Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде ЕЫҚҰ Астана қаласындағы Бас өкілдігінің төрайымы, Елші Н. Зарудна және арнайы өкілі Т.Ижевскаямен кездесу өтті.
Кездесу барысында журналистика факультеті деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Қ.Мысаева Астана қаласындағы ЕЫҚҰ Орталығымен ҚазҰУ арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстың ерекше екенін атап өтті. 2012 жылы журналистика факультетінде ЮНЕСКО және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығымен бірлесе ұйымдастырып, өткізген «Журналистика және журналистік білім беру: идея, тұжырымдама, жаңа технологиялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қаржылық қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Бұл конференцияға 11 өңірлік жоғары оқу орындарының қазақ тілді оқытушылары және республикалық тәжірибелі мамандар қатысып, инновациялық әдістерді журналистік білім беруде қолдану жолдары туралы жан-жақты ақпарат алғанын атап өтті. Сонымен қатар, осы конференцияның аясында ЕЫҚҰ-ның қолдауымен жаңа медиа саласына қатысты блоггер А.Еркімбайдың «Жаңа медиа: монологтан диалогқа» және тәжірибелі оқытушылардың еңбектері негізінде құрастырылған: «Қазіргі кездегі журналистік білім беру; инновациялар, жаңа технологиялар» атты оқу құралдарының оқытушылар, жас ғалымдар және студенттер үшін құнды еңбек деп бағалады.
Өз кезегінде сөз алған ЕЫҚҰ-ның Астана қаласындағы Бас өкілдігінің төрайымы, Елші Н. Зарудна ҚазҰУ-мен әріптестікті жоғары бағалайтынын айта келіп, болашақта журналистика факультеті студенттерімен кездесулерге келуге, дәрістер оқуға дайын екенін айтты. ЕЫҚҰ-ның арнайы өкілі Т.Ижевская студенттерді батыл жазуға шақырумен қатар, ақпараттың шынайы болуына аса мән беру қажет екенін ескертіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесудің жас журналистер үшін тәжірибелік маңызы зор болды.