жас» газеті, авторы –Сапарбай Парманқұлов. «Жыландар жөңкіп барады» деп аталса керек, жаңылмасам. Онтүстікте сол бір кездері тосын оқиға болып, жыландар індерін тастап, асфальт жолдың бойымен үдере қоныс аударған-тын. Ақиқатты айтуға тиым салынған заман ғой, керағар құбылыстан да саяси астар іздейтін жұрт. Осы оқиға ауыздан-ауызға тарап кетті. «Бұл тегін емес, зұлымдық символы-жыландар мекенінен безсе, түбі бір өзгеріс болар» деген ақсақалдардың сөзін өз құлағыммен естіген едім.
Мифтік сана да қоғамдық сананың бір түріне жатады, мәселе-абстрактіге ұрынбай, айтар ойды астарлап жеткізе білуде…
Сексенінші жылдардың оқырманы Сапарбайдың табиғат тамашалары туралы жазған очерктері мен суреттемелерін іздеп жүріп оқитын.
Ән салатын шағылдар… Айдаһары өгіздей өкіретін жұмбақ көлдер… Сырын ішіне бүккен қызыл құмдар… Құм жұтқан қалалар… Ғайып болған Атлантида… Оқырман осылайша Уақыт пен Кеңістікті көктей өтіп, қиял әлеміне сапар шегетін, автормен бірге армандағы Атлантиданы шарқ ұрып іздейтін…
Сөйтіп, мифтік сана бодандағы сананы ой тұтқынынан босатып, еркін қиял көгіне самғататын…
Ерліктің үлкен-кішісі болмайды, дейді. Қосыламын. Ұлттар достығы лабораториясы атанған Қазақстанды алуан марапатқа ие болған журналист, жазушы, тарихшы ағайындар ойлап тапқан «түрі басқа-тілі бір» ұранын бүркеніп, біржолата орыстандыру саясаты сексенінші жылдардың еншісіне тиеді. Осынау зымиян саясатты ың-шыңсыз жүзеге асыратын тамаша жоспар да жасалды, ол- Қазақстанда аралас некені көбейту. Бұл қазақтарды христиан дінін ұстанатын славян, роман-герман халықтарының өкілдерімен некеге отыруға итермелейтін құйтұрқы саясат жүргізу арқылы жүзеге асырылуға тиіс болды. Бір қызығы, ағайын-бауыр болып келетін түркі халықтары қыз жігіттерінің өзара некелері насихатталмайтын. БАҚ біткен бұл тақырыпты сан қырынан жарыса жазғаны сондай, еуропалық нәсіл атаулы күндіз шам алып іздесең де табылмайтын Торғай аудандық «Жаңа өмір» газетінен аралас некеге отырған жастар туралы хабар кезіктіргенім бар. Бұл дүрмектен Сапарбайдың «Лениншіл жасы» да қалыс қалған жоқ. Алайда, шығармашыл ұжымда өзіндік беделі бар жас қаламгердің «қазақтың еуропа ұлттарымен некесін дәріптеу-халыққа қарсы ашылған мылтықсыз майдан, қарусыз-ақ қырып-жою» деп, әріптестеріне басу айтуынан кейін осынау кесірлі насихаттан газет журналистері бойларын барынша аулақ салған еді.
Ол кезде режимге қарсылықты зиялы қауымның көбісі үндемеу, ұрандаған науқандардан тыс қалу арқылы білдіруге тырысатын. «Лениншіл жастың» сол бір әрекетіне мен осылайша баға берер едім. Сондай-ақ қатарластарынан оқ бойы озық тұратын талантты жігіттердің советтік жазушы-журналист одақтарының пысықай мүшелері «…жасасын!» деген дүрмекпен үсті-үстіне кітап шығарып, лениндік ұлт саясатын, советтік өмір салтын, бесжылдықты жырлағаны, насихаттағаны үшін сыйлықтан соң сыйлық алып жатқанда, бойында Алаш қаны бар осы бір «бөрінің бөлтіріктері» сұп-сұр болып, тістерін шақыр-шұқыр қайрағанына да куәміз.
«Лениншіл жастың» ол кездегі беделі деген орасан. Сапарбайдың басын бәйгеге тігіп айтқан сол бір пікірі қаншама жасты шалыс қадамнан сақтандырғанын кім біледі бүгінде…
Мифтік Сана, зер салсаңыз, бүгінде жарты әлемді жаулаған инновациялық санадан әлдеқайда терең, әлдеқайда өміршең.
…Қаратауда ала жіпті аттамаған, сөзі мен ісіне мығым, кісіге тек жақсылық жасауды мұрат тұтқан Құрбан ата деген діндар, мейірбан кісі өмір сүріпті-мыс. Бұл-миф.
Өмір-шолақ, дейді. Расында, тіршілік-қысқа, дүние-келте емес. Алла тағала жаратқаннан бері дүние өзгерген жоқ, Адам-Ата, Хауа-Ана ұрпақтарының тіршілігі үзілген жоқ. Өмірді шолақ дейтініміз пенде атаулының бұл жалғанға қонақтығында, бірақ кісі өлгенмен, артында сөзі, ісі қалады. Уақыттың буалдыр тұманына сіңіп, сол бір қасиетті жандардың бейнесі мифтік тұлғаға айналады. Халық аман тұрғанда мұндай тұлғалар ұмытылмақ емес. Егер миф халық жадынан жойылса, онда ол халықтың да жер бетінен баз кешкені. Сондықтан да мифтік сананы ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін жыраулар мен жыршылар суығы өңмеңіңнен өтетін қыстың ұзақ түнінде жылтыраған отты өшіріп алмау үшін қоламтаны қаузап, көзі жасаурағанша үрлеп отыратын От иесі сияқтанады маған. Ал, оттың өшкені-өмірдің өшкені емес пе?
Батысқа жаппай бас ұрған бүгінгі таңда қазақы қаламгерлер сол жыраулар мен жыршылардың ізін басып отырғаны ақиқат…
Сапарбай Құрбан ата туралы эссесін жарыққа шығарды…
Көкірек керген қайраткерлердің бәрі мифтік тұлғаға айнала алмайды.
Тарих қиянатты көтермек емес. Қазіргі ұғыммен қарасақ, Владимир Ульянов-Ленин мен оның жандайшаптары экстремист-басбұзарлар мен мемлекеттік қылмыскерлер. Кеңестік идеология бұлардан пайғамбар жасау үшін қаржыны аямай–ақ төкті. Бұлар және сенімді ізбасарлар туралы роман-повесть, поэма, тақпақ шығарған жазғыштар совет үкіметінің шапағатына бөленді. Сол атақ-даңқтарымен бүгінгі күннің табалдырығын күлімсіреп аттағандардың көбі әлі де тұғырынан түскен жоқ, мадақ пен марапаттан да кенде емес.
Жетпіс жыл бойы үзілмей жасалған қылмыс атаулыны ақтауға бар талантын сарп еткен олар сол дәуірдің бар қиянаты мен зұлымдығын өздерімен бірге ала кететін болар. Саяси мифтің дәуірі сонымен аяқталар.
Бүгін біз қоламтадан қоздаған шоқ сияқты басқа бір мифтің туындаған сәтіне куә болып отырмыз. Ол адал да мейірбан, үлкен жүректі Құрбан ата туралы миф.
…Атлантиданың құпиясы Құрбан атаның қара бурасы кезіп жүрген Қаратауда жатыр ма, кім білсін?!