Құрметті ҚазҰУ ұжымы, әріптестер мен студенттер! Сіздерді ұлық мереке – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Күн мен түн теңеліп, ізгілік пен жаңару үйлесім тапқан әз-Наурыз – халқымыздың асыға күтетін мейрамы. Бұл – күннің көзі жылынып, бар тіршілік қайта түлейтін, адамзаттың көңілін жадырататын жаймашуақ кезең, жақсылық пен ізгіліктің бастауы. Шығыс халықтарына ортақ мереке болып табылатын Наурызды халқымыз, сондықтан да Ұлыстың ұлы күні, ақ түйенің қарны жарылған күн деп айрықша дәріптейді. Хан мен қараша теңесіп, араздасқан ағайын татуласқан, бірлікті, ынтымақты ту еткен ырысты мереке халқымыздың ұлылығын аңғартып, асқақтатып тұрғаны анық.
Наурыз – жыл басы дейтін болсақ, бұл мезгілдің ҚазҰУ үшін маңызы зор. Себебі білім мен ғылымның қасиетті ордасы өзінің 80-көктемінің шымылдығын ашып отыр. ҚазҰУ осынау мерейлі мерекеге айтулы жетістіктермен, жаңашылдықтармен толысып жетті. Университет халықаралық талаптарға жауап беретін білім бағдарламасына толығымен көшті. Халықаралық деңгейдегі инновациялық жобалар, жаңа технологиялар жүзеге асырылуда. Сарапшылар ҚазҰУ қызметінің барлық бағыты бойынша сапалы көрсеткіштердің артқанын айтып отыр. Өткен Жылан жылы да жоғары табыстармен есте қалды. Біз халықаралық QS рейтингтік агенттігінің қорытындысы
бойынша әлемнің 800 жетекші университеті арасында 299-орынды иеленіп, ең үздік топ-300 жоғары оқу орны қатарына ендік. БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы бойынша ғаламдық хабы ҚазҰУ-да ашылып, басқару тапсырылды. Бұл – абыройлы халықаралық ұйымның жоғары дәрежелі сенімінің дәлелі. ҚазҰУ-дың UNAI хабын басқарудағы қызметі елбасы идеясын іске асыруға, Алматы қаласының көпжақты дипломатиялық аймақтық орталыққа айналуына, әлемдік процестегі жаһандық мәселелерді шешу ісінде Қазақстанның рөлі мен беделінің өсуіне өз септігін тигізері даусыз. Сондай-ақ ҚазҰУ ғалымдарының жоғары импакт-факторлы журналдағы жарияланымдары жыл сайын артып келеді. Университет халықаралық әріптестікті кеңейтіп, академиялық ұтқырлықты, әлеуметтік серіктестікті дамытуда. 80 жылдық мерейлі мерекеге бастаған Жылқы жылы да әсемдігімен, алғырлығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Ендеше бұл жылда алар асуларымыз бен ел игілігі үшін жасалар еңбегіміз көп болғай!
Құрметті әріптестер мен студенттер!
Бірлік пен береке, достық пен татулық мерекесі құтты болсын! Әз-Наурыз елімізге тыныштық, жерімізге құт әкелгей! Университетіміздің әр қызметкері, әр студентінің отбасына амандық, ауызбіршілік, бақ-береке, дастарқандарыңызға молшылық тілеймін! Алда жоспарланған мерейтойлық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, ҚазҰУ беделін асқақтата береміз деп сенемін!
ҚазҰУ баспасөз қызметі