Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

«Әке көрген- оқ жонар »

jurfak Желтоқсан 20, 2013 0
«Әке көрген- оқ жонар »

 

Кейде күнделікті күйбең тірлікпен жүріп қатарыңда жаны сұлу, ойы озық, парасатты адамдардың бар екенін аңдамай-ақ күндер өтіп кетеді. Алайда, сол құмырсқа тірліктен бір сәт қол үзіп, адамшылық тұғырынан қарар сәттердің жиі болғаны жақсы-ау. Сондайда жақсы адамдардың жанында жүргеніңе өзіңді бақытты сезінерің хақ. Сонымен кейіпкеріміз тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰУ-де көп жылдар кафедра меңгерушісі болған, ҚР саясаттану ғылымдар Академиясының, Ресей телевизия Академиясының, Қазақстан журналистер Академиясының академигі. ТМД ЖОО-ның Құрметті профессоры, Қазақстан журналистер Академиясының профессоры, Қазақстан журналистер Академиясының президені – Сағымбай Қозыбаев.

 

Сәкең бойындағы асыл қасиеттердің бәрі «әке көрген – оқ жонар» дегендей, Қостанай облысының Меңдіқара ауданында колхоз төрағасы брлып қызмет жасаған, қаржы жинап, майдан шебіне арнайы ұшақ жіберген әкесі Қабаштан дарығандығы ақиқат. Соғыстағы ел қорғаушыларға көмек жасаған игі бастаманың патриоттық әсері күшті болғандығы сондай, кезінде Кеңес мемлекетінің Бас қолбасшысы Иосиф Сталиннің жеке өзі Қабаш Қозыбаев атына ризашылық сезімін білдірген жедел хат жолдаған. Міне, осындай текті әкенің ұлдары да халқына қалаулы, еліне елулі азаматтар болып өсті. Оразалы Кеңес үкіметінің ең жоғарғы атағы – Социалистік Еңбек Ері атанды. Манаш  – екінші дүниежүзілік соғыста жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасыннан құйылғанын алғаш дәлелдеген ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік және Президенттің бейбітшілік және татулық сыйлықтарының иегері. Сағымбай Қабашұлының қол жеткен жетістіктері жайлы атап өттік. Ал, қарындастары Әлия Қабашқызы болса кезінде партия, кеңес ұйымдарында белсенді қызмет атқарған, қазірде қадірменді ана.

 

С.Қ.Қозыбаевты қазақ, орыс журналистикасы әлемінде танымайтын, білмейтін, қадірлемейтін адам әсте жоқ шығар деп ойлаймын. Ал, адам – биік атаудың салмақты жүгіне дақ түсірмей алып өту деген тамаша қасиеттерден құралатын ардақты аманат. Сәкеңнің бойындағы сол қасиеттерді саралап, даралап таратып қарайтын болсақ:

 

Еңбекқорлығы, қоғаммен байланысы. Қазақстан Республикасы саясаттану ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың еңбекқорлығын, жазған сызғандарын көрмеген жұрттың өзі осы атақтарынан-ақ біле қояр анық. Қазақ журналистикасының, радиосының тарихын өз алдына зерттеп, сонымен бірге алғашқы қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші Қайыржан Бекхожин ағамыздың еңбегін жаңалап, қайта жарыққа шығарды. Сонымен қатар студенттердің, ізденушілердің, зерттеушілердің еңбектеріне қомақты үлес қосып, жол көрсететін еңбектерінің өзі бір төбе. Мысалы, «Справочник журналиста Казахстана», «Аудитория – весь Казахстан», «Моя «Лесмена», «Ядовитые стрелы», «Масс – медиа: словарь-справочник» сияқты еңбектері оқырман сұранысынан түсіп көрген емес. Журналистік қызығушылық, адами өміршеңдік, заманға ынтызарлық, жақсыға құмарлық сияқты қасиеттерінің нәтижесінен туған эсселері – «Лики времени» жинағы соның тамаша көрінісі. Ал, ғылыми және публицистикалық мақалалары үлкен бір зерттеуге өзек болары анық.

 

Сәкеңнің қоғаммен байланыста атқарып жүрген қызметтерінің өзі бір белес. Республика аумағында болсын, ТМД мемлекеттірінің журналистика әлемінде болсын болып жатқан оқиға, конференция, форум атаулының бәрінің ортасында жүретіндігіне  қарай PR-дың жанды бейнесі дерсің. Халықпен біте қайнасып, әрине, мүмкіндігі келгенше (адам да ет пен сүйектен жаратылған ғой) атсалысып, қоғамымыздың өркендеуіне, еліміздің елдігін дәріптеуге, ұлтымыздың рухын өсіруге үлес қосып жүретіндігін «өсер елдің баласы» ретінде мақтаныш етуіміз керек.

 

Кең пейілділігі. Ол ешқашан өзі жеткен биігіне басқалар жетпесін деп ойламайды. Керісінше, ұмтыл, еңбектен, жаз, атқар деген ұсыныстарын әрдайым ұсынады. Өзі тынымсыздықпен әрекет ететін болғандықтан да, айналасындағылардан да соны талап етеді. Сәкеңнің әл –Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінде декандық қызметте жүргенінде  де кең пейілінің арқасында талайларға шапағаты тиген. Солардың бірі – менмін.

 

Ол кезде мен факультеттің баспасөз кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Бір күні Сәкең: – Кларажан, осы кабинетте отырғаныңа да 10-15 жылдың шамасы болып қалды-ау деймін? Жазып жүресің, мақалаларыңды оқып жүремін. Неге мұғалімдікке құжат тапсырмайсың? Мәкеңнің кафедрасында (Мәкең – профессор, филология ғылымдарының докторы, тамаша журналист, публицицст, ең жоғарғы лауазымы – атпал азамат, Марат Кәрібайұлы Барманқұлов. М.Барманқұловтың ғалымдығы, ораторлығы, жазушылығы демократияшылдығы т.б. толып жатқан ерекшеліктерін ұрпаққа таныту келешекке міндет болмақ) орын бар, тездетіп соған қағаздар жина, – дегені. Толқығаннан аузыма  сөзүспей, бас изей беріппін.

 

–          Мәкеңе қосымша тағы айтамын. Тек, «қазақбай жайбасарлыққа» салынбай тездету керек, – деді.

 

Қуанышымды алып-ұшып алдымен отбасына айтып, іле-шала толып жатқан құжаттар дайындауға кірістім. Марат аға да қарсы ештеңе айтпады, қайта: – Клара, давно пора! Пожалуйста, вступайте! – деді. Қандай асыл азамат еді десеңізші! Сонымен көптеген құжат-қағаздарды, жарияланған материалдарымды алып, бірталай инстанциялардан өттім. Елдің бәрінің қорқытатындары ғылым жөніндегі проректор Қалиолла Халиков болды. Осы уақытқа дейін талайлар сол кісінің қатаң талабынан өте алмай қайтады екен. «Шешінген судан тайынбас»  дегендей  проректордың қабылдауына жазылып қойғанмын. Сәт жақындаған сайын қобалжып, дәтім барар емес кіруге. Ол кездері аға оқытушылық қызметке бірден өту сенсация сияқты болатын. Әйтеуір, әзер дегенде жүректі басып, өз-өзімді билеп «қаталдықпен» аты шыққан проректордың кабинетіне де кірдім – ау. Түсі сұсты, қабағы қатулы аққұба келген кісі екен. Қабағын көтеріп қарамады да, үндемей тұрмын.

 

–       Ия, сөйлеңіз, – деді орысшалап сол күйінде. Мұғалімдік жұмысқа өткім келетіндігін, ұзақ жылдар кабинет меңгерушісі болғанымды, студенттермен жұмыс істей алатындығымды баяндаған болуым керек, әйтеуір, бірдеңелерді айттым. «Оқытушы болуға еңбек сіңірдім-ау деймін» деп аяқтағаным есімде.

 

–       Рас, еңбек сіңіріпсіз, – деді мақалаларымды қарап болған соң. Өтініштің бұрышына әдемілеп қолын қойды. Мінезім жеңілдеу болғанында бас салып, бетінен сүйер едім. «Адамдарды бағалай білетін қандай тамаша адам! Тек осындай азаматтардың арқасында ғана ғалам шайқалып кетпей тұр-ау!» деген оймен рахметімді айтып, кабинеттен шықтым. Осы күнге дейін ол кісінің парасатын айтып жүремін.

 

Сонымен, қуанышым қойныма симай, алып-ұшып Сәкеңнің кабинетіне жеттім. Ол кісі де құттықтап, қуанып қалды. Өн бойымдағы бар білімімді берер, тәжірибемді айтар, жазар, үйретер сәттерімнің өтіп бара жатқанына өкініп қана жүрген кездерімде осындай адамдардың көмегінің арқасында алдымнан ақ жол ашылып, қазір осы туған факультетімде еңбек етіп жатқаныма өзімді бақыттымын деп есептеймін.

 

Әр кез көмек көрестуге әзірлігі. Сәкеңнің қол ұшын беріп, көмек көрсетпеген адамы журналистика саласында, некен-саяқ сияқты. Ғылыммен шұғылданушы студенттерге, магистранттраға, аспиранттарға, стажерлерге, диссертанттарға алтындай қымбат ақылын аямай, уақытын бөліп, түсіндіріп, ұқтырып, қажет жерде жазып та беретіні бар. Ғылымның шырғалаң, бұралаң сүрлеуінде адасып жүргендердің талайына жол сілтеп, жөн айтып отырады. Соның бірі өзім екенімді жасыра алмаймын. Қыры да көп, сыры да көп, жыры да көп, нұры да көп ғылым атты асудың алдынан қарсы алар, жылы қабақ танытар осындай жандардың болғанының өзін мақтаныш еткеніміз жөн.

 

Еңбекті бағалаушылық қасиеті. Журналистика әлемінің жылт еткен жаңалығына, айтылып, жазылып жатқан құнды ой-пікірлеріне, айналасындағы адамдардың атқарып жүрген ірілі – уақыты істеріне Сәкең бей-жай қарайтын адам емес. Соның әрқайсысын ой таразысына салып, өлшеп-пішіп, ретіне қарай бағалау, құндысын іріктеу сияқты ерекшелік те екінің бірінің қолынан келе бермейді. өмірден өткен публицист, журналист, жазушы Балғабек Қыдырбекұлының отбасына Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын самұрық» сыйлығын тарту еткені сондай бағамдарының бір көрінісі ғана. Қоғамға, халқына сіңірген жазушының еңбегін бағалай білу, ұрпағына қастерлеп жеткізу де көргендік, ұлылық. Сәкең қазақ журналистикасының даму, өркендеу бағыттарын үнемі назарда ұстап, соны ойларын айтып жүреді. Соңғы кездері БАҚ – беттерінде жарияланған сұқбаттарындағы пікірлері өз құндылығын жоймасы анық: «Мемлекет үшін ұлттық журналистика бірінші қатарда тұруы керек», «Басында Смағұл Садуақасов бас редактор болған «Еңбекші қазақ» газеті айтыс, пікірталас алаңына айналып қана қоймай, түрлі фракциялардың сойлын соғатын материалдар да беріп тұрған. Газеттің шығуына Садуақасов қол қояды, ал онда «Долой Садуақасов!» деген мақала жарық көреді. Міне, қандай керемет оқиғалар болған! Мұның негізінде әділдік жатыр», «Кейбір басылымдар құрғақ сенсация іздеп, түймедейді түйедей етіп көрсетіп, өсек пен төсектен шыға алмай жүр» деген т.б. жауаптары нағыз демократияшыл, нағыз жаңашыл пікірлер.

 

Сәкеңнің қалжыңбас, әзілқойлығы, қонақжайлылығы, мәдениеті, этикасы, дәріс беру мәнері, жазудағы машығы, т.б. толып жатқан тамаша ерекшеліктері жайлы да толғау-толғау әңгіме айту алдағы уақыт еншісінде.

Клара Қабылғазина, филол,ғ.к., доцент, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field