әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығына орай Қазақ ұлттық университеті мен Назарбаев Университеті арасында баскетболдан жолдастық кездесу болып өтті.
ҚазҰУ-дың журналистика факультеті белсенді студенттерінің «PRime time group» бірлестігі ұйымдастырған бұл кездесу «Ұлттық Лига» құру жобасы бойынша бірнеше жыл қатарынан өткізіліп, дәстүрлі шараға айналып келеді. «Ұлттық Лига» – Қазақстан Республикасының ең мықты университеттерін біріктіретін спорттық лига.
Бұл жобаның негізі әлемдегі 8 университетті біріктіретін «Плющ Лигасы» болып табылады. АҚШ-тың соңғы 4 президенті осы лиганың мүшесі болған. «Ұлттық Лиганың» мақсаты – осы тәжірибеге сүйене отырып, жанжақты, білімді, белсенді студенттерді біріктіріп, болашақ «мемлекеттің элитасын» қалыптастыру.
Кездесу Қазақ ұлттық университетінің жеңісімен аяқталды. Әуесқой команда болғанымен де, Бретт Крейг бастаған Назарбаев Университетінің ойыншылары да мықты қарсылас бола алды. Ойынның бірінші минутынан бастап, соңғы секундтарына дейін тренер Мартыненко Ирина Ивановна дайындааған ҚазҰУ құрамасы өз тактикасы мен керемет ойын техникасымен ерекшеленді. Әрине, ойынды кім жеңгенімен де, бастысы – екі ірі университеттің студенттері арасында байланыс орнап, достық қарым-қатынас пайда болды. Бұл – екі университет үшін де үлкен жеңіс.
Дене тәрбиесі – дені сау ұлт кепілі, спорт – ел мақтанышы.
Оспанова Жансая