АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде ең үздік 20 студент Оңтүстік Кореяның Дж.Пак атындағы халықаралық ПОСКО (POSCO) қорының арнайы шәкіртақысымен марапатталды.
ПОСКО бүкіл әлемге әйгілі ен үлкен болат шығаратын компания болып саналады. 2006 жылы ол «Азияның үздік студенттеріне арналған шәкіртақы» бағдарламасын жүргізді. Осы уақыттан бастап ПОСКО халықаралық қоры Азияның 10 мемлекетінің 12 университетіндегі үздік студенттерге шәкіртақы тағайындап келеді. Бұл тізімде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ да бар.
ПОСКО халықаралық қорының вице-президенті Ли Ву Ин «Шәкіртақы алған студенттер – Азияның болашақ көшбасшылары. Біз білімге талпынған студенттерді әрдайым қолдап отырамыз, біздің шәкіртақыны иеленген студенттеріміз ҚазҰУ-ды бітіріп, жоғары деңгейдегі мамандар болатынына әрі елдің дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенеміз», – деді.
ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары жыл сайын Оңтүстік Кореяның оқу орындарында академиялық алмасу бойынша білім алуда және тәжірибеден өтуде, әрі бірлесе ғылыми жобалар жүргізеді. Кореяның профессорлары мен студенттері ҚазҰУ-да білім алып, дәріс оқиды.
ҚазҰУ бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев кездесуде «Біздің университет Оңтүстік Кореяның білім орындарымен тығыз байланыста. Қазір Сеул халықаралық университетімен ҚазҰУ ортақ медицина-биологиялық кластер ашылуына қатысты жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде медициналық ғылыми-зерттеу орталығы және Алматы қаласының студенттері мен ұстаздарына арналған емхана ашылады. Екі елдің ғалымдары мен студенттері бірігіп биомедицина мен биотехнология саласында ғылыми зерттеулер жүргізеді», – деп атап өтті.
Шәкіртақы алушылардың атынан шығыстану факультетінің екінші курс студенті Әсел Төленді ПОСКО өкілдеріне ризашылығын білдіріп, студенттер өздеріне артылған сенімді ақтап, білімді де білікті маман болатындарына сенімді екендерін және үлкен қуанышын жеткізді.