Ел экономикасының ертеңі «дүниеге кірпіш боп қаланатын» бүгінгі жас ұрпаққа тікелей байланысты. Ұлы ақын Сұлтанмахмұт айтқандай, «алдында толған мақсат, толған таңдау» тұрған балауса қыз-жігіттің өмірлік кәсіп пен мамандықты тап басып таңдай алуы үшін жоғары оқу орындары мен колледждер есіктерін айқара ашып, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, бар жақсысын жайып салуда. Ғалымдардың атап көрсетуінше, мамандық таңдау-өте жауапкершілікті әрі маңызды шаруа. Мұнда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуге, сондай- ақ өз мамандығының 10-20 жылға дейін сұранысын жоғалтпауына көңіл бөлуге тиіс. Бүгінде «қатардан қалмаған» мамандықтарға дәрігер, мұғалім және құрылысшы мамандықтарын жатқызуға болады. Ал, өзекті кәсіптер қатарына жоғары технология, байланыс, коммуникация, әлеуметтік орта, экономиканы басқару және еңбек сұранысына қажетті жаңа мамандықтар кіреді. Қоғам дамуы кәсіп иелерінен жоғары біліктілікті, коммуникативтік қабілетті, еңбек етуге деген сүйіспеншілікті, қызығушылықты, білім арттыруға даярлықты талап етеді.
Қоғаммен байланыс немесе «пиаршы» мамандығы замана сұранысы өмірге әкелген жаңа кәсіптер санатында. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті осы мамандық бойынша кадр даярлауға араға жылдар салып кіріскен еді, енді бүгін болашақ «пиаршылардың» алғашқы легі білім ордасы қабырғасынан түлеп ұшқалы отыр. Ал, олардың орнын басатын жаңа толқынның мамандықтың қыры мен сырын ұғынуға деген ықыласын елеп-ескерген факультет пен ЮНЕСКО, қоғаммен байланыс және халықаралық журналистика кафедрасының басшылығы Алматы қаласының және Алматы облысының жапсарлас аудандары орта мектептерінің жоғары сынып оқушылары үшін жуырда арнайы «ашық есік» күнін ұйымдастырды. Біз жолығысып, әңгімелескен Алматыдағы №157 мектеп шәкірттері Айда Шәкірбек, Нұрбек Саматов, Мейірхан Қалиев қоғаммен байланыс мамандығы туралы тереңірек білуге деген ынта-ықыластарын жасырмады. Ал, №173 мектептен келген Айғаным Әбдіжаппар «мен болашақта мемлекеттік қызметкер болғым келеді, ал қоғаммен байланыс мамандығы-осы қызметке бастайтын баспалдақ» деп атап өтті.
Кәсіби бағдар жұмысының тыңғылықты жүргізіліп жатқанын әлеуметтік маңызы мол осынау шараға мектеп оқушыларымен қатар олардың ата-аналарының да қатысқанынан айқын көруге болады.
Өз тілшіміз