Уақыт және Қаламгер. Марапат пен мадақ сөзінен гөрі фәлсафалық оңаша ойларға жетелейтін, бірі шексіздікті, бірі-өлшеулі ғұмырды бейнелейтін осынау ұғымдарға бүгінгі биігімізден көз тастасам, қазақ журналистикасының қазіргі аға буыны самайын өткен ғасырдың орта тұсынан бастау алған «қырғи-қабақ соғыстың» қиян-кескі шайқастарында ағартқанын бажайлаймын. Иә, 32-нің қанды қасабын жасап, халқын қынадай қырған «Отанын» кеудесін оққа төсеп қорғау үшін Екінші дүниежүзілік соғысқа кіріп, бір кісідей атқа қонған әкелері сияқты, бұлар да ақиқат пен аярлық, ғаделет пен жалғандық шарпысқан коммунистік идеологияның мылтықсыз майданына «өздері сұранып», еріктерімен аттанбады ма? Улы жебелерін ұлттық рухқа аямай жаудыратын советтік журналистика сарбазы болуды армандаған талай жәудіркөз таңғы асын «Правда» газетін ашудан бастайтын бұларға қызыға да, қызғана да қараған болар. Ал, қазіргі ұлтжанды жастарға ата жауыңды ет жақын ағайыннан бетер қадірлеуге, оның тілі мен ділін құрандай қастерлеуге үндегеннен Арқаның кең даласында ақтылы қой өргізген артық көрінер де, бәлкім…
Сөйтіп, журналист қаламын ұстаған, кемелденген социализмнің бел балалары кеңестік насихаттық мәшиненің титімдей тетігіне айналып шыға келетін…
Бұл буын идеялар тайталасының күркірі бір тынбайтын алғы шепте әлі де. Жә, бұл жөнінде қозғалар сөз кейін.
Кеңестік қоғамдық ой тарихында алпысыншы жылдардың алар орыны ерекше. Бұл кезең «жылымық» деген атпен белгілі. Сталиндік зұлматқа саяси баға беріліп, ел есін жинай бастаған тұс бұл. Мұның жаңғырығы жетпісінші жылдардың орта тұсына дейін жетті де. Ой еркіндігінің қауіпті екендігін тым жақсы білетін мекемелер жоғары оқу орындарында басқаны былай қойғанда коммунизм классиктері Карл Маркс пен Фридрих Энгельс туындыларының барлығын бірдей көпшілік назарына ұсынған жоқ. Олардың капиталистік қоғамның жаңа заманға бейімделе алатынын дәлелдеген еңбектері, сондай-ақ ресей империясы тарихына қатысты зерттеулері жасырын ұсталып, компартия Ахаң мен Жақаңның, Шәкәрім мен Мағжанның, Жүсіпбектің негізгі шығармаларын жариялауға рұқсат еткен сексенінші жылдардың соңында ғана мамандандырылған журналдарда басылып шықты.
Ал, дамыған социализмнің жас қаламгерлері «молда мен байларды қамшымен қойдай қууға», білімді алаш азаматтарын «ұлтшыл-фашист» деп мансұқтауға үйрететін пролетар ақын-жазушылар Сәкен мен Сәбиттің «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» шығармаларынан үлгі алуға тиіс болды. Несін айтайық, үлгі алды да. Интернационализм мен халықтар достығын жарыса жырлағандардың кеуделері бүгінде есі кірмеген сәбидің өзі тағуға қымсынатын сөлкебайларға толды.
Бір қызығы, сол «адал лениншіл» ақын-жазушы, қоғамтанушы ғалымдардың барлығы қазір жадынан жаңылып, шетінен ұлтшыл, иманды пірәдар болып шыға келді емес пе? «Әй, мұның не, бәтшағар!», деп қатқыл дауыс көтерілмегеннен кейін «екі жеп биге шыққандарына» мәз болатын шығар мұндарлар. Дегенмен, тарихтың әділ үкімі айтылар сәт те алыс емес сияқты көрінеді маған.
Өткенге тым қатал көзқарас білдіргеннің «большевиктік турашылдықтан» несі артық деген де ой келеді. Алайда, Ахаң мен Жақаңды, Әлихан мен Мұстафаны ағаш атқа теріс мінгізген әдебиетшілер мен тарихшылардың, Желтоқсанның жылтыр көк мұзына адамшылық алауын жаққан қаршадай бауырларымызды саяси тапсырыс бойынша күстаналаған жазушы-журналистердің, соңынан ел ереді–ау деген азаматтардың аузын аңдып, сол еңбегі арқылы лауазымға ие болған «қырағы» жандардың жөні бір бөлек. Олар ең алдымен Ар алдында жауап беруге тиіс. Бұл-Уақыттың ісі.
Енді Қаламгер туралы. Иә, Қаламгер дидарына осыншама ұзақ шегініс жасап барып үңіліп отырғанымыздың да өзіндік сыры бар. Меніңше, өзіміз куә болған сонау алпысыншы-тоқсаныншы жылдардағы кеңестік кезең журналистері ішінде «коммунизмдегі солшылдықтың балалық ауруымен» ауыра қоймаған екі адам болса-соның-бірі, ал жалғыз болса-тап соның өзі дерлік жазушы-журналист бар арамызда. Ол-белгілі қаламгер, ғалым-ұстаз Абдул-Хамид Мархабаев!
Сөзім айғақты болу үшін дерек пен дәйекке жүгінейін. 1938 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы Көкарал аралының Ауан ауылдық мекенінде дүниеге келген Хамаң 1956 жылы Арал қалалық №13 қазақ орта мектебін ойдағыдай бітіріп, қалалық сегізжылдық мектепте пионерлердің аға жетекшісі болып үш жыл үздіксіз жұмыс істеген. Мархабаевтың идеологтық стажы да – осы үш жыл!
Ал, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде журналистика бөлімшесін бітіріп шығып, «журналист» мамандығының дипломын иеленгеннен кейінгі жұмыс орны-ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, Бас редакторы. «Білім және еңбек»-жастар басылымы, ол жалаң идеологиялық емес, танымдық бағыт ұстанады.
Сол алпысыншы-жетпісінші жылдары қоғамдық ойға белгілі бір шеңберде ғана қозғау салуға жастар басылымдарына «жоғарыдан» үнсіз келісім берілген-ді. Бұл басылымдардың таралымы көп болатын, «лимитпен» үлестірілгендіктен қолы жеткен «сенімді адамдар» ғана оқи алғандығын көзі қарақты жұрт ұмыта қоймаған да болар. Қазақстанның жастар басылымдары ұлттық, қоғамдық сана мәселелерін көтеруге тырысты. Солардың ішінде «Білім және еңбек» журналы бір бөлек те, қалғандары бір бөлек-тін. Қоғамдық-саяси ой тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың ортақ пікірі осыған саяды.
Ғылыми журналистиканың талай дүлдүлі қалам ұштаған «Білім және еңбектің» беделі ел ішінде орасан болатын. Жетпісінші жылдар. Еңбегі жанған азаматтардың бетіне қан жүгіріп, шыр біткен шақ. Еті тірілері ат арбадан жеңіл көлікке ауыса бастаған. Алыстан келген сыйлы мейманға семіз тоқтыны алып ұру екінің бірінің қолынан келуге айналған. Мұрты жылтыраған ағайын ол кезде қолының майын газет-журналға сүртетін-ді. (Елге бармағалы көп болғандықтан, қазіргі жұрттың қонақжайлылығы туралы бірдеңе айтудан тартынып отырғанымды түсінетін шығарсыз). Зәуқайым сапарға шыққан шақтары мейман күткен үйлерде қол сүртіп жатып көз жүгірткен басылымдардың ішінен «Білім және еңбекті» кездестірмедім. Ауыл белсендісін былай қойғанда, қарапайым шопан, трәктірші үйінің төргі бөлмесінің терезе жақ бұрышында тігулі жатар еді қайран «Білім және еңбек».
Менің қатарластарым «Білім және еңбекті» оқи жүріп ержетті. Солардың бірі-әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры, белгілі ғалым Мақтағали Бектемісов екенін өз аузынан естіп, соны оқырманға жеткізуге асығып отырмын.
«Білім және еңбек» коммунистік идеологиядан барынша аулақ болуға тырысты.
Ресейлік социализм мұқият ойластырылған жымысқы насихаттың арқасында «кемеліне» келгені бүгінде әмбеге аян. Дегенмен, көзіқарақты кісілердің өзі коммунистік идеологияны жалаң ұран, жадағай үгітке балайтынын жасырып қайтеміз. Рас, кеңестік насихат идеологемалары ұғынуға жеңіл, жедел қорытылатын, империяның әлеуметтік-экономикалық тұғырын бекітуге тиісті алыпқашпа ұрандардан, аңыздар мен мифтерден тұрды емес пе. «Солқылдата соғылсын бесжылдықтың балғасы!». Немесе, «Мойнымда қызыл галстук, мектепке қарай жүгірдім»… Тақылдаған тақпақ, жеңіл жатталады, жеті жасар сәбидің болсын, жетпістегі кәрияның болсын жадына жер бауырлап жата қалады. «Ұлы бауырға мың алғыс!»… «Ұланымыз Лениннің!»… Мұның бәрі «мәңгілік бауырды», «күн көсемді», «советтік менің өз елімді» әспеттеуге бағытталған. Қазір бәрі де көрген түс сияқты.
Сіз «Білім және еңбектің» сарғайған беттерін парақтап отырып, мұндай жалаң насихатты кезіктіре алмайсыз. Бұл, бәлкім, журналға ұзақ жыл Бас редактор болған Мархабаевтың да позициясы болар. Бұлай дейтінім, журналистік жұмыс пен ғалымдық, ұстаздық қызметтің терезесін тең ұстап, қатар алып жүрген Хамаңның 1971 жылы филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін қорғаған диссертациясы «Қазақ әдебиетіндегі фантастиканың даму және қалыптасуы» мәселесіне арналса, докторлық диссертациясының тақырыбы-«Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» деп аталады. Ал, фантастика саясаттан жырақта ғой, жырақта.
Энциклопедиялық анықтамалықтарға жүгінсек, «Абдул–Хамид Мархабаев-қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш және жалғыз ғалым. Қазақ ғылыми және әлеуметтік фантастика жанрының іргетасын алғашқы қалаушылардың бірі әрі көркем фантастикалық кітаптардың авторы». Бұл тұжырым академик Серік Қирабаевтың «…Оның бойында екінің бірінде ұшыраса қоймайтын тағы бір қасиет бар. Ол-қазақ әдебиетінің тарихында қиялгер-жазушылығы өз алдына, сонымен қатар тұғыш ғалым-фантастикатанушы деп білемін…» деген жүрекжарды пікірімен қабысып жатыр. Ал, қылышынан қан тамған кеңес заманының өзінде фантастика теориясы марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерінен, партия құжаттарынан қозы көш қиыс қонатын.
Қаламгердің « Ғарыштағы қымыз» атты тұңғыш жинағынан бастап, «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт!», «Аспанға құлады да кетті», «Жарылқаушы…», «Тосын ғарышхат», «Шортан планетасы, сен кінәлісің!», «Қызық қиял» сияқты ондаған көркем шығармалары жеке кітап болып шыққан. Жеке туындылары «Қызыл сәуле», «Байқоңыр шоқ жұлдызы», «Оттас», «Жерұйыққа саяхат» және басқа бірқатар жинақтарға енген. Фантастика жанрының табиғаты мен теориялық ерекшеліктерін айқындайтын фантастикатану хақында «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және…», «Қазақ фантастикалық әдебиеті. Жылнамалау, қарастыру, топтастыру, даралау, қисындау, дәйектеу», «Қазақ фантастикасының поэтикасы» атты монографиялары, «Ислам-Ғылым-Журналистика» оқулығы жарық көрген. Байқап отырғандарыңыздай, бұл туындылардың ешқайсысынан идеологияның иісі де сезілмейді.
Ресей ғалымдары Абдул-Хамид Мархабаевты әлемге мәшһүр Айзек Азимов және Айронфист Свенель, Сергей Абрамов, Агоп Мелконян, Адам Цицервич сияқты фантаст-жазушылармен қатар қояды, және бір қызығы, ресейлік фантаст санайды.
Абдул-Хамид Мархабаев-әдеби процес арнасын кеңейткен көркем ағымның бастауында тұрған Қаламгер. Бүгінгі санаткер қауым әдеби процесті ілгері жылжыған қоғам ұсынысы мен сұранысын қалыпқа салып отыратын, замана талабына сай туындыларды өмірге әкелетін көркем құбылыс ретінде сипаттайды ғой. Енді осы осы процесті саралап, сараптайтын сыншы ағайынға келсек, сырыққа құрық жалғаған субьективті сарыннан аса алмай ма, әлде бәлкім, пендешілік жетегінде кете ме, қайдам, қалам қайраткерлерінің шығармашыл ғұмырбаяндарын осынау обьективті процестен жырақтау қарастыруға тырысатынын байқауға болады. Тіпті, осы «процесс» ұғымын соңғы кезде тілдік қорымызға қосылған «үдеріс» атаусөзімен ауыстырсақ та, ахуал өзгермейді. Ал, ақиқатында, фантастика тұрғысында тілімізге тиек болып отырған осынау «үдерістің» субьективтік сипаты дау туғызбайды. Бұл «киізді» «білектен» бөлумен барабар дүние. Меніңше, мұндай сәйкессіздік фантастиканың қиялға қанат бітіретін, оқуға жеңіл әдеби жанр болғаныменен, көлденең кісі аттың жалы, атанның қомында жөпелдеме пікір айтып, түйін түйе қоятын «оңай олжа» еместігінен де белең беретін шығар. Сондай-ақ келешек болмысты көркем бейнелеу құралы ретінде фантастика ғылыми көріпкелдікпен де біте қайнасып жатқандықтан, сыншы қауым алыстан орағытып, тайсақтауы да мүмкін-ау, деген ой келеді.
Ұстаз бен Шәкірт. Стилист-жазушы, белгілі ғалым Кәкен Қамзин өз ұстазы жайлы былай деп жазады: «Ғылым мен шығармашылық тізгінін қатар ұстаған санаткер тұлғасын жекебастық емес, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени контексте қарастырсақ, Әбекең – аса шырайлы да шұрайлы жан. Көзіміз көріп жүр, ол осы күнге шейін ең алдымен қазақ ұлтының шекесін қыздыру үшін жанын салуда… Әрдайым «У ішсең – руыңмен» емес, «У ішсең – ұлтыңмен» принципін ұстанады. Сондай кең де салауатты пайымын сезгеннен соң, аңғарғаннан кейін ұстаз қасынан Торғайдың да, Өскеменнің де, Оралдың да, Шымкеттің де жігіттері екі елі қалмайтын». Кәкең «мен де біраз уақыт, дәлірек айтқанда, бұдан бір ғасыр бұрын – 1968 жылдың қазан айынан бастап… айы-күні жеткен келіншектей қарны жер сызған қоңыр портфелін көтеріп бірқанша жүргенімнің өзі өмірлік өнеге емес пе…» деп жастық шағын сағына еске алып өтеді. Бұл сезім жазушы Қамзиннің ғана көкейінде бұғып жатпаған болар.
Себебі, Хамаң идеологиядан қаншалық алыс болса, мен білетін жетпісінші жылдардағы өз шәкірттеріне соншалық жақын -тын.
Қайран Ғафаңның, Ғафу Қайырбековтің тілімен айтқанда, айшылық алыс Алтайдан Атырауға жедел жеткізе қоятын «өгіз ұшақтар» көзден бұл-бұл ұшқан соң бүгінде ауыл-аймақтан шығандап шығу қиындап қалды ғой.. Дегенмен, пәнәйі себептермен бірде Тараз, бірде Астана және тағысын тағыларға дәм айдап, жол түскенде, самайы бурыл тартқан бұрынғы бозбалалар жеңіңнен тартып, «Ағайға «берекесізден», «шалдың баласынан» дұғай да дұғай сәлем» деп, қоғадай жапырылып жатады. Мұның «берекесізі»-халық ақыны, астаналық Қонысбай Әбіл, ал «шалдың баласы»-әрі ақын, әрі жырау тараздық Болат Жаппаров. Сондай-ақ қостанайлық қос қыран–Жәміш пен Жанұзақ.
Алпысыншы жылдарғы «жылымық» өкілдері ұстанған азаматтық көзқарас кейінгі онжылдықтардың жас буынына осы Хамаңдар арқылы сіңірілді. Сол кездің жас журналистері Мархабаевқа еліктейтін. Бұл пошымға да, мазмұнға да қатысты. Егер бүгінгі қазақ сыны Жүніс Сахиев сынды фантаст-жазушының шығармашылығына үңілер болса, төркінін Хамаңнан іздеуі керек дер едім.
Абдул-Хамид Мархабаев-Өткен мен Бүгінді, Келешекті жалғайтын үш өлшемді кеңістік өкілі. Оның қалың көпшіліктен өзгешелігі де, артықшылығы да – осында!