31 қаңтарда Сүлеймен Демирел атындағы университетте алты алаштың ардақ тұтар арысы, асқақ ақын, қайраткер тұлға Мағжан Жұмабаевтың туылғанына 120 жыл толуына орай Сүлеймен Демирел университеті және халықаралық «Мағжан» әдеби-шығармашылық, өнер бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тек «ел» деген сөз үшін!» атты талантты жастардың республикалық байқауының қорытынды жабылу салтанаты өтті. Аталмыш байқау 2013 жылдың қазан айында басталып, желтоқсан айында жұмыстарды қабылдауды тоқтатқан болатын. Байқауға еліміздің барлық ЖОО студенттері қатысты. Бұл байқау шығармашылықтың жан-жақты салаларын біріктіруімен ерекшеленеді.
Сайыс қысқа көлемді бейнебаян (М. Жұмабаев немесе барша Алаш зиялыларының қызметі мен өміріне, соңына қалдырған мұрасына байланысты), көркем сөз (эссе, әңгіме, т.б.), көсемсөз (публицистикалық мақала), поэзиялық шығарма, яғни жас ақындар мүшәйрасы сынды төрт бағытта өткен болатын. Қорытынды кеште жыл бойында келіп түскен 200-дей шығарманың ішінен іріктелген 20 сайыскерге жүлделі сыйлықтар тапсырылды.
Жеңімпаздарға белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалым-жазушылар тағайындаған: «Әлихан Бөкейхан», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Міржақып Дулатұлы», «Сәкен Сейфуллин», «Мағжан Жұмабай», «Шәкәрім Құдайбердіұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Жүсіпбек Аймауытов», «Тұрағұл Абайұлы», «Мұхтар Әуезов», сонымен бірге Алаш арыстарының заңды жалғасындай болған тұлғалар «Бауыржан Момышұлы», «Асқар Сүлейменов», «Марат Барманқұлов» атындағы номинациялар табысталды. Тыңннан түрен шыққан үздіктер дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бұл байқауда бақ сынаған журналистика факультеті, баспа ісі және дизайн кафедрасының 3 курс студенттері Досжан Балабекұлы, Айсұлу Тәжібаева, Алтын Құдайбергенова,Аяулым Салықжанова (топ жетекшісі Роза Әбдиева) жарыста жүлделі екінші орынға ие болды. Олар сайысқа бейнебаян номинациясы бойынша телесюжет жасаған болатын.
Шара аясында Алаш зиялылары туралы пікірталас өткізіліп, Мағжан Жұмабай тағдырына қатысты деректі фильм көрсетілді. Жүлдегерлердің бейнетаспалары мен туындылары оқылды.
Табиғат Төлегентегі